Тоғыз күн – тоғыз белгі
19.03.2019 2473
Наурыз жер бетіндегі ең көне мерекелердің бірі. Зерттеушілердің айтуынша, бес мың жылдық тарихы бар бұл мерекені бертінге дейін (17-18 ғасырларға дейін) грекия, рим, англия секілді еуропа

елдерінде де аталып өтілетін болған. Тіптен ежелгі Русьтің өзінде 1700 жылға дейін Наурыз мейрамы маңызы зор мерекелердің бірі ретінде тойланып келген екен.  Кейін уақыт өте келе (ислам дінінің әсері тағы бар) бұл мереке өз маңыздылығын жоғалтып, кейбір ұлттардың санасынан біржолата өшіп кеткен. Бүгінде негізінен түркі (Бирма, Мексика, Иран секілді бірқатар елдерде сақталған) халықтары ғана аталып өтілетін мереке болып отыр.

Күн мен түн теңесетін бұл мейрамды орта азия халықтары түрліше атайды: армяндар «Навасарди», чуваштар «Норис ояхе», тәжіктер «Гүлнавруз» немесе «Бәйшешек», татарлар «Нардуган», бурят пен моңғолдарда «Сагаан цар», хорезмдіктер «Наусарджи», бирмалықтарда «Су мейрамы» деп кете береді.  Бірақ барлығының білдіретін мағынасы бірдей. Яғни «жаңа жыл» немесе «жаңа күн» дегенді білдіреді. Шығыс күнтізбесі бойынша бұл күн жылдың басы, көктемнің алғашқы айы болып есептеледі.

Бүгінде наурыз мерекесінің о бастағы негізі сақталғанымен бұрынғы қалпы, тойлау амалдары, өзіне тән жоралғылары жеткен жоқ. Белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаевтың айтуынша,  бұл күндері кейбір тұтқындарға кешірім жасалып, жарлы-жақыбайлар салықтан босатылатын болған. «Мәуреннахр өлкесінде жаңадан сайланған патшаларды әдейілеп алып келіп отырғызатын қасиетті көк тас болған. Бұл «Смарханның көк тасы» деп аталып кеткен. Патшалар наурыз мейрамы қарсаңында осы тасқа отырып тұтқындарға кешірім жасаған. Зынданда отырғандарды босатып, құлдарға азаттық сыйлайтын әдет болған. «Самарқанның көк тасы жібиді» деген түсінік осыдан қалған. Қасиетті көк тасқа қазақ хандарының ішінен Тәуекел ғана отырған. Біз қазір наурыз мейрамының бұрынғы салтын қайта жаңғырта алмай отырмыз. Кезінде Түркістандағы алтын тақта отырған қазақтың хандары қолданған - керсен толы суға балық жіберу, наурыз тұсында ұсақ қылмыс жасаған адамдарға кешірім жасау секілді әдемі дәстүрлерді қайта неге жаңғыртпасқа?!» дейді ол.

Расында ерте замандарда әз-Наурыздың теологиялық-мифологиялық мазмұнына ерекше маңыз берген.  Әрбір халықтың ғұрыптық, жоралғылық өзіне тән дәстүрлік рәсімдер сақталды. Мәселен, ежелгі Грек тарихшысы Квинт Руфтың (б. з. д. І ғ.) «Ескендір жорығы» деп аталатын еңбегінде көшпелілердің наурыз тойлау дәстүрін былай суреттеп кеткен: «Ұлыстың ұлы күні таң шапақ шашып, күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Балаларды саны бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай болып, 365 өнерпаз бозбала тойдың шырайын келтірген. Бір жыл ішіндегі әрбір тәуліктің шежіре-баяны сияқты 365 күй тартылған. Сонан соң, бүкіл елдің батагөй абызы, Тәңірмен тілдес бақсысы ортаға шығып, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартқан. Бұл 9 күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған» деп келетін тұстары бар.

Ал қазіргі қазақ қоғамындағы наурыз тойы сәл басқашалау. Көп мерекенің бірі ретінде ғана аталып өтілетін болып жүр. Әрин, бес мың жылдық тарихы бар ұлық мерекеміздің мерейін өсіріп, бабаларымыз ұстанған көне жоралғыларды қайта жаңғырту мәселесі айтылмай жатқан жоқ. Мәселен соңғы бірнеше жылдан бері Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурыз мейрамын жаңаша атап өту туралы бастама көтеріп келеді. Заман талабына сай Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет. Бұл мейрамның айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте ерекше. Сондықтан, Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін, адамның ұлтына, діни бағыныстылығына қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау керек. Бұл орайда, студенттер мен оқушылардың ұлттық мейрамды отбасында, жақындарының жанында қарсы алуға мүмкіндік туғызу мақсатында 14-23 наурыз аралығында наурыз демалысы белгіленуі тиіс. Сонымен қатар, жауқазын, бәйшешек немесе қызғалдақ Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы ретінде бекітуді қажет етеді», - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Арнайы атрибут демекші, наурызға тән ұлттық белгі керектігін мәдениеттанушы Серік Ерғали да қолдап отыр. Наурызды заманға сай қызықты да, сәнді болді әрі өз мағынасында атап өту үшін белгілі бір атрибуттар керек. Атам қазақ наурызды 9 күн (14-21 аралығы) тойлаған. Бұл тоғыз күннің әрқайсысына мазмұн берген. Әр күннің өз жоралғысы болған. Бізге неге осы жоралғыларды қайтармасқа. Жаңа заманға лайықтап қайта жасақтап шығуға болады. Мәселен, наурыздың алғашқы күнін яғни 14 наурызды Көктем күні деп атап өтуге болады» - дейді ол.  

Көктем күні - белгісі ретінде қызғалдақ немесе раушан гүлдерін таңдауға болады. Бұл күні жұрт бір бірін көктемнің алғашқы күнімен құттықтап, төс қағыстырып көрісу рәсімін жасайды. Құрмет, сезім, достық белгісі ретінде қызыл гүл сыйлайды. Қала көшелері қызыл түсті безендірумен көмкеріледі.

15 наурыз – Алас күні

Белгісі – алау. Бұл күн негізінен тазару күні болып табылады. Адамдар үйлерін тазалап, ескі киімдер мен басы артық заттарын өртейді. Қалың жұрт болып көшелерді тазартады,  аулалар абаттандырылады. Саябақтар мен саяжолдар қоқыстан арылып, бұлақтардың көзі ашылады. Кешке қарай үйді, ауылды жалпы көшені аластау рәсімі жүреді. Адамдар бұл күні жаппай шомылып, тазарады.

 

16 наурыз – Өніс күні

Белгісі – бүршік жарған талшыбық немесе қозы. Молаю, ырыс күні болып табылады. Бұл күні әр ауыл, көше, қала тал егумен айналысады я болмаса болашақ саябақ, орман-тоғай орындарын әзірлейді. Адамдар үйлеріне, көшеге, саябаққа тез көктейтін дақыл, гүл, ағаш егеді.

17 наурыз – Береке күні

Белгісі – қазан. Бұл күні әр үй наурыз көже пісіреді. Әр үй кемінде жеті адамға көже беріп, әр адам кемінде жеті үйден көже ішеді. Осы күннен бастап, жұрт наурыздық дастарханға әзірлік бастайды. Адамдар бір біріне қонаққа барып, көже ішіседі.

Оқи отырыңыз: КӨРІСУ – ТҮРІК-МОҢҒОЛ ХАЛҚЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ ДӘСТҮРІ

18 наурыз – Иіс күні

Белгісі – алақан. Рухани әлемге құрмет күні. Қайырым мен мейірім көрсету күні. Бұл күні жұрт ерте тұрып, қайтыс болған туыстарының зираттарына барып, тазалап, ретке келтіреді. Дұға арнайды. Үйлерінде жеті шелпек пісіріп, таратады. Хош иісті шөптермен, иіссулармен орынжайларды, бөлмелерді жұпарлау қолға алынады. Иіс күні қасиетті Жұмаға сәйкес келгені дұрыс.

19 наурыз –  Жайнау күні

Белгісі – құрақ көрпеше. Бұл күні әркім өз үйін әшекейлейді, көше, ауыл алуан түске безендіріледі. Төрге құрақ көрпе төселеді, қабырғаларға кілем жайылады. Жаңа киім, жаңа мүлік пен жиһаз сатып алады. Наурызшеруге киешек (костюм) әзірлейді.

20 наурыз –  Шаттық күні

Белгісі – қоңырау. Бұл күнді әркім қуанышты өткізіп, көңіл сергітер шараларға арнайды. Ренжіскен адамдарын бір бірін кешіріп, қонаққа шақырады, өзі қонаққа барады. Жүрген жеріне және қонақтарға жолдық таратады.

21 наурыз –  Үйлесім күні

Белгісі – текеметтің түрі, үйлесім нышаны. Бұл күні әркім дастархан жайып, ол күні бойы жиналмай тұруы тиіс. Ырыс түніне арнайы Қыдыр атаға арналған дастархан жайылады. Ол «Науан» аталатын үш сөрелі тағам болса да жеткілікті.

Науан

Бүгінде әр мерекеге тән өз тағамы бар деуге болады. Сондықтан осы жәйтті біраз ойластырылды. Ол тағам «Науан» атты қазақ ұғымына негізделген үш текті дәмнің жыймасынан (набор) тұрады: халқымыз «қызыл» деп ет тағамын, «ақ» деп сүттен пісірілген асты, ал «көк» деп көкөніс пен жеміс-жидекті атаған. Соған орай, үш сөрені үш текті дәмге толтыру арқылы ырысты паш ету мақсат болды. Бұл – наурыздық несібе, берекенің тағамдық нышаны; Жер мен Көктің арасын жалғайтын ырыс пен мол берекені паш ету ырымы; наурыздық дастарханға қойылар тағамның бәрін жыйыстырып, жүйелеп бір ғана науанға айналдыруға болады. «Науан» сөзі – аса биік; таңғажайып әдемі, жарасымды ұғымдарын береді.

Оқи отырыңыз: Наурыз көже – ұлыс дәмі

Сондай-ақ, Серік Ерғали Наурызды тойлаудың жалпы бұқаралық ресми жоралғылары болуы тиіс деп санайды:

Таңғы сағат 10-да Жолтерек (йол) орнату басталады.

12-де рәсім басталып, 14-те көпшілікке арналған Жыл рәсімі аяқталады.

Түстен кейін Алтыбақан құрылады. Кеш бата Алтыбақан маңында сауық сайран басталады. Алтыбақанға 21 наурыздан кейінгі наурыз айында некелік тіркелуге өтініш білдірген болашақ жас жұбайлар кезекпен жайғасып, Алтыбақан тебеді. Алтыбақан рәсімі сарайда өткізілуі мүмкін. Алтыбақан сайраны күн батқаннан таң атарға дейін жалғасады.

Қыдыр түні. Бұл күні «Қыдыр түні» аталатын түнді қарсы алуға кәрі де, жас та кіріседі. Жастар өз алдына «Бастаңғы» кешіне жыйналады: қыздар «Ұйқыашар» асын әзірлеп, жігіттер жағы «Селтеткізер» (сюрприз) дайындайды. Олар таң атқанша сайран құрып, таң ата Бас таңды қарсы алуға көшеге шығады.

Қариялар бұл түні «Белкөтерер» жоралғысымен жыйналып, Қыдыр түнін өткізеді: олар қонақжай үйге жайғасып, өткен-кеткенді, бастан кешкендерін еске алысып, таң асырады.

22 наурыз –  Бастаңғы

Белгісі – күн. Таң атар кезде Алтыбақаншылар жылдың Бас таңын қарсы алуға шығады.

«Таңғы 5:15-те  Бас таңды қарсы алуға арналған арнайы шара басталады. Таң ата жиналған жұрт көше бойлап Наурызшеруге (карнавал) шығады. Бұл – жаңажылдық өмір шеруі болады», - дейді ол.