Құндылық – бұл қандай да бір нәрсенің мәнділігі, маңыздылығы, қалаулылығы, пайдалылығы және қымбаттығы. Ол әлдекімнің бағалылығын, объективті болмысты және сонымен бір мезетте оның әлдекім үшін құндылығын, яғни субъективті бағалауды білдіреді [1]. Дүние құндылыққа толы – материалды, табиғи, көркем және адами құндылықтар. Бір нәрсені екіншісінен артық көру жалпы тірі табиғатқа тән. Осы орайда, құндылықтың адамға тән екендігін баса айту қажет, өйткені барлық жаратылыстың ішінде адам ғана табиғи және мәдени туындыларды, идеялар мен амал-әрекеттерді, жалпы басқа адам мен қоғамды, сондай-ақ өзін-өзі бағалауға қабілетті. Адам құндылықтарға мүдделі әрі мұқтаж болып табылады. Олар құндылықтар, дін, тіл, әдет-ғұрыптар және қоғамдық институттар сияқты ұғымдарды пайдалана отырып, өздерін анықтайды.
Әр этнос өз алдындағы мәселелерді өзіндік бір түрлі әдіспен шешіп отырады. Мәселен, бір мәдениетте ақшаға деген құштарлық басым болуы, келесісінде – мәңгілік өмірге деген құмарлық үстем келуі мүмкін. Сонымен қатар, кез келген мәдениетте мінез-құлық пен ақыл-ой, рух пен білім өмір тәжірибесі нәтижесінде қалыптасады, ал мінез-құлық пен рух халықтың өн бойында еншілеп жатады. Себебі, халықтың мінез-құлқы дәстүрге келіп ұласады, дәстүр адам болмысының әлеуметтік мәдени және ұлттық тарихи субстанциясын құрайды.
Құндылық ұмтылыстар мен мақсаттардың, абсолюттік мағынасында болмыстың мәні болып табылады. Ал жоғары рухани құндылықтар: махаббат, жақсылық, өмір мәні, ақиқат, еркіндік, сұлулық, адамның өзіндік құндылығы, лайықты өмір сүру, жалпы адамгершілік және т.б. Ұлттық құндылықтар: ұлттың тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, тарихы, мәдениеті, өнері, әдебиеті, музыкасы, ата мұрасы және т.б. Осы құндылықтардың мәні не, маңызы қандай, мақсаты неде дегенге келетін болсақ, құндылықтардың әрқайсысы адам баласының өмірлік ұстанымына тікелей әсер-ықпал етіп, жеке тұлғаның бағыттылығын, оның сенімдерін, дүниеге көзқарасын, идеалдарын, ұмтылыстарын, өмір сүру түрін еркін таңдай алуын өз бетінше іске асырып, жеке тұлғаның әлеуетін барынша ашуға мүмкіндік береді [2]. Осы орайда қазіргі жастардың дамуын, олардың құндылықтарға деген көзқарасын зерттеудің көптеген жолдары бар, сондай-ақ, өз кезегінде «жастар» ұғымының маңыздылығының анықтамасы да сан алуан болып келеді. В.Т. Лисовский 1968 жылы алғашқылардың бірі болып «жастар» ұғымына анықтама бере отырып: «Жастар әлеуметтену сатысынан өтетін, меңгеретін, ал біршама ересек жаста білім беру, кәсіби, мәдени және басқа да әлеуметтік функцияларды меңгеріп қойған адамдардың ұрпағы; нақты тарихи жағдайларға байланысты жастардың жастық критериі 16 жастан 30 жасқа дейін өзгеруі мүмкін» деген тұжырымдамаға келеді [3]. Және автор жастарды ұрпақ ретінде қарастырып, осы ұрпақтың белгісі жастар ғана емес, сондай-ақ, олардың сенімі мен мақсаттарының бір болуы, өмірге деген қарым-қатынасының ортақтығы болып табылады деп санайды.
Еліміздің білім беру жүйесінде жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде руханилық пен адамгершілікке бағдарлап білім-тәрбие беру ісі өткір мәселе саналады. Осы тұрғыдан алып қарағанда ұлттық құндылықтарды дәріптеуді, оны білім мазмұнына енгізу арқылы ұлттық тәрбие беруді, оны үздіксіз білім берудің көзіне айналдыруды, оның тереңдігі мен рухани шындығын балалық кезден бастап сіңіруді мұрат ету маңызды. Бұл орайда, ұлттық тәрбие беру желісі нені тұтқа етеді деген мәселеге келсек, мұндағы басты құрал оқу материалдары, яғни тақырыбы мен мазмұны жағынан жастардың рухын тербететін, жанын елжірететін, масаттандыратын, табындыратын, әсемдік сезімін, ар-намыс сезімін оятатын, білуге құмарлыққа, ақкөңілділікке, ерлікті көксеуге, күш-қайратты шыңдауға ұмтылдыратын өз бойынан ата-бабасының қаны мен рухын сезінетін, даналарының өнеге-үлгісін ұстанатын, елінің тағдырына, тарихына жаны тебіренетін т.б. болуы шарт. Жас ұрпақты өмірге дайындауда жаңа сапалық белгілер қалыптасып, дербестікті дамыту, кәсіптік бағдар, білім алу және өздігінен білім алу, қабілеттерді анықтау және дамыту сияқты мәселелерге ерекше маңыз бере бастады. Мектептің, отбасының және жұртшылықтың тәрбиелік қызметінің біртұтастығы мектептің мақсатты түрде жүргізген жүйелі жұмыстарының нәтижесі. Ал, бұл нәтиже қазіргі заманғы білім беру ұйымдарына қойылатын басты талаптарда көрсетілген. Белгілі педагог В.А. Сухомлинскийдің еңбектерінде «мектептік-отбасылық тәрбие» ұғымы кең қолданылады. Оның пікірінше тәрбиені мектептік немесе отбасылық деп қарастыруға болмайды, өйткені бала тұлғасы біртұтас және оны қалыптастыру үдерісі де біртұтас сипат алады [4].
Міне, осындай біртұтас тәрбие үдерісінде мектеп жетекші рөл атқарады. Мектеп отбасының тәрбиелік мүмкіндіктерін кеңейтеді және дамытады, осы бағытта педагогикалық ағарту жұмыстарын жүргізеді, қоғамдық және мектептен тыс ұйымдардың мектеп пен отбасына белсенді түрде көмек көрсетуін ұйымдастырады және бағыттайды, олардың әрекеттерін үйлестіреді. Сонымен қатар, Ж. Мүтәліпов шығыстық және мәдени құндылықтар аясында туындап, ұлттық шенеулікті мойындамайтын «еуразиялық идеяның» басты бағыт-бағдарлары елімізді мекендейтін түрлі халықтардың мүддесіне сай келетіндіктен, ол – жаңа рухани-өнегелілік кеңістігінің қалыптасуы және оның негізінде әрбір халықтың ұлттық сана-сезімінің қайта жаңғыруының, одан қалды әлеуметтік теңдік пен ынтымақтастықтың идеясы болып саналатындағын айтады [5]. Еуразиялықтың өміршеңдігі тек батыстық үлгіде емес, сонымен бірге шығысқатәнқұндылықтардыңнегізіндедамудадейтін ғалымдардыңбіріГ. Югайдың пікірінше, қазіргі қалыптасып келе жатқан өркениеттің болашағы материя мен рухтың, өркениет пен мәдениеттің, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтардың бірлігін, үйлесімділігіне негізделген мәдениеттанулық қасиетінде жатыр [6].
Аспан асты елінің жастарды бала күнінен біліммен қатар еңбекке тең дәрежеде баулыйтынын ескеретін болсақ, олар балаларын 6-8 жастан бастап мектепке беріп, оларға сол жерде 6 жыл білім алғызады. Қоғам мен табиғат туралы пәндер көбірек оқытылып, отансүйгіштік бағытта көптеген тәрбиелік сағаттар бекітіледі. Бұл мезгілде әр оқушының бойындағы патриоттық, ұлттық сезімді оятуға аса мән береді. Ана тілі, математика, адамгершілік пен этика, музыка, шет тілі сынды пәндердің сағаты көп бөлімді құрап, 3 сыныптан бастап ағылшын тілін күшейтіп оқыта бастайды. 4 сынып оқушылары жылына 2 апта фермаларға, шеберханаларға барып жұмыс істейді. Барған жерлерінің тыныс-тіршілігімен танысады. Мұнымен қатар, әрбір оқушыға аптасына бір күн қоғам өміріне қатысты мерекелік кештерге, мәдени шараларға қатысу міндеттеледі [7].
Жастарға рухани-адамгершіліктік тәрбие және білім беру ерекшеліктері: білім берудіңғылыми-кәсіби және рухани-адамгершілік мазмұнының ынтымақтасуына; рухани қауіпсіздік қабілеттерінің дамуы; жастардың адамгершілік, кәсіби және өмірлік көзқарастарының қалыптасып ықпалдасуына негізделеді. Жастардың рухани мәдениетін құраушылардың бірі құндылықтық бағдарлар болып табылады яғни, белгілі-бір мәндерді өмірді ұйымдастырушы бастамалар ретінде қабылдау және өзін соған сәйкес ұстау. Адамның адамгершілігі – оның жоғары қасиеті. Оның негізгі белгілерінің бірі – өзі үшін ғана емес, ел, қоғам үшін өмір сүру, адамдық ар – намысты ардақтау, әр уақытта жақсылық жасауға дайын болу. Арлы адам – ардақты адам. Адамгершіліктің асыл қасиеттері: Отансүйгіштік, мейірімді, адал, еңбекқор, ақылды, әділ, парасатты жас ұрпақтарымыздың бойынан табылуы тиіс. Басқаша айтқанда, бүгін біз тек өзара түсіністік пен сыйластықтың, бір-бірімізге деген құрметтің арқасында ғана тіршілігімізді жалғастыра алмақпыз. Сондықтан да, еліміздің болашағы үшін жастарды тәрбиелеуде рухани, дәстүрлі құндылықтардың маңызы зор және біз күнделікті өмірде оларды қолданудың аясын кеңейтіп, үнемі назарда ұстап отыруымыз қажет [8].
Осы орайда, дәстүрлі құндылықтарға деген қытайлық көзқарасқа тоқталатын болсақ, Қытайдың дәстүрлі мәдениеті – бұл ең алдымен үйлесім, келісім, бірлік мәдениеті.Оның негізгі принциптері жалпыға бірдей тәртіпті, тұрақтылық пен бейбітшілікті қолдауға ұмтылады. Қазіргі қытай қоғамының дүниетанымы конфуциандық ықпалымен құрылған, оған адам сүйгіштік, құрметтілік қасиеттер тән. Алайда, Шығыс пен Батыс адамында адамгершілік туралы түсінік соншалықты ұқсас емес, бір қарағанда керісінше көрінеді. Қытай халықтары үшін қазіргі заманғы қоғамда дәстүрлі әдет-ғұрып ұғымымаңызды рөл атқарады, яғни ұл-қыздары құрметтілік, билікті құрметтеу, этикет және т.б. сияқты маңызды қоғамдық нормаларды сақтауға ұмтылады.
Қытайлық зерттеуші Чен Лайдың «Қытайдың дәстүрлі мәдениеті және негізгі құндылықтары» атты зерттеуінде, қытайдағы әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер бірнеше мың жыл бойы қалыптасты, онда бүгінгі таңда негізгі аспектілерінің бірі этикет болып табылатын дәстүрлі құндылықтар жүйесі бар екендігін айтады. Сондай-ақ, қытай мәдениеті б.з.д. 3 мыңжылдықта қалыптаса бастады. Қытай елінің құрамында әртүрлі ұлттар мен халықтар өмір сүруіне байланыстықытай дәстүрі әртүрлі болып келеді. Бұл елдің дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары оның тарихымен ғана емес, сонымен қатар ел аумағында ұстанатын діндермен де тығыз байланысты. Қытайдың батысында Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданы орналасқан, халықтың көп бөлігі-мұсылмандар, сондықтан жергілікті халық мұсылман халықтарына тән әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді сақтауға тырысады [9].
Қытай халқының рухани-құндылық басымдықтарының көзі – Конфуцийілімі болып табылады. Қытай, ең бастысы, конфуциандық философия адамнан келе жатқан ішкі және мемлекеттен келе жатқан сыртқы, нормативтік сипаты бар құндылықтардың шығу көздерінің өзара байланысы мәселесіне әрқашан үлкен көңіл бөлді.
Конфуций Қытай халқының оқытушысы ретінде «Алты қағида» деп аталатын философиялық ілімдерді реттеп және оларға түсініктер жазып қалдырған. Конфуций ілімі – философияның әлеуметтік-этикалық ілімі мен діни философиялық этиканың жүйелі үлгісін көрсетеді. «Люнь юй» еңбегінің басты идеясы – жэнь ұғымы.«Жэнь» - адамды сүю дегенді білдіреді. Жэнь – адамға деген сүйіспеншілікпен қатар, ол – адамның табиғи түйсіну сезімі.Жэнь – білімділік барысында мәдениеттілік пен өркениеттілікті танытып, адамдар мен басқа тіршілік арасындағы айырмашылықты көрсететін құбылыс ретінде айтылады. Жэнь принципінің алтын ережесі: «Өзіңе қаламайтынды өзгеге жасама».
Осы жоғарыда айтылған жэнь – этикалық мұрат,тәрбие мақсаты. Адамгершілік мұратқа тұлғалық тәрбие тәжірибесі ли арқылы жетуге болатынын көрсетеді. Ли – әдет-ғұрып, жақсы мәнер, сыпайылық. Яғни, ли қоғамдық мораль ережелері мен әлеуметтік өмірдегі мінез-құлық үлгілерінің жиынтығы.Ли қоғамдық өмірдің даму мәдениеттілігін айқындаумен адами қатынастардыңізгілігін айқындайды. Осылайша Конфуцийдің философиялық-этикалық ілімі адамдарды жоғары қайырымдылыққа, ізгілікке жетуге, құндылықтарды сақтап, құрметтеуге жетелейді. Ізгілікте болу үшін халықтың әл-ауқаты жақсы болумен қатар, жүрегі таза, шыншыл, білімді болуы шарт. Ал, білімділік өзін-өзі тануға бағытталады [10]. Осы ретте біз қытайдың қазіргізаманғы зерттеліп жатқан құндылықтар туралы көзқарастарға тоқтала кететін болсақ, 周晓虹, 从青年入手重塑中国人的价值观 Чжоу Сяохун «Жастар арасындағы қытайлық құндылықтарды қалыптастыру» атты мақаласында Си Цзиньпин адамзаттың қоғамдық даму тарихы ұлт пен ел үшін барлық қоғам бөліп қарайтын негізгі құндылықтар ең берік және терең күш болып табылатынын көрсетті. 30 жылдан астам реформалау мен дамудан, қоғамның қайта құрылуынан кейін, адамдардың құндылықтары да өзгереді. Бұл жерде жастардың құндылықтары бірлі-жарым сан алуан, дәстүрлі наным-сенімге және деконструкциядан интеграцияға дейін өзгерді. Диализдің өзгеру процесін шолу социалистік негізгі құндылықтарды жақсы тәрбиелеу және жылжыту үшін маңызды болып табылады. Жалпы, жастар құндылықтарындағы өзгерістер мынадай төмендегідей негізгі қасиеттерге ие:
1) Әр түрлі құндылық бағдарлары;
2) Құндылықты субъектив және өзіндік сана;
3) Материалдық жақсартуды қадағалау арқылы рухани маңыздылықты назарға алу;
4) Жауапкершілік сезімін арттыру; [11].
Осылайша, барлық тіршілік иелерінің ішінде адамға аса жауапты міндет жүктелген, оның өлшемі кісілік құндылықтармен айқындалады. Адамның тіршілік ортасына қарай жалпыға ортақ құрылым атаулары қалыптасқан. Мысалы, топ, ұлт, мемлекет, ел. Әр елдің өзіндік құндылықтары және осы құндылық оның тұрмысы мен мәденетінің орнын айқындайды. Осыған орайда, қазақ мәдениетіндегі кісілік құндылықтар мәселесін де қарастыра кеткеді жөн көрдік. Осы уақытқа дейін әрбір ғылым салалары өз тұрғысынан қарастырылып келеді. Оларға тарихи-этнологиялық көзқарастар, филологиялық, педагогикалық, философиялық және тағы да басқа көзқарастарды жатқызуға болады. Құндылықтар әлемі алуан сынды болғандықтан әр ғылым саласы өзіндік қызығушылық мәселесін таба алады. Қазақ халқы тарихындағы жалпы адамзаттық мәнді кісілік құндылықтар мен абсолютті құндылықтарды мәдениеттанулық талдау – уақыт сұранысы. Бүгінгі ғылым салалары жаратылыстық , объективтік, рухани болмыс мәселелерінен, адамның тылсым ішкі әлеміне бетбұрыс жасап, ізденіс өрісін кеңейту мүмкіншілігін қамтамасыз етуде. Жоғарыда Қытай ойшылы Конфуций айтқан ілімдегі адамгершілік құндылықтар қазақ халқының тарихында қашанда кісілік қасиеттерде көрініс тауып келеді. «Адам», «тұлға» ұғымдары «кісі» ұғымымен салыстырғанда, қазақ мәдениетінде экзистенциялық қасиетке ие болып есептелінеді. Адамның басты кісілігі оның қоршаған ортамен қарым-қатынасының субъектісі деңгейіне көтерілуінен көрініс табады, ол өзіне көпшіліктің назарын қарата алады. Адам бұл үшін «жарқын жүзді, шуақ көңілді, ыждаһатшыл, жылы және арайлы жүзді игі мақсатты, иманды» болуы керек.
Қазақ әдебіндегі кісілік құндылықтардың тізбегі көптеген ұғымдарды қамтиды. Мұсылмандық әлеммен қатысты ортағасырлық жазба мәдениетінен де бастау алатын қазақ мәдениетіндегі «кісілік» ұғым ұлттық қазақ философиясында «жетілген адам» мәселесі шеңберінде қарастырылады. Біріншіден, адамды адамгершілік жағынан қарай отырып, оны парасаттылыққа, білімділікке үйрету жоғары бағаланды. «Түркі тілдес халықтарының Конфуцийі» деген беделге ие болған Жүсіп Баласағұн жетілген адам мәселесін адам мен мемлекет арақатынасындағы мемлекетті басқару айшықтығымен байланыстырып, оны осы тұрғыдан қарастырады [12].
Қазақ халқының мәдениеті – оның ұлттық тарихының өнімді өзегі, құрамдас бөлігі, маңызды саласы. Жетпіс жылдай тоталитарлық жүйеде болып, тәуелсіздік алуға орай демократияның оң әсерімен батыстық дүниесіне есіктің айқара ашылуы – төлтума мәдениетіміздегі құндылықтарымызды ығыстыра бастаған секілді. Әрине, өмір-сүру салты, әдет-ғұрып, қадыр-қасиет және т.б. құндылықтарымыз жоғалып кетті десек, қателесеміз.
Олай болса, бүгінгі таңдағы құндылықтардың өркениет аясында алатын орнын, мәні мен маңызын саралау, оны мәдениеттанулық тұрғыдан талдау теориялық та, тәжірибелік те жағынан өзекті болып табылады. Сонымен қатар, қазақ даласындағы түркі тілдес мәдениеттің де терең астарлы тарихына үңілетін болсақ, әлемдік мәдениетке өзіндік үлесін қосатын мәдени мұраның қорына тап боламыз. Орхон жазбаларының мәтіндік ерекшеліктерін жан-жақты қарастырған сайын өзіміздің дүниетанымдық көкжиегімізді аша түсетін, тарихи білімге объективтілікпен қарауға шақыратын білімнен қалыспайтынымыз анық. Ал, енді қазіргі ұрпақ үшін осы өзара адамгершілік құндылықтардың іргетасын нығайтып орнатудың уақыты жеткені белгілі. Қазақ топырағында әдептануды арнаулы ілім ретінде қарастырған ғұлама-философ, әмбебап ғалым – Әбу Насыр әл-Фараби. Ол этиканы жақсылық пен жамандықты айыруға мүмкіндік беретін ғылым деп қарастырады. әл-Фараби түсінігінше, адам жаратылыстағы ең қасиетті жан, оған үлкен құрметпен қарау керек деген. Жақсылық дегеніміз білім, мейірбандық, сұлулық бірлігінде жатыр. Түркі халықтарының этикасын дамытуға үлкен үлес қосқан ғұламалар қатарына Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйы» шығармасында білім-ғылым жайлы мәселе [13], Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанында, білім, ақылдың қасиеттері жақсылық және жамандық, адамгершілік қасиеттер, адамгершілік құндылықтар туралы мәселелер сонымен қатар, М. Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегінде адамгершілік, тәлім-тәрбие, психологиялық қасиеттер, адамның бойында кездесетін жағымды және жағымсыз мінез-құлықтары сипатталған [14]. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы, оның ілімінің мәні мен маңызы «Диуани Хикмет», «Мират-ул Қулуб», «Пақырнама» сияқты мұраларынан көрінеді [15]. Қожа Ахмет Ясауи сопылық ілімінің, дүниетанымы мен философиясының негізін моральдық-этикалық және сопылық хикметтер деп жіктеуге болады. Ясауи іліміндегі парасат ұғымы адамның адамгершілік мәртебесіне жету мәселесін қарастырады. Қожа Ахмет Ясауидың дүниетанымдық тұжырымдамасының теория негізін шариғат пен мағрифат құраса, ал тәжірибелік негізін тариқат белгілейді. Қожа Ахмет дүниетанымының мәні – адамның өзін-өзі тануы арқылы Хақты тануы. Бұл жолдың алғашқы мақамы (басқышы) – тәуба, соңғысы құлдық. Бұл жолдағы адам «жаратылған – мен» екендігінің ақиқатына, жаратылыс сырына көзі жеткенде, өзінің адамдық парызы – «Алла мен адамның және адам мен қоғамның» арасында көпір – жол болу екендігін ұғынады. Осы орайда, Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті болған, жасы ұлғайған шағында ел арасында «Хакім ата» атанған, Сүлеймен Бақырғани туралы айтпай кету мүмкін емес. Себебі, оның «Ақыр заман көріністері» атты жыр-толғауында адам, заман, қоғам туралы пәл сапалық ой-пікірлерін айтады [16]. Мұндағы басты идея – заманның жақсы яки жаман болуы адамзаттың моральдік-этикалық іс-әрекетіне, рухани тұрғыдан тазалығына, имандылығына, мұсылман парыздарын мүлтіксіз орындауына, т.б. байланысты деп дүп басып айтқан ғалым-ойшылдардың еңбектері бүгінгі қоғамдағы жастарға үлкен өнеге, мәңгілік өсиет екені анық. Сол себепті, түркі халықтарының этикасын дамытуға үлес қосқан ойшылдардың еңбегі бүгінгі аса бағалы құндылықтар деп санаймыз.
Мәліметтер мен әдістер. Осы мақаланы жазу үшін мәліметтер ретінде әртүрлі деректік кешендер қызмет етті. Бірінші кезекте, жастардың дәстүрлі, рухани, адамгершілік құндылықтарына қатысты қазақ және қытай тілдерінде зерттелген ғылыми еңбектері болса, екінші кезекте, БАҚ мәліметтері мен интернет ресурстары жатқызылады.
Мақала авторларының алға қойған міндеттерін шешудегі неғұрлым тиімді әдіс – салыстырмалы тарихи әдіс болып табылады. Әл-Фарабидың адам әрекетінің түпкі мақсатының бірі – бақытқа жету, сол бақытқа тек білім мен игілік нәтижесінде жетуге болады деп есептеп, жастарға тәлім-тәрбие беріп, еңбекке үйретіп және сол тәрбиені беретін адамды өте жоғары бағалауы болып табылатын «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» туралы трактат теориялары мен қағидаттары, Ж. Баласағұнның білім, ақылдың қасиеттері жақсылық және жамандық, адамгершілік қасиеттер, адамгершілік құндылықтар туралы мәселелер қарастырылған «Құтты білігі», сонымен қатар, М. Қашқаридың адамгершілік, тәлім-тәрбие, психологиялық қасиеттер, адамның бойында кездесетін жағымды және жағымсыз мінез-құлықтары сипатталған «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбектері жастарға құндылықтарды дәріптеу аясындағы теориялар әдіснамалық негіз болып табылады.
Талқылау. Жастардың құндылықтарға деген көзқарастары, ой-пікірлері, екі ел жастарының құндылықтарды дәріптеудегі ұқсастықтары мен ерекшеліктері қазақ халқы үшін де, қытай халқы үшін де үнемі талқыға түсіп отыратын өте өзекті мәселе. Қазақстандық зерттеушілердің арасында мәселені Ж. Мүтәліпов, С.Г. Канатбековна, А. Әбдірәсілқызы, Ж. Исахметұлы, Г.Н. Нургалиева., З.Ш. Бимаканова, А. Мұқажанова, Ә. Қайыркен, А.Н. Алтайбаева, Б.К. Алимбеккызы және т.б. атауға болады. Сондай-ақ, ресей және қытай зерттеушілерінен В. Т. Лисовский, В.А. Сухомлинский, Г. Югай, Л.С Выготский, Чэнь Лай, Ге Чэньхун, Чжоу Сяохун, Ли Вейбо, Лу Цзяньхуа және т.б. жатқызуға болады.
Нәтижелер. Жастардың дәстүрлі құндылықтар тамыры тарих қойнауынан бастау алады, ежелгі, орта ғасырлық тарихи тұлғалар, ғұлама ойшылдар философиясы мемлекеттің рухани-идеологиялық бағдарының негізі ретінде өзектілігін жоғалтпайды.
- Жаһандану үдерісі дәстүрлі құндылықтар мәртебесінің өзгеруіне алып келді. Ол қоғамдық өмірдің барлық саласына әсер етіп, ақпаратты игеру мен ауыстырудың жылдам қарқынына тартыла отырып, жаңа сапалық қасиетке ие болды.
- Қазақстан мен Қытай жастарының құндылықтары мен сана-сезімінің қалыптасуында мемлекеттік саясат түрлі деңгейде әсер етуде. Қытай жастары үшін коммунистік идеология мен партияның қамқоршы, идеал ретіндегі рөлі саналарына айтарлықтай дәрежеде сіңдірілген. Зайырлы мемлекет санатындағы Қазақстан халқының негізгі дені ислам дінін ұстанатын болғандықтан қазақ жастары бойындағы құндылықтардың қалыптасуында мемлекеттік саяси бағдарламалардан гөрі отбасы тәрбиесі мен діни ұстаным басты рөл атқарады.
- Әлеуметтік-экономикалық даму үдерісі екі ел жастарындағы индивидуализм мен прагматизмнің құндылық бағытының күшеюіне алып келді. Прагматикалық құндылық бағдарына және өзіндік өсу мен өзіндік қажеттілікке ұмтылу белең алып, қазіргі жастардың жеке тұлғалық санасы үздіксіз артып келеді, құндылық практикалық және прагматикалық сипат алып келеді, құндылық тұжырымдамасында прагматизм тенденциясы анағұрлым айқын көрінеді.
- Жастар бойында дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалу, жоғары моральдық қағидаттарды ұстануды уағыздау – екі елдің де басты міндеттерінің бірі болып қалады. Сол міндетті жүзеге асыруда екі ел де жастар саясатына қатысты стратегиялық бағдарламаларды іс жүзінде асыруға бар мүмкіндігін жұмсайтын болады. Себебі жастар – ел болашағы.
Қорытынды. Қорыта айтқанда, құндылықтар әлемі таусылмайтын бұлақ іспеттес. Ол әлі талай зерттеулердің арқауы болары күмәнсіз. Қай елде болмасын білім беру жүйесінде жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде руханилық пен адамгершілікке бағдарлап білім-тәрбие беру ісі өткір мәселе болып саналады. Осы тұрғыдан алып қарағанда ұлттық құндылықтарды дәріптеуді, білім мазмұнына енгізу арқылы жастарға ұлттық тәрбие беруді, оның тереңдігі мен рухани шындығын балалық кезден бастап сіңіруді мұрат ету маңызды.
Қазіргі заманғы Қазақстан мен Қытай жастары арасындағы дәстүрлі құндылықтарға салыстырмалы талдау жасай келе, екі елдің ұстанатын діні, мәдениеті, басқару саясаты, тілі әртүрлі болғанына қарамастан, отбасында бала тәрбиелеудегі, жастарды адамгершілікке баулудағы, отанды құрметтеудегі, өз еліне тән әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді сақтауда, екі ел жастарының өмірге деген көзқарастары, діни ұстанымдары, ұлттық тәрбиесі, қоғамдағы алатын орны мен ұлттық, дәстүрлі, рухани құндылықтарға деген көзқарастарының әртүрлілігімен ерекшеленгенімен, олардың мемлекетін құрметтеуімен қатар, білім алуларында, тәрбиеленуінде, адамгершілікке, парасаттылыққа, адал болуға баулуында біршама ұқсастықтардың бар екендігі анықталды.
Әдебиеттер.
С.Г. Канатбековна. Құндылықтар философиясы. Адамгершілік бастаулары. [Электрондық ресурс]. -URL: http://www.tpkelbook.com
Жастар мәдениетінің ұлттық құндылықтары және оны дамыту бағыттары. [Электронная ресурс]. -URL: https://stud.kz/referat/show/40195
В.Т. Лисовский. Социология молодежи. Санкт-Петербургского, 1996 г.
В.А. Сухомлинский. Школьно-семейное воспитание. [Электронная ресурс]. -URL: http://biofile.ru/psy/11614.html
Ж. К. Сагалиева. Жастарды толеранттылық құндылық негізінде тәрбиелеу. [Электронды ресурс]. -URL: http://kazatu.kz/assets/i/science/sf9_edu_102.pdf
Г. Югай. Современный ребенок: развитие – воспитание – социализация. М., 1966 г. [Электронная ресурс]. -URL: https://scienceforum.ru/
Д. Бауыржанұлы. Көршінің ісі керемет еді. [Электрондық ресурс]. - URL: https://lib.kstu.kz:8300
Л.С Выготский. Воспитание чувств. 1929 г. [Электронная ресурс]. -URL: https://www.gumer.info/
中华传统文化与核心价值观 //陈来//中国共产党新闻网 2014年08月11日
Конфуций. Өмір. Ілім. Ойлар. Нақыл сөздер. – Минск, 1998
周晓虹:从青年入手重塑中国人的价值//更新时间:2018-05-15
Б.К. Алимбеккызы. Кісілік құндылықтарды мәдениеттанулық талдау. [Электронды ресурс]. -URL: https://www.myunivercity
Г. Баялиева. Ақиқат сыйы» -танымы терең мұра Қараханид дәуіріне қатысты әдеби ескерткіштердің бірі– Ахмет Йүгінекидің «Һибат-ул хақайиқ. Ақпан, 2016. [Электронды ресурс]. -URL: https://dereksiz.org/aiat-siji--tanimi-tere-mra-arahanid-deuirine-atisti-edebi-eske.html
Ж. Исахметұлы. Фараби трактаттарындағы білім, тәрбие және адамгершілік, гуманизм мәселелері. Алматы, 2010. – 11 б.
«Яссауи әлемі» журналы, 2010. – № 3-4(5). – 102 б.;
С. Бақырғани. Бақырғани кітабы. [Электронды ресурс]. - URL: https://lektsii.net/2-65106.html
Оңғар А. Ж.
Магистрант
«6М020900-Шығыстану»
Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ
Алматы, Қазақстан
e-mail: zharaskyzy96@mail.ru
Омарова М. А.
Ғылыми жетекші, т.ғ.к., доцент
Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ
Алматы, Қазақстан
e-mail: madina74.04@mail.ru