Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ататүрік пен Ленин: империализмге қарсы ынтымақтастық немесе ұлтшылдық пен тапшылдықты тоғыстырған мүдделер

2216
Ататүрік пен Ленин: империализмге қарсы ынтымақтастық немесе ұлтшылдық пен тапшылдықты тоғыстырған мүдделер - e-history.kz

Кеңестік Ресей мен Түркия достығы

Түріктердің ұлт-азаттық күресіне қол ұшын созған, достық жәрдемін ұсынған елдің бірі кеңестік Ресей екені тарихтан мәлім. Мұстафа Кемал паша түрік елін бастап, Еуропа жиһангерлеріне қарсы қиян-кескі күрес жүргізгенде 1920-1922 жылдары Ленин көсемдік еткен большевиктік билік қаржылай да, материалдық та көмек көрсетті. Миллиондаған алтын рубль, азық-түлік пен оқ-дәріні айтпағанда, партия серкелерінің бірі, ең қабілетті әскери қолбасшы Михаил Фрунзе де грек-түрік шайқасында Түркияға жақтас болып, майданға келді. Орыс-түрік достығы Лениннен кейінгі Сталин дәуірінде де жалғасын тауып, Ататүрік өмірден озғанға дейін ұласты.

Осыбір сындарлы заманның куәсі, ғасыр бұрынғы тарихтың бір белгісіндей болып бүгінде ескерткіш сөйлеп тұр. 1928 жылы Стамбұл шаһарының Таксим ауданында орнатылған «Республика серті» ескерткіші Түркия мен кеңестік Ресей достығының рәуіші іспетті. Көп қас бетті өнер туындысы Түркияның ұлт-азаттық күресі мен республика құрметіне арналған. Кешеннің бір қабырғасында сарбаздар алдында Мұстафа Кемал Ататүрік тұр. Ал оның артында, көпшілік арасында Михаил Фрунзе мен Климент Ворошилов және Семён Араловтың мүсіндерін көресіз.

Турасын айтқанда, 1920 жылдардың басы Ресейдің ішкі азаматтық соғысы әлі аяқталмаған, шайқас өрті сөнбеген шақ еді. Бір тарапта Польшамен ұрысқа түссе, өз ішінде Врангель бас көтеріп, билік үшін жанталасып жатқан. Осындай өзі де соғыстан зардап шегіп, азық-түліктен тарығып тұрғанда Лениннің Түркияға алабөтен жанашырлық танытуының себебі не? Шынында, бұл әлемдік пролетариатты бірігуге үндеген Ленин бастаған большевиктердің езілген түрік жұртына қамқорлықтан туған риясыз пейілі ме? Әлде бәске тігілген мүдделер саудасы ма? Бұл айтулы көмегінде большевиктік билік нені көздеді? Бодауына қандай қарымжы тіледі? Қос ел арасындағы достықтың Орта Азия мүддесіне берері мен алары қайсы? Осыбір сүрдек тарихтан Ататүрік-Ленин қарым-қатынасының сырына үңіліп, сұрақтарға жауап іздеген едік...


Әлем картасындағы империялар айқасы

4 жылға ұласқан Бірінші дүниежүзілік соғыс 1918 жылы тыншыды. Дүниежүзін тұтас шарпыған осы төрт жылдық шайқас әлем картасында аса ірі өзгерістер тудырып, дес бермеген державалардың шаңырағы шайқалды. Ленин басшылығындағы кеңес билігі титықтаған Ресейдің басын арашалау үшін наурызда Брест-Литовск келісіміне қол қойып, бітім жасасса, осы жылдың қазанында Османлы сұлтаны VI Мехмед Мудрос шартына қол қойды. Бұл келісім нәтижесінде Османлы өз үстемдігінен біржола айырылып, едәуір территориясын жоғалтты. Капитуляция нәтижесі іс жүзінде Османлы империясының жойылғанын көрсетті. Территориясының төрттен үш бөлігінен, атап айтқанда Араб және Балқан өлкелерінен түбегейлі айырылды. Оны да місе тұтпаған одақтастар бұғаздар мен Анадолы бөлігіне, Стамбұлға көз тікті.

Мудрос шартынан іле кейін-ақ, 1918 жылдың қарашасында ағылшын және француз әскерлері Стамбұлды басып алды. Келесі жылдың мамырында Англияны ықтаған грек қосындары Кіші Азия түбегіне басып кірді. Аз уақыт ішінде грек отряды түрік жерінің көп бөлігіне бақылау орнатты. Сұлтандарының дәрменсіздігінен түрік жауынгерлерінің рухы басылып, жігері жасыды. Тіпті, басқыншыларға қарсы ешқандай да тосқауыл қоя алмады. Жауды тойтарып, ел іргесінің бүтіндігін күйттей алмаған VI Мехмед Сұлтанның бұл кезде миын торлаған жалғыз-ақ ойы бар еді. Ол аш қасқырдай анталаған жауларынан өзін билікте қалдыруды өтініп, қайта-қайта хат жазып жатты. Қарымжысына қалағанын, өтеуіне өтінгенін, бодауына барын беретінін әшкере білдірді. Елдің барлық аумағын басып алу, толық қарусыздану, қаржы-экономикалық бақылауды қоса алғанда, кез келген шарттарды алдын ала қабылдады. Осының салдарынан Османлы патшалығы ауыр да аянышты, тіпті, масқара деуге келерлік Севр шартына қол қоюға да көнді. 1920 жылғы Севр бітіміне сәйкес шығыс Фракияның бір бөлігі, Измир аймағы және өзге де кейбір аумақтар Грекияның, ал шығыс бөлігі Арменияның құрамына енді. Қалған бөліктерін де Италия, Британия, Франция пышақ үстінен бөлісіп алды.

   

Мұстафа Кемал: заман толғатқан тұлға

Міне, осындай торығу мен үмітсіздік түрік халқын торлаған тұста, 1919 жылдың мамыр айынан бастап, Шығыс Анадолыда Мұстафа Кемал паша жетекшілігіндегі ұлт-азаттық қозғалыс өрістеді. Мұстафа Кемал 1920 жылғы сәуірде Анкарада Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісін шақырып, Мәжіліс 23 сәуірде өзін елдегі жоғарғы билік деп жариялады. Ал Анкара жаңа мемлекеттің астанасы болып белгіленді. Бұл жаңа билік түрік жерінің талан-тараж бен бөлшектенуіне қарсы әрекет етті. Ұлы Ұлттық мәжіліс Севр шарты түріктердің мүддесі мен егемендігіне нұқсан келтіреді деп айыптап, оны мойындамайтындықтарын білдірді. Айтқанға көніп, айдағанға жүруге көнген, бұғалыққа басын беріп, ноқталанған ресми Османлы билігі бұған қарымта ретінде Мұстафа Кемал пашаны көтерілісші деп жар салды. Алайда оның көтерілісін басуға Сұлтанның әлі жетпеді. Стамбұлды басқарған ағылшындар мен француздар жазалау операциясын грек әскерлеріне жүктеді.

Осындай жан-жақтағы анталаған жау, күрделі де ауыр саяси ахуал Мұстафа Кемалды одақтас іздеуге, сырттан көмек сұратуға итермеледі. Ұлт-азаттық күреске сырттан көмек қажет екені алғаш рет 1919 жылдың шілде соңы мен тамыз басында өткен Эрзурум конгресінде де айтылған болатын. Түркия ұлтшылдары үшін ол кезде сырттан көмек сұрауға болатын ыңғайлы екі-ақ мемлекет бар-ды: бірі Америка Құрама Штаттары, екіншісі кеңестік Ресей болатын. Әртүрлі саяси жағдайларды сараптай келе, Мұстафа бастаған күрескерлердің таңдауы большевиктерге түсті. 1920 жылдың 26 сәуірінде, яғни Ұлы ұлттық мәжіліс өздерін билік иесіміз деп жариялауынан 3 күн кейін Кемал Ленинге хат жазып, ресми түрде бір-бірінің билігін мойындауды сұрады әрі большевиктер үкіметінен көмек өтінді.

   

Дипломатияға жол ашқан алғашқы хат

1920 жылдың 26 сәуіріндегі бұл хат жаңа Түркия мен Кеңестік Ресей арасындағы алғашқы дипломатиялық қарым-қатынастың басы еді. Тұңғыш хатта түрік көсемі империалистік елдерге қарсы майдан ашып, олардың үстемдігі мен озбырлығына қарсы езілген халықты азат етуді көздеген большевиктік Ресеймен ортақ ниетте екенін білдірді.

Хат мазмұны Лениннің де көкейіне қонды. Іздегенге сұраған болатын себебі кеңестік Ресейдің өзі капиталистік елдердің көз алартуына ұшырап, халықаралық қауымдастықта оқшауланған хәлде еді. Ленин де түрік ұлтшылдық қозғалысына үмітпен қарап, Мұстафа Кемалдың батыс империализміне қарсы төңкерістік күресін жоғары бағалады әрі жаңа Түркияны мойындайтынын жария етті. Сондықтан Түркияның қажеті үшін қаржы және соғыс техникалары мен оқ-дәрі, әскери санитарлық бұйымдар сұратқан Мұстафа өтінішін орындауға құлық танытты. Империалистік күштерді аластап қуып шығу үшін бірлескен операциялар жүргізуге тілек білдірген емеурініне де оң қабақ байқатты. Әрине, Ленинді бастаған большевиктерді түрік халқының ұлт-азаттық соғысын пролетарлық төңкеріске ұластыру идеясы қызықтырған еді.

Мұстафа Кемал және оның маңайына топтасқан ұлтшылдардың Мәскеуге жолдаған хатына бір айдан кейін, нақты айтқанда, 2 маусым күні ресми жауап келді (Түркия мен Кеңестер Одағының ресми дипломатиялық қарым-қатынас дәл осы 2 маусымнан басталады). РКФСР Сыртқы істер халық комиссары Г.В.Чичерин Мұстафа Кемалға кеңестік Ресейдің Түркияның тәуелсіздігін мойындағаны туралы хат жолдап, дипломатиялық және консулдық қатынастарды тез арада орнату туралы ұсыныс жасады. Хатта кеңес үкіметінің өкілін Түркияға жіберу туралы да хабарланған. Көп ұзамай Кемал үкіметінің сыртқы істер министрі Бекир Сами бей бастаған түрік делегациясы көмек туралы алдын-ала жасалған келісім бойынша келіссөздер жүргізу үшін Мәскеуге аттанды. Сыртқы істер министрінің орынбасары Бекир Сами Бей Мәскеуге жеті тармақтан тұратын меморандум ала барды.

1920 жылдың 4 қазанында Анкараға Ресей дипломатиялық миссиясы келді. Шалва Элиава РСФСР Үкіметінің Анкарадағы өкілетті елшісі болып тағайындалғанымен, ол Анкараға келе алмағандықтан оның міндетін елшілік кеңесшісі Я.Я. Упмал-Ангарский атқарды. 7 қараша күні Анкарада Түркия Республикасын мойындаған жалғыз шетелдік дипломатиялық өкілдік – Кеңес елшілігінің ашылу салтанаты өтті.

Дипломатиялық қатынастың жалғасы ретінде 1921 жылғы 16 наурызда Түркия үкіметі большевиктік Ресеймен достық және бауырластық туралы келісімге қол қойды. Бұл «Мәскеу шарты» деп аталды. 20 шілдеде шартты Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті, ал 31 шілдеде Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі бекітті. 22 қыркүйекте Карста ратификациялық грамоталармен алмасу жүргізілді.


«Мәскеу шартының» шарапаты

Түркия ие болған аса ірі қаржылық және материалдық көмектің негізін 1921 жылы 16 наурызда Ресей тарапынан Чичерин қол қойған «Мәскеу шартының» шарапатынан іздеу керек. «Мәскеу шарты» сонымен бірге екі ел арасындағы болашақта тұтанып кетуі мүмкін аумақтық, территориялық даулардың да қоламтасын сөндірді. Түркияның Ресеймен сол кезде белгіленген солтүстік-шығыс шекарасы күні бүгінге дейін өзгеріссіз қалды.

Түрік ұлтшылдарына көмек көрсете отырып, Ленин ұзақ геосаяси көкжиекке көз тікті. Тарихи тұрғыдан Ресейдің жанашырлары православиелік Афина жағында болса да Ленин дағдылы жүйені бұзып, саяси ойын тақтасындағы жүрісті өзгертті.

Кеңестік Ресей Түркияға алғашқы лектегі әскери көмегін 1920 жылдың қыркүйегінде жөнелтті. Осы жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында Ресейдің Туапсе портынан 3387 мылтық, Кастура арқылы 3624 сандық оқ-дәрі Трабзонға жол тартты. Соғыс техникасы мен қару-жарақ және оқ-дәрілер Туапсе-Тбилиси арқылы жасырын жіберіліп тұрды.

Ал ақшалай көмекке келсек, алғашқы берілетін 5 миллион алтын рубльдің 1 миллионы Германиядан әкелінген әскери заттармен есептеліп, оны Сефир паша мен оның әскери атташесі Сафет бей Түркияға жеткізді. Ал қалған 4 000 000 алтын рубль екінші делегация құрамындағы Юсуф Кемал беймен бірге келді.

 

«Көзім Сакарияда, Думлупынарда, ал құлағым Инеболуда»

От пен оқтың ортасында империалистермен аяусыз арпалысып, беріспей шайқасқан Мұстафа Кемалға қару-жарақ, оқ-дәрі әркез тапшылық тудырды. Әскери көмектің Түркия үшін маңыздылығын Мұстафа Кемалдың «Көзім Сакарияда, Думлупынарда, ал құлағым Инеболуда» деген сөздерінен де аңғаруға болар еді. Дегенмен шетін мәселеде ол Кеңес Одағының тілін таба білді.

Ататүрік «көз тіккен» Инеболу – түрік ұлт-азаттық күресінде стратегиялық рөл атқарған қала. Қаратеңіздің Кастамону ауданында орналасқан бұл порт ұлт күресіне жан-жақтан келіп қосылатын жасақтарды Анадолымен жалғайтын жол еді. КСРО соғыс техникасы да Анадолыға Инеболу пирстері арқылы енді. Осыны сезіп қойған гректер 1921 жылы 9 маусымда екі соғыс кемесін Инеболу портына жіберді. Екі сағаттың ішінде оқ-дәрі мен қару-жарақты тапсыруды бұйырып, ультиматум қойды. Берілмеген қала халқы талапты орындаудан үзілді-кесілді бас тартты. Осылайша қала халқы бомбалауға ұшырайтынын білсе де, жанқиярлықпен оқ-дәріні Икичай Мевкии секілді ішкері қауіпсіз жерге сақтап, өздері ерлікпен қаза тапты. Инеболуға әкелінген 300 000 тонна қару-жарақ пен оқ-дәрілерлер одан әрі өгіз арбаларға тиеліп, Анадолыға жеткізілді.

Екі ел арасындағы бауырластық, достық келісіміне сай 1920-1922 жылдары Новороссийск, Туапсе, Батуми арқылы Кеңестік Ресей Кемал фракциясына 10 миллион қолма-қол ақша, 39 000 мылтық, 327 пулемет, 147 000 снаряд және патрондар жасауға арналған машина мен шикізат жіберіпті. Бұлардан тыс, түрік әскерлерінің қолына «Живой» және «Жуткий» атты екі жойғыш эскадрен миноносец тапсырылып, Ресейлік мамандардың көмегімен Түркияда екі мылтық зауыты салынды. Түрік кемелері Қара теңіз-Азов флотының командалық құрамымен толығып, Әзірбайжан арқылы мұнай, бензин, керосин Түркияға келіп тұрды.

 

Арнайы миссия арқалаған Аралов

Мұстафа Кемал пашаның Ленинге жазған хатынан басталған дипломатиялық байланыс ұлт-азаттық соғысында Кеңес Одағының Түркияны қолдауымен тереңдеп, жандана түсті.

Түркиямен қарым-қатынасты тіпті де нығайта түсу үшін Ленин Түркияға төтенше елші жіберу туралы шешім қабылдады. Шалва Элиавадан кейін бұл таңдау РКФСР Сыртқы істер халық комиссариаты операциялық бөлімінің басшысы қызметін атқарған, Литвадағы өкілетті елші С.И. Араловқа түсті. Аттанар алдында Араловты қабылдаған Ленин: «Әрине, Мұстафа Кемал паша социалист емес. Бірақ жақсы ұйымдастырушы, қабілетті басшы әрі ұлттық төңкеріске жетекшілік еткен прогрессивті, парасатты мемлекет қайраткері екені анық. Ол біздің социалистік төңкерісіміздің маңыздылығын түсінді және кеңестік Ресейге оң көзқараспен қарайды. Ол басқыншыларға қарсы азаттық күресін жалғастыруда. Бұл күресінде империалисттерді масқара етіп жеңіп, сұлтанды қолбасшыларымен қоса жояды деп сенемін. Жұрт оған сеніп, соңынан ерді. Біз оған, яғни түрік төңкерісшілдеріне көмектесуіміз керек. Бұл сенің жұмысың. Түрік үкіметін, түрік халқын құрметтеңіз. Олардың істеріне бей-берекет араласпаңыз. Біз өте кедей болсақ та, Түркияға экономикалық жағынан көмектесе аламыз», – деген мәндегі арнау сөзін айтып, тиісті тапсырмаларын жүктеді. Осылайша Кеңес елшісі Семён Иванович Аралов Лениннің төтенше тапсырмасымен 1922 жылы 28 қаңтарда Анкараға келіп, 30 қаңтарда Мұстафа Кемал пашаға сенім грамотасын тапсырды.

   

Фрунзе Түрік қосынында

Кеңес Одағының Түркия көмегіне анық жол ашылуы 1921 жылдың ортасынан кейінгі мерзімге сәйкес келеді. Өйткені Ресейдегі азаматтық соғыстың басым бөлігі аяқталып, Ресейден Түркияға көпір қызметін атқарған Кавказдағы үш республикада Кеңес өкіметі түпкілікті орнаған болатын.

1921 жылы 4 қарашада Қызыл Армияның әйгілі қолбасшысы, Украин КСР (Украин КСР) Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Михаил Васильевич Фрунзе бастаған әскери адамдар Харьковтан (Украина КСР-нің сол кездегі астанасы) арнайы пойызбен Ростов, Тифлис, Баку арқылы Батумиге жол тартты. 1921 жылы 25 қарашада Михаил Фрунзе италиялық «Саннаго» кемесімен «көпес Михайлов» атын жамылып, Батумиден Трабзонға бет алды. 13 желтоқсанда Анкараға аман-есен жетті.

Фрунзені Түркия астанасында үлкен құрметпен қабылдады. Қызыл Армия қолбасшысы Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінде сөз сөйледі. Әскери даңқы әлдеқашан Қара теңіз асып кеткен қолбасшыны депутаттар шулап қарсы алды. Келесі күні газеттер ол туралы жарыса жазып жатты. Мұстафа Кемалдың өзі: «Кеңес үкіметінің көрнекті саяси қайраткерлерінің бірі, сонымен бірге жеңіске жеткен Қызыл Армияның ең ержүрек қолбасшыларының бірі, қаһарман басшыларының бірі Фрунзені Анкараға жіберуінің өзі ерекше ризашылық сезімді оятты», – деп Ұлы мәжіліс алдында сөз сөйледі.

Түркия мен РСФСР арасындағы достық келісім (1921 ж. наурыздағы бекітілген «Мәскеу шарты») негізінде 25 желтоқсанда Анкарада Украина КСР мен Түркия арасындағы келісімді дайындау туралы келіссөздер басталды. Оның алдында Түркия мен Закавказье Федерациясы арасындағы келісім (1921 ж. Қазан. Федерация құрамына сол кезде Грузия, Армян және Әзірбайжан Кеңестік Социалистік Республикалары кірді) әзірленген болатын. Сөйтіп 1922 жылы 2 қаңтарда Түркия мен Украина АКСР арасында «Достық пен бауырластық туралы» шарт жасалды.

Көмек көрсетуде Фрунзе де, Аралов елеулі рөл атқарды. Кеңес генералы Фрунзе балалар үйін құру үшін Трабзон әкімшілігіне 100 000 рубль берсе, Аралов лагерь баспаханалары мен кино қондырғыларын сатып алу үшін әскерилерге 20 000 рубль берді. Қаржылық көмек 1922 жылы да жалғасты. 1922 жылғы мамырда Кеңес өкіметінің жіберген кезекті қаражаты – 3,5 миллион алтын рубль түріктер қолына тиді.

Ресей қару-жарақ, ақша беріп қана қоймай, Мұстафа Кемал бастаған «бүлікшілердің» көзін жою міндетін алған гректерге қарсы диверсиялық маневрде Кеңес әскерилері де қатысты. Фрунзеге майдан шебінде, белсенді отрядтарда болу мүмкіндігі берілді. Кемал әскерлерінің Армения Демократиялық Республикасы мен Грекияға қарсы шайқасында кеңестік Ресейдің әскери көмегі маңызды рөл атқарды. Кеңестік ықпалдан шығып, тәуелсіз Армения Демократиялық Республикасын құруға ұмтылыс Ресей мен Түркия мүддесінің тоғысқан нүктесі еді. Михаил Фрунзенің басшылығымен кеңестік әскерлер гректерге қарсы жеңісті шабуылға қатысып, жауынгерлік тәжірибесі мол Аралов Ататүрік офицерлерімен партизандық соғыс туралы ой бөлісті. Болашақ Кеңес маршалы Ворошилов та сол кезде Кемалдың әскери кеңесшісі қызметін атқарды.

1922 жылы қаңтардың аяғында Харьковке оралған Михаил Фрунзе былай деді: «Мен Украина КСР армиясы туралы қаншалықты білсем, түрік әскері жайында да соншалық хабардар екенімді айтқым келеді». Осы фактіден Түркия үкіметінің Кеңестік Украина өкілдеріне қандай сеніммен қарағаны туралы аңдауға болады.

 

Севр шартынан Лозанна келісіміне дейін

1922 жыл 26 тамызда түрік әскерлері қарсы шабуылға шығып, екі апта бойы басып алған аумақ азат етілді. 1922 жылы 9 қыркүйекте түрiктер шешуші шайқаста Измир түбiнде гректердi жеңiп, Анадолыны толық Азат еттi. Ай өткеннен кейін, қазанда бітімге қол қойылды.

Мұстафа Кемал өз елінің шынайы жағдайын, келешек беталысын жақсы түсінді. Сондықтан бұрынғы Османлы дәуіріндегі ұлан байтақ территорияны қайта қалпына келтіремін деген астамшыл ойдан бойын аулақ ұстады. Дәл меже, дер сәтінде соғысты әрі қарай жалғастырудан бас тартты. Өз есебінде түріктің ұлттық территориялық аумағымен шектелу жеткілікті деп есептеді. 1923 жылғы Лозанна бітім шартына сейкес Шығыс Фракия мен Түрік Армениясы Түркияның құрамына қосылды. Балқан елінде өмір сүретін түріктер Анадолыға көшірілді. Гректер иелігіне өтіп кеткен Имброс (Гөкчеада) және Тенедос (Бозжаада) аралдары Түркияға қайтарылды.

Майдан жеңісі Түркияны саяси ырықтылыққа жетелеп, жауларының Ататүрікті түбегейлі мойындауына әкелді. 1922 жылғы 1 қарашада VI Мехмед сұлтандығын таратқан Ұлы Ұлттық Мәжіліс 1923 жылы 29 қазанда Мұстафа Кемалды Түрік Республикасының тұңғыш президенті етіп сайлады.

Грекияға қарсы соғыста шешуші жеңіске жеткеннен кейін Ататүрік одақтастарды Севр шартының күшін жоюға көндірді. Оның орнына жаңа түрік үкіметі одақтастармен Лозанна бітіміне қол қойды.

Қауіп сейіліп, ел ісі орнықты ретке түскен соң, Мұстафа Кемал ризашылық білдіріп, Ленинге кезекті хатын жазды. Онда түрік көсемі былай деп тіл қатты: «түріктер мен орыстар арасында ғасырлар бойына жалғасқан қанды соғыстың шуға толы тарихына қарамастан, біздің осылай тез татуласуымыз таң қалдырады. Түркия Батыс Еуропаға қарағанда Ресейге, әсіресе соңғы айларда, Ресейге әлдеқайда жақын... Түркия Кеңестік Ресейге қатысты алған бағытынан айнымайды. Бұған қатысты айтылған барлық қауесет негізсіз. Кеңестік Ресейге қарсы бағытталған одаққа шақыратын тікелей немесе жанама түрдегі келсімдерге біз ешқашан қол қоймаймыз деп сендіремін».

   

Түрік-Ресей «достығының» құрбаны

ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде жарқырап шығып, есімі ел аузына ерте ілінген даңқты қолбасшылардың бірі Әнуар паша еді. 1922 жылдың 4 тамызы, қырық бір жасында Шығыс Бұхараның Белчиван қаласында шейіт болған бұл түрік генералының тағдыры ерлік пен құрбандыққа толы.

Әнуар паша кім? Ол – 1913 жылы Балқан соғысында төрт күндік жолды бір күнде басып өтіп, 1453 жылға дейін Османлылардың астанасы болған Едирнені жау басқыншылығынан аман алып қалған бірегей қолбасшы. 1914 жылдың басынан Әнуар паша деп атала бастаған жаужүрек ер Талат және Жамал пашалармен бірге саясат сахнасынан көрінді. Бірінші дүниежүзілік соғыста түрік армиясының бас қолбасшысы болды.

Ол түрік азаттық қозғалысының көсемі болған Мұстафа Кемалмен түйдей құрдас-тын. Екі серке әскери шайқастарға да бір мезгілдерде қатысып, 1912-1918 жылдар аралығындағы барлық соғыстарды ортақ өткерді. Тек тағдыр олардың кейінгі жолын екі айырды.

Әнуар паша 1920 жылдың көктемінде Мәскеуге келді. Түркиядағы тұтас өмірі Еуропа империализміне қарсы күреспен өткен оны Мәскеу үкіметі жылы қарсы алды. Кейбір деректерде пашаны Лениннің өзі қабылдап, Ресей мұсылмандарын Батыс империализміне қарсы күреске үгіттеуді және бұл күресте большевиктермен бірге әрекет етуді өтінген.

Мүневер Каридің естеліктеріне сүйенсек, 1920 жылғы қыркүйектің бірінші аптасында Әнуар паша Бакуде өткен Шығыс халықтарының сиезіне қатысқан. Сиез төрағасы Р.Е.Зиновевпен бірге келген қонақты мәжіліске қатысушылар аса құрметпен қарсы алады. Алайда, «достық» ұранын көтеріп жүрген большевиктер Әнуар пашаға сөз беруді мақұл көрмеді.

Зиновев Бакуде шығыс мұсылмандарының басын қосып, әлемде әділдік орнатуды дәріптеп жатқан кезде М.В.Фрунзе Бұхараны қанды қырғын арқылы бағындырды. Большевиктердің тәтті сөзіне елітіп, шын кеспірін аңдамаған Әнуар паша 1920 жылы 29 тамыз бен 2 қыркүйегі аралығында Бұхараның үш күн бойы оқтың астында қалғанынан бейхабар еді. Ол әлі де мұсылмандардың ең үлкен дұшпаны ағылшындар деп ойлап, Кеңестік Ресей үкіметінің мұсылмандарды қорғайтынына сенді. Берлиндегі әйелі Нажие Сұлтанға үмітпен хаттар жазды.

Әнуар пашаның шындықты тануы, большевиктердің нағыз кейіп-кеспірін көруі он үш айдан кейінгі Бұхараға келгенінен басталады. Ол Бұхараға Сами мен оның көмекшісі Мұхиддин беймен бірге Баку-Ашхабад жолымен келді. Мұнда келешек күресіне ықпал еткен «Түркістан ұлттық одағының» басшысы Зәки Уәлидимен кездесті. 2 қазанда өткен бұл кездесуде Әнуар паша Түркістанның қазіргі жағдайы туралы нағыз шындыққа көзі жеткен еді. Паша Бұхараны тастап, Шығыс Бұхараға бет алды. Ферғана маңына жақындап, сонда түркістандықтарды орыстарға қарсы басмашылық қозғалысын ұйымдастыруды ойлады. Әнуар паша туралы «Яш Түркістан» журналында да жазылған. «Әнуар пашаның шейіт болуы» атты материалда орыс үстемдігіне қарсы ұлт-азаттық күресін паша 1921 жылы 10 желтоқсанда бастады деп көрсетеді.

Күрес ашыққа шыққаннан кейін кеңес үкіметі де жасырған жымысқы саясатын ашыққа шығарды. Бір кездері «дос», «бауырлас» Әнуар паша енді «ағылшын империалисттерінің агенті», «шығыс халықтарының ең үлкен жауы» болып шыға келді. «Правда» газетінде әшкерелеген, сыбаған мақалалар жарияланып, Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысына қарсы «қызыл империализмнің» күресі жаңа бағытқа түсті.

1922 жылдың тамыз айында тағдыр Әнуар пашаны Белчиванға әкелді. 4 тамыз, жұма күні әрі Құрбан айт болатын. Сағат сегіздер шамасында қарауылдар батыстағы 300-дей орыс әскері келе жатқанын хабарлады. Әнуар паша сарбаздарды күтпестен 25 адаммен жауға аттанды. Екі жақ төбеде кездесті. Шағын жасақпен қарсы шыққан олар жау әскерлерінің біразын талқандап, төбеге шықты. Жау қаруын тастап, қашып кетті. Әнуар паша сенімді бес сарбазымен алға шықты. Бұлар черкес Хусейн, Керім, қазақ Ешмұрат, ауған Сайыс және кейін пашаға қосылған казак Раев болатын. Олар алға озғанда штабтағы жауынгерлер де келіп жеткен. Жауды тықсырып қуғанымен, пашаға бір оқ келіп тиеді. Ажалына жазылған оқ пашаның дәл жүрегінен дарып еді. Даңқты қолбасшы Түркістанды азат ету арманына жете алмады.

Ататүріктің даңқы қандай зор болса, Әнуар пашаның да ерлігі мен атағы бір мысқал кем емес-тін. Тұтас Түркістан идеясының туын ұстаған Ахмет Зеки Велиди Тоған оны «Түркия түрік тарихының соңғы кезеңіндегі ең ұлы тұлғалардың бірі» деп бағалады.   

   

«Яш Түркістан» мен «Иени Түркістан»: ұлық мақсатта «ұмыт» қалған мүдделер

Большевиктер билеген Ресей үкіметі Түркияға көмектескенде өз көздеген мүддесі, діттеген мақсаты болды. Сол мүдденің өзегі Кемал үкіметі Ресей шылауындағы орыс мұсылмандарына большевиктермен татуласу рухында әсер етіп, коммунистік билік әлі күш алмаған Арменияға бірге қарсы тұру уағдасы еді. Осы мүдделердің бодауына Ататүрік билігі тағы бір дүние – эмиграциядағы түрік күресіне көз жұма қарады.

1927 жылы Стамбұлда Зәки Уәлиди, Осман Қожа, Мұстафа Шоқай сынды қайраткерердің бастамасымен латын қарпіндегі "Иені Түркістан" («Жаңа Түркістан») журналы шықты. Арада екі жыл өткенде, 1929 жылдан бастап Берлинде «Яш Түркістан» журналы басылды. Бұл екі басылым да Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрескен, Кеңестер одағындағы отарға түскен түрік жұртына бостандық тілеген басылымдар болды. Қос баспасөз де әр нөмір сайын Кеңес үкіметінің аяр саясатын айпарадай әшкерелеп, өз өтіріктерін өз дәйектерімен терістеп жатты. Эмиграциядағы бұл сыннан Сталин де хабардар әрі тіксінетін. Өйткені 1925 жылы Түркістан Республикасы партия комитетінің орган газеті «Ақ жолды» тікелей өз бұйрығымен жапқызған Сталин газетке қатысты «бұл басылымнан өзімей бейтаныс емес ақгвардияшыл Мұстафа Шоқайдың сындарын байқаймын» дегенді айтқан.

1931 жылы Түркия өзінің Кеңес еліне дос екенін «дәлелдеу» үшін Түркияда басылатын «Иени Түркістанды» жауып, «Яш Түркістанның» Түркияға кіргізілуіне тыйым салды. Алайда бұл жағдай Мұстафа Шоқайдың Түркияға деген жылы көзқарасын өзгерткен жоқ. «Яш Түркістан» Түркияғка кіргізілмейтін болды» деген жазбасында ол мұның саяси себептен туған мәжбүр жайт екенін ашып айтты. Сондай-ақ Түркияға қатысты жазған жиырма шақты мақаласын оқып, Мұстафаның Түркия көсемі Ататүрікке деген құрметінің зор екенін толық ұғынуға болады.

  

Балға, орақ, ай, жұлдыз: қызыл түстегі қабыспаған құндылықтар

1923 жылдың өзінде-ақ Мұстафа Кемал Ататүрік Түркия жерінде коммунистік партияға тыйым салды және партия көсемдерін қуғын-сүргінге ұшыратты. Бұл әрекетімен Анкара кеңестік иделогияның орбитасына кіруден саналы түрде бас тартқанын білдірген еді. Десе де Түркия кеңестік Ресейдің көмегін қарымжысыз қалдырып, бодаусыз құтылған жоқ. 1921 жылы-ақ екі жақты жасалған «Мәскеу шартында» Батуми портын Грузияға беру арқылы «күлшесімен» бөліскен. Осы арада территориялық бөлініске қатысты бір жаңсақ ұғымның басын ашалап өтсек. Кейбір жазбаларда Ленин Ататүрікке жақындағысы келіп, оның Карсты басып алуына көз жұма қарады дейді. Шынтуайтында, түріктер қаланы аз ғана өмір сүрген тәуелсіз Армениямен соғысып, ертеде-ақ алған болатын. Ал Ленин бар болғаны оны қайтаруды талап етпеуге ғана келісті.

Түркияның Кеңес Одағымен қарым-қатынасын жандандырған ендігі бір себеп Түркияның Біріккен Ұлттар Ұйымы Лигасынан шығуы еді. 1925 жылы Мұстафа Кемал Ататүріктің Мосул қаласына қатысты аумақтық даудың шешіміне наразылығынан туған бұл жайт КСРО мен Түркияны қайтадан ортақ тіл табыстырды. 1925 жылы Түркия мен Кеңес Одағы он жылға шабуыл жасамау туралы келісімге қол қойды, оның мерзімі біткен соң тағы он жылға ұзартылды. 1933 жылы сол кездегі Кеңес Одағының Қорғаныс министрі Ворошилов Түркия Республикасының құрылғанының он жылдығына қатысу үшін Түркияға шақырылды. Ворошиловтың бұл сапарында Ататүрік оны қасына отырғызып, шеруді қабылдауға рұқсат берді. 1930 жылдан кейін де КСРО Түркиямен жақындасу саясатын жалғастырды.

Ататүрік коммунистік жолды таңдамағанымен, мемлекетті құру ісінде социалистік үлгіден керекті өрнекті пайдалана білді. Соның бірі жоспарлы экономика болатын. 1920 жылдардың аяғына шейін Түркия индустрияландырудың, жалпыға бірдей білім берудің бес жылдық жоспарын негізге алды. Мемлекеттік емханалар мен ауруханалар, темір жолдарды қатарлы әлеуметтік нысандарды салуда Кеңес Одағындағы социалистік жүйе мысалын қолданды. Түркия парламенттік демократия жолын таңдады. Ататүрік зайырлы мемлекет құруға құлшынды. Социалистік жүйе мен демократиялы тәртіптің өзіне тән артықшылықтарын көре біліп, әрі оны мемлекет құру ісінде сәтті қолдана алған Мұстафа Кемал әлемге Түркияның өз таңдаған жолы бар екенін паш етті. Коммунистерге де түсті бірдей төңкерістік қызыл ту болса да, ондағы орақ пен балға, ай мен жұлдыз нышандарының ұқсамаған құндылық екенін ұқтырды. Белгілі бір тұрғыдан Мәскеу де, Анкара да түрік ұлтшылдары мен кеңестік коммунистік партия арасындағы одақтың мәлім бір межеден аспайтынын жақсы түсінді. Өз іс-әрекетімен Кемал да большевиктермен одақтас болу большевиктерге қосылудан бөлек екенін жақсы аңдатты. Мұстафа Кемал «Ресеймен достық Түркияның олардың коммунистік идеологиясын қабылдауы емес» деп мәлімдеген еді. Кремльдегі көреген саясаткерлер де Түркияны кеңестендірудің болашағы бұлыңғыр екенін білген.

1930 жылдардың соңына қарай саяси жағдайларға байланысты екі ел арасындағы қарым-қатынас суына бастады. Әсіресе, Кемалдың Ұлыбритания сияқты Батыс державаларымен мемлекеттік қарым-қатынастарын жақсарту әрекеті Кеңес Одағының наразылығын тудырды. Кеңес саясаткерлері де Ататүрік билігінің соңғы жылдарындағы саясатын ашық сынап, ішкі саясатын «халыққа қарсы», ал сыртқы саясатын «империализмге» бағытталған Ұлы державалардың бітімгершілігі деп атады.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ президенті Харри Трумэн тоталитаризм халықаралық бейбітшілік пен АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп мәлімдеп, АҚШ Конгресінен Түркия мен Грекияның бұл «ұйыққа» түсіп кетуіне жол бермеу үшін 400 миллион АҚШ долларын бөлуді сұрады. Мұндай ықпал да Түркияны Кеңес Одағынан алыстата түсті. Түркия 1952 жылы НАТО-ға қосылды, ал Кеңес Одағы мен Түркия Корей соғысы кезінде және бүкіл қырғи-қабақ соғыс кезінде қарама-қарсы ұстанымда болды.

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?