Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін алған алғашқы күндерінен-ақ мемлекеттің экономикасын әлемдік нарық қатынастары талабына сай жүргізу міндеті қойылғандығы белгілі. Бұл үшін ең алдымен елдің сыртқы экономикалық байланыстарын жолға қою, оны әлемдік шаруашылықты жүргізу сұранысына сәйкестендіру аса қажеттілікке айналды. Оның қатарында ТМД елдерінен басқа алыс шетел мемлекеттерімен экономикалық, сауда қатынастарын жасауға ерекше назар аударылды. Осылармен қатар бұл елдермен Қазақстанның экономикалық дамуына арналған өзара байланыстар орнату, соның ішінде шетел инвестициясын өтпелі кезеңдегі Қазақстан өндірісіне молынан тарту күн тәртібіне қойылды. Аталған іс мемлекетіміздің сол мерзімдегі экономикалық саясатының басты бағытына айналды.
Бұл туралы «Қазақстан-2030 стратегиясында»: «Біздің стратегиямыздың ... құраласы Америка Құрама Штаттарын қоса алғанда, басты демократияшыл индустриясы дамыған мемлекеттермен байланысты күшейту» [1] деп көрсетіліп, оны іске асырудың нақты жолдары айқындалды. Аталған мерзімдегі мемлекетіміздің экономикалық саясатының негізі осы міндетті орындауға жұмылдырылды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тікелей бастамашылығымен ең алдымен әлемнің дамыған елдерінің экономиканы жүргізудің тәжірибелері зерттелді. Осылармен қатарында әсіресе АҚШ-тың әкономикалық дамуна ерекше назар аударылды. Бұл мемлекеттердің іскер топтарымен, бизнес орталықтарымен, кәсіпкерлерімен келісімдер жасалынып, атқарылар шаралар белгіленді. Мысалы, осындай мақсатпен «1996 жылдың сәуірінде Алматыда Америка-Қазақстан кеңестігінің (АКС) өкілі және Бейкер институтының Президенті ретінде АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Дж. Бейкер болды. Жұмысына америкалық кәсіпкерлер қатысқан «Қазақстандағы бизнес-жоспар» атты конференцияда Н.Ә. Назарбаев сөз сөйледі.
Дж. Бейкер Қазақстан Президентін Америка жағы бұдан ары да «сенімді инвестициялық алаң» ретінде ҚР ірі инвестиция салуға одан ары ұмтылыс танытып отырғандығына сендірді [2].
Міне осындай тағыда басқа алыс шетелдерінің мемлекеттік орындары және өндірістік, қаржы, сауда, т.б. бағыттардағы іскер топтары жетекшілерімен экономикалық қарым-қатынасқа арналған көптеген келісімдер жасалды. ХХ ғасырдың 90-ншы жылдарының екінші жартысынан Қазақстанның өндірістері қарқынды дамушы алыс шетел мемлекеттерімен жүйелі тұрғыдағы экономикалық байланыстары қамтамасыз етіле бастады. Мысалы: «Алыс шетел мемлекеттерінің ішінде Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестігіне айналған АҚШ-пен неғұрлым белсенді қатынас іске асырылуда. Екі мемлекет арасындағы сауда айналымы 1996 жылы 200 млн доллар, АҚШ-тың Қазақстан экономикасына инвестициясы 800 млн доллар болғанымен, Қазақстандағы шетел инвестициясының алтыдан біріне жуық.
Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық байланысы неғұрлым белсенді тұрғыда дами түсуде. Республикада 70-тен артық германиялық кәсіпорындар жұмыс істейді. ...1996 жылдың соңында үкіметтік деңгейдегі Германияның бірлескен кәсіпорындарды инвестициялауы туралы келісімдер жүргізілді. Қазақстан мен Германия арасындағы сауда айналымының көлемі өткен жылы 350 млн доллардан артық болды.
Қазақстан мен Британдық қатынастағы белгілі оқиға 1996 жылы Лондондағы «Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндік» атты көрме болды. 1995 жылы «Испад Интернейшнл» серіктестігі ҚР-ның республикадағы металл өнімдерін экспортқа шығарудағы жетекші орын алатын Теміртау қаласындағы Кармет металлургиялық комбинатының 100% активтерін (200 млн доллар) сатып алды. Екі ел арасындағы сауда айналымы өткен жылы 307 млн АҚШ долларын құрады [3]. Осылармен қатар «...Ұлыбритания ҚР ауыл шаруашылығы, қаржы, бухалтерлік есеп саласында кеңес беруге көмектесе отыра студенттерге ғана емес, мемлекеттік қызметкерлерге, дипломаттарға да Ұлыбританияда оқуға стипендия бөлінуде. Мұндағы негізгі бағыт ҚР-ның ашық нарыққа көшуіне, сонымен қатар экономиканың МВВ және МБРР талаптарына келуіне көмектесу болып табылады [4].
Еуропаның экономикасы дамыған елі «Франциямен сауда-экономикалық қатынастағы белгілі оқиға құрамына төмендегідей, «Рено», «Кох», «Евроконтер», «Шнайдер», «Софреля», т.б. ірі серіктестіктер жетекшілері енген француз бизнесмендер тобының 1996 жылғы Қазақстанға сапары болды. Сапар барысында «Рено» фирмасымен бірлескен автомобиль шығаратын өндіріс құрылымын негіздеу, француз серіктестктерінің Ақмола әуежайын, Алматыдағы метроны, Қарашығанақ кен орнында газ құбырын салу, Ақтөбеден Қарашығанаққа дейінгі жоғары вольтті электрмен қамтамасыз ететін электр жүйесін салу туралы алдын-ала келісімдер жасалды. Қазіргі күннің өзінде Қазақстанда жиырма бірлескен Қазақстан-Француз фирмалары мен банкілері, солардың қатарында белгілі «Эльф Акитен», «Тоталь», «Муликенс» жұмыс істейді.
Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық байланыс жүйелі түрде дамып келеді. Қазірдің өзінде түрік фирмалары Қазақстанда 2000 жылы 5 млрд долларға жетуге тиісті 1,5 млрд АҚШ долларының құрылыс жұмыстарын атқаруда. Бүгінгі уақытта Қазақстанда 30-дан артық түрік фирмасы аккредитациядан өткен, 90-нан артық Қазақстан-Түркия бірлескен кәсіпорындары жұмыс істейді. Барлық жерлерде түрік бизнесі кездеседі [5].
Азияның белді мемлекеті «Оңтүстік Корея үшін Қазақстандағы басымдылық бірлескен кәсіпорындар негіздеу мен көлемі қазіргі күнгі 100 млн доллардан кем болып отырған сауданы дамыту болып табылады. ҚР үкіметі Оңтүстік Кореялық капиталды республикаға салуды белсенді тұрғыда шақырып келе жатқандығын атап өту керек» [6]. Осы айтылғандармен қатар жоғарыдағы аталған мемлекеттер тарапынан Қазақстан экономикасын инвестициялау ісі де жүйелі түрде және де кең көлемде жүргізілді. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың атап көрсеткеніндей: «Біздің экономикада тікелей шетел инвестициясы үлкен роль атқарды. 1993-2000 жылдар аралығында Қазақстан оны ТМД елдеріндегі шетел инвестициясының үштен бірін, Орталық Азия мемлекеттерінің 80 пайызына жуығын құраған 14,7 миллиард АҚШ доллар көлеміндегідей деңгейде тартты [7]. Қорыта айтқанда, Қазақстанның тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы алыс шетел мемлекеттерімен арадағы экономикалық қатынас және инвестиция тарту саясаты мемлекетіміздің әлемдік нарық қатынастарына берік енуіне, отандық өндірістің қалпына келіп, дамуына, тауар өндірудің сапалық көрсеткіштерінің жаңа сатыға көтерілуіне ықпал етті. Осындай талап жағдайындағы еліміздің әлемнің аталған мемлекеттерімен арадағы байланыстарының көлемі арта түсті. Бұл мемлекеттер Қазақстанды саяси тұрақты, экономикасы дамушы ел ретінде танып, онымен әр салалы қатынас орнатуға ұмтылыстық таныты. Осы арқылы Қазақстанның әлемдік экономикалық қауымдастықтағы өзіндік орны қалыптасты. ХХІ ғасырдың басынан жоғарыдағы елдермен экономикалық ықпалдастық өзінің құлашын одан ары жая түсті.
Ғани Қарасаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы, бас ғылыми қызметкер
Әдебиеттер
1. «Қазақстан-2030» даму стратегиясы, 16 б.
2. РФ ССМ, қор 847, тіркеме 3, папка 10, іс 21, п.126
3. РФ ССМ, қор 897, тіркеме 4, папка 14, іс 13, пп. 59-60
4. РФ ССМ, қор 897, тір 1, папка 1, іс 5, пп. 10-11
5. РФ ССМ, қор 897, тіркеме 4, папка 14, іс 13, пп 60, 63
6. РФ ССМ, қор 897, тір 1, папка 1, іс 5, п.14
7. Назарбаев Н.А. Стратегия независимости. – Алматы: Атамұра, 2003. С. 260.