Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ғалымдар бас қосқан алқалы жиын

2264
Ғалымдар бас қосқан алқалы жиын - e-history.kz

2022 жылдың 29 шілдесінде «XX ғасырдың 20-50 жылдарындағы Қазақстандағы аштық, жаппай саяси қуғын-сүргін: тарихи зерттеудің әдістемелік мәселелері» атты ғылыми семинар өтті. Іле ауданына қарасты Жаңалық ауылында, «Саяси қуғын-сүргін» музейінде болған шараны Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Алматы облыстық өңірлік комиссиясы мен Репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қоры және музей әкімшілігі бірлесіп ұйымдастырды.  

 

Ресми жиын басталмас бұрын қонақтар музей экскурсиясына қатысып, жаңа бой көтерген «Алаш арыстары» мешітінде атылып кеткен арыстар рухына құран бағыштады әрі қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды ескерткіш кешенімен танысты.

 

Семинар халықаралық деңгейде өтті. Аштық тақырыбын арнайы зерттеп, 2020 жылы «Аштық жайлаған дала. Ашаршылық, Озбырлық және Қазақстанды орнату» монографиясын жарыққа шығарған Мэриленд Университеті-Колледжі Парк профессоры Сара Камерон (Sarah Cameron) және «Сталин дәуіріндегі КСРО қазақтарының отырықшылыққа айналуы. Ұжымдастыру және әлеуметтік өзгерістер (1928-1945) зерттеу еңбегінің авторы (2009 ж.), Париждегі Ресей, Кавказ және Орталық Еуропаны зерттеу ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері, профессор Изабель Охайон (Isabelle Ohayon) арнайы қатысты.

 

Ғылыми мәжілісте, сондай-ақ, бірқатар отандық ғалымдар мен зерттеушілер, зиялы қауым өкілдері, журналистер де болды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архиві директоры, тарих ғылымдарнының кандидаты Сәбит Шілдебай, Еуропа қазақтары қоғамының бұрынғы төрағасы Әбдірахман Четин, мұстафатанушы Әбдідәлел Бәкір, «Президент және халық» газетінің редакторы, қоғам қайраткері Марат Тоқашбаев, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері және Алаш арыстары мұраларын жинақтап жүрген «Қыр баласы» қоғамдық қорының жетекшісінің бірі Ұшқын Сәйдірахман, «Қазақ тарихы» журналының редакторы Әбділдәбек Салықбай т.б. осы тақырыпқа қызығушылық танытқан көпшілік қауым өкілдері қатысты. Жиынды «Арыс» қорының басшысы, Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі, ғалым, баспагер Ғарифолла Әнес жүргізді.

WhatsApp Image 2022-08-04 at 17.02.34 (2).jpeg
 


 

 

Алғашқы сөз семинардың құрметті қонағы Әбдірахман Четинге берілді. Бүгінде 75 жасқа келген ақсақал Қытайдағы коммунистік режимге қарсы күресіп, босқыншылыққа ұшыраған қазақтардың ұлы көші туралы баяндады. Түркияға қоныс аударған қазақтардың Гималайдан қалай асқаны, жол бойы көрген неше түрлі қысмет- қиыншылықтарын сөз етті. Алтайдан Баркөл, Баркөлден Чиңхай, Одан Тибет жетіп, Тибеттен Пәкістанға өткен, ең соңында Пәкістаннан Түркияға қоныс аударған осыбір талқыға толы тағдырлы көштің тарихын толғағанда жиналған көпшілік аса ықыласпен зейін қоя тыңдады. 7 жасында көш ішінде бала болып ерген куәгер (Әбдірахман ақсақал қазір Германияның Кельн қаласында тұрады) осы көз көрген шындығы турасында таяуда кітабы шығатынын айтып, көпшілікті қуантты.

 

Алматы облыстық «Рухани жаңғыру  орталығы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ерасыл Толымбекұлы шараның ашылуын құттықтап, семинар жұмысына сәттілік тіледі.

 

Кіріспе, құттықтаулардан кейін Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архиві директоры, тарих ғылымдарнының кандидаты Сәбит Шілдебай мырзаға сөз берілді. Қамытбекұлы Шығыс Түркістандағы қазақтардың көші туралы сөз қозғаған Әбдірахман Четин ақсақалдың айтқанына ой үстеп, Мәскеудегі әскери архивтен және басқа да қорлардан тапқан дерегі негізінде Шығыс Түркістан үкіметінің құрылу тарихын әртүрлі фактілермен өзгеше паймдады. Шығыс Түркістан үкіметінің төрағасы болған Әлихан төренің Кеңес билігі дайындаған агент, ал Шығыс Түркістан үкіметінің Советтік Ресейдің шылауында болған қолдан жасалған құрылым екенін және 1944 жылға дейінгі Шығыс Түркістан толық совет билігінің дотациясымен өмір сүргенін тұжырды. Сталинның негізгі ойы Шығыс Түркістанды да Моңғолия секілді Қытаймен екі арадағы буферлік ел реінде пайдаланбақ болғанын, алайда Қытайда коммунистік режимнің үстемдік еткеніне көзі жеткеннен кейін өзі қолмен дайындаған үкіметті, өзі тұншықтырып жойғанын пайымдады. Сондай-ақ қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесіне қатысты да өзіндік ойын ортаға салып, пікірімен бөлісті. Сөз соңында қазіргі қоғамдық-саяси жағдай ауанында ұлтшылдықты қоздыру қауіпті, жастарды Ресейге қарсы рухтандыратын пікірден алшақ ұстау қажет деген оқшау ойымен өз сөзін түйіндеді.

WhatsApp Image 2022-08-04 at 17.02.33.jpeg
 


 

 

Әбдіжәлел Бәкір, Марат Тоқашбаев ағалардың ойы тарихтағы ұлы тұлғалардың рөлін анықтап, әділ бағасын беру, мемлекетшілдік идеяны жаңғыртумен сабақтасты. Әсіресе, ІІ дүниежүзілік соғыста пленге түсіп, Түркістан легионы сапында болған, сол үшін Совет саясаты отан сатқыны деп айыптаған тұлғаларды бірін қалдырмай ақтау қажет деген тұжырымы көптің көкейінен шықты. Әбдіжәлел Бәкірұлы: «қазақ ол соғысқа өз еркімен барған жоқ, мәжбүрлі қатысты. Еркінен тыс соғысты. Сондықтан майданның қай тарапында болса да, ерік-ықтиярынан тысқары соғысқанын ескеріп, түгел ақтауға тиіспіз. Бүгінгі күннің талабы да осы», – деп қорытты сөзін.     

 

Бұдан кейін де жалғасты сөз алған ғалымдар мен мамандар саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты әртүрлі ой айтып, күнтәртібіндегі мәселелерді талқылады. Сол тұжырымдардың арасынан екі шетелдік ғалымның пікірі төмендегідей өрбіді (аударып ұсындық):

 

 

 

Сара Камерон (Sarah Cameron):

 

– Мен Совет одағы дәуірінің, онда да Орта Азия тақырыбының тарихшысымын. Өздеріңіз білетіндей, ашаршылық туралы кітап жаздым. Менің ойымша, бұл өте маңызды тақырып. Мен, ең әуелі, Қазақстанға қазақ тілін үйрену үшін келдім. Содан кейін тақырып іздедім. Кітаптар оқи бастадым. Ашаршылық жайлы кітап қолыма түсті. Мен: «мұндай да тарих болған ба», – деп қатты таң қалдым. Совет Одағы кезеңінің тарихшысы болсам да, қолыма кітап тигенге дейін бұл туралы мүлдем бейхабар екенмін. Үйіме келіп жетекшімнен сұрадым. Ол да естімегенін айтты. Совет Одағы тарихын зерттейтін өзге америкалық тарихшылар да ашаршылық туралы білмейтін болып шықты. Содан кейін бұл тақырыптың өте маңызды екенін түсініп, мұны зерттеуім керек деген шешімге келдім. Америка жұрты да ашаршылық туралы білуі тиіс деп ойладым. Зерттеу барсында ашаршылық Совет одағы тарихының маңызды бөлігі екенін танып білдім.

 

Тақырып аясында көп зерттеу жүргіздім. Мәскеуден Сеймейге дейінгі аралықтағы көптеген қалаларда, мемлекеттік және өңірлік т.б. архивтерде болдым. Қажетті, маңызды мәліметтер таптым. Бұл менің докторлық жұмысым болатын. Одан кейін кітабым жарық көрді. Америкада бұл кітапты өте жақсы қабылдады. «Wall Street Journal» аталатын Американың беделді газетінде Қазақстандағы ашаршылық туралы арнайы мақала жаздым. Кездесулер өткізіп, сұқбаттар бере бастадым.

 

Ашаршылық десе Америка жұртшылығы тек Украинадағы ашаршылық туралы ғана біледі. Себебі Украина диаспорасы Америкада өте белсенді, қарқынды жұмыс атқарады. Олардың Америкада Украина тарихын үйрететін бірнеше орталықтары бар. Қазақстанның тарихын үйрететін ешқандай орталық жоқ. Мен Америкада сондай орталық болғанын қалар едім. Кітабымның қазақша, орысша аударылғанына қуаныштымын.

 

 

 

Изабель Охайон (Isabelle Ohayon):

 

- Мен 30-шы жылдармен айналысқалы біраз уақыт болды. 20 жылдан артық уақыт зерттеп келемін. 2003 жылы диссертация қорғадым. 90-шы жылдардың соңы мен 2000-шы жылдардың басында Алматыда архивте зерттеу жүргіздім. Ол кезде бұл тақырып әлі зерттелмеген және архив мәліметтеріне де қол жеткізу қазіргідей оңай емес-тін. Орталық мемлекеттік архивте жұмыс істегенде қазақстандық тарихшы әріптестерім көмек көрсетті. Әсіресе, тарих институтының қызметкері Алдажұманов қолда бар мәліметтерін беріп, қолдау танытты.

 

Зерттеуші ретінде мені сол кездегі үдеріс қызықтырды. Ең әуелі, 20-жылдардың соңындағы байлардың тәркіленуі туралы жаздым. Одан кейін ашаршылықтың қалай басталғаны, 1,5 млн адамның аштықтан қырылғаны, соңынан босқыншылыққа ұшырап, көрші елдерге ауғаны, иммиграция туралы қалам тербедім».

 

Жиын барысында шетелдік ғалымдар адресатына тақырыптың зерттелуі, зерттеу әдістемесі мен методикасы, шетелдік тәжірибе тағы басқа да өзекті мәселелерге қатысты көптеген сұрақтар қойылды. Сондай сұрақтың бірі көшпелі халықты күштеп отырықшылыққа айналдыру мәселесіне Изабель Охайон ханым төмендегідей жауап қайтарды.

 

 

 

Изабель Охайон (Isabelle Ohayon):

 

- Бұл тақырыпта жазылған барлық еңбектерді оқимын. Соңғы кезде көптеген матриалдар жарық көріп жатыр. Өз басым әлемдік өркениеттердің арасында иерархия жоқ деп санаймын. Қазақтардың көшпенді өркениеті күрделі, бай және басқалардан ерекше.

 

Көшпенді халықтардың көшу тарихы мен үдерісінде өзара қандай ұқсастықтарды кездестіре аламыз дегенге келсек, мен өмір салты маңызды деп айтар едім. Бұған қазіргі уақыттағы Қытайдың Тибет-Чиңхай мысалын айтуға болады. Қытайдың Чиңхай-Тибет өлкесі негізінен алғанда тибет ұлты өмір сүретін мекен. 20-30 жылдардағы қазақтар дөп келген күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландырылу саясатына осы таяу жылдары тибеттер ұшырады. Олар да мәжбүрлеп отырықшыландырудың қорқынышты тәжірибесін бастан өткерді. Бұл үдеріс, ең әуелі, 80-90 жылдарда басталып, олар біртіндеп меншікке көшу түрінде жайылымдарынан айырылды. Балаларын Қытай мектептеріне беруге мәжбүр болды. Одан кейін оларға жер телімі мен үй берілді. Артынша мал өсіруге тыйым салынды. Қорыта айтқанда, Қытай тибеттіктерінің көшпелі өркениеті енді жоқ деп айтуға болады».

 

Жарты күнге жалғасқан семинардың негізгі баяндамаларынан кейін ғалымдар өзара сұрақ-жауаптасып, еркін форматта тақырыпты ішкерлей талқылады. Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін тарихнамасының зерттелуі, үкіметке тиісті ұсыныстар әзірлеу үшін осы уақытқа дейінгі құпия болып келген немесе әлі беймәлім, ұмыт қалған, ғылыми айналымға енбеген деректерді, фактілерді табу, жинау, жариялау жолдары сөз болды. Репрессияның түрлері мен механизмдерін анықтау, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісіндегі қазіргі кезеңдегі мұрағат саясаты және қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтаудың халықаралық тәжірибесі мейлінше қаузалып, тиісті пікір-пайымдар ортаға салынды.

 

 

 

«Жаңалықтағы» қаралы тарих

 

Әдетте Алматы, Астана қалаларының бірінде ұйымдастырылуы тиіс мұндай халықаралық басқосудың «Жаңалықта» өтуінің өзіндік себебі де жоқ емес. ХХ ғасыр 30-шы жылдарының ішінде қызыл террордың қатігез саясатының құрбаны болып, жазықсыз атылып кеткен адамдарды жендеттер осында әкеліп көмген екен. Көмген дейтін себебіміз атылғандарды ешқандай жерлеу рәсімінсіз, қазылған орға тастай көме салған. Олардың саны қазіргі таңда 4 мыңнан асатыны анықталып отыр.

 

Алматы іргесінен қырық шақырым жердегі ауылда жазықсыз жандардың көмілгені алғашқыда ауыл тұрғындарға белгілі болмаған. Кейіннен жер телімдері үй салуға жеке меншікке беріліп, тұрғындар үй құрылысын жүргізген кезде, ауласында көкөніс еккен мерзімде топырақ астынан сүйектер шыққан. Музей экспонаттарының ішінде осы «қорымнан» табылған әртүрлі заттар, айталық, көзілдірік әйнегінің сынықтары, атылған оқтың қалдығы, былғары етік қиығы т.б. қаралы тарихтың сырын паш етеді.

 

«Үштіктің» үкімімен атылған адамдарды әкеліп көметін бұл орынды «қорым» ретінде қоршап, тиісті белгі орнату, музей салу шаралары ертеден қолға алынған. Әсіресе, істің атқарылуында «Әділет» қоғамының еңбегі орасан. Бейбіт Қойшыбай, Хангелді Әбжан, Ғарифолла Әнес секілді қоғам жетекшілерінің ерік-жігерінің арқасында Жаңалық ауылында мемориалды ескерткіш кешені орнатылып, репрессия құрбандарына арналған жалпы аумағы 535 шаршы метрді құрайтын музей ашылды. Игі іске бұрынғы Алматы облысы әкімшілігі қаржылай қолдау танытып, бюджеттен қаржы қарастырды. 1988 жылдан басталған саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, олардың мұраларын жинақтау жұмыстары бүгінге дейін әлі де жалғасып келеді. Жаңалықта өткен бұл семинар алда да атқарылар әлі көптеген шаруалар бар екенін түйсіндірді.

Суреттер: автордан

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?