Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қарғыс

1413
Қарғыс  - e-history.kz
Архив деректеріне сүйенсек, 1932 жылдың 20 маусымында өлкемізде 16885 панасыз бала тіркеліп, оның 11599-ы балалар үйіне алынған

Халқымыздың тіршілік атаулының мəнін мүлтіксіз ажырату қабілеті мені қашан болмасын таң қалдырады да отырады. 

Ғасырлар бойы жамандықтан сақтандырып, жақсылыққа ынтық еткен де əлімсақтан бірге жасасып келе жатқан дүниетанымдық фəлсəфият: əлемдегі зат пен құбылыстың қай-қайсысының от басы мен ошақ қасына пайдалысы – дос та, залалы – қас. Демек, зұлымдықтың қызыл көз дəуі – бала басын торлаған қасірет екен. Балдырғанға төнген апатты көргенде, адам өз басына түскен қиямет қайымды есепке алмайтын қағылез қасиеті тағы бар. Өйткені, ынтымақтың мəйегі, семьяның дəнекері, ошақтың сəні, үйіміздің салтанаты — бала. «Баласыз үй – мазар» деп, қысқа қайырып жататынымыз да сондықтан болар. Дүниенің пайда-залалын бажайлағанда басқа халық таразының бір басына зат не тас салып жатса, қазақ баласын салып өлшейді. Басқа дүние де керек, əрине, бірақ бала жанында ол – бос, жалған. Болашақтан мол үміт күттіретіні де – халқымыздың осы қасиеті. Сезімнің салмағы нар белін қайыстырар ауыр басталғанын жақсы сезінемін. Алайда, əңгіме өзегі де жеңіл емес. 1932-1933 жылдары ашаршылық құрсауына шалдыққан балалар тағдыры. 

Мұғалімдік кəсібіммен орайлас болса керек, əйтеуір мені шығынға ұшыраған ересектерден гөрі, бала тағдыры көбірек толғантады. 

Осы уақытқа дейінгі қазақ баспасөзі бетіндегі ашаршылық туралы жазылғандардың дені мал мен азамат шығыны төңірегінде болды, бала мəселесі арнайы қозғалған емес. Ашаршылықтың ащы таяғы, ең алдымен, бөбектер мен сəбилердің тұщы етіне тигені мəлім. Бағалама есеп бойынша, сол қиямет замандағы емшектегі қазақ сəбилерінің үштен екісі, мектеп жасындағылардың жартысынан көбі ашаршылықтан баудай түсті. Тоқшылықтың өзінде бала шығынына жаназа оқып, бата жасай бермейтін халқымызды ашаршылықтың есеңгіреткені соншама, ұрпағынан тірідей айрылып жатқаны кəперіне кіріп те шыққан жоқ. Сөйте тұра, М. Тəтімовтың ашаршылықтың құрбаны туралы сан дерегінің (2. 022. 000 адам) тура жартысы балаларға жата ма деп қауіптенемін. Иə, өлгендердің бір миллионнан астамы балалар. Ересектердің шығыны мұның үстінде. Менің қолымдағы бар материалдар осылай дейді. Бұл əңгіме бөлек. Əзірге кейінге қалдырамыз. Қазірде қазақ ауылында əдетте мол кемпір-кешек пен шал-шақпұттың арамыздан сейіліп кеткендігі – осы. Көшедегі қартты көріп, ата деп бас салсаң, ашаршылықта басқа елде қоныс аударып, қайта келген адам болып шығады. Сол кездегі сəбилердің қазір ата атанып, ат баптап, құс тарақтап, оқ жонып, əлде бəйбіше болып, тон пішіп, ұршық ұстап, төрімізде отыратын мезгілі енді туып еді. Амал не?... 

9c9c5d8e4c6c0a2ddf6806d5e5d25620.jpg

Бала тағдыры – қоғамның кісілік келбетінің айнасы. Қазірде бала тауып қойдың деп, қазақ əйелін кінəлап жатқан кейбір азаматтардың өресі сол – 1932-1933 жж. былғары күрдекше киіп, жұлдыз тағып, мылтық асынған мизантроп басшылардан артылып түсті дегенге ауыз бармайды. «Адам екен десем, əкім екенсің ғой», – депті Əлішер Науаи осылардың ортағасырлық бір əріптесін көріп. 

Архивтегі ашаршылыққа байланысты іс қағаздардың қайсы бірін алып қарасаңыз да ата-анасынан айрылып, қу далада боздап қалған қазақ баласының тағдыры кесе-көлденең тұра қалады. 

«Əулие-Ата ауданының балалар үйінің қысқа дайындығы туралы. Жалпы жағдай. 1933 жылдың 17 қазанына панасыз балаларды тіркеу жалғасуда. Сарысу мен Мерке, Талас жақтан балалар ағылып келуде. Келгендер колхозшы қазақтардың ғана балалары. Жалпы саны – 2353» (Қазақ ССР Мемлекеттік архиві, 509-қор, І-тізбе, 165-іс, 261-бет). Мəлімет арнайы іріктеліп алынбағандығына дəлел ретінде мына бір деректерді қоса кетелік. «Батыс Қазақстан облысындағы панасыз балалар туралы есеп. 1933 жылдың ІІІ-тоқсаны. Жымпиты ауданы. Балалар үйі – 1, бала саны – 58, ұл – 28, қыз – 30, қазақ – 56, орыс – 1, татар – 1» (бұл да сонда, 104-бет). 

Панасыз балалардың ұлттық құрамы, негізінен, қазақ екендігін көршілес Қырғызстаннан алынған материалдар да айқын дəлелдей алады: «Балалар комиссиясының баяндамасы. 22/1-21/11, 1933 ж. Фрунзе мен қаланың маңайынан 1100, аудандардан 801 бала жинадық. Оның 1720-сы қазақ балалары, оларды тиісті жеріне жібердік» (бұл да сонда, 229-іс, 23-тігілме, 53-бет). Сонымен, панасыздар негізінен, қазақ балалары болғандығын дəлелдедік деп есептелік. 

Архив деректеріне сүйенсек, 1932 жылдың 20 маусымында өлкемізде 16885 панасыз бала тіркеліп, оның 11599-ы балалар үйіне алынған. Тамыз айында 42000 панасыз бала тіркелген (балалар үйіне алынғаны белгісіз), сəл кейін 30 000 бала тіркеліп, оның 7500-і ғана балалар үйімен қамтамасыз етілген. Жалпы Қазақстан бойынша осы кезде балалар үйіне 68 617 бала алынған. Бірақ осы ресми мəліметтердің барлығының саналы түрде кішірейтіліп, «редакциялап» көңілге қонымды етіп берілгендігі байқалады. Мəселен, Семей мен Оралдан түскен мына хабарлар бюрократтар мен шенқұмарлардың қолы тиген барлық ақпарларға сенімдікпен қарауды діттейді. «Телеграмма. Семейден. Алматыға, Оқу халық комиссариатына. Өлкелік балалар комиссиясына наурыздың 10-ына (1932) 11370 панасыз бала тіркелді. Облоно. Касин» (бұл да сонда, 227-іс, 23-тігілме, 280-бет). Ал осы дерек, бүкіл өлкедегі панасыз балалардың жалпы саны, жоғарыдан түскен бұйрыққа орай кейде көтеріліп, кейде төмендеп отыратыны да қайран қалдырмай қоймайды. 

«Қазақстанның Орталық Атқару Комитетінің Балалар комиссиясына Батыс Қазақстан Облыстық Балалар комиссиясының хатшысы Телятовтан рапорт. 1/XІ.32 ж. – 15/1.33 ж. аралығында облыста панасыз балалар 1116 адамға жетті. Балалардың көбеюі аудандық балалар комиссиясының панасыздар санын анықтай түсуіне байланысты 9/1.33 ж.» (бұл да сонда, 165-іс, 85-бет). 

Панасыз балалар саны жылдың маусымына орай да өзгеріп отырды. Мəселен, Алматы облысы бойынша 1932 жылдың 1 желтоқсанында 200 панасыз балалар тіркелсе, 1933 жылдың 1 ақпанында – 2150, 1 қаңтарда – 2500 балаға жетеді. Облыс бойынша барлығы 4850 бала тіркеледі (бұл да сонда, 165-іс, 87-бет). Панасыз балаларды қолға алу Оқу, Денсаулық сақтау халық комиссариаттарына, Қоныстану, Балалар комиссияларына, əртүрлі қоғамдық ұйымдарға, кəсіпорындар мен колхоз-совхоз басшыларына тапсырылды. Істі жүргізу бір орталыққа бағынбады. Сондықтан əр мекеме статистикалық материалдарды өздерінің қалауынша істің ыңғайына орай өзгертіп беріп отыр ды. Балалардың жалпы шығынын дəл айтуға осы жайттар кедергі болады. 

Кейбір мекеме басшылары балалар мəселесіне ашықтан-ашық немкеттілік танытты. Олар балалардың денсаулығы мен өлім-жітімі туралы ақбарларды жасырып қалып отырды. Балалардың тағдырына деген немкеттілік салдарынан мыңдаған бала тарыдай шашылып түсіп, жан-жаққа тарап кетті. Қаңғырған қазақ балалары туралы ресми деректер өте жұтаң, солардың бірінің сиқы мынандай: «Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің Балалар комиссиясына, 29 сентябрь, 1932 жыл. Балалар комиссиясының есебі бойынша ҚАССР-ымен шектесетін облыстарда Қазақстаннан шыққан қазақ балаларының саны Батыс Сібірде – 458, Орта Еділ бойында – 1352, Қырғызстанда долбар есеппен – 500 (шындығында 21/II, 1933 ж. – 2901 бала). Барлығы – 2410 адам. Қазақстанда Оқу комиссариаты тарапынан 42000 панасыз бала тіркелді. КазЦИК-тің Орталық Балалар комиссиясының председателі Миронов» (бұл да сонда, 227-бет). 

Бұл күнде өзгеріске ұшырап жатқан аумалы-төкпелі мезгілдің мəліметі екенін тағы да еске сала кеткенім артық болмас. «Панасыз балалардың Оңтүстік Қазақстан облысындағы саны: 1932 ж. ноябрь – 582, декабрь – 877, 1933 ж. январь – 1101, барлық саны – 2560 адам» (бұл да сонда, 88-бет). Санның өсу тəсілін прогрессияның қай тармағына жатқызарын оқушылар өздері білсін. 

Бейбіт елге келген нəубеттің қыл арқаны 1932 жылдың аяғы мен 1933 жылдың бастапқы айларында тіпті тұншықтыра түседі. Сол кезеңде архивке түскен қағаздарда ата-аналарынан айырылған бөбектер саны Түрксібтің бойымен тулаған пойыздың вагондары секілді. Тізбек-тізбек. Айдалада боздап қалған сəбилер темір жол бекеттерін, базар алаңдарын, салынып жатқан кəсіпорындарды, құрылыстарды, күмбездер мен зираттарды паналады. «Панасыз балалар əсіресе ел көп жиналатын жерлерде – базарларда, шайханаларда, завод-фабрикаларда аса көп» (бұл да сонда, 52-бет). 

1932 жылдың жазында темір жол бекеттерін паналаған балаларды қабылдау үшін арнайы қабылдау вагондары ашылады (бұл да сонда, 19-бет). Балалар комиссиясының өкілі Семеновтың 1933 жылғы 6 қаңтар күні ҚАССР Халық Комиссариаты Советінің өкілі Құрманғалиевқа жолдаған мына хаты сол темір жол бекетінің бірінде болған жағдайды баяндайды: «Мұнан кейін мен мынандай уақиғаға куə болдым: кешке қарай күн суытқан соң вокзалға кірген едім, менің көзімше 3 жүк тасушы залды қазақтардан босатып жатты. Басқа адамдардың арасынан қазақтарды ғана іріктеп, желкесінен алып, бір-біріне итеріп, нұқыл, ауыздарына келген балағатын айтып, қуып жатты... Үш жасардан он алты жасқа дейінгі 23 бала жүр. Қара жерге су сырмақ төселген, кейбірі соның үстінде қорылдап ұйықтап жатты. Су орнына қар жейді екен. 3 бала «жұқпалы ауруға» шалдыққан» (бұл да сонда, 23-і с, 229-тігілме, 41-бет). Бұл хабарлама Əулиеатадан түседі. Жер бетінде қылтиған тіршілік күнге қарап бой түзейді. Темір жол бойына тұяғы ілінген жан оңтүстікке бет алғаны заңды да. «Оңтүстік Қазақстан бойынша 1933 ж. 1 желтоқсанында 14419 панасыз бала тіркеледі. 

Олардың саны: Əулие-Атада – 2112, Арыста – 689, Жуалыда – 1017, Қызылордада – 1250, Келесте – 945, Қазалыда – 675, Таласта – 275, Меркеде – 800, Леңгірде – 752, Созақта – 600, Сайрамда – 675, Түркістанда – 877, Шымкентте – 1266...» (бұл да сонда, 1-іс, 229-бет). Бұл мəліметке иланбасқа не шара бар? Мəулі деген жердің сиқы мұндай болғанда темір жолдан шалғай жатқан, əсіресе қызылы мен бұрқасыны жарыса соғатын аймақтардағы бала-шағаның халі нешік? «Шығыс Қазақстан облысындағы панасыз балалардың жағдайы туралы анықтама. 1932-1933 жыл. Есепке алынуы: Оқу комиссариаты бойынша – 9915, Денсаулық сақтау комиссариаты бойынша – 690 бала. Өлім-жітім: 1933 жылдың І жəне II тоқсанында 852 өлді». 

Бұл документ бір жылдың екі тоқсанында ғана – республикамыздың шығыс өңіріндегі қазақ аудандарының барлық мектептерінің дерлік оқушылары аштан қырылып, аңырап бос қалғандығын айқындап тұр. 

Жалпы Қазақстан бойынша панасыздар саны (Оқу халық комиссариатының 1/1. 33 ж. есебі) – 45 100, оның аштан өлгені – 1 682 бала (бұл да сонда, 81-бет). Панасыз балалардың санын анықтау, оларды үкімет қамқорына алу өте қиынға соғады. 

Мұның кей себептеріне жоғарыда тоқталып өттік. Панасыз балаларды былай қойғанда үкімет қарамағындағы балдырғандардың арасындағы шығынның өзі мол болған екен. Алайда, шығынның да шығыны бар. Ал, мына төмендегі сұмдық шығынның қай түріне жатпақ? Дəл осы кезде сахарадағы жағдайды өз көзімен көріп келіп, балалар босқымының алдын аларлық шара қолдану үшін Абыралы, Шұбартау, Шыңғыстау аудандарын болашақ өлкелік Оқу халық комиссариаты Саматов М. жіберілді. Осы азаматтың Орталық партия комитетіне жолдаған баяндамасынан шағын бір үзінді келтіре кетелік: «1932 жылдың бірінші ақпанында Абыралы ауданының тұрғындарының саны 11066 адам еді, осы жылдық 1 қарашасында 3 928 жан қалды, мал 42 процент қысқарды, елдің 64,6 проценті көшіп кетті (өліп қалды дегенге аузы бармай жатыр – С. А.). 

Шыңғыстау ауданындағы 1929 жылғы қыркүйек айындағы санақта анықталған 6785 шаруа семьясы мен 8143 бас мал қалды». Мұндайда тегеуірін зəрін алдымен балаларға төгетіні мəлім. «...Азық-түлік ауыртпалығын мынандай фактілерден аңғаруға болады», – деп жалғастырады баяндамасын Саматов М. жолдас. – 1. Мұқыр ауыл советінің азаматы Таутенов Өмірғали өзінің төрт жасар Ақлима деген қызын қаңғыртып жіберген екен, мен ол баланы басқа біреудің ауласынан тауып алып, көмек көрсеттім. 2. Қайырбеков Қиналбек деген тентіреп кеткен жеті жасар жетімді бөгде адамдар паналатыпты. 3. Мұқыр ауыл советінде Оңашабаев Өмірғали мен Тамашабаев Қабыш дегендер бірігіп, бір əйелді өлтіріп, 1,5 кг тарысын тартып əкетіпті. Айғақтар табылды. 4. Мұхамедиярова Инаш 35 жаста, 18 адам бас қосып бірігіп, тау ішінде тығылып жүріп, адам етін жеген. Бұл əйелдің төрт баласының екеуі өткен жылы балалар үйінде өлген, ал қалған екеуін (алты жасар Зейнеп пен үш жасар Биғаным) осылар жеп қойған. Бұлардың арасында Түлеубаев, Өмірбеков, Имашов, Тарыбаев Шыныбаевтар болған (бұлардың бір-екеуі Белағаш ауданында тұрып жатыр деген сыбыс бар). Бұлар Ембердиев Əміре деген балуанды да жеген" (бұл да сонда, 30-қор, 6-тізбе, 171-іс, 21-тігілме, 76-бет). Белдесер балуан тағдыры мұндай болғанда, бесіктен белі шықпаған сары ауыз бейбақтың күні не болды?! 

«Торғай жауын жауса, балапанын қорғайды, бұршақ жауса, өз басын қорғайды» деген осы ма? Қазақ баласының неге болса да көнбіс келетіні мəлім. Төзімділігіміздің арқасында Орта Азияның шөл мен шөлейтін игердік, «көкпектен басқа шөбі жоқ, көкектен басқа құсы жоқ» құладүз өлкеге сəйкес мыңжылдық мəдениет түздік. Бұл біздің ата жұртымыздың əлемдік цивилизацияға қосқан үлесі еді. Бірақ əрнəрсенің шегі болмақ. Осы нəубеттің салдары балдырғандарымыздың белін майыстырғанда оларға ара түсіп, арашашы боларлық азамат табылмағандығы қалай? 

Қорғансыздарға қорған боларлық ұлт азаматтары, белсенді жандар қайда екен деп том-томдаған архив қағазын ақтара түстік. Əдетте, жай күнде жаман адам жақсының орнына жүре беретіні бар, ал оларды сынайтын осындай шақ болса керек. 

1932-1933 жылғы қасірет қолдан жасалғанын мойындап жатырмыз. Дұрыс. «Ал, осы нəубетті жасаған кім?» деген сұрақ туса, назарымыз Москваға, Сталин мен оның қарғыбау тағып ұстаған жендеттеріне ауады. Барлық пəлені Сталинге жаба салу – істің мəнісін тасада қалдыратын ең оңай жол. Жергілікті жендеттердің туған халқына деген жауыздығының салдарынан бір құрбанмен құтылатын жерге екеуді бердік. Халық қасіреті кеңейе, тереңдей түсті. Олар ақ ниетті адал жандарға дес бермеді. «Жауын бір жауса, терек екі жауады» дегендей, тыстан келген нəубеттің шоғын үйде отырып қоздырғанымыз – тақырыбы бөлек, жеке əңгіме. «Аудандық атқару бөлімінің бастығы Жүнісов Сахи 75 баланы аштан қатырып, 8 жыл бас бостандығынан айрылып еді, оны Ақтөбенің облыстық соты ақтап, Ақбұлақ мектебіне меңгеруші етіп жіберді», – дегенді оқыдық ашаршылық жылдардағы архив қағазынан (30-қор, 6-тізбе, 171-іс, 21-тігінді, 29-бет). Сарғыш қағаз сəби болып егіледі. Келесі бетін ашуға сескендік, бет-жүзіміз шыдамады. 

072c6e2a6d689679c0a0f18061e6a0db.jpg

Сұмдықтың көлеңкесінен сол жылдан бері тығылып жатқан сұмырай шалынады жасқа малыққан көз жанарыма. Архив залының шаңырағынан аштық құрсауында кеткен бейбақтардың ащы зары естіледі. Тəуекел деп қалың папканың тағы бір бетін аудардық. «Балалар үйінің меңгерушісі Досболов балалар есебінен өзінің семьясын, туған-туыстарын, тамыр-таныстарын асырап-сақтап қана қоймай, ұн мен етті базарға алып шығып сатады. Досболов 5 жылға кесіліп еді, күні ертеңінде сайрандап бостандыққа шыға келді» (бұл да сонда, 28-бет). Балалар үйіндегі «педагогтар» тарапынан болған ұрлық-қарлықтың зардабын жазықсыз бейбақтар тартты. «1932 ж. балалар панасыздығымен күресу шараларының қорытындылары туралы баяндама. Балалар арасындағы ауру жəне өлім-жітім. Бесқарағай (21/ІХ-23/ІХ (32) аралығында төрт бала ауырып, біреуі өлді. Себебі – аштықтан асқазанның бұзылуы. Шемонаика. Қазан айында ауырғандар – 24, өлгендер – 4. Өскемен, тамыз, қыркүйек айларында өлгендер – 26, себебі: аштық. Қарқаралы, 8/VIIІ-8/XI аралықта 11 бала өлді. Белағаш. 1/XII. Балалар үйінде 73 бала болды. 30/ХІІ – 56 бала түсті. 13-і ауруханаға жіберілді. Желтоқсан айында 55 бала өлді (бұл да сонда, 326-бет). 1932 жылы жалпы Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 1687 бала аштан өлген (бұл да сонда, 326-бет). Оралда июль айын да өлгендер – 34. 

Сорлы балдырғандар тағы да қай сұмырайдан қорлық, қай алаяқтан зорлық көрді екен деп келесі бетін тағы да аштық. «Акт. 1933 ж. 31 қаңтар. Əулие-Ата. 1400 бала аядай 5 бөлмеде 60—80-нен тұрады. Дүзге отыруға шатырға шығады... Аудандық оқу жəне денсаулық сақтау бөлімдерінің балдырғандарға деген немкеттілігі салдарынан 50 бала өлді. Өлгендерді жерлеу ұйымдастырылмаған. Тамақ беретін пунктте күніне үштен жеті-сегіз адамға дейін өледі. Комиссия зиратты тексергенде жол бойында жерленбей 50 өлік жатты» (509-қор, 1-тізбе, 229-іс, 23-тігінді, 40-бет). 

Мені үрейлендіретін өлім-жітім емес, кісі етін жегендер де емес, оған да адам баласы көнігеді екен. Есінен адасқан жан не істемес дерсің. Ұрпағына ие боларлық, əлеумет тұтқасын ұстаған қайраткер азаматтардың жылпостық жасап, құла дүзде тағы аңмен бірге ұлып қалған қазақ бүлдіршіндеріне жасаған бейбастық əрекеті жанды жегідей жейді екен. 

Аса ауыр, кісілік бітімнен жұрдай адамдардың жүріс-тұрысы туралы мұндай мəліметтерді тізе беріп, оқырман жүрегін қоса сыздатқым келмейді. Бірақ, амал да жоқ, көңілдің кірі айтпай кетпес, сірə да. 

«Бос белбеу, босаң туған» сұмырайлардың нешебір тұрпатын сол кездегі іс қағаздарынан оқшау, жеке оқиға түрінде емес, жаппай етек алған жалғасты құбылыс ретінде кездестіреміз. «Қызылордадағы Ленин атындағы балалар үйінде балаларға арналған азық-түлікті ұрлық-қарлық пен талан-таражға салу байқалады. Тəрбиешілердің ар-ұяттан безгендігі соншама балаларға арналған тамақты олардың аузынан жырып, туған-туыстарымен бірлесе отырып ішеді» («Советская степь», 3/1, 1929 ж). Осындай бейбастық Жарма балалар үйінде де орын алған (ҚазССР М. А., 146-іс, 43-бет). 1932 ж. Маңғыстау балалар үйіне бөлінген 376 бас қой мен 10 түйеден 1933 жылы 44 қой мен 1 түйе қалған. 332 қой мен түйенің қайда кеткенін не облоно, не районо қызметкерлері білмейді (бұл да сонда, 227-іс, 23-тігінді, 94а-бет). Бір таң қалатын жайт, қылмыскерлер жазалау орындарынан сытылып шығып отырады да, бұл бассыздықтың барлығы сыбайласып істелген шаруа болып көрінеді. 

«Азық-түлік балалар үйлерінің қызметкерлерінің талан-таражысына түскендіктен балалардың ауқаты күрт төмендеп кетті. Семей балалар үйінің меңгерушісі 1 тонна ұнды ұрлап сатып, өзі қашып құтылды» (бұл да сонда, 328-бет). «Сасық ми, салқын жүрек санасыздардың сыбайласа жасаған сұмдықтарын есептей берсек, қиял жетпейді. Əрине, Досболов, Жүнісовтермен күресу керек, бірақ күрес олардың өз бастарымен шектелсе, зұлымдықтың əлеуметтік маңызын түсінбеудің тікелей салдары болмақ. Мұны əлеуметтік құбылыс ретінде қарап, оған қарсы шыға аларлық рухани қару-жарақ сайлай аларлық дəрежеге ұлт болып көтерілу керек. 

Тірі Жүнісов пен Досболовтар қорғансыз қазақ сəбилеріне бүйідей тиіп, зар қақсатып жатқанда, тірі жаннан тиянақ таба алмаған бейбақтар Қожа Ахмет Яссауи, Қамысбай, Абақ, Ыбырайым, Шақпақ, Бекет, Төле би, Баба Түкті Шашты Əзиз аталарының күмбездерін паналап, топырағына ұлт болып тізесін бүгіп келген пірлері мен пəруəрдігерлерінен медет сұрады. 

Осындай сұрапыл шақта Яссауи ғимараты аш пен арықтардың кəдуілгідей ақысыз-пұлсыз мейманханасына айналды, дананың хикметтері дұға мен жаназа орнына жүрді. 

Тура осындай оқиға Ташкенттегі Жүніс хан мен Төле би күмбездерінен де орын алған екен. Мұны осыдан бірер жыл бұрын Төле бидің 325 жылдығына орай Өзбекстан астанасының «Орда» деп аталатын жерінде орналасқан Төле бидің (өзбектер Қалдырғаш би дейді) күмбезіне зиярат жасаған кезде білдім. 

Жаныма еріп барған Күнікей деген балам бабасының басына естелікке өрік ағашын екпек болды. Қаршадай қызымның бұл ақылын мақұл санап, күмбездің Бахадүр деген шырақшысынан күрек сұрадым. Мүгедек шырақшының нұсқаған жеріне күректі шаншып қалып едім, темірдің ұшы шаңқ етіп, əлденеге тиді. 

Шырақшының бетіне қарадым. Ол, «қаза бер, бос жер жоқ» деп ымдады. Азғантай қазған соң сəбидің жауырыны мен мойын омыртқасы шықты. Шырақшы аят оқып, маған басу сөз айтты да, ашаршылық жылдары босқан қазақ балдырғандарының күмбезді паналап, өлгендерін осы ауылға жерлегенін əңгімелеп берді. Есіме тағы да архив материалдары оралады. 

1932 жылдың күзінде балалар үйіне 68 000 бала түседі. Балаларды қабылдап, азық-түлікпен қамтамасыз етуге үкіметтің еш мүмкіндігі болмады. Бұл жаппай босқынның шағын ғана бөлігі еді. Сондықтан қыс алдында олар жылы жаққа – Қырғызстанға, Өзбекстанға, Тəжікстанға, Түркменстан мен Қарақалпақстанға ауады. Əдетте осындай шырғалаң кезеңдерде ақыл тоқайластырып келген тілдес, діндес, ділдес ағайындарына енді алақанын жаяды, қайыр сұрайды. «Жат жарылқамайды, өз өлтірмейді» дегендей, тектес, бауырлас жұрт мұсылманшылық жасап қолынан келген көмегін көрсетеді. Қазірде «интернационализм» деген ұғымды қырық саққа жүгіртеміз. Ал, мен білетін нағыз интернационализм – осы. Сахара төсінде көмусіз қалып, ит пен құсқа жем болғанша, «өз ағасының» ортасында жатқан атасының жанына жетіп өлген сəбиді ардагер азаматқа теңедім, ұрпағымен бірге топырағын бөлісе жамылған аруақты көріп, «жақсыдан – шарапат» деген осы деп жорыдым. 

9cfee01b61c7fc373553d3c6f1f201f3.jpg

Ал, сонда «жаманнан – кесепат» деген не? Ол қандайда айтылушы еді? Жауапқа тағы да архив мəліметін көлденең тартамыз. Бұл оқиға Меркенің қант заводын салу кезінде орын алған. Материал оқушыға бұзылмай жету үшін өзгеріссіз, қылау түсірмей ұсынамыз. Түсініктеме беруді де артық санадық. 

«Босқынға ұшырағандарды орналастыру жəне қайта қоныстандыру комиссиясының председателінің орынбасары жол. Төреғожинге. № 20–13. Сіздің нұсқауларыңызда көрсетілген «Сахарстрой» ісі уақытында ашылып өлкелік комитетке хабарландырылды жəне Сахарстройдың бастығы Слепцовты, парткомның ұялық хатшысы Көсеубаевты, жұмысшылар комитетінің председателі Бекбауловты жұмыстан шығару туралы шешім қабылдады. Заводтың директоры жол. Черевотенкоға қатаң сөгіс берілді. Сонымен бірге өлкелік комитет Құлетов пен Атаниязовқа ашық сот процесін шақыруды көздеді, бірақ ісі əлі жүргізілген жоқ. Мəселе төмендегідей болып тұр: жұмыс тəртібін өрескелдікпен бұзып, адам хұқын аяққа басып, өктемдік көрсетіп ауру босқындарды себепсіз жұмыстан шығарып, тиесілі азық-түлік бермей, еңбек ақыларын төлемеген. Ауру жұмысшылар мен босқындардың панасыз балаларын зорлықпен машиналарға тиеп, иен далаға аш-жалаңаш тастап кеткен олар өз тарапынан комиссия құрып, арық, ауру деген сылтаумен жұмысшыларды жаппай жұмыстан шығарып отырған. Сөйтіп, адам естімеген айуандықтың басқа да түрлеріне көшкен басшылар бұл құбылысты кедуілгідей, ештеме болмағандай қабылдады. Бірақ осы құбылыстың тағы бір жағын ескерген жөн сияқты. Өлкелік партия комитетінің ұйғарымына қарамай, Алматыда жауапқа тартылған қылмыскерлердің ісін Жоғарғы сот пен тергеу орындары «кең арқауға» салып, созып бақты. Нəтижесінде аты шулы іс ақырында жабылды. Міне, сіз сұраған негізгі фактілер осылар. Аудандық партия комитетінің секретары Жолдасбаев. 21.09.1933 ж. Мерке. РКВКП(б)м. 

Хатты Төреғожин жолдас дереу заң орындарына жіберді. «Юстиция халық комиссариаты жол. Оликовқа, Жоғарғы сот жол. Құлетовқа, Көшірмесі НКР жол. Абдырахмановқа. Сіздерге Мерке аудандық партия комитетінің секретары Жолдасбаевтың хатының көшірмесін жіберіп отырмын. Халық комис. Советінің комиссиясына кешіктірмей хабарлауыңызды сұраймын. Жоғарғы соттың кезектен тыс сессиясын шақыру туралы өлкелік комитеттің шешімі неге орындалмады? Өкімет пен партия науқанын өрескел бұзушылар қазіргі уақытқа дейін жазаға тартылмауы қалай? Қоныс аударушыларды орналастыру жөніндегі Халық Комиссариаты Советінің комиссиясының председателінің орынбасары Төреғожин И. А». 

Төреғожин жолдас бұл бассыздыққа тек заң орындарының ғана назарын аударып қоймай, өкімет басшыларының алдына қойып, шара қолдануын талап етеді. 

«Жолдас Исаев. Жоғарыдағы көрсетілген материалдағы фактілерге кей адамдар селқос қарап, салқын қандылық танытуда. Сіздің тікелей қатысуыңыз қажет». 

Қазақстан өкіметінің төрағасы О. Исаевтың бұл іс бойынша нендей əрекет жасағаны күні бүгінге дейін беймəлім. Алайда, оның көмекшісіне заң орындарынан шұғыл түрде мына төмендегідей мəлімдеме түседі: «Жолдас Исаевқа тіркелген материалдар. Көшірмесі: ВКП(б) өлкелік комитетіне, Халық Комиссарлар Советінің босқындарды орналастыру комиссиясына. Мерке «Сахарстрой» ісі бойынша мəлімет. Оқиға болған жердегі тексеру барысында жұмысшыларды жабдықтау мен қоғамдық тамақтандыру ісі дұрыс жолға қойылмағандығы жəне еңбек ақыны қайта қоныстанушы құрылысшыларға дер кезінде төлемеу нəтижесінде аш-арық жұмысшылар ауруға шалдығып, титығына жеткендігі анықталды. Құрылыстағы жұмысшы күшінің жетіспеуі, аурулардың көбеюі, жұмысшылардың азық-түлігін панасыз балалардың тарапынан болған ұрлық-қарлық завод дирекциясын, партия ұйымы мен жұмысшы комитетін осы мəселемен тікелей байланысуына мəжбүр етті. 

Бірақ завод əкімшілігі – құрылыс бастығы Слепцовтың орынбасары Нечитайло, партия ұйымының хатшысы Көсеубаевтың жəне жұмысшы комитетінің бастығы Вакловтың тарапынан жұмысшыларды құрылысқа бекітуге, олардың материалдық тұрмыс жағдайын жақсарту (қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысын жақсарту, уақытында еңбек ақы төлеу, жұмыс құралдарымен жабдықтау) шаралары қолға алынбады. Оның орнына Слепцовтың 24.06.32 жылғы бұйрығымен құрамында аудандық денсаулық сақтау бөлімінің дəрігері Соловьев, қамсыздандыру бөлімінің мүшесі Қамышов, партия ұйымынан Бекбаулов, əкімшіліктен Нечитайло мен Ахметов бар жұмысқа жарамсыздығын анықтау комиссиясы құрылды. Басты мақсаты: ауруларды, аш-арықтарды балласт есебіне жатқызып, мүлде құтылу мəселесін көздеді. Сөйтіп ұйғарымы бойынша алғашқы күнгі тексерілуден өткен 60 адамның 35-і жұмысқа жарамсыз деген желеумен жұмыстан шығарылды. Жұмыстан шығару ісі төмендегідей: ат айдаушы Бағаев 5 мамырдан 20 шілдеге дейін жұмыс істеген. Комиссия қорытындысы: өте арық, жүдеу, денесі əлсірегеніне байланысты жұмыстан шығарылды. Қалыптаушы Манекенова 26 мамырдан 23 шілдеге дейін жұмыс істеген, аяғы ауыр, өтініші жоқ, одаққа мүше емес, жұмысқа алдап, басқа адамның атымен орналасқан. Жұмыстан босатудың басты себебі осылайша жолдармен табылуда. 

Қамкөңіл басшылардың қолдан жасаған бұл қылмыстары арқасында панасыз балалар мен жұмыссыз аш-арықтар саны күн сайын көбейе түсуде. «Сахарстрой» өндірісінің оңбағандық əрекеті ауыр қылмыспен аяқталуда. Алғашында əкімшіліктің ұйғаруымен панасы балаларды жетімдер үйіне таратқан еді. Кейін оларды машинаға тиеп, Қырғыз АССР-інің Шалдобар ауылына апарып, мектеп үйінің ауласына аш-жалаңаш сорлы жандарды онсыз да жүдеп отырған елдің ішіне шашып кеткен. Панасыз бейшараларды алдап-арбау əкімшіліктің сойылын соққандарға оңайға түсті. Əдеттегідей айласын асырған бұл сумақайлар қойма меңгерушісі, ВКП(б) мүшелігіне кандидат Миронюк тарапынан əкімшілік бұйрық алып, машина үстіне аш балалардың сілекейін шұбыртып, алдына капуста көже мен азын-аулақ нан қойып, панасыздар жапатармағай тамаққа ауыз салғанда шоферге белгі беріп, зымырай жөнеледі екен. Жол-жөнекей машинадан секіріп түспекші болғандарды итке ас тастағандай нан қоқымын алдына тастап алдаусыратады. 

Өстіп сұр жыландай алдап-арбай отырып бейшара сорлыларды иен далаға апарып тастап, тағдыр тəлкегіне салып, тағы да азық-түлік əкелеміз деген сылтаумен ғайып болады екен. Бұл іс алғаш рет Меркенің аудандық партия комитетінің секретарына мəлім болған соң тікелей осы мəселе бойынша көтерілген дабылдың анық-қанығына жету үшін ауданға обл. ИК председателінің орынбасары Забиров арнайы комиссияны бастап келді. 

Тексеру кезінде жоғарыда айтылған шектен тыс жүгенсіздік фактілері расталды. Көтерілген істе құрылыстың бастығы Слепцовқа, оның орынбасары Нечитайлоға, жұмысшы комитетінің председателі Бекбауловқа, партия ұйымының хатшысы Көсеубаевқа, шаруашылық меңгерушісі Мироновқа, шофер Шмакқа Обл. КК тарапынан партиялық қатаң шара қолдануды талап етті. Бірақ бұл іс Обл. КК-да əлі қаралған жоқ. Сот пен тергеу орындары жағынан арнайы тексеру жұмысы жүргізілмеген. 1933 жылдың 26 сентябрінде мен ауданға келген күні жауапқа тартылғандардың ешқайсысы орнынан табылмады. Слепцов пен Көсеубаев Алматыда, ал Бекбаулов пен Миронюк партия жəне əскери учеттан шықпай, қашып кеткен, қайда екені белгісіз. Нечитайло командировкада, істің басты куəгерлері фельдшер Сорокин демалыста, дəрігер Соловьев істі тапсырмай, Шымкентке кетіп қалған. Сөйтіп тергеу жұмыстарын жүргізудің орайы келмеді. Ресми шарттарға орай мына талаптардың орындалуын қажет деп санаймын. 1. Оңтүстік Қазақстан Обл. КК-не тез арада Слепцов пен Көсеубаевтың ісінің болған жері Меркеге келуін қамтамасыз етіп, партиялық жолмен тергеуді қажет деп білемін. Обл. КК-нің шараларынан бөлек арнайы тергеу жұмысы болмай, істің мəніне жету қиын. Ал, айыпкерлер қашып кеткендіктен істің қайта жалғасуы оңай емес. Обл. КК-дағы барлық тергеу ісінің материалдарын партиялық тəртіппен қайта қарап, айыпкерлерді облсотқа беріп, қылмыстарына орай жауапқа тартуды талап етемін. Қылмыс кодексінің 265 бабына сəйкес қылмысты істерін мойындамай қашып жүрген Бекбаулов пен Миронюкқа соттың үкімі бойынша іздеу салу жұмысы тез арада қолға алынсын. Республика прокурорының аға көмекшісі: Н. К. Николаев 1 қазан, 1933 жыл". 

Мəңгілікке қарғыс арқалатып, масқаралау үшін тарих кейде залымның қолына уақытша билік беріп, сынайтыны бар. Бабыл заманында Хаммурапи мен совет заманында Берияның өстіп атағы шыққаны мəлім. Алайда, зұлымның ізіне түсіп, оның адам тəніне батырған уытты тісін қағып тастау үшін тəуекелшіл жандарды қоса жаратады. Дəл осындай азаматтардың қатарына мен босқын балалардың тағдырына арашашы болып, өз бастарына төнген қауіп-қатерге қарамай, өкімет алдына мəселе қойған Мерке аудандық партия комитетінің секретары Жолдасбаевты, Қоныстандыру комиссиясының төрағасы Төреғожинді, ВКП(б) Өлкелік Орталық комитетінің өкілі М. Саматовты, Балалар Комиссиясының өкілі Семеновты, республика прокурорының көмекшісі Николаевты жатқызар едім. 

Қазірде ашаршылықтың есеп-қисабынан сол кездің қайраткерлерін айлакерлерінен ажыратып сөйлеу қиынға түседі. Кеш жүріп кеткен соң əңгіменің ұшын табу оңай іс емес. Күні кешегі тарихтың өзі бұрмалауға түскен соң, жаман мен жақсы мидай араласып кеткен екен. Залымдардың іздегені де ойранын салып, ізін адастыру еді. Демек, олардың қимыл-əрекетіне баға беру, жасаған қылмыстарына байланысты оларды жауапқа тарту, əркімді тиісті орнына қою, ар сотына шақыру, ақиқатқа жету – болашақтың ісі. Басқа біреудің жасаған қиянатын кешіру-кешірмеуі жеке адамның өз басының меншікті ісі, ал қоғам өткен оқиғаның мəн-жайына, ақиқатына жетпей қоймайды, онсыз қоғамда əлеуметтік əділеттілік, моральдық мұрат орнығуы мүмкін емес. Азаматымызға тəн мінез-құлық осындай ма еді? 

Зұлым жандардың арамызда əлі тірі жүруі де кəдік. Көп болып лағнет айталық, өздері болмаса ұрпақтары оқысын, бабаларының кім болғанын тани жүрсін. Асыра сілтеудің кесапатынан қор болған балдыр-бұлдыр, бал мінез қайран балдырғандар! Араларыңда қаншама Абылай, Қабанбай, Дербісалы, Малайсарылар кетті екен?! Сүйектерің сай-салада шашылып, көмусіз шейіт кеткен сендердің аруақтарыңа жоқтау орнына осы мақаламды ұсындым. 

 Сәбетқазы Ақатай (1938-2003), философия ғылымдарының докторы, профессор

1990 жыл.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?