Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Абылай хан және оның заманы

3881
Абылай хан және оның заманы - e-history.kz

Сурет: YouTube/Тарих Марих

Қазақ ұғымында «Шыңғыстан Шыңғысқа дейін» хандық, бектік дәуір болған. Әсіресе, Қыпшақия, Жошы ұлысы, Алтын Орда, Қазақ хандығы мақтаныш сезіммен айтуға тұрарлық тарихи асуларымыз. Осынау ұзақ дәуірдің ең соңын бабалар «хан Абылай заманы» деп бөлек атаған. Неге? Өйткені, 1750-1822 жылдардың жайлы, құт-берекелі, былайша айтқанда, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман болыпты. Нақ осы кезеңде қазақ өзін-өзі мықты ұлт сезініп, мал-жаны қаулап өскен деседі. Орыс елшісі А.И. Тевкелев хан Абылайды (1712-1781): «Қазақ билеушілері ішіндегі ең айлакері һәм беделдісі», – депті. Ол 1740 жылдардың ортасында Қазақ хандығы тағына отырды. Ендеше ХVІІІ ғасырдың екінші жарымын (ХІХ ғас.басын да) оның заманы деуге құқылымыз. Ұлы Абай өзінің тарихи еңбегінде: «Қазақтың бар қатты өсе бастағаны құба қалмақтың жұрты бұзылған соң, осы Сарыарқаға орныққан соң ғана болса керек», – деп Абылай заманына сілтейді әрі жоғары бағасын береді.

1680 жылдардағы Сайрам шайқасынан беріде 40 жыл бойғы тынымсыз соғыстан Қазақ Ордасы титықтап, береке-бірлігін жоғалта бастаған. Орталық хандық билік мүлде әлсіреп, әр ұлыс (жүз) бас-басына дербес хандық құруға бет алған тұста, қалмақ қолының 1723 жылдың көктемінде тұтқиылдан жасаған шабуылы исі қазақты сең соққандай есеңгіреткен.

                           Қаратаудың басынан көш келеді,

                           Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

                           Қарындастан айырылған қиын екен,

                           Қаракөзге мөлтілдеп жас келеді, –

деген халық әні, міне, сол кездің жаңғырығы. Ертіс бойы мен Жетісудағы қазақ тайпалары сонау Сыр бойына шұбыра көшіп, көл, суға жеткен жерде аз-кем сұлап, тынығып, қайта босады екен. Аттылы-түйелісі аз, көбісі табаны ойылып, жаяу шұбырған қалың көпшіліктің көші болған бұл. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген тіркесте қилы уақыттың табы тұр.

Сөйтіп, 1723-1758 жылдар арасында қазақтың азаттық күресі өзінің шырқау шегіне жетті. Осынау 35 жыл ерлікке толы болды. Қазақ хандығын қайта қалпына келтіріп, Абылай өзінің тарихи миссиясын орындап шықты.

Бірде Абылайды қалмақ ханы Қалдан Серен батыр жиені Шарышты өлтіргені үшін кектеніп, ұстап алады. Бұл қазақ пен қалмақ арасында тыныштық орнаған кездер болса керек. Өйткені, 1743 жылы қазақтың елшілері, ішінде Қаракесек Қаздауысты Қазыбек бар, Абылай сұлтанды абақтан босату қамымен Түркістанға барыпты. Сол жолы Қазыбек би (1667-1764) алқалы жиында:

                                    Біз – қазақ деген мал баққан елміз,

                                    Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

                                    Елімізден құт,береке қашпасын деп,

                                    Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

                                    Найзамызға үкі таққан елміз.

                                    Дұшпаны басынбаған елміз,

                                    Басымыздан сөз асырмаған елміз, –

деп басталатын отты сөзін қаздай қаңқылдап паш етеді. Сол үшін мәңгі өшпес атақ-даңққа бөленген. Мұндай уәждерге ішкі мұзы еріген және тәубесіне түскен Қалдан Серен келешек хан Абылайды тұтқыннан босатады. Мұны ғажайып оқиға демей көр.

Ол 1744-45 жылдардан өзі құраптас жас батырларды маңайына үйіріп, ақ тудың астына жинаған болатын. Бұл жайт «Қазақстан тарихы» кітабында былай деп көрсетілген: «ХVІІІ ғасырдың үшінші ширегінде Дүрбіт, Ойратты талқандаған, Маньчжур-Цин империясына қарсы қаһармандықпен шайқасқан, торғауыттардың тас-талқанын шығарған, үздіксіз жүргізілген 20 жылдық соғыста Алаш рухын қайта тірілтіп, үш жүзді басқару тізгінін Абылай ханның қолына ұстатқан, аты аңызға айналған ең үздік қолбасшылар, олар: қаракерей Қабанбай, мүйізді Өтеген, Нұралы хан, Әбілпейіз сұлтан, қанжығалы Бөгенбай... Баян, Малайсары, Олжабай, керей Жәнібек. ...Бөгенбай, Қабанбай, Баян, Есет, Наурызбай, Жәнібек сынды батырлар 10 000 жауынгерге дейін жететін ірі құрамаларды үнемі басқарып жүрді» (Бес томдық «Қазақстан тарихы». 3-том. – Алматы, 2002. – 267, 271-бб.)

Осы аталған Абылай төңірегіндегі батырлардың тізімі Бармақ, Елтін, Маян, Боранбай, Шынғожа, Қаратай, Тоқтамыс, Мамай, Кебек, Солақай, Күшікбай, Жобалай, Шақантай, Қонақай, Жиеналы сынды жүздеген есімдермен жалғасын табады.

Хан Абылай, қолбасшы Қабанбай батыр бастаған қазақ қолы мен қалмақ әскері арасында сан талай қиян-кескі ұрыстар өткен негізі. Соның бірі – Баянауыл өлкесіндегі «Қалмаққырған» деген жер. Сол ұрыста ұрпақтары қазіргі Кереку өлкесін мекендейтін Олжабай, Малайсары және Жасыбай батырлар ат ойнатып, айрықша көзге түседі. Олардың ерліктері көпке аян «Олжабай» дастанында жырланған.

Тағы бір үлкен шайқас – Шаған өзенінің бас жағы, Шыңғыстаудың солтүстік-батысындағы «Қоңырәулие» үңгірінің маңында өтіпті. Мәселен, З. Сәнік пен Б. Садықан құрастырған «Қаракерей Қабанбай» атты кітаптың 134-бетінде: «Балқаштан бастап Шыңғыстың сыртындағы Шаған бойына келгенде жоңғардың жорық басы, ханы әрі батыры Доржы табандап соғысып, екі жақ бірін-бірі ығыстыра алмай жеті сөтке қанды шайқас жасады», – делінген. «Шаған соғысы» аталған осы ұрыстан соң қалмақтан бақ қайтып, әскері біржола әлсіреген екен. Қазақтың қалың қолы Қытай шебіне дейін оларға дамыл бермей, толассыз қуған көрінеді. Қазақ тайпаларының жоңғардан босаған атамекен – Орта Ертіс бойына жаппай орнығуы осы 1750-60 жылдарға келеді.

Шыны керек, қазақ пен қалмақтың ғасырдан астам уақыт жан алып, жан беріп соғысуы Ресей мен Қытайға тиімді болды. Әйтпегенде көршілес екі халықтың түпкі тегі, тұрмыс-тіршілігі бір еді. Қалмақтың қаны қай қазақта жоқ дейсіз, тәйірі. Олай болатыны, жаугершілік заманда «қалмақтан қатын алу», Бұқар жыраудың сөзінше «қалыңсыз қыз алу» қазақ сарбаздарының салты болған. Хан Абылайдың билігі мұны қолдап, ынталандырып отырды.    

Шығыс Қазақстан (бұрынғы Өскемен уезі) аймағы алтайлық ойрат қалмақтың қысқы қоныстары, ал Семей, Павлодар аумағы олардың жазғы жайлаулары екен. Сол заманның белгісі ретінде Зайсан көлі, Онархай өзені, Баянаула тауы (ежелгі аты – Көктау) әлі күнге дейін қалмақша аталып келеді. Шоқан Уәлиханов «О кочевниках киргиз» еңбегінде былайша жазады: «...Недаром дано группе этих гор название Баян-аула, что по-калмыцки значит «благодатная гора» (5 томдық шығ. жинағы. 1-т. – 1961, 534-б.).

1715-1760 жылдар аралығында Ертіс әскери шебі (Иртышская военная линия) құрылды. 1715 жылы Тобыл және Терск казактарынан жасақталған 4 мыңдай адамы бар И. Бухгольцтің әскери экспедициясы Ямышев көліне жетіп, Ертістің оң жағалауынан Ямышев бекінісін салады. Ол кезде Ертістің оң жағын жоңғарлар, сол жағын қазақтар мекендейтін. Өз жерінде рұқсатсыз бекініс салып жатқан орыстарға Сыбан Раптан 10 мың әскерін жіберіп, экспедицияны қыспаққа алады. Бухгольцтің әскерінен 700 адам ғана тірі қалып (қоршауға алынған бекіністе жұқпалы ауру шығады), олар 1716 жылдың аяғында Тобылға оралады. Осы сәтсіздікке қарамастан Ресей әскері Ертістің жағалауын жаулап алуды тоқтатпады.

Бұл жау жағадан, бөрі етектен алған қысылтаяң уақыт еді. Қазақтың жерін мәңгіге басып қалуды ойлаған Ресей империясы қамал-бекіністер салуды, ұзыннан ұзақ әскери шептер құруды қолға ала бастады.

ХVІ ғасырға дейін орта жүз рулары Обь, Түмен аумағын, Батыс Сібір ойпатын тұтас жайлаған болатын. Ең соңы, Көшім хан хандық құрды. Осыдан соң, Батыс Сібір кеңістігі, оның ішінде Алтай өлкесі үлкен өзгерістерге ұшырады. Бұл – өз алдына әңгіме.

Баянаула маңындағы Қалмаққырған, сол сияқты Шыңғыстау, Дегелең – ірі ұрыстар алаңы болған әйгілі жерлер. Мұның бәрі сол жағалауда. Ал, ойрат-қалмақтар оң жағалаудан қалай қуылған еді? Бұл жайлы деректер сараң.          

Естуімше, жорықтың алдыңғы сапында арғынның бәсентиіні (батырлар Малайсары, Сырымбет), ашамайлы керей, терістаңбалы (Елтін батыр) және бура наймандар (Қонақай батыр бастатқан) тізе қосады. Бұларға Шарбақты, Бесқарағай аумағынан уақтар қосыны (Өтеген батыр) қосылады.

Сонымен, қазақ тайпалары тұтас майдан құрып, ойраттарды қос бүйірден қыспаққа алады. Осылайша олар кері қарай Өрге шегініп, Таулы Алтайды паналауға мәжбүр болады. Бір қызығы, қалмақша білетін қазақтар аз болмаған, әсіресе, бәсентиінің жаужүрек барлаушылары ойраттың әлсіз тұстарын тап басып, оларға ойсырата соққы беруге жол аршып отырыпты.

Таулы Алтайда совет дәуірінде, 1922 жылы «Ойрат автономиялық облысы» құрылған. Көрешекті көп көріп, өспей қалған аз санды халық 1992 жылдан «алтайлықтар» («алтайцы»), ал оның мемлекеті «Таулы Алтай Республикасы» деп атала бастады. Айтпақшы, аталмыш Республиканың моңғол жақ шетіндегі ауданы «Қосағаштың» тұрғындары – қазақтар.

Қазақ, ойрат тағдырлас, бауырлас халықтар дегенді жоғарыда айттық. Егер ойрат баяғы шаманизмді ұстанбай, кейбірі буддизм дініне өтпей, біздің қазақпен бірге исламды қабылдаған болса, бір халық болып біте қайнасып кетуі ғажап емес еді. Бірақ, тарих басқаша шешті. Ойрат, якут, хакас, тоба сияқты Сібірдің ежелгі халықтары бір жағынан, дінге, екінші жағынан, отарлау саясатына байланысты түркі әлемінен мүлде ажырап қалды.

Омбы облысына шекаралас оң жағалау жері – Тереңкөл (қазіргі Қашыр ауданы) аталады. Жоңғардан босаған соң, оны бір болыс байназар-уақ руы қоныстанған еді. Тереңкөл болысының орталығы Қызылтаң қыстауын байназар уақтың Жанқара, Майқара, Жаңаберді аталары мекендеді.

                                Қызылтаң – әуел бастан құтты қоныс,

                                Айнала қала салған казақ-орыс.

                                Жерінде мыңды айдаған байлары бар,

                                Тереңкөл – өлкедегі үлкен болыс, –

деген сөз содан қалған («Уақ шежіресі». – Астана: Фолиант, 2009. 36-б.). Шот (қазір Славгород), Қарасу деген орыс қалалары Тереңкөлге тиіп тұр.

18 ғасырдың басында Уәли ханға наразы 15 мың түтін Ашамайлы Керей елі Тобыл жерінен Құлынды даласына қоныс аударды деген дерек бар. Барған жұрттың биелері ерекше көп төлдеп, әр бұтаның түбінен бір-бір құлын бой көтереді. Содан былай құтты дала Құлынды аталыпты. Бұл жайында әйгілі жырау Сегіз Сері былай дейді:

                                         Сол аймақ иесіз дала аталыпты,

                                         Барған ел биелері көп құлындап,

                                         Сол себепті Құлынды деп аталыпты.

Солтүстік Қазақстан аумағы, Көкшетау жеріндегі және Ертіс жиегіндегі (Семей қаласынан жоғары Шүлбі ГЭС-не дейінгі қос жағалауды қоныс қылды) ашамайлылар болып табылады.

Керей Ашамайлы және Абақ деп екіге бөлінеді. Еңбегіміз тарихқа арналып отырған соң, Абақ Керейдің шежіресін де шерте кетелік. 1770 жылдары Сыр бойында жүрген он екі ата Абақ керейді Ер Жәнібек Алтайдың арғы жағына бастап апарыпты. Ата қонысымыз деп. Бір бөлігі ғана Қазақстан жерінде (Семей облысы, Шұбартау ауданында) қалып, басқасы Алтай асып, сол аумақта мекендеп тұрып қалған.

Бұл көші-қонның тарихы қызғылықты. 1771 жылы бір үлкен тойда Абақ керей мен Арғын елі келіспей қалады. Арғын жағынан Ақмырза деген жігіт сойыл тиіп мерт болады. Билер өлгеннің құнын төлеттіреміз деп абақ керейді қыспаққа алады, білем. Керейлер: «Біз адам өлтірген жоқпыз, Арғынның өз ортасында өштік бар. Бірін-бірі өлтіріп, жаланы бізге жауып отыр. Іргеден жау, белдеуден дау шықты, осы қастық қалып, өштік өшкенше мойны ұзақ бір жерге далдалана (тасалана деген сөз) тұрғанымыз абзал», – деп Сыр бойынан ауа жөнеледі.

Ел жақсылары көшкен керейді тоқтату үшін артынан қуып барып, ақыл айтуға әйгілі жырау Бұқарды жібереді. Сонда Бұқар керей басшыларының жүрегін шайлықтырып, ой салмаққа бүй депті:

Керей, қайда барасың?

Сырдың бойын кебелеп.

Соңыңнан қуып мен келдім,  

Тұлпарымды жебелеп.                                         

...Танымасаң сен мені,

Арғын деген арыспын,

Азуы кере қарыспын,

Хан алдында бітіссең,

Құдандалы таныспын,                                                 

Хан алдында бітпесең,                                                 

Атасын білмес алыспын.

Бұл едәуір ұзақ толғаудан алынған үзінді. Осылайша ақыл айта келген Бұқарды үлкендер аттан түсіріп, күтіп алады. Бірақ көш алған бетінен қайтпайды. «Арғынның қытығына тиді-ау, Керейдің малына сұрау болмаған соң өкпелеп аудық, енді қайырыла алмаймыз, көңілдеріңе қаяу алмаңдар», – деп мән-жайды ұғындырып, Бұқарды жолға салады. Абақ керейдің көші Шығыс Түркістан бағытында Қалба, Маңырақ жайлауы, Сауыр тауы, Үліңгір көлі деген жерлерге жетіп, кең көсіле орнығады.

Тегі, аталған қоныстар қазақтікі болған. Ахметолла Қалиұлы деген азамат өзінің зерттеу мақаласында былай жазады: «Әсілі, бұл Керей тайпасының Жоңғар жаугершілігі заманынан бұрынғы қара қонысы еді, кейін шапқыншылықтар тұсында ірге аударып, ығысып кеткен-ді. Абақ керей сол мекенге қайтып оралды» (А. Қалиұлы. Суфизм тағылымының Шығыс өңірлерге таралуы. – Түркістан, 2000.).

Қазіргі таңда Керейдің Қытай асуына қатысты түрлі пікірлер бар. Бірі «өкпелеп кетті» десе, енді бірі «атақонысымыз» деп кетті дейді. Тағы бірі – Ер Жәнібек «орыстың отаршылдық саясатына наразы болды» деген пікір. Ойлаймын, осы соңғы уәжге басымдық берген жөн-ау деп. Өйткені, Жәнібек ел жадында өз руының болашағына қам жеген, оны азулыға тістетпей, тұмсықтыға шоқытпай қорғай білген айбынды батыр ретінде қалып отыр.

Неге десеңіз, шекара асып Шыңжаң өлкесіне, онан ығысып Моңғол даласына барған ру-атаның қаулап өспегені қәне. 1850 жылдары Абайдың әкесі Құнанбайдың Абақ керейге барғаны мәлім. «Нағашы жұртым» деп. Сол сапарында қалың елді көріп қуанып: «Бұйырса, келешекте сендер арқылы да еңсесін тіктейді бұл қазақ», – деген екен. Ал, орыс боданында, Ресеймен шекаралас аумақта қалған найман, ашамайлы керей, уақ және басқа да рулардың көсегесі көгергені шамалы. Олар қызыл қырғын (аштық, репрессия, соғыс) салдарынан сан жағынан кемімесе, өсе алған жоқ. Шыны сол.

Айтпақшы, құт дарыған Құлынды даласын қыпшақ руының ауылдары да мекен етті. Әйгілі әнші композитор Естай Беркімбайұлы Ерейментаудан Алтай өңіріндегі қыпшақ ауылына құдалыққа барған ғой. Сол сапарында Сұлтан деген байдың Хорлан есімді қызын бір көргеннен көзі тұнады. Сұлулықтың символына айналған Хорлан жайлы ғажайып ән туады.

Құлындыға іргелес маң дала Маралды. Оны бір болыс бәсентиін руы мекендепті. Қалың қарағайлы Сібір жақты біздің қазақ «Іш» деп атаған («Ішкі округ» дегенді білдіреді).

ХVІІІ ғас. ортасында әрісі Қарасу өңірі, Құлынды және Маралды даласы, Би өзені алқабы (орысша – Бийск), берісі – Бесқарағай жерін қазақ тайпалары иеленді. «Қазақты бір жерге орнықтырып, отырықты өмірге кіргізіп өлсем». Абылайдың осы арманы Алтай өңірі бойынша да іске асты.

Алайда бұл түпкілікті орнығу бола алмады. Ресей империясы 1780 жылдан қарағай ішіне ендеп кіріп, «қала салу» қолға алынды.

Бәсе, қазақ рулары (бәсентиін, уақ, керей, т.б.) ойрат-қалмақты ығыстырып, Алтайский уезд деп аталған кең байтаққа ие болып жатқанда, ақ патша қайтіп қарап отырсын? Бұрын әскери форпост тек 8-полкке арналған болса, енді оның маңайына үй-күйі, бала-шағасымен бірге жүретін казачество, яки казактар қаптады. Қызығы, «қазақ» пен «казак» сөзінің бір түбірлі болуы тегіннен емес. Казактың кейбірінің арғы тегі біздің көшпенді түркі-қазақ, кейбірі – көшпендіден әйел алған орыстың қашқын жұрты. Осымен ХVІ ғасырда түрі, тілі орыс, ал қаны, мінезі көшпендіге туыс, жаңа этнос пайда болған. Оларды біздің қазақтың орыс демей, «қазақ-орыс» дейтіні сол. Жырауларымыз Батыс өңірі жайлы:

Еділді келіп алғаны –

Етекке қолды салғаны.

Жайықты келіп алғаны –

Жағаға қолды салғаны, – деген ғой. Бұл жайт енді шығыстағы қазақтардың басына келді. Орыс шаруалары, қарашекпенділер құмырсқадай қаптады.

1868 жылы Мәскеуде Переселенческий комитет құрылды. Оны басқару «Обрусительная палатаға» жүктелді. Осы құрылым арқылы патша өкіметі бұратана халықтарды орыстардан ажыратып алғысыздай кіріктіріп жіберу мақсатын алдыға қойды. Бесқарағай жеріндегі Семеновка (қазіргі Қарабас), Большая Владимировка (қазіргі Бесқарағай), Семияр (қазіргі Жетыжар) Ново-Николаевка (казіргі Қарағайлы), Сосновка (қазіргі Ерназар), Канонерка (негізі Қаңаирбатыр ауылы) кенттері ескілікте қазақ ауылдарының орны бопты, сол сияқты Беген, Борас атауы қайдан екені жайлы деректерді жерлесіміз журналист Еркебұлан Шәріпов марқұм жинап, теріп өзінің кітаптарына арқау еткен болатын.

Базбіреулер «Пәленше рудың жер-суы, атақонысы болмаған» деп бопсалауға үйір келеді. Бұл – қисыны жоқ, абсурд. Егер белгілі бір руға жер-су, яғни жайлау мен қыстау бекітілмей көрсін, ол ру болды, бітті, жойылды, құрыды деген сөз. Қазақтың даласы шетсіз, шексіз, ол жүз ру болса жүзіне, екі жүз болса, екі жүзіне жетеді. Қашан Сары Далада біздің халық еуропа елдері княздіктері сияқты бір бірімен қырқысты, соғыс ашты. Бұл болмаған құбылыс. Таңырқасақ, міне осыған таңырқайық, ағайын. 

Жоңғардан тазарған тұста Қарқаралы, Қу, Дегелең, Мыржық – қаракесек, Шыңғыстау – тобықты, Жарма, Тарбағатай, Аягөз – қалың найман тайпасының иелігіне өтті. Шарбақты, Бесқарағай аумағы ә баста уаққа тиесілі болған. Оған себеп, уақ елі жоңғар шапқыншылығына дейін-ақ Ертіс пен Тобыл өзендері арасында көшіп қонды. Жоңғардан соң уақ қайтадан байырғы мекені Ертіске беттеген. Бір қызығы, уақтың жарымы Қостанай аумағында, жарымы Ертіс өңірінде тұрақтаған. Себебі, ол заманда Тобыл жағы жайлау, Ертіс жиегі қыстау болған.

Жасалған тарихи шолу уақ руының көшіп-қонуы күрделі мәселе екенін аңдатса керек. Жалпысында қазақ ру-тайпаларының миграциясын түгендеп тексеру – келешектің ісі.  

 


 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?