«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазақ киносының анасы

297 0
Қазақ киносының анасы
«Қазақ киносының Анасы» атанған актриса, Халық әртісі Әмина Өмірзақованың ЮНЕСКО көлемінде тойланатын 100 жылдық мерейтойы қарсаңында актриса өмірінен кейбір деректерді тіземіз

Әмина Өмірзақова 1919 жылғы 8 наурызда Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей) Абай ауданының Қарауыл ауылында өмірге келген. Әмина туғаннан кейін жеті күннен кейін әкесі қайтыс болып, шешесі жесір, өмір есігін енді ғана ашқан сәби-қыз жетім қалады да, отбасының бар ауыртпалығы үлкен ағасы Қаптағайға түседі.

Қаптағай Семейде бір көпестің қолында болыпты, сол көпес бұның білім алуына көмектесіпті. Кейін елге оралады, өзімен бірге көпестің қызын да ала келеді. Қаптағай Семейде темір жолда жұмыс істейді екен, содан Әмина мен шешесін Семейге көшіріп алады. Мектепке де осы жерде барады. Мектепте оқып жүрген кезінде сахналық қойылымды алғаш көріп, ойыннан қатты әсер алған қыз, өзін сол сахнада ойнап жүргендей сезінеді. Кейін, 1932 жылы, ағасының қызметі ауысып, отбасыларымен Алматыға көшеді.

«Отбасымыздағы барлық ауыртпалықты өз мойнына алып, ағайым енді бізді Алматыға көшірді. Алматыда да халықтың жағдайы мәз емес екен. Сабақтан кейін дос қызым екеуміз базарға шығып балық сататын едік. Тапқан ақшама азын-аулақ тамақ алып келетінмін. Бір күні радиодан «хор айтуға қыздарды алады екен» деген хабарды естіп, Бикеш дейтін жан құрбым екеуміз дауысымызды тыңдатуға бардық. Музыкант Б.Ерзакович бізді хорға қабылдады. Бұл 1932 жыл еді. Ашаршылық жылдарында да барлық дүниеге үлгеріп жүретінбіз. Бізді ұстаздарымыздың «тәрбиелі, шабытты қыздар» деп әрдайым мақтайтыны әлі күнге есімде», – деген екен Әмина апа бір естелігінде.

1934 жылы Әмина Ерғожақызы Ленинград қаласындағы мемлекеттік сахна өнері техникумы (кейін Ленинград театр, музыка және кинематография институты) жастарды оқуға шақырған хабарландыруын көреді. Кейін жолы болып оқуға түсіп, актерлік шеберлік мамандығы бойынша білім алады. Небәрі 15 жастағы Әмина Өмірзақова ССРО халық әртісі Василий Меркурьев пен профессор Ирина Мейерхольдтан білім алып, актерлік техниканың қыры мен сырын меңгере бастайды. 

1938 жылы соңғы курста оқып жүргенінде елден ағасының «халық жауы» деп ұсталынғаны туралы хабар келеді. Бұл туралы Әмина апаның өзі былай дейді:

«1938 жылы соңғы курста оқып жүргенмін. Елден хабар келді, үлкен ағайымды «халық жауы» деп ұстап кетіпті. Зәре қалмады. Тез жиналып, елге келдім. Анам мен жеңгем жылап, бар жағдайды айтты. Содан үйдегі бар жарарды сатып, адвокат жалдап, Мәскеуге келдім. Калининнің қабылдауына жазылдым. Калининнің қабылдауын күтіп адвокат екеуміз отырмыз. Бір кезде бізге кезек келді. Хатшы қыз «Қазақстаннан бір қыз келіп отыр, кішкентай қыз» деп қояды. Сосын «Өзі кірсін, жалғыз өзі» деді, адвокатымды кіргізбеді. Аяқ-қолым дірілдеп, өзімді ұстай алмадым.

Оқи отырыңыздар: Өрімдей жастағы өнерпаздар

Есік ашылып ішке кіргенде, ол кісі мені орнынан тұрып қарсы алды. Жүгіріп барып оны құшақтап, өксігімді баса алмай, айтатын сөзімді айта алмай жыладым. Бірер минуттан соң ол менің жасымды өзінің қол орамалымен сүртіп жұбатты. Бар жайды айтып бердім, үндемей тыңдады. Сосын «Айналайын, Әмина, мен саған қолымнан келгенше көмектесемін» деп жұбатып, арқамнан қағып шығарып салды.

Елге жеткенше қуанышым қойныма сыймай, үйге кіре сала: «Ағайым келеді, оны босатады, ол келеді», – деген сөзден басқа ештеңе айтпаппын. Анам мен жеңгем жылап: «Әмина, айналайын, дұрыстап мән-жайды айтшы», – дейді.

Барлық болған жайды айтып бердім. Олар маған сенер-сенбесін білмей таңырқай қарайды. Алғырлығым ба, әлде шын сенгендігім бе, әлде Алланың жазған тағдыры солай болды ма, ағайым бір күні үйге оралды. Бірақ одан не пайда, өмірден түк көрмей, тар қапаста тапқан қарғыс атқыр науқастан көп ұзамай дүние салды. Екінші ағам отбасымыздағы уайым-қайғыдан құса болып көз жұмды..».

Ленинград қаласындағы мемлекеттік сахна өнері техникумын бітірген Әмина Өмірзақова және тағы бір топ шәкірттерін бастап келген Василий Меркурьевпен бірге 1938 жылы Шымкент қаласында ашылған қазақ драма театрына жұмысқа тұрады. Алғаш Мұсатай Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарин» атты тарихи пьесасында Шәуәлидің рөлін сомдайды. Пьесада бала іс-әрекетін, жүріс-тұрысын айнытпай салуы, оның дауысын нанымды келтіруі Әмина Өмірзақованы зор табысқа жеткізеді.

1958 жылы Мәскеудегі бүкілодақтық Жастар театрының фестивалінде Шәуели мен Дмитрий Фурмановтың «Бүліншілік» пьесасындағы Камал рөлі үшін лауреат атанып, І және ІІ дәрежелі құрмет дипломымен марапатталады. Шымкент облыстық драма театры сахнасында жүріп, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуында» басты рөлді, Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметшісінде» Смеральдинаны, Мұхтар Әуезовтің «Түнгі сарынында» Мөржанды сомдайды.

Шымкент театрында істеп жүрген кезінде Кәмәси Өмірзақовқа тұрмысқа шығады. Зиялы қауым қуғынға ұшырап, ақ-қарасы ажыратылмай сұм науқанның құрбаны боп кеткендердің ішінде Әминаның ағасы, ҚазССР Жеңіл өнеркәсібі Халық комиссарының орынбасары Қаптағай Ерғожин де болды. Осы кезде «халық жауының» жақын туысы деп Әмина Өмірзақова театрдағы жұмысынан шығарылады.

Содан Алматыға келіп, кино саласының дамып келе жатқанын білген Әмина Өмірзақова монтаждаушы мамандығын меңгеріп, кейін «Қазақфильмнің» мұздай суық студиясында күн-түн демей жұмыс істеуге мәжбүр болады. Соғыс жылдары Алматы қаласына көшіп келген «Мосфильм» мен «Ленфильм» киностудияларында елдегі кинолардың 80%-ы түсіріліп жатқан еді. Бірде оны шеберханада отырған жерінен танымал режиссер Григорий Рошаль байқап қалады. Бұл кезде режиссер өзінің «Абай әндері» фильміне басты роль – Ажар роліне актриса іздеп жүрген болатын.

Нұрсұлу Тапалова, Шара Жиенқұлова сынды сұлулармен бақ сынасқан Әминаны «Пұшық мұрын қыз Ажарды қалай ойнайды?» деген Мұхтар Әуезовке «Мұрынның пішінін өзгертеміз, көзін айтсаңызшы!» деп, Рошаль Ажар рөліне Әмина Өмірзақованы бекітеді. Мұрынның пішінін гумуспен өзгертіп, ақыры осы рөлді Әмина апамыз өте сәтті орындап шығады. Осылайша, Әмина Өмірзақованың кинодағы жолы басталады. Монтаждаушының жұмысын да қатар алып жүрді. Ал театрға ол күйеуінің арқасында оралады.

1945-1946 жылдары аралығында Наталья Сац жасөспірімдер мен балалар театрын ашқан кезде Камаси Өмірзақовты алғашқылардың бірі етіп жұмысқа қабылдайды. Бірде Шекспирдің пьесасындағы Джулияның рөліне актриса табылмай театр біраз қиналады. Сонда Камаси Наталья Сацке «Менің әйелімді осы рөлге байқап көріңізші. Ол өте әдемі әрі талантты» деп ұсынады. Сац Әмина Өмірзақованың бір ойынын көрген соң-ақ оны труппаға қабылдап, актриса осы жерде өмірінің соңына дейін жұмыс істейді. 

Қазақ киносының алтын қорына енген «Ана туралы аңыз» фильмінде шынайы ойнау үшін Әмина апамыз жаз бойы ауылда тұрып, ауыл тіршілігіне етене араласқан екен. Сондықтан болар, бұл кино жүректің дәл түбіне жетіп, көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленді.

Көрерменнің ыстық ықыласына ие болған тағы бір фильм – «Тақиялы періште». Тана ананың күлкісін ұмыту мүмкін емес...

Жұбайы Камаси кенеттен қайтыс болып, жесір қалған Әмина апа небәрі 45 жаста ғана екен. Сөз айтқан азаматтардың ешбірінің етегінен ұстамайды, үш баласын өзі жеткізеді. Жұбайын Камаси деп атағанымен ол кісінің шын есімі – Хамедияр. Жеңгелері еркелетіп «Комиссия» деген екен де, содан ағамыз Камаси болып кетіпті.

«Неғұрлым жас кезіңнен өмірдің таяғын жесең, соғұрлым мықты болуға тырысасың. Менің бір қасиетім – көп нәрсені елеп-ескере бермеймін. Күлем де жүре берем. Не болса соған егіліп, езіле берсең нең қалады? Міне, 86-ға толып отырмын ғой. Өзім, әйтеуір, Аллаға ризамын, әзірге миымның жұмыс істеп тұрғаны, жақсы мен жаманды айыра білгені үшін. Бір жағынан, бәрі үй ішіңдегі жағдайға байланысты. Отбасыңда бәрі дұрыс болса көңілің де жай болады, жұмысың да өнеді. Тәубе. Екі ұл, бір қызым бар. Өздері де ата-әже болып қалды. Қызым Астанада қызмет істейді. Өзім үлкен ұлымның қолында тұрамын.

Барлығының үй-жайы бар. Немерелерді былай қойғанда, шөберелер одан да тәтті болады екен. Үш шөберем бар. Өнер жолымен әлемнің көп елдерінде болдым. «Тақиялы періште» шетелдерде көрсетілді. Мен бақытты әртіспін. Өнерде Тана жеңгей секілді бақытты ананы бейнелесем, өмірде өзім де бақытты ғұмыр кешіп жатырмын», – депті Әмина апамыз бір сұхбатында.

Мағыналы да мәнді ғұмыр кешіп, кино мен театр өнерінде өз атын алтын әріппен жазып қалдырған актриса 2006 жылдың 26 қыркүйегінде дүниеден озған.

Актриса Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрының сахнасында Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында» Луизаның, Қапан Бадыровтың «Алтын сақасында» мыстан кемпірдің, Борис Горбатовтың «Әкелер жастығында» Ефимчиктің, Шахмет Құсайыновтың «Рабиға», «Біздің Ғани», «Күн шуақтасында» Рабиға, Сағадат және Қанзипаның, Шекспирдің «Екі верондығында» Джулияның, Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Қалисаның, Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеуінде» Гүлжамалдың, Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы мұғалімінде» Алтынайдың және т.б.-лардың рөлін сомдаса, «Абай әндері» фильмінде Ажар рөлін, «Қанатты сыйлық» фильміндегі мұғалима бейнесін, «Бір ауданда» фильмінде Айша рөлін, «Ана туралы аңыз» фильмінде Ана бейнесін, Ш.Аймановтың «Тақиялы періште» фильмінде Тана рөлін, Дулат Исабековтың шығармасының желісімен түсірілген «Гауһартас» фильмінде әулеттің ақжаулықты әжесін, режиссер ұлы Талас Өмірзақовтың «Әмина» автобиографиялық фильмінде өзін-өзі ойнады.

Марапаттары:

1958 – Бүкілодақтық балалар және жасөспірімдер театрлары фестивалінің дипломымен марапатталды.

1964 – Қазақстан және Орта Азия республикаларының кино өнері бойынша өткен байқаудың 1-сыйлығына ие болды.

1966 – Қазақ ССР-інің Мемлекеттік сыйлығын иеленді.

1969 – Қазақстан және Орта Азия республикаларының кино өнері бойынша 8-байқауының сыйлығымен марапатталды.

2001 – «Тарлан» сыйлығының иегері.

Соңында мол мұра қалдырған актриса 1958 жылы Қазақ ССР Еңбек сіңірген әртісі, 1965 жылы Қазақ ССР Халық әртісі атақтарына ие болып, ССРО-ның жоғарғы марапаты «Еңбек Қызыл Ту» орденін, ССРО-ның «Ерен Еңбегі үшін» медалін, ССРО-ның «Еңбек ардагері» медалін кеудесінде жарқыратса, 1999 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының ең жоғарғы мемлекеттік марапаты «Отан» орденімен марапатталған. 2004 жылы «Ұлы Отан соғысына 60 жыл» мерекелік медалін алған.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English