Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Президент экономиканы реформалауды халықпен ақылдаса отырып шешуді ұсынады

947
Президент экономиканы реформалауды халықпен ақылдаса отырып шешуді ұсынады - e-history.kz

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сейітқали Дүйсен Президенттің бүгінгі Жолдауына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталының тілшісі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялап, алдағы уақытта елімізді дамытудың негізгі жолдарымен таныстырды.

Өткен жылғы Президенттің Жолдауы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» деп аталғаны белгілі. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жүрген мәліметтерге қарағанда өткен жылғы Жолдауда көзделген міндеттер жүзеге асып жатқаны байқалады. 

Ел экономикасы мемлекет басшысы белгілеген негізгі бес басым бағыт бойынша - қаржы секторын тұрақтандыру, жылжымайтын мүлік саласындағы проблемаларды реттеу, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, аграрлық секторды дамыту, инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жолында өрістеуде. 

Үкіметіміздің ресми деректеріне қарағанда 2021 жылы экономикамыз 3,2 пайызға өскен болса, осы жылы 5,6 пайыз болады деп күтілуде. 

Қ.-Ж.К. Тоқаев биылғы Жолдауында атап көрсеткендей еліміздің 2022 жылғы ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге көлеміне жеткен. Бұл статистикалық деректер ел экономикасының тұрақты даму, өсу үстінде екенін көрсетеді.

Сарапшылардың есептеріне қарағанда Қазақстан табыс деңгейі жоғары елдер санатына көшуі үшін жыл сайынғы өсім деңгейі 6 пайыз болуы керек екен.

Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауының негізгі өзегі етіп экономика мәселесін алды. Алдағы, 2029 жылдарға дейін жүзеге асырылуға тиіс экономикалық реформалардың құрылымы, мәні мен маңызын халыққа талдап тұрып жеткізді. 

Қазіргі уақытта жылдан жылға күрделену үстіндегі әлемдік геосаяси-геоэкономикалық күрделі жағдайларда әр мемлекет өзінің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ойлауы табиғи құбылыс. Қазақстан басшылығы да елін, халқын алдағы жылдары кездесуі мүмкін сын-қатерлерден, әлеуметтік-экономикалық дағдарыстардан сақтандыруға, кездесе қалған уақытта оларды еңсеру жолдарына дайын болуды әрқашан есте ұстап келеді. Бұл саясаттың өміршеңдігін, дұрыс құрылып, ұйымдастырылғанын 2020 жылғы әлемдік пандемия дағдарысы айқын көрсетіп берді. 

Мемлекет басшысы қол жеткен жетістіктермен қатар елдің алдында экономика саласында әлі де шешімін күткен көптеген мәселелердің барын ашық айтып, оларды шешудің, жолдарын көрсетіп кейбір өте маңызды мәселені халық болып ақылдасып, бірлесіп шешуге шақырды. 

Мәселен, Президент алдағы уақытта Қазақстанда энергия қуатына зәрулік туындауын жасырмай айтты. Мамандар оны шешудің бір жолы Балқаш көлі жанында атом электр станциясын салу деп біледі. Бірақ республика халқы мен осы саланың мамандарының бір бөліктерін АЭС-ында болуы мүмкін апат қаупі, бұл станцияның Балқаш көлін мүлдем жарамсыз, «өлі көлге» айналдыруы мүмкін деген мәселелер қатты толғандыратын болғандықтан Президенттің осы мәселені бүкілхалықтық референдумға шығарып, ақылдасып шешімін табайық деген ұсынысы «халықтың үніне құлақ асатын үкіметтің» іс жүзінде жұмыс жасайтынына айқын дәлел болып отыр.

Әлемнің бірқатар елдерін су тапшылығының үдеуі алаңдатуда. Бұл ғаламдық мәселенің біріне айналуда. Су тіршілік көзі. Ғалымдардың деректеріне сүйенсек адам аштыққа бірнеше аптаға дейін шыдаса, сусыз 10-ақ күн өмір сүре алады екен. Африканың Мали деген елінде бір адамға күніне 6 литр ғана су беріледі. Осы суды тамаққа, жуынуға т.б. қажетіңе қалай жеткізесің. Ал Қазақстанда бір адамға күніне 250 литр тұщы судан келеді екен. Дегенмен еліміздің оңтүстік өңірінде егістікке, бау-бақша өсіруде су тапшылығы жылдан жылға артып келе жатқаны және осы мәселені көрші елдермен бірлесіп шешу қажеттігі өткір мәселеге айналуда. Президент осы мәселеге де арнайы тоқталып су саясатымен шұғылданатын Су ресурстары және ирригация министрлігін құруды ұсынды. 

Президент осылармен қатар әлемнің бірқатар елдерін алаңдатып отырған су жетімсіздігін (әсіресе тұщы ауыз су) суға зәру болып отырған елдермен бірлесіп, ақылдасып екіжақты, көпжақты кездесулер арқылы, достық, адал ниетпен шешуге қол жеткізу маңызды екенін, су мәселесінің Қазақстанға да қатысы бар мәселе екенін ашық айтты.

Африка мен Азияның кейбір елдерін алаңдатып отырған азық-түлік жетімсіздігі мен аштық мәселелерін шешуге Қазақстан елеулі көмек бере алатынын, ол үшін республиканың азық-түлік базасын құрайтын агроөнеркәсіп саласын Мемлекет басшысы түбегейлі реформалау мәселесін де осы Жолдауында өзекті мәселелердің бірі ретінде көтерді. Агроөнеркәсіп саласын қайта құруға шағын және орта бизнес өкілдерін белсене қатысуға шақырды.

Бүгінгі Жолдауында Мемлекет басшысы ауыр өнеркәсіп, мұнай-газ секторы, транспорт-логистика, банк-қаржы және әлеуметтік-мәдени салаардағы барлық мәселелерге де арнайы тоқталып, саралап берді. Президент көтерген барлық экономикалық мәселелерге тоқталып, талдап беру экономика саласының маманы болмағандықтан мүмкін емес. Дегенмен республика азаматының бірі ретінде Жолдаудан түйген кейбір ойларыммен оқырмандармен бөлісуді жөн көрдік. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?