Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлттың ұяты мен миятына арналған Міржақып туралы фильм

3632
Ұлттың ұяты мен миятына арналған Міржақып туралы фильм - e-history.kz

Соңғы бір-екі жыл аясында қазақ киносында жаңа леп пайда болғандай. Көптеген тұлғалар экрандалып, тарихтың ақтаңдақ беттері кинотуындыға айналды. Әр дәуірдің айтулы тұлғалары мен белгілі қайраткерлері кейіпкер ретінде сомдалды. Бұлардың арасында көпшілік көзайымына айналған сәтті картиналар да жоқ емес. Әсіресе, ұлттың ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолын арқау еткен «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалы жыл жаңалығы болып, үздік сериал ретінде отандық «Тұмар» жүлдесін еншіледі.

Көпшілік ықыласына бөленген «Ахмет. Ұлт ұстазы» – «MurAi production»» медиакомпаниясының төртінші кесек туындысы. Қазірге дейін «I’m going to Paris», «Тиын», «Абай жолы», «Ахмет. Ұлт ұстазы» қатарлы кинокартиналарымен қолтаңбасын әйгілей келген шығармашылық ұжым қатарынан екі жыл «Тұмар» иегері атанып үлгерді. Ал биыл ұлттың ұяты мен миятына айналған Міржақып Дулатұлы тұлғасын экрандамақ. Желтоқсан айында көрермендерімен қауышатын 6 бөлімді телесериалдың түсірілімі жүріп жатқан уақытта әредік ретін миятына тауып шығармашылық ұжыммен қолға алған туындысы жайлы сұрап білдік...

 

Мұрат Есжан (Режиссер, сценарист)

 

- Мұрат Нұрәкімұлы, былтырғы бір сұқбатыңызда Ахмет тұлғасын киноэкрандау Америкада оқып жүргенде ойымда болды деп едіңіз. Ал Міржақып тұлғасынан телехикая жасау идеясы қашан туды?

 

- Міржақып Дулатұлы туралы телехикая жасау, турасын айтсақ, «Ахмет. Ұлт ұстазына» дайындыққа кіріскен кезден басталған. Өйткені екі тұлға ел арасында Ахаң-Жақаң деп қатар айтылады. Ахаң туралы мәлімет оқысаң, Жақаң жайлы ақпарат алдыңнан шығады. Ахаң жөнінде біліміңді арттырсаң, Жақаң турасында да білгенің толыға береді. «Ахмет. Ұлт ұстазының» логикалық жалғасы Міржақып жайлы туынды екенін біз сол кезде түсіндік. Алайда кесек туындыларды түсіру тікелей мемлекет қолдауына сүйенетіндіктен қашан жүзеге асатынын дөп басып білмедік. Бірақ Spin-off тәсілімен түсіруді іштей ойлап жүрдік.


 

 

- Spin-off дегеніңіз қандай тәсіл?

 

- Spin-off дегенге түсінік бере кетейін. Spin-off – қазіргі заманауи кино термині. Бұрынғы телетуындыдағы қосалқы кейіпкерді жаңа шығармада бірінші планға шығарып, бас кейіпкер ретінде соның оқиғасы баяндалады. Міржақып жайлы да сондай Spin-off жасаймыз деген ниетіміз болды. Көп нәрсе өзі ниетке байланысты ғой. Басында ол жоспарда жоқ тақырып еді. Бірақ біздің сол ниетімізге берді ме, келесі жылында-ақ тілегеніміз жүзеге асып кетті.

 

Біз былтыр кастинг жасаған кезде-ақ Міржақыпты да, Ғайнижамалды да бұлар келесі жобаның бас кейіпкерлері деп таңдадық. Соның үдесінен Бақыт Қажыбаев пен Зарина Кәрмен шығатын шығар деп үміттеніп отырмыз. «Ахмет. Ұлт ұстазында» Міржақыптың рөлі көп адамдардың көңілінен шыққан сияқты. Зерттеушілер, ғалымдар, кино мамандары болсын – жалпы көрермен Міржақыпты біз осылай елестетіп едік деген мазмұнда пікірлер айтып жатты. Сондықтан да ешқандай ойланбастан келесі жобамызға сол кісілерді басты рөлге таңдадық. Оның үстіне көп адам Ахаңды Байғали ағамен байланыстырып қалды. Қазір басқа адамды қабылдамауы да мүмкін. Міне, осы себептен Алаш көсемдері Әлихан, Ахмет, Міржақып тұлғасында бұрынғы актерлық құрам қалып отыр. Түсірілім тобын да өзгертпеуге тырыстық. Былтыр қандай махаббатпен істелген болса, биыл да сол жалғасын тапсын деген ниетіміз болды.


 

 

- Міржақып туралы сериал несімен ерекшеленеді?

 

- Ахаң өзі салмақты, байыпты адам болған ғой. Соған сай әңгімелеу стиліміз, визуалдық тәсілдеріміз байыпты, баяу бір ритмге құрылды. Ал Жақаң естеліктерге қарағанда эмоционалды, жылдам адам болғанға ұқсайды. Сондықтан бұл жобамызды динамикаға, көрерменге көбірек ұнайтын шытырманға, оқиғалар тез ауысатын бағытқа бұрдық. Бізде Ақпан төңкерісі мен Қазан төңкерісінің, патша үкіметі мен совет үкіметінің айырмашылығын білмейтін адамдар бар ғой, соларға бір оқу құрал есебінде болсын деп Ахаң туралы туындыда әрбір нәрседегі табиғи дәлдікке мән бергенбіз. Ал биыл оқиғаларға көбірек орын бердік.

 

 

WhatsApp Image 2022-08-31 at 09.58.32.jpeg
 


 


 

 

Айсәуле Әбілда (продюсер)

 

- Жалпы жұмыс барысы қалай жүріп жатыр?

 

- Биылғы жобамыз – «Міржақып. Оян қазақ!» телесериалы. Ең бірінші, жобаны алған кезде, әрине, қуандық. Бұл тақырыпта ақпарат көп, Міржақып Дулатұлы атамыздың қызы Гүлнар Дулатованың естеліктері бар деп көңіл тоғайттық. Бірақ ақпарат қанша көп болғанымен, сценарий жазу барысы біршама уақытқа созылды. Оның соңы түсірілім дайындығын бастауымызды кешеуілдетті.

 

Негізі нарықтағы компаниялар бір ай сценарий жазып, бір ай дайындалады да, түсірілім монтажымен бас-аяғы төрт-бес айда бір жобаны аяқтайды. Сондықтан ондай компаниялар бір жылда 3-4 өнім шығарады. Ал біз тақырыбымыз Алаш арыстары болғандықтан, олар ұлттың аяулы тұлғалары ғой деп ішкі жауапкершілігімізге барынша ден қойып, бар ынта-ықыласымызды сол жобаға арнаймыз. Содан да болар біздің жобаларымыз сегіз-тоғыз айға дейін созылады. Себебі сценарий жазудың өзі ақпарат жинау, ғалымдармен пікірлесу, материалдарды оқу, қорыту, өңдеу секілді ұзақ процесске ұласып кетеді. Сценарийіміз дайын болды дегенше 4-5 ай өтеді. Бұның барлығы жобаны бастауымызды кешеуілдетеді. Түсірілім неғұрлым күзге сырғыған сайын, қолбайлаулар мен шығындар да артады. Басқасын айтпағанда, актерлардың театрда жұмысы басталып, график жағы қиындайды.


 

 

- Қай мәселелерде қиындық көп?

 

- Биылғы ең үлкен қиындық – локация табу болды. Бізде ескі ғимараттарды айрықша сақтау туралы арнайы бағдарлама не жоспар жоқ екен. Әрине, қорғалатын тізімге енген нысандар бар, бірақ ол кесенелерге, киелі деген жобаларға ғана арналатын сияқты. Ал ғасырлық тарихы бар ескі ғимараттар қалыс қалып тұр. Осындай ескі, тарихи маңызға ие үйлер мен ғимараттарды көздің қарашығындай сақтауды негіздеп алмай, Қазақстанда тарихи кино түсіру қиындаған үстіне қиындай береді. Бұл дегеніміз сол киноиндустриядан айрылу. Себебі олар ақырындап ертең Ресейге, басқа да ТМД елдеріне барып түсіре бастайды. Демек біздің өзімізде қалуы тиіс ақша солай сыртқы айналымдарға шығып кетеді.

 

Біз де биыл локация табу жылдан жылға қиындап кеткенін сезіп жатырмыз. Мысалы, 30-жылдардағы үйлерді табу мүлдем қиынға соқты. Петропавлда, Қостанай жақта ондай үйлер көп қой деген кейбір пікірлер болуы мүмкін. Дегенмен мұнда ескеретін әртүрлі себептер бар. Мысалы, биыл түсірілімді мүмкін Қостанайда өткізерміз деп локация көруге барып қайттық. Рас, ол жақта тарихы 100 жылдан асатын ғимараттар көп, бірақ көбінің сырты бірдей. Бір-бірінен аумайтын қызыл кірпішті үйлер. Көріп отырған көрермен тіптен олардың әртүрлі ғимарат екенін аңғармай қалуы мүмкін. Одан да өзектісі ол ғимараттардың басым көбінің іші түсірілімге жарамайды. Оны түсірілімге жарату үшін Алматыдан фура-фура машина жалдап, өзіміздің құрал-сайманымызды, реквизиттерімізді, ескі заманға келетін бояу, тұсқағаздарымызды алып барып, ішін қайта жөндеу керек. Оның барлығы оңай шаруа емес. Оның үстіне дәл осы жаз маусымында әуе, пойыз билеттерінің тапшылығы қатты байқалды. Тіпті қанша қымбатқа болса да алуға билет таппадық. Бұл жағдайдың өзі де бізді ойландырды. Себебі күзге қарай әртістердің қойылымдары басталады, басқа да тығыз жұмыстары болуы мүмкін. Сондайда «біз қайтуымыз керек», «тез арада Алматыға жету керек» десе, оларды қайтара алмай қаламыз ба деп алаңдадық. Ұшақтың бір бағытының өзі 80-100 мыңға дейін қымбаттап кетті. Ертең мамандарды ары-бері тасудың өзінен-ақ шығынға ұрынып қаламыз ба деп жүрексіндік. Командамызда 40-50 адам бар, соның барлығын апару, алып келу, ол жақта орналастыру, фура-фура реквизиттер мен техникаларды тасу оңайға соқпайтын болды. Бірақ біз ол жаққа барып, Торғай даласын, сыртқы көріністерін түсірсек деп ниеттеніп отырмыз.

 

Одан бөлек биылғы қиындықтың тағы бірі – Міржақып атамыздың ашыққан елге мал айдаған сахналарынан туып отыр. Ол жерде, әрине, аз мал айдамаған. Жеті мың бас дейді. Жеті мың бас болмаса да, үйір-үйір жылқы, отар-отар қой тауып келістіру қиын болып жатыр. Бір қойдың басына бәленбай мың, бір жылқының басына бәленбай мың деп белгілеп қойған бағалары бар. Одан бөлек далада құр жатқан ашық жеріне ақы сұрап жатыр. Енді оларға да ренжи алмайсың. Бірақ мал таптап жатқан жерге 400-500 мыңдап ақша сұрау қисынға келмейтін секілді. Бұның барлығы жалпы бюджетімізге әсер етеді, жетіспеушілікке алып келеді. Айталық, 100 адам қатысатын көпшілік сахнаға болса, анандай шығыннан кейін 50 адамға ғана шамамыз келуі мүмкін. Әр кино сайын ертең алып кете алмайтын бір ғимараттың ішін бастан аяқ жөндеп шығатын жылдағы тұрақты қиындығымыз тағы бар.


 

 

- Арнайы уақыт пен кеңістікті талап ететін тарихи киноларды түсіру қиын дейсіз ғой...

 

- Қалай дегенде де тарихи кино түсіру жылдан-жылға қиын болып бара жатыр. Мемлекеттік саясат және ұлттық мүде үшін Алаштың айтулы тұлғаларын осылай бөлім-бөлім етіп түсіріп алу керек қой. Бірақ көп компаниялардың ары қарай алып кетуге шамасы келе ме, келмей ме білмеймін. Продюсер ретінде мен жылда күмәнмен, қорқа-қорқа аламын. Себебі жылдағы инфляция бар, өзгеріс бар солардың есебінен бөлінген қаржы жетпей қалса қайтеміз деген сары уайым тұрады. Сол уайым биыл да меңдеп тұр. Бірақ уайымдай берсең, іс бітпейді. Не де болса тәуекел деп бастап отырмыз.

 

 

 

Бақыт Қажыбаев (Міржақып рөліндегі актер)

 

- Бақыт Бақтанұлы, сериалдағы Міржақып рөліңіз құтты болсын. Биылғымен қосқанда екі сериалда да Міржақып бейнесін сомдап жатырсыз. Жалпы Міржақып Дулатұлы сіз үшін кім, тұлға туралы танымыңызды айтыңызшы.

 

- Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған Алаш арыстары мен үшін қайталанбас тұлғалар. Мен қазақ елінде ұлт үшін, тілі үшін, діні үшін, елінің болашағы үшін өз жанын қиған, өмірін арнаған осындай біртуар азаматтар болғанына мақтанамын. Олар қандай қиын-қыстауды басынан өткерсе де мойымай, сағы сынбай, асыл рухының арқасында әрбір қиындықты еңсере білді. Ондай тұлғаларды қастерлеп, өміріміздің үлгісіне айналдырсақ құба құп. Қазіргі түсіріп жатқан сериалдарымыз ол кісілердің атқарған қызметінің алдында өте аздық етеді деп ойлаймын. Ұлттың ар-ұжданына айналған бұл кісілердің өмірі мен өнегесін, еңбектерін дәріптеп, насихаттау, келер ұрпаққа көбірек жеткізу біздің мойынымыздағы үлкен парызымыз деп санаймын.

 

Ал өз басым осындай түсірілім тобына, сериалға өткеніме қуаныштымын. Біріншіден, өзі жас болса да, жауапкершілікті еш қорықпай арқалап, соған батыл қадам жасап түсіріп жатқан Мұрат Есжан бауырыма сәттілік тілеймін. Өзі бас болып, осы істің басы-қасына қазағымыздың жақсы азаматтарын жиып, ойларын бір жерде түйістіріп, бір жұдырықтай бірігіп, үлкен іс атқарып жатыр. Мен де осы игі шаруаға септігімді тигізіп жатқаныма қазақ елінің бір баласы ретінде қуаныштымын.


 

 

- Міржақып рөліне қалай дайындалдыңыз?

 

- Мен көп деректер іздедім, оқыдым. Жалпы оқып отырып Алаш қайраткерлерінің өмірінен бейхабар екенімді түсіндім. Оқыған сайын, олардың ұлтын сүйген ұлы жүрегіне, елін сүйген асыл махаббатына тәнті болып, өз-өзімді жегідей жедім. Былтырғы Ахмет Байтұрсынұлы туралы сериалдан бері және биылғы Міржақып Дулатұлына қатысты ізденістерден кейін мені «ұлтыма, халқыма осы уақытқа дейін не істедім» деген ой ұдайы мазалайды. Бұл менің өмір сүруімнің негізгі сауалына айналды десем де болады.

 

Сценарийді оқып отырып Міржақыптың бейнесі көз алдыма келе береді. Образы, жүргені, тұрған тұрысы, жазып жатқаны, артынан жас таланттарды тартып, соларға жәрдем бергені, қолдан келгенше қол ұшын тигізгені барлығы да көрініс ретінде көз алдымда тұр. Әрине, бүкіл көрермен көңілінен шығу оңай емес. Соған лайықты жұмыс істеуге тырысамын.


 

 

- Рөлдің сізге қиын соғатын тұсы қайсы?

 

- Басқасын айтпағанда, қазағымыздың ұмытылып бара жатқан көне сөздерін қазақи нақышта, төл әуезде сөйлеудің өзі оңай тапсырма болмай тұр. Өйткені режиссердің аса қадағалайтын, баса мән беретін бір тұсы осы – сөз. Шынын айтқанда, біздің буынның жарты ойы қазақша болса, жарты ойы орысша. Кейбір сөздердің мағынасын, түбін түсінбей жататын да жайымыз бар. Сол себепті тарихи тұлғаны сомдау, онда да қара сөздің құдіретін танытқан Міржақыптай тұлғаны кейіптеу оңай соқпайды. Егер ойдан шыққан, қиялдан құралған кейіпкер болса, оңайырақ болар ма еді. Ал Міржақыпты танымайтын қазақ баласы кемде кем. Бәрінің жүрегінде бір-бір Міржақыбы бар, әркім өзінше таниды, біледі. Көпке ортақ белгілі тұлғаның рөлін ойнаудың өз қиындығы болады.

 

 

 

Еламан Айнабеков (қоюшы суретші)

 

- Еламан мырза, былтырғы «Ахмет. Ұлт ұстазы» көптің көңілінен шықты. Биылғы жұмыс барысы қалай?

 

- Былтырға қарағанда биыл съемкаларымыз өте қиын өтуде. Былтыр бізде интерьер сахналар көп болған. Қазір натура сахналар өте көп. Дәл қазір Шамалған жақта бес киіз үй тігіп жатырмыз. Алда Қараойда да сондай далаға қатысты сахналарымыз бар. Одан бөлек әрекетке құрылған ұрыс, қақтығыс сахналары тағы бар. Салыстырмалы түрде айтсам, былтыр бізде киіз үйі бар ірі сахна біреу болған болса, ал биыл съемкамыздың жартысына жуығы далада өтейін деп тұр.

 

Жалпы съемка барысы жақсы өтуде. Былтырғы сериал көптің сұранысын тудырғаннан кейін биыл да көрермендердің үмітін ақтау керек деген оймен қолдан келгенше жақсы дүние шығаруға ұмтылып жатырмыз. Қоюшы суретші ретінде маған жүктелген негізгі тапсырманың бірі – ХХ ғасыр басындағы қазақтардың өмірін барынша шынайы көрсету. Соған сай музейден, қазақфильмнен, ауыл-ауылды аралап реквизит жинап жатырмыз. Обстановка қою жағынан бізде қатты қиналыс жоқ. Тарихшылардан алдырған суреттеріміз бар. Сол бойынша қоямыз. Бірақ сол жылдарға келетін реквизиттер табу өте қиын. Қазір мал шаруашылығымен айналысады деген ауылдың өзіне барсаң, тұрмыс салты өзгерген. Қолданатын заттары, тұтынатын бұйымдары бұрынғыдан мүлде басқа. Көбіне зауыттан шыққан, бір қалыпқа салынған заманауи дүниелер. Қолдан жасалған бұйымдар жоқтың қасы. Мысалы, қайыс арқан, жылқы қылынан есілген ноқта, тері саба, піспек деген секілді ол замандағы әдепкі дүниелер қазір өте сирек. Сондықтан жоқ дүниелерді барынша ұқсатып, өзіміз қолдан жасаймыз.


 

 

- Әр режиссердің өзінің қолтаңбасы, стилі болады. Мұрат мырзаның сізге жүктеп отырған тапсырмасы қандай?

 

- Режиссер Мұрат ағаның жеке қолтаңбасы ретінде байқағаным детальдарға өте мән беріп, мұқият қарайды екен. Бұл бізге жүктелетін талапты да барынша арттырып отыр. Сөзімді дәйектеп өтейін, осы жобада қоюшы суретші ретінде маған жүктелген міндеттің тағы бірі сол замандағы газет-журнал, оқулықтар мен кітапты айна қатесіз жасау болды. Сол үшін арнайы маманмен бірге архивқа барып, сирек қолжазбалар қорынан 1910 жылы жарық көрген «Оян қазақтың» түпнұсқасымен таныстық. Енді тура сол кітаптың өлшеміндей, соның қалыңдығындай кітапша дайындаймыз. Қазақтың тұңғыш романы «Бақытсыз Жамалдың» да түпнұсқасын қолға ұстадық. Тек Міржақыптың өзінің туындылары ғана емес, 1910 жылы жарық көрген татар басылымы «Шураны» да көзбен көрдік. Яғни кітапқа қатысты жасайтын әр дүниеміз шынайы шығу үшін архивке барып, еңбектеніп жүрміз. Былтыр, мысалы, «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалында «Қазақ» газетін шығардық. Ондағы мақалаларға дейін сол нөмірдегі «Қазақ» газетімен бірдей болды. Бас мақаласы жоқ, ақ шығатын газет саны бар, оны да іздеп тауып, көшірмесін етіп ұқсаттық. Төте жазу білетін ғылыми мекеменің мамандарды шақырып, тексерттік. Оның үстіне реквизит ретінде ескі газет шығаратын Алматыда бір-ақ типография бар. Сол жерге кезекке тұрып, түнімен шығарамыз. Газеттің көлемі мен мазмұнын былай қойғанда, сол ескі дәуірге келетін газет қағазының өзі тапшы. Оны да арнайы тапсырыс беріп алдырамыз. Сосын кейбір мәлімет күйінде ауызша ғана аталған, ал өмірде не фотосы, не сызбасы жоқ заттар болады. Солардың да суреттеуі бойынша эскизін салып, жасатамыз. Кейде жасаған дүниең режиссердің көңілінен шықпай жатады. Ондайда оның да өзге балама жолын табуың керек. Мысалы, былтыр «Ахмет. Ұлт ұстазында» Ахаңның пенснесі болды. Біз оны Алматыда дайындатып едік, Мұрат ағам көріп, Ахаңдікіне сәл келіңкіремей тұр. Басқасын жасатайық деді. Содан оны Қазақстаннан әзірлеп беретін маман таба алмай, Мәскеуге жасатып, ұшақпен алдырдық. Бұның бәрі қаржы мен уақыттың шығыны. Ұқсақ-түйекке қаншалықты мән берген сайын уақыт та соншалықты көп жұмсалады. Шынын айтсақ, бұлардың кейбірі кадрда ары кетсе 2 секунд қана ойналатын реквизиттер. Сол кірпік қағым сәт үшін біздің аз айтқанда күндік, әйтпесе, аптаға жуық уақытымыз кетеді. Одан басқа да қыруар шаруа күтіп тұр дегендей. Менің жұмыс тәжірибемде мұндай деңгейге дейін жіңішкелеп кіру аз кездесіпті. Бірақ мен жүгінетін бір ереже бар. «Режиссер ол командир, тапсырма берді – істелу керек» деген қағиданы ұстанамын. Сондықтан көбіне тапсырма жүктелсе, қолдан келмейді емес, қандай жолдары бар деп шешім іздеймін.

Суреттер автордан

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?