Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Наурызда Отандастар күні тойланса дейді

2541
Наурызда Отандастар күні тойланса дейді - e-history.kz
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы – байырғы заманнан келе жатқан «көктемгі жаңару» мерекесі. Кеше Елордамыз Астана да күн-райы түңеріп тұрса да, көктемгі жаңарудың жылы лебі есіп тұрды

Екі-үш күнгі жылулық миллион тұрғыны бар шаһардың Әз-Наурыз мейрамын тойлауға қызу дайындығын бастап жіберді. Әйтпегенде, Ұлыстың Ұлы күнін тойлауды кеш қалдыратын түріміз бар.

Сонымен Ұлыстың Ұлы күні мейрамын тойлау қиыр асқан қазақтардың басын біріктірген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында басталды. Астананың «Тәуелсіздік» деп алатын сарайына қарақұрым жұрт жиналды. Ән шырқалып, айналаға Әз-Наурыздың белгісі нұр шашқандай болды. Үстілеріне ұлттық киімдерін киіп, немере-шөберелерін ерткен үлкендер де, амандық-саулық сұрасқан ағайын-туыс та, шетелден келген қонақтар да «Тәуелсіздік» сарайында жүр. Қара қазаннан бұрқ-сарқ ет қайнамаса да, Наурыздың басты белгісі наурыз көже мен ұлттық тағамдар бүгінгі шарада төрден орын алды. Өзбектің тәтті палауының, қазақтың қазысы мен жал-жаясының иісі шіркін, мұрынға жеткендей болды.

Тәуелсіздік сарайының кең залдарының біріне жұрт қарасы жиналған соң, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының Наурыз мейрамы басталды. Қыдыр ата бата беріп, «Алаш аманаты» қоғамдық бірлестігі жанынан құрылған «Ардагерлер хор ұжымының» әжелері шашу шашты. Шашу – қазақтың салтанатты дәстүрлерінің бірі. Қуаныш айғағы, мереке, той-думандар да жасалады. Бүгінгі шашу бұрыңғыдан өзгерек салтта жаңғырды.

Төрдегі орын игі жақсылар мен құрметті қонақтарға ұсынылды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қатарында халық қалаулылары, мәдениет және өнер қайраткелері көптеп саналады. Солардың біразы бүгінгі шарада төбе көрсетіп, төрден орын алды. Солардың қатарында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қоғам қайраткері, абыз ақсақал Мырзатай Жолдасбеков, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразгүл Асанғазықызы, даңқты түколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы, Еуропада тұратын Ұлыбритания қазақтарының өкілі, журналист Бәшір Жаналтай, Өзбекстан Республикасы, Науаи облысының қазақ мәдени орталығының төрайымы Клара Қондыбайқызы, «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы, ақын Алмас Ахметбекұлы болды.

21 наурыз – Отандастар күні болса

Жиналған халық алдында Дүниежүзі қазақтары қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков сөз сөйлеп, 21 наурызды Отандастар күні болсын деп ұсыныс білдіріп, жиналған барша халықты Ұлыс­тың Ұлы күні – Наурыз мереке­сі­мен құттықтады. 

«Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Бүгін міне, қандай керемет шаңырақта отырмыз. Астананың төрінде. Бұның бәрі Егемендіктің, Тәуелсіздіктің арқасында. Есімізде совет үкіметі заманында Наурызды тек ауылда өткізетінбіз. Қазір құдайға шүкір! Мінеки ел болып, жұрт болып, өткізіп отырмыз.

Наурыз дейтін сонау ежелден келе жатқан мереке. Наурыз деп парсы тілінен аударғанда «жаңа күнді» білдіреді. Сондықтан да жаңа жыл, жаңа өмір құтты болсын! Құдай қаласы Наурыздан Наурызға жете берейік!

Наурыз мерекесі – керемет мереке. Адамдар бір-бірімен табысады. Бір-бірін кешіріседі. Мейірім адамның көзінде деген. Бұл күні ізгілік пен мейірім шуағы төгіледі. Осындай ұлық мейрам қарсаңында, «21 Наурызды Отандастар күні» деп қойсақ деген ұсыныс жасап отырмыз. Біз көбінде шашылып келген қазақ дейміз. Шыңдап келгенде біз шашылып келген жоқпыз. Барлығы шекара аймағында қоныстанған қандастарымыз. Сол 21 күні ұлан-асыр той-думан өткізіп, әр үйде, әр аймақта, әр облыста дастархан жайылып, осындай үлкен жиыннан басталса деген ұсыныс бар. Бұл күні түрлі-түрлі жарыстар болады. Қазақтың дәстүрі, әдет-ғұрпы сол күні жаңғырады. Сөйтіп ресми түрде барлығын шақыру керек. Ол күн біздің ұлыстың ұлы күні Наурызбен қатар Отандастар күні де тойланса деймін», – деді  Зауытбек Тұрысбекұлы.

Жел тербеп бәйшешектің шоқ тұлымын,

Даланың кеудесіне тақты гүлін.

Тарпаң қыстың тағасын тасырқатып,

Тағы бір мейірім таңы атты бүгін.

Ақкөрпесін сөгілтіп жер ананың,

Керім күн келбетіне төкті нұрын.

Әр көңілдің жайлауы жасылданды,

Желілеп арманының ақ құлынын.

Ақындардың тіліне тиек болған,

Осы ғой елім сенің пәк қылығың.

Берекмен жасалған тілеу дәмің,

Ішпей ақ дәлелдеп тұр тәттілігін.

Тартып ең талғарыңда томағамды,

Құзына көз жетпейтін ақ тұғырым.

Бүгінгі науырыздың нарт күнінің,

Шомылды шұғыласына отты жырым.

Алдымен айбоз елге бас иейін,

Шарасы шайқалмаған шаттығының, – 

деп айтулы ақын Еркін Ілиясұлының жырымен басталған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Наурыз мейрамы  концерттік бағдарламаға ұласты. Алдымен сахна төріне Дәстүр Асылханұлы шығып, «Наурыз» әнімен тойдың шымылдығын ашты.

Бүгінде мллионннан аса қандасымыз отанға оралып, түрлі салада еңбек етіп келеді. Солардың ішінде қазақ өнерінің дамуына аянбай үлес қосып келе жатқан, есімдері елге белгілі жұлдызды жұп Құрманбек пен Риза да Тәуелсіздік сарайын әсем әнге тербетіп әкетті. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Риза Қайырбайқызы халық әні «Жіпті инені» жеке орындауында тамылжыта орындап, халықтың қошеметіне бөленді.

Жақында ғана Елбасының жарлығымен «Күміс алқа» иегері атанған алтын құрсақ ана, әнші Меруеш Башайқызының орындауында «Ел көшкенде» әні қандастардың көзіне жас алдырып, туған жерге сағыныштарын бір серпілткендей болды. Бұл күні айтылған халық әндері мен авторлық әндер де көп болды. Халық та әсем әуендерді құлақтың құрышын қандырып тыңдап, Наурыз мерекесі қарсаңында көңілдеріне қуаныш ұялатты.

«Туған жерге тағзым» атты қолөнер шеберлерінің байқауы

Сондай-ақ концерттік бағдарлама біткен соң, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен «Туған жерге тағзым» атты қолөнер шеберлерінің байқауына ұласты. Байқау қатысуышылары ұлттық киімдер, құрақ көрпелер, тұскиіз, басқұр, тоқылған бұйымдар, аяққап, кесеқап, киіз кебіс, кілем жібінен тоқылған дорба, қоржындар, суретшілер туындылары, қамшы бұйымдары т.б. еңбектерін төрге қойып, көрерменге паш етті. Жоғары талғампаздықпен жасалған дүниелер көздің жауын алады. Әсіресе, ісмер Бақытжан Қабылатқызының қолымен тігілген сырмағынан ұлттық нақыш аңғарылса, Гүлнұр Тоқанқызының кестелеп тіккен бұйымдарының әрбіреуінен ұлтқа тән бір белгіні байқаймыз. Қолөнер шеберлерінің байқауына  тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы, әнші Меруеш Башай, суретшілер одағының төрағасы Тоқтар Ермеков, кәсіпкер, дизайнер Қазипа Қалиқызы қатарлы танымал тұлғалар төрелік етті.

Байқау қорытындысында «Кесте тігу» аталымы бойынша Гүлнұр Қуанышқызы, «Сырмақ тігу» аталымы бойынша Бақытжан Қабылатқызы, «Суретші» аталымы бойынша Мұратбек Серікжан жеңімпаз атанып, ақшалай сыйлықпен марапатталды. «Өрімші» аталымы бойынша бір ғана үміткер болды. Талапхан Азамат есімді қария өрімшілерге тиесілі бірінші орында шаппай бәйге алғандай иеленді. Қазылар алқасының төрайымы Оразкүл Асанғазы барлық қатысушыға алғыс айтып, наурыз мерекесімен құттықтады.

«Сіздер атажұртқа оралғанда текке келмегендеріңізді таныттыңыздар. Осы өнерлеріңізді кейінгі ұрпаққа жеткізіп, солардың бойына сіңіре білсеңіздер нұр үстіне нұр болар еді», – деді тіл жанашыры.

Ағайындар туралы деректі фильмдер түсіріледі

Сондай-ақ Тәуелсіздік сарайында Наурыз мерекесін өткізген Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы соңғы 8 айда атқарған жұмыстарына шолу жасап, қорытынды есебінде таныстырды.

Онда 2017 жылғы Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы бесінші құрылтайында Елбасы тапсырған 7 тапсырманың біразы орындалып жатқандығы туралы айтылды. Тікелей Президент тапсырмасымен «Отандастар» қоры құрылып, бүгінде өз жұмысын жүргізіп жатыр.

«Әуелі өздеріңіз білетіндей «Мәңгілік ел» болу үшін халықтың санын көбейту керек. Сол себепті де елден жырақта жүрген 4-5 млн қазақты отанға әкелу керек. Біз Ресейді, Моңғолияны, Қытай мен Өзбекстанды аралап шықтық. Келгісі келіп отырған 1 млн-дай халық бар. Бірақ осы жерде тағы бір мәселе бар. Ол – осындағы халықтың өзінде баспана жетіспей жатыр. Үй-күйі жоқ. Сондықтан оларға әуелі баспана, сосын жұмыс орынын беруіміз керек», – дейді Төрағаның орынбасары.

Зауытбек Қауысбекұлының айтуына қарағанда, шетте жүрген қазақтардың ең басты мәселелерінің бірі – ұлт ретінде тілден айырылып бара жатқандығы.

«Қытайда болдық. Барлық жастар қытай тілінде сөйлейді, ақпаратты сол тілде алады. Ресейдегі жағдай да тура сондай. Барлығы орысша оқып жатыр. Сондықтан біз қазір бағдарлама жасап жатырмыз. Онда сол балаларға қазақ тілін қалай меңгерту керек, әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді қалай үйретеміз деген мәселелер қаралған. Сол үшін біз қысқа да нұсқа 8-9 бейнеролик жасадық. Себебі қазіргі жастар ұзақ, бір сағатттық, екі сағаттық киноны көрмейді. Біз соны ескере отырып ұлттық рухымызға, таным-түсінігімізге қатысты дүниелерді 5 минутқа сидыруға тырыстық», – дейді З. Тұрысбеков.

Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы төрағасының Бірінші орынбасары елге келген мықты азаматтарымыздың өмірін насихаттайтын деректі фильмдер түсіру туралы бастама көтергенін тілгей тиек етті.

«Елге келген бауырларымыздың саны 1 миллионнан асты дейміз ғой. Бала-шағасымен олар біраз жерге барып қалды. Сондықтан елге келген азаматтарды көбісі білмейді. Небір мықты азаматтар келді елімізге. Сол Ресейден, сол Қытайдан, сол Өзбекстаннан, сол Моңғолиядан. Міне, алдарыңызда Қаржаубай ағамыз (Сартқожаұлы) отыр. Күлтегіннің тасын сөйлеткен. Біздің түркі халқының тарихын жазып отыр. Бұл кісі – бір қазақтың ғана емес, бүкіл түркі халқының мақтанышы. Аманшылық болса, алдағы екі-үш айда бұл фильмді бітіреміз. Бұл алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады. Бұл ең әуелі шеттен келген қандас-бауырларымыздың еңбегін танытуда, олардың елімізге, атажұртына сіңірген қызметін танытуда үлкен рөл атқаратын болады. Бұл шағын фильмдерді біз әуелі жастарға көрсететін боламыз. Себебі қазір жастар ұзақ уақыт алатын киноларды қарап отырмайды. Қолындағы соткасына ыңғайлы, аз уақытта көп дүниені қамтыған роликтерді көреді. Сол арқылы біз елге таныстыруымыз керек. Ел білуі керек, Қазақстанға келген 1 миллион жай халық емес, даналар келген. Елім-жерім деп, өз елімізге үлес қосамыз деп келген жандар олар», – деді Зауытбек Тұрысбеков.

Осылайша бір күнге жоспарланған қауымдастықтың Наурыз мейрамы өз дәрежесінде, өз биігінде аталып өтіліп, қандастардың жылы шырай ұшырасқан жүздесуіне ұласты. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?