Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кітапхана – мемлекеттің мәртебесі

4766
Кітапхана – мемлекеттің мәртебесі  - e-history.kz
Алғашқы кітапханалар қоғамдағы діни мекемелердің қатарынан тіркелсе, алғашқы кітапханашылар – азаматтарға рухани игіліктерді, жазба мұраларды, тіпті ғаламдық картинаны сақтап жеткізуші абыздар болыпты

Кітапханашы – өзіндік тұлға 

Кітапханашы – көне кәсіптің бірі. 

Тарихқа шегінсек, төрт жарым мыңнан аса жыл бұрын бұл кәсіп сазды каталогтар пайда болған кезеңдердегі шумер мәдениетімен бірге дүниеге келген. Ал кітапханашылық қызмет біздің дәуірімізге дейінгі сазды тақталарды жинап, жазбаларды есепке алудан бастау алған көрінеді. 

Сонымен, ең алғашқы кітапханалар қоғамдағы діни мекемелердің қатарынан тіркелсе, алғашқы кітапханашылар – азаматтарға рухани игіліктерді, жазба мұраларды, тіпті ғаламдық картинаны сақтап жеткізуші абыздар болыпты.

e0c744535494ba78a9a64f147fdb160a.jpg

Ескеретін жайт, ежелгі дәуірлердегі кітапханашылар – тек ер азаматтардан құралған екен. 1917 жылға дейін әйел-қыздар қауымына мемлекеттік қызмет есік ашпады. Сондықтан тарихтағы қазан төңкерісінен кейін ғана нәзік жандылар өкілдері кітапханалық қызметке қабылдана бастайды. 

Осылай, озық деген Еуропа елдерінің өзінде де ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында кітапханашылар құрамы жаңарды. Анығында, әйелдердің тең құқығын талап еткен қозғалыстан кейін АҚШ-та кітапханашы ханымдар қатары көбейді. 

Нәтижесінде, кітапхана тарихы кітапханада қызмет көрсеткен танымал тұлғалардың, сол қатарда әйел-қыздардың есімдерін де сақтап қалды. 

Бір ерекшелігі, бүгінгі таңда кітапханашы ер-азаматтар саны некен-саяқ. 

Аты аңызға айналған абыздар – алғашқы кітапханашылар 

Басында кітапханалардың басым бөлігі жеке тұлғаларға тиесілі болған екен. Сол кітапханаларға Платон, Аристотель, Евклид, Еврипид тәрізді тұлғалар иелік етіпті. 

Ал Афинадағы алғашқы көпшілік кітапханада есімі қадірлі азаматтар ғана кітапханашы мамандығына таңдауға түскен. 

Сондай-ақ әлемнің сегізінші ғаламаты – Александрия (Ескендір) кітапханасында қызмет көрсетуге ғұламалар ғана қабілетті еді. 

Біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда Александрия кітапханасында қызмет атқарған айтулы тұлға – Клавдий Птолемей. Кітапханашы әрі ғалым аспан денелері қозғалысын зерттеген. 

Ақын әрі ғалым Каллимах б.э. дейінгі 310-240 жылдары Александрияға келіп, оқытушы болып қызмет етеді. Көп ұзамай, оған ІІ Птолемейдің назары түсіп, Александрия кітапханасында жоғары дәрежелі орынға тағайындалады. Осы шаңырақта Каллимах 20 жылдан аса еңбек етіп, кітапхананың арқасында тарих, грамматика салалары бойынша 800-ден аса ғылыми еңбегі жарық көрді. Сөйтіп, поэзиядағы «александриялық» бағыттың негізін қалады. Автордың алғашқы каталогы 120 томнан тұрады. Бұл тұңғыш библиографиялық еңбектердің бірі болғандықтан, Каллимах библиографияның атасы атанды. 

Эратосфен – б.э. дейінгі III ғасырда эллинистикалық әлемдегі көрнекті ғалым әрі жазушы. Афинада 20 жылдай өмір сүріп, кейін Александрияға қоныс аударады. Каллимахтың шәкірті ретінде ғылымға бет бұрып, кітапханада 40 жылдан аса филология, хронология, математика және астрономия ғылымдарын зерттейді. 

f621005d0470b4fd42b692aa85c66f2c.jpg

Әйгілі Александрия кітапханасында жас Гипатия да әкесімен бірге жұмыс істепті. Атақ-абыройымен есімі жер шарына танылған Гипатиямен кездесіп, философия, астрономия, математика туралы ой-тұжырымдарын тыңдау үшін Рим Империясынан, Кіші Азиядан және Жерорта теңізі жағалауынан арнайы делегация сапарлатып тұрған. 

Александрия кітапханасы талқандалып, отқа оранған кездерде Гипатия өрттен аман қалған ұлы ойшылдар қолжазбаларын қайта қалпына келтіріп, кітапхананы сақтап қалды. Осылай, оның игі істері, анығында кітапқа деген адал қызметі ғалымның атын мәңгілікке кітапханашы етіп қалдырды. 

Ежелгі қытай философы Лао Цзы – аңыз адам. Оның тағдыры да кітапханамен байланысты екен. Көптеген жылдар бойы Чжоу мемлекеттік патшалық кітапханасында кітап сақтаушы болып қызмет етіпті. 

Орыс жазушысы, драматург, көрнекті мысалшы Иван Крылов та 29 жыл Императорлық кітапхананың орыс бөлімін басқарды. И. Крыловтың күшімен орыс және славян әдебиеттерінің қоры құрылып, сол қорлардың жүйелік каталогы әзірленіпті. 

Ұлы орыс математигі, профессор Николай Лобачевский Казан университетінде 12 жыл кітапханашылық қызмет атқарған. Ғалым кітапхананы жаңа кітаптармен толымдау процесстерін ұйымдастырып, кітаптардың сақталуымен қамтитын ережені енгізіпті. 

Израилдың бесінші премьер-министрі Голда Меир мектебін тастап, АҚШ-қа аттанып, кітапханашы ретінде қызмет атқарғанын бір сәт те есінен шығарған емес.

Ал АҚШ-тың 43-ші Президенті Джордж Буштың жұбайы Лора Буш та жасында кітапханашы кәсібін таңдап, тұрмыс құрғанға дейін осы салада қызмет атқарған. Лора Буш американдық әдеби шығармаларды сүйіп оқып, әр кез халық алдында «Ready to Read, Ready to Learn» деп ұрандатудан шаршаған емес. Нақ осы ұранмен Лора Буш жалпыұлттық қозғалыстың негізін қалады. 

Лора Буш – 1973 жылы кітапханалық ғылымдар магистрі дережесін алған бірегей тұлға. Бастапқы мамандығы педагог болса да, Лора Буштың есімін кітапханашылар қауымы мақтан етеді. 

Кітапхана – мемлекеттің мәртебесі 

Ежелден еліміз Отырар кітапханасымен мәшһүр болған. 

Әлемде екінші орынды иелеген Отырар кітапханасы туралы қытай саяхатшысы Лу-Цзин былай пайымдайды: «Отырардың даңқы шарапханасымен емес, мейманханасымен емес, әйгілі кітапханасымен шықты». 

Өкінішке қарай, ХІІІ ғасырдың басында жойқын шапқыншылықта Отырар қоршауға алынады. Салдарынан бағалы басылымдар, құнды кітаптар жер қойнына жасырылады. 

«Алғашқы кітапхананы шумерлерді 600 жыл билеген біздің даладан шыққан көшпенділер – Қасситтер (қассақтар) ойлап тапқан. ...Отырар кітапханасы 1000-1200 жыл шамасындай уақыт дүниежүзіндегі ең үлкен кітапхана болған... Жер астында шамамен бес жүз мыңдай кітап жатуы мүмкін», – дейді профессор-ғалым Еренғайып Омаров. 

1b4b5ead7ed7751ce83b14b154b521d5.jpg

Кітапхананың құны қаншалықты бағаланғанына төмендегі жолдар куә. 

«Қарт, тыңда! Менің де өлер шағым таяу, оны өзім сезіп жүрмін. ...Бірақ осы күні маған зор уайым маза бермей жүр, ол мына кітапхананың тағдыры. Осы кітапханада өзіңмен бірге отырып кеңесіп, талай таңды атқызған кездерімде мына асыл кітаптарды, осы ғылым байлығын қандай зор қиындықпен жинағанымды өзіңе де талай айтқанмын. Дүния жаралғаннан бергі адамзат ақылының ең қадірлі, ең жақсы, ең қымбатты туындыларын өз сарайыма жинау үшін қаншама ғұмырымды, қаншама күшімді, қайратымды жұмсадым. Тілегіме жеттім. Бірақ ой-һой, жолына жанымды қиып жинаған байлығым – кітапханам мен өлгеннен кейін тозаңға айнала ма деп қорқамын. Өйткені, бұл байлықты балаларымның сақтай алатын түрі жоқ. Егер менімен жауласатын жауымның мен өлгеннен кейін кітапханамды сақтайтынына көзім жетсе, бар байлығымды қиналмай-ақ, қарсыласпай-ақ соған берер едім», – деп әйгілі әмірші Ақсақ Темір кітапханасын қимай көп толғаныпты [Жұлдыз, №5, 1993 ж.].

Жалпы, Қазақстандағы кітапхана ісінің қалыптасу тарихына 200 жылға жуықтапты. Тұңғыш кітапхана 1831 жылы Орал қаласындағы әскери училище жанынан ашылса, 1858 жылы А. Д. Столыпинның бастамасымен көпшілік кітапханаға айналады. Бүгінде бұл шаңырақ Ж. Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ретінде қызметін жалғастыруда. 

Келесі көне кітапхананың бірі – Абай атындағы Семей облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы. 1883 жылы кітапхана оқырмандарға қызмет көрсете бастайды. Ең ескі ЖОО кітапханасы – 1932 жылы Орынбор училищесі негізінде іргесі қаланған М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің кітапханасы. 

1931 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік кітапханасы құрылып, 1991 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мәртебесіне ие болды. 

2004 жылы Қазақ мәдениетінің жылнамасы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасымен толықты. 

Сонымен қатар, Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Дамаскідегі Сұлтан Бейбарыс кесенесін реставрациялау кезінде 200 мыңға жуық қолжазба мен кітап сақталған кітапхананың табылғандығын қазақ зиялылары сүйіншіледі. 

Үстіміздегі жылғы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанынан «әл-Фараби кітапханасының» ашылуы да – бірегей бастама. Демек, кітапхана – мемлекеттің мәртебесі, кемел келешектің сенімді кепілі! 

Отандық кітапханалар тарихын екшемей, қарт тарихтың қойнауына енген жеке тұлғалар кітапханасын зерделемей, жадымызда жаңғыртпай кітапханашының келбетін елестету мүмкін емес. Өйткені, кітапхана – шын мәніндегі кітапханашының екінші үйі. 

Кітапханашы кім? 

Италия астанасы – Римде кітапханалар көп жағдайда қала маңындағы виллаларға орналастырылған. Сол кезеңдерден-ақ кітапханашының міндетіне оқырманға қызмет көрсетумен қатар, ағартушылық, ғылыми бағыттар да кірістіріліпті. 

Олай болса, кітапханашы – ғұлама ғалым, кітапханашы – философ, кітапханашы – тарихшы, кітапханашы – математик, кітапханашы – педагог, кітапханашы – ғалым, кітапханашы – жазушы, кітапханашы – елші, кітапханашы – премьер-министр, кітапханашы – президенттің жұбайы, кітапханашы – заңгер, кітапханашы – өнертанушы, кітапханашы – тәрбиеші, кітапханашы – IT маман. Бұған қарап, әмірші де, әнші де, ақын да, ағартушы да кітапханашы кәсібінің кілтін ұстағанына кәміл сенімдіміз. 

9c5adfa34fd12cb4a612d0b0ae02830e.jpg

Деректерге сүйенсек, Мысыр, Шам елдерінде кітапты кейінгі толқынға аманаттауды ойлаған хан-сұлтандарға киелі Құран мәтіндерін көшіріп жазатын шеберлер қызмет еткен. Олар әрі ғалымның, әрі кітапханашының рөлін атқарған.

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі», – деген екен әйгілі ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби. Мұнда автор тәрбие мен білім қатар жүргізілетін процесс дегенге мегзейді. 

Демек, жастарды, тіпті қоғамды тәрбиелейтін орын – кітапхана және кітапханашы. Осы бір мәртебелі мамандықтың кез келген мәліметті, кез келген ғылыми-көркем дүниелерді жинап сақтау әрі халыққа ұсыну тәрізді түпкі міндеті әлі де өзгерген емес, тек түрленіп келеді. 

Заман ағымына қарай, кітапханашыларға кітапханашы-программист, кітапханашы-технолог, мәліметтер базасының әкімгері секілді әмбебап мамандық иелері қосылды. 

Кітапханашы – оқу-ағарту жолындағы хабаршы. 

Кітапханашы – өзіндік тұлға. Өйткені кітапханасыз, кітапханашысыз адамзат баласы тұлға болып қалыптаспақ емес. Сондықтан хан да, қара да, алып ақылмандар да кітапханашының алдында тағзым етуі тиіс! 

«...Кітапханашыларды сол ешқашан жоғалмауға тиісті асыл қазынаның сақшылары деп санаймын», – деп сөз өнерінің хас шебері Әбіш Кекілбаевтың тілімен түйіндегенім ләзім. Ақиқатына келсек, кітапханашы – энциклопедист! 

Айсұлу Сейілова, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы Баспа-реставрация орталығының маманы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?