Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қара тасқа қашалған қазақ биі

1393
Қара тасқа қашалған қазақ биі - e-history.kz

Бірде қазақ би өнерін зерттеген мәдениеттанушы Ясин Құмарұлымен сұқбаттасудың сәті түсті. 

Қазақ мұраларының қайнарын ежелгі дәуірлерден ендете іздеп жүрген ғалым өзінің қазақ биі туралы ізденісі қалай бастлағанын былайша әңгімеледі: «Қаражорғаның» Гиннестің рекордтар кітабына енуі қазақ мәдениетіндегі үлкен бір құбылыс. Оның үстіне кейінгі кездері солғындап қалған би мәдениетін жандандырудағы маңызы ерекше болды. Біз «Қаражорғаның» тарихы туралы бұрын айтпаған да, жазбаған да екенбіз. Осы би жайлы қате түсініктер шыға бастағаннан кейін мәдениеттанушы ретінде көбірек ден қойдым. Көп материалдар іздедім. Осының ішінде менің ең бір ден қойғаным Қытайдың тарихи деректері болды».

Біздің биіміз жайлы көрші елде қандай дерек бар екен деген сауал бізді де қызықтырды да, сауалымыз осы төңіректе өрби берді. 

– Ендеше қазақ биінің тамырын сонау тарихпен жалғап көрейікші?

– Көшпенділер – тарихтың арбасын алға сүйреушілер, шығыс пен батыстың, оңтүстік пен терістіктің мәдениет алмасуының дәнекері болғандар. Батыс оқымыстылары мәдениет және мәдениет тарату дегенді аталмыш ірі өркениет орталықтарының, одан қалса үнді-еуропойттардың қанжығасына байлау үшін, барлығын Жібек Жолы дегенге тәуелдеді. Арғы тарихта мәдениет көбіне Жібек Жолымен емес, көшпенділердің көш жолымен, жорық жолымен таралды. Ат та, ат әбзелі де, арба да, қола да, ауы бітеу шалбар да, ұзын қоныш өкшелі етік те, алғашқы ән, күй, би, аңыз әдебиет те, тотем де, тағы осы тәрізді сансыз мәдениет үлгілері көшпелілердің көші мен жойқын жорығы арқасында шығысқа жетіп отырды. Осы көшпенділер мәдениеттің небір кереметтерін жаратты да, таратты да. Олардың өріс-қоныстарында мәдениет іздерінің жіпұштары қалып отырды. Міне солардың бірі, әрі бірегейі көшпелілердің биі болатын.

Би – адамзат мәдениетіндегі әрі қарапайым, әрі сырлы құбылыс. Оның тамыры терең, мазмұны тұңғиық. Оған әр халықтың наным-сенімі, арман-тілегі, эстетикасы, мінез-құлқы, болмыс-бітімі, жан сезімі сияқтылар сіңірілген. Әрқандай ұлттың биінің, біріншіден, өзіндік бөтен бөгенайы бар. Екіншіден, оның тым арыдан қалыптасып жалғасып келе жатқан жүлгесі және дерегі бар. Қазіргі кезде адамзат ән әуенінің де, күйінің де, биінің де алуан түрі бар. Алайда, соларға қарап отырып бұл қайсы ұлттың ән-биі екендігін бірден білуге болады. Ал бір ұлттың өзінің де сандаған әні, күйі, биі болады. Олардың да бір-бірінен айырмашылығы бар. Бір ұлттың түрлі-түрлі биі болғанымен оның ең басты арқауы бір, яғни бір түп ағаштың тамыры мен бұтағы жан-жаққа шашырай біткенімен діңі бір, жапырақ пішіні ұқсас. Өнер де осылай. Қазақ биінің де, корей биінің де, ұйғыр биінің де, тибет биінің де тарихи қалыптасқан үлгісі, арқауы бар, ол солардың кімдікі екендігін айшықтап тұрады.

Көптеген деректер би өнерінің тым арыдан қалыптасатындығын, оның тез өзгеріске түсе қоймайтындығын дәлелдеп отыр. Мысалы, Қытайдың Тарым ойпаты маңындағы жасыл алқаптардан табылған буддалық қабырға суреттерден қазіргі ұйғыр биінің осыдан мың жыл бұрын қалыптасқанын, ал Қытайдың солтүстік өлкелерінен табылған Лияо патшалығы дәуіріндегі (б.з. 907 ж. – б.з.1125 ж.) Қытандардың (Қидандардың) қабір қабырға суреттерінен қазіргі корей биінің де осыдан мың жыл бұрын қалыптасқанын байқаймыз.

– Демек, қазақ биінің де арғы төркінін анықтауда осындай деректерге сүйенуге болады ғой?

– Дұрыс айтасың. Біздің ата-бабаларымыздың қалдырған деректері жартас беттерінде қалған. Осының көптеген дәлелдерін іздеп тауып сараптадым. Тәңіртаудың (Тянь-Шань) шығыс жағында Қытайдың орта жазығынан Тарым, Тәңіртау арқылы Орта Азияға өтетін Жияйугуан деген үлкен қақпа бар. Сол жерде Қаратау атты тау сілемдері созылып жатыр. 1970 жылдары осы Қаратаудан жартас суреттері табылған болатын. 1981 жылдарға келгенде осы Қаратау петроглифтерін Қытайдың Гансу өлкесі мемлекеттік қорғау объектісіне енгізді. Сөйтіп оны Қытайдың ғалымдарымен қоса, шетелдік археологтар да ұзақ уақыт зерттеді. Нәтижесінде ғалымдар бұны біздің заманымыздан бұрынғы 2000 жылдың алдында салынған суреттер екенін анықтаған болатын. Соның ішінде ғалымдарды өзіне ең баурағаны осы петроглифтеріндегі ерекше әсем де жанды бейнеленген топтық би көріністері болды.

Қаратау петроглифтерін суретті тасқа егеп, қашап салу тәсіліне қарай ғалымдар үш топқа бөлген. Соның ішіндегі би кескіндері тас немесе басқа қатты құралдармен егеп салған суреттер тобына жатады. Олар тым арғы заманды, Қытай жылнамаларына сай Жанго заманынан Хан династиясы дәуіріне дейінгі (б.з.б. 475 ж. – б.з. 220 ж.) туындылар деп анықталды.

– Сіз айтып отырған Қаратау петроглифтеріндегі би кескіндері қазақ биі, соның ішінде «Қаражорға» екендігін қалай анықтадыңыздар?

– Біз оны анықтауда олардың қимылына ғана қарамадық. Би билеген адамдардың басындағы шошақ бас киім мен оның төбесіне тағылған үкі де біздің өнерге жақын екенін айғақтады. Кезінде Хан династиясы және одан бұрынғы дәуірде Ғұндардың басында тағатын үкілері болған. Оны сол кездерде орта жазықтағы қытайларға да дарыған. Оның жазба, археологиялық деректері сақталған. Демек, ғалымдар Қаратау петроглифтеріндегі би кескіндері төңірегіндегі археологиялық деректер, тарихи жазбалар және суретті салу тәсілі және ондағы бейнеленген мәдениет үлгілері сияқтыларға сүйене отырып, Жанго заманынан Хан династиясы дәуіріне (б.з.б. 475 ж. – б.з. 220 ж.) дейінгі Сақтардың, Иүзлердің (Нүкіс), Үйсіндердің немесе Ғұндардың туындылары деп тұжырымдайды. Олар біздің тарихшы ғалымдарымызға бейтаныс та емес. Кезінде осы өңірлерде Сақтар болған, одан Иүзлер ірге теуіп, олар Үйсіндерді шапқан, кейін ғұндардың сүйемелімен Үйсіндер ес жинап, елін құрап қайта Иүзлерге тап беріп, оларды батысқа қуып тастаған. Оның соңынан Үйсіндердің өзі батысқа Іле алқабына ауған. Одан бұл өңірге бір мезет Ғұндар мекендеген. 

Қытай ғалымдары әр тұрғыдан зерттей келе Қаратау петроглифтеріндегі би кескіндерінің арғы заманғы Сақтар, Иүзлер, Үйсіндер, Ғұндарға тән екендігін тұжырымдағанымен, алайда оның қандай би екендігін, қазіргі қай ұлттың биімен жалғасатындығын зерттемеген.

Ал бұл билерге қазақтың көзімен қарағанда, олардың қазіргі қазақтың «Қаражорға» биінің арғы төркіні екендігі көрген жерден тануға болады. Ондағы суреттердегі бидің тибеттердің (немесе қияндардың) биіне де, Тарым айналасындағы ұйғырлардың да, Қиыр Шығыстағы корейлердің де, орта жазықтағы байырғы қытайлардың да билеріне ұқсамайтындығы бірден аңғарылады. Аяқ-қол, дене қимылдарының барлығы түгелдей «Қаражорға» биімен бірдей. 

Тағы бір айта кететін дәлел, суреттердің салыну тәсілі Есік алтын адамы, Үрімжідегі Еренқабырға тауының баурайындағы Құтыби қызыл тас суреттеріндегі топтық би, Іле облысының Күнес ауданы жақтан табылған жауынгерлердің қола мүсіні, Алтайдағы Пазырық мәдениеті, Берел қорымындағы қазба қалдықтардың бейнелеу өнерімен сәйкес келеді. Көркемдеу тәсілдері де ұқсас.

– «Қаражаорғаны» сол кездегі Түркі тайпаларымен ауылы аралас, қойы қоралас отырған моңғолдың биі деп те жүр ғой?

– Қаратау петроглифтері бұл тұжырымды теріске шығарды. Шындығында соңғы мың жылдықта түркі тайпалары мен моңғол тайпаларының аралас отырған кездері көп болды. Бұл кезде түрлі мәдениет алмасу толассыз жүріліп отырды. Сонымен бірге ру-тайпалардың өзара сіңісуі де толастамады. Қайсы тайпа күшейсе әлсірегені соған бағынышты, тәуелді болды, тіпті оның құрамына еніп кетіп жатты. Соның салдарынан қазақ ру-тайпаларының бір бөлігі моңғол құрамында да қалып қалды. Қазіргі қазақтың Керей, Найман, Қоңырат, т.б. тайпаларының сол байырғы атымен моңғол құрамында қалғандары да бары белгілі. Сондықтан қазақ «Қаражорғасының» моңғолда да аз да болса сақталуына ғажаптанудың қажеті жоқ. «Қаражорғаны» моңғолға тәуелдегенде, домбыраны да бере салуға тура келеді.

Сайып келгенде, «Қаражорға»» биін тұтас қазақ биінің арғы жүлгесі, алтын арқауы деуімізге әбден негіз бар. Ол адамзат биінің ішіндегі де ең ерте дамытылған би үлгілерінің бірі деп сеніммен айта аламыз.

– Ал, Моңғолиядағы қандастарымыздың «Қаражоғаны» «Сал күрең» күйі негізінде шыққан немесе «Аю биі» деген пікірлерін естіп жатамыз. Бұған келісесіз бе?

– Жоқ, бұл тұжырыммен мүлде келіспеймін. «Аю биі» деп аталатын би бар. Оны «Ақсақ аю» деп те атайды. 2 мың жылдың алдында Сақтар «Қаражоға» деп аталды ма, әлде басқаша аталды ма ол жағы белгісіз. Қаражорға жайлы қазақтың кейінгі замандардағы аңыздары өте көп. 

Қазақта қара жорға, қара арғымақ, қара тұлпар деген сөз тіркестері көп кездеседі. Демек, қазақ үшін «қара» сөзі қасиетті деп таныған. «Ағажай-Алтай» әнінде былай айтылады: 

Өр Алтайдан дүркіреп ел көшті ғой, 

Ақдаланың төсінде оқ есті ғой.

Қара арғымақ сүрініп қу томарға, 

Қара нардың бұйдасын жау кесті ғой. 

Бұл жерде де «қара» сөзін әспеттеп отыр. Осы арқылы да «Қаражорға» сөзінің қазақ тіліне жат еместігін растауымызға болады.

– «Қаражорғаны» «Буын биі» деп айтып жүргендер бар?

– «Буын биі» дегеніміздің кейінгі кезде айтылып жүрген ғылыми атауы, ғылыми сипаты ғана. Ал бидің аты «Қаражорға». Буын биіне жататын «Қаражорға» тектес билер көп қой.

– Сонау тастарға ойылған би бойынша алып қарағанда қазіргі «Қаражорға» дұрыс биленіп жүр ме?

– Халық арасындағы «Қаражорға» сол тастарға ойылған бимен көп айырмашылығы жоқ, дұрыс биленіп жүр. Алайда, соңғы кездерде «Қаражорғаны» бұзып жүргендер бар, олар халық емес, би кәсібімен шұғылданып жүрген арнайы мамандар. Осы жас бишілеріміз «Қаражорғаның» қимылын басқа билермен араластырып қасиетін бұзып жүр. Бұл жерде барлығымыз қазақтың халық биі мен қазақ биі дегенді ажырата білуіміз керек. Қазақтың халық биі қазақтың дәстүрінен аттап кетпейді. Мәселен, әсіресе әйел адамдарда аяғын көкке көтеру, көйлегін жоғарыға көтеру, кіндігін ашып шалқасынан түсу, екі аяғын керіп жату, аспанға секіру халық биінде жат қимылдар. Оны ислам дінімен байланыстырмаған күннің өзінде қазақтың әдеп-ибасына саятын таным. Қазақтың ибалылығы соншалық әйел адам адымдап та жүрмеген. Оны дөрекілікке, білімсіздікке балаған. Осылайша халық биінің барлығы ұлттық дәстүрден аттамайды. Ал кез келген осы заманғы билерді қалай билесең де жарасады.

– Қытайда би өнерін зерттеу қай деңгейде?

– Жасырары жоқ, өте төмен деңгейде зерттелді деп айтар едім. Шыңжаң халық баспасы мемлекеттік бағдарлама бойынша «Қазақтың дала мәдениеті» атты желілес 40 кітаптың  бес кітабын мен жаздым. Соның біреуі «Қазақты би мәдениеті». Өкініштісі, қолда бар дерек өте аз. Бізде би зерттеу енді басталып келе жатыр. Көне жазба деректерде би өнері жайлы жазылған. Қытай деректерінде жазылған Таң хандығы кезіндегі Қаңлы биінің атағы жер жарған. «Қаңлы қызы» деген қытай ақындарының өлеңдері бар. Қытай жазба деректерінде Қаңлылардың биші болатындығын, Ғұндар мен Үйсіндердің музыка мәдениетінің дамығандығын көп жазған. Соның бәрі Қытайдағы қазақтар жағынан құнттап зерттелмеген.

– Сүбелі сұқбатыңызға рақмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?