Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алғашқы ұлттық оқулықтар: «Бастауыш жағрапия»

2083
Алғашқы ұлттық оқулықтар: «Бастауыш жағрапия»  - e-history.kz

Ұлттық оқулыққа өріс ашқан

(Оқулықтың жарық көргеніне 100 жыл толуына орай) 

Алаш қозғалысы – елшілдік идеяны ұстын еткен ұлттық жаңғыру жолы. Қозғалыстың түп мақсұты халық санасын оятып, саяси серпіліс тудырудан өрістеген. Сондықтан Алаш оқығандары сапалы ұлт қалыптастырып, ұлттық мемлекетке қол жеткізу үшін ағартушылыққа айрықша мән берді. Ұлттық саяси партиямен бірге баспасөз таралып, әдебиет жанрлары қалыптасты. Роман жазылып, театр ойындары сахналанды. Қазақ тілінің әдеби, жазба негіздері бекіп, газет стилі орнықты. Ұлттық оқулықтар жарық көрді.

Ұлттық оқулықтардың жазылуы бір күнде немесе бірер жылда жүзеге асқан жоқ. Ыбырай Алтынсарин жазған алғашқы оқулық «Қазақ хрестоматиясынан» (1879 ж.) бастап есептесек, бұл үрдіс пісіп жетіліп, алаш оқығандары ұлттық жаңғыру миссиясына кіріскен тұста көркейіп кеңейді. Қазақстан автономиясы және Түркістан республикасы құрылған қарсаңда шырқау биігіне көтерілді. Оның нақты көрінісі – Қазақстанда Ахмет Байтұрсынұлы, ал Түркістан республикасында Иса Тоқтыбайұлы жетекшілік еткен қазақ-қырғыз білім комиссиясы құрылып, оқулық жазу, білім ошақтарына арнап оқу құралын дайындау ісінің жүйелі және тыңғылықты жүзеге асуы. Биыл ұлт қайраткерлері жазған сол оқулықтардың бірі – «Бастауыш жағрапияның» жарық көргеніне 100 жыл толып отыр.

IMG-20220704-WA0002.jpg


Ағартушылық майданда оқулық дайындаумен егіздің сыңарындай қатар жүрген бір іс сапалы мұғалімдер қосынын даярлау болды. Түркістан республикасында Ташкент, ал Қазақстан автономиясында Орынборға шоғырланған қазақ оқығандары үшін бұл өзекті әрі алғы міндеттің өзі еді. 1918 жылдың соңына Ташкентте өткен алқалы бір басқосуда біз сөз етіп отырған «Бастауыш жағрапия» оқулығының авторы Иса Тоқтыбайұлына жаңадан ашылатын қазақ педагогикалық курсын ұйымдастыру міндеті жүктелді. Курс меңгерушілігіне тағайындалған Тоқтыбайұлы бірден алыс-жақындағы оқығандарды Ташкентке шақырып, өз маңайына топтастыра білді. Әрине, бұл арада Исаның жеке беделі мен зиялылар ортасында мойындалған іскерлігінің елеулі рөл атқарғаны анық. Осылайша, сол жылдың өзінде Қоңырқожа Қожықұлы, Сегізбай Айзұнынұлы қатарлы білімді азаматтар курс мұғалімдігіне қабылданып, көптің ұсынуымен Иса педагогикалық алқаның төрағалығына сайланды (өзіне жүктелген әртүрлі міндеттерді көңілдегідей атқарып, күткен межеден көріне білген Иса Тоқтыбайұлы кейіннен Түркістан Республикасы Қазақ-қырғыз білім комиссиясының төбеағасылығына тағайындалған). Бұл құрам кейіннен Хайретдин Болғанбай, Сұлтанбек Қожанұлы, Садық Өтегенұлы сияқты беделді азаматтармен толықты. Осылайша, Иса Тоқтыбайұлы жағрапиядан, Сұлтанбек Қожанұлы математикадан, Садық Өтегенұлы орыс тілінен сабақ берді. Сабақ беріп қана қоймай, сол пәннен оқулық, әдістемелік бағдарлама жазуға міндеттенді. Иса Тоқтыбайұлының «Бастауыш жағрапия» (1922), «Түркістан» (1923), Сұлтанбек Қожанұлының «Есептану құралы» (1924) оқулықтарын жазуы осылай басталған еді.

 

Түркістандағы ізашар оқулық


«Бастауыш жағрапия» – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, ағартушы Иса Тоқтыбайұлының қаламынан туған сүбелі еңбек. Бірінші басқыш мектептер үшін дайындалған оқулық 1922 жылы Ташкентте жарық көрді. Кітапты Түркістан Республикасының баспасөз таратушы мекемесі баспадан шығарды (Баспасөз таратушы мекемені бүгінгі түсінікпен мемлекеттік баспа деп ұғынған жөн).

Бес жылдық бірінші басқыш мектептерге арналған оқулық литография қалыбында 10 мың данамен басылған. 24 тақырыпты қамтыған кітапта 57 түсіндірме сурет және 3 карта бар. Қаржы тапшы, баспахана мешеу, қағаз қат жағдайда мазмұнын байытатын мұндай көрнекі материалдарды кірістіріп оқулық шығару өз заманының мүмкіндігін толық кәдеге жаратқандық, құнттылық.   

1922 жылы жарық көргенмен «Бастауыш жағрапия», шын мәнінде, одан ертерек жазылған. Осы кітаптың Қазақ-қырғыз білім комиссиясы атынан берілген алғысөзінде туындының 1919-1920 жылдары жазылғанын, 1921 жылдың басында баспаға берілсе де, тек 1922 жылы ғана жарыққа шыққанын тілге тиек етеді. Ал Иса Тоқтыбайұлы өз атынан жазған беташар сөздің соңына 1921 жылдың 15 майы деп қол қойған. Осы деректерге сүйенсек, «Бастауыш жағрапияның» Түркістан республикасында жарық көрген тұңғыш оқулық болуы әбден қисынды.

 

Мұғалім сабақты қалай оқыту керек?


Иса Тоқтыбайұлы – мұғалім шеберлігі мен әдісіне қатысты ұрымтал ой, өзекті пікір айтқан тұлға. Исаның ұстанымы бойынша мұғалім қай ғылымды оқытса да толық, жақсы сөйлеп беру керек. Оның үстіне ылғи сөйлей берместен шәкірттермен пікір алысып, бірге ілесіп, жетелеп оқыту керек. Бұл қазіргі таныммен қарапайым әрі жалпақ ұғым сияқтанғанмен, оқуды «молда аузынан шыққанды жаттау» деп түсінетін о заманның өресі үшін, әрине, мұғалім бойында жоқ машық. Тоқтыбайұлының мұндай шешімтал ойлары өзі оқулық жазған жағрапия пәніне қатысты да қадау-қадау. Ол шәкірттерге жағрапияны жанды қылып үйрету үшін мұғалім, ең әуелі, әр мемлекеттегі тұратын халықтардың тіршілігімен ішек-қарнын ақтара тексеріп берерліктей сауатты болу керек. Бұдан да иланымды етіп, оқушыны еліктіре түсу үшін мұғалім таныс болса, әр шәкірттің туып-өскен жерлері туралы да сөйлеп беруі тиіс дегенді мақұлдайды. Оған қоса мұғалімнің өздері туып-өскен жерлері туралы шәкірттерді де сөйлетуін құп көреді. Үйретушінің сабақты жер аралатып жүріп өткізуін, көбіне көп көзге көрсетіп, қолмен ұстатқандай қылып түсіндіруін қажет санайды. Мұғалімдерді сабақ барысында сурет қолдануға шақырады. Осындай әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, жан-жақты қызықтыра білгенде оқушы ойындағысын ұмытпайды, жадындағысынан жаңылмайды, үйренгенін санасына тоқиды деп тұжырады. Айталық, «Бастауыш жағрапия» кітабының алғашқы тақырыптарының бірі планға қатысты Иса Тоқтыбайұлы былай дейді: «план туралы мұғалімдер қорғана сөйлеп өтумен ғанағаттанбай, өзінің бала оқытып отырған класс-бөлмесінің планын, яки балалардың өздеріне белгілі бір үйдің яки бір ауылдың планын қара тақтаға түсіріп, көрсетіп өтулері керек. Оның үстіне балаларға сынау үшін өз үйінің, яки бір ауыл, яки отырған жерлерінің пландарын түсіріп келуге қосулары керек. Өйткені 2-3 жылдық оқулары бар балаларға мұны түсірудың қиындығы жоқ. Қайта план деген нәрсені түсініп, әуестерінің артуына себеп болады». Міне, бұл мысалдың өзі-ақ «Бастауыш жағрапия» кітабындағы карта, сурет және оқушыларға берілген тапсырманың маңыздылығын аңдатып тұрғандай. Сонымен бірге оқулық салмағын да арттыра түскенінде сөз жоқ.

IMG-20220704-WA0003.jpg


 

Атауларды орнықтырып, терминдерді ізге түсірген


1920 жылдардың басында жазылған оқулықтар үшін қаржының тапшылығын былай қойғанда, өзге де қолбайлаулар аз емес. Соның ішінде әлі орнықпаған атаулар мен ізге түспеген пән сөздері негізгі мәселе еді. Бұрын-соңды ат қойылып, айдар тағылмаған ұғымдарға атау беру, ғылыми жүйеге келтіру оқулық авторларының білім-білігіне, ойлау қисыны мен дағдысына сынақ болды. Десе де «Бастауыш жағрапиямен» толық танысқаннан кейін Тоқтыбайұлының бұл үдеден толық шыққандығына көз жеткіздік.

Бұл еңбегінде Иса Тоқтыбайұлы 100-ден артық табиғат құбылысы мен географиялық атауды түсіндіріп, айқындап өтеді. Соның бірсыпырасына жаңаша ат ұсынып, термин ретінде айналымға енгізген. Айталық, аталған оқулықта оның сәтті енгізген ұғымдары қатарында оңжелкелік, солжелкелік, оңшекелік, солшекелік қатарлы атауларды атауға болады. Автор бұл ұғымдарды былай түсіндіреді: «Күншығыс, оңтүстік, солтүстіктен басқа бұларға қосымша және төрт жақ бар. Олар: күншығыс пен оңтүстік аралығы – «оңшекелік», күншығыс пен солтүстік аралығы «солшекелік», күнбатыс пен оңтүстік аралығы «оңжелкелік», күнбатыс пен солтүстік аралығы «солжелкелік» делінеді». Бұлар біздіңше, дәп қазіргі таңда да еш қомсынбай қоллануға боларлық терминдер. Немесе биіктігі жүз саржаннан артық болса – дөң, болмаса – ойпат, егер биіктігі жарым шақырымға жақын болса – төбе, артық болса – тау деген тұжырымдарын да ғылыми негізді ұғым дер едік. Осындай сәтті ұғымдардың қатарына тізбетау, қоспақ тау, ирек қатпар, түзу қатпар дегендерді жатқызуға болады. Бұларға қоса қазіргі таңда аталмайтын, алайда қолданыстан шығып қалса да, қайтадан пайдаланып, керекке жаратарлық қолтық (теңіздердің кейбір құрғаққа кіріп, бүйректеніп тұратын жерлері болады. оны «қолтық» дейді), қылы (екі теңізді бір-біріне қосып тұратын тар, енсіз бір су болады. Оны «қылы» дейді), қылта (түбектің құрғаққа тұтасып қосылатын тар жерін «қылта» дейді), тұмсық (құрғақтың теңізге кіріп, бүйректеніп тұратын жерлерін «тұмсық» дейді), бунақ (жер жүзіндегі ең ыстық жер, кіндік шеңбердің үсті мен соған шекаралас 23° оңтүстік бойлық пен 23° солтсүтік бойлыққа шейін «ыстық бунақ») қатарлы сөздер барлығын байқадық. «Бастауыш жағрапияда» кіндігі кесілсе де, термин ретінде сөздік қорымызға ене алмаған мұндай атауларды жаңғыртып пайдалануға әбден болады-ақ. Ол енді өзіміздің құнттылығымызға байланысты.  

Ақтара қарап, аудара тексергенде «Бастауыш жағрапиядан» қазіргі кейбір терминдердің алғашқы баламасын ұшыраттық. Бұл атаулар қолданысқа еніп, бүгінге жетпесе де, ғылым саласындағы атау-терминдердің даму үдерісін зерттеп-зерделеуге жақсы мысал бола алады. Әрі Алаш оқығандарының қазақ ғылымын ілгерлетуге күш салған ғасыр бұрынғы әрекеттерінен хабар береді. Глобус, полюс, экватор терминдерінің орнына ұсынылған жұмыр, жұмыршақ, кіндік шеңбер және тынық мұхит атауының орнына қолданылған зор мұхит сөздері осы айтқанымыздың айғағы.

 

Оқу-білімнің шырағын жағып, баспасөздің бағын ашқан


Иса Тоқтыбайұлы – Түркістан Республикасында оқу-ағарту ісінің бұйдасын ұстаған, білім берудің іргетасын бекіткен, Алаш арыстарының ішінде орны мен салмағы зор қайраткер тұлға. Түркістан Республикасы оқу-ағартуының жолға қойылып, жөнге салынуын Тоқтыбайұлының қажыр-қайратынан бөле қарауға болмайды. Ол сонымен бірге қазақ баспасөзінің де бағын жандырған іскер азамат. Ташкентте шыққан «Жаңа өріс», «Ақ жол», «Сана», «Шолпан», «Сәуле», «Жас қайрат», «Шаншар» басылымдарының жарық көруі Иса есімімен байланысты. Семейдегі «Қазақ тілі» газетінде де Тоқтыбайұлының дара қолтаңбасы бар.

Бұл жазбада Иса Тоқтыбайұлының қаламынан туған «Бастауыш жағрапия» кітабы туралы сөз етуді мақсат тұтқандықтан Исаның өзі жайлы кең сөзді тағы бір мақаланың жүгіне қалдырдық.

 

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?