Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Отандық қолжазбалардың ортақ электрондық қорын жасаудың маңыздылығы.

12821
Елдің тарихи-мәдени, қоғамдық-саяси өмірінен мол мәлімет беретін қолжазбалар қашанда болмасын ұлт мұрасы саналған.

Елдің тарихи-мәдени, қоғамдық-саяси өмірінен мол мәлімет беретін қолжазбалар қашанда болмасын ұлт мұрасы саналған. Қай ел болмасын, өздерінің көнеден жеткен құнды жазба ескерткіштерін қызғыштай қорғап, ғасырлар бойы сақтап келеді. Жазба мәдениетіне ерекше ден қойған мемлекеттердің бәрінде дерлік қолжазба ісімен арнайы айналысатын орталық, не ғылыми-зерттеу институттары бар.  Алысқа бармай-ақ, Орталық Азия мемлекеттерін алсақ, барлығында (Қазақстаннан басқа) жазба мәдениетін дәріптеп, түгендеп отыратын қолжазба институттары бар. Мысалы, Түркменстанда Түркменбашы атындағы  Ұлттық  қолжазба институты, Әзірбайжанда Мухаммед Физули атындағы қолжазба инстиуты, Өзбекстанда Х. Сулейманов атындағы мемлекеттік қолжазба институты, Тәжікстанда Ғылым Академиясында шығыс қолжазбалары институты жұмыс істеп тұр. Бұлардың барлығы қолжазбаларды жинақтау, зерттеу, сақтау, қайта өңдеу, дәріптеу, жарыққа шығару істерімен айналысады. Қазақстанда әзірге қолжазба ісімен айналысатын ондай бірде-бір орталық, не институт құрылған емес. Жақын болашақта ашылмайтын да шығар.

Ел тарихына үңілсек, жазба мәдениет ескерткіштері қаншама қасірет шеккенін көреміз. Қазақстан территориясын зерттеген орыс және шетелдік ғалымдар елімізден қолжазба жинағаны, ХХ ғ. басындағы қуғын-сүргін, ашаршылық жылдары бірқатары өртелгені, ізсіз жоғалғаны, одан аман қалғаны Кеңес үкіметі тұсында қолжазбаларды бір орталыққа жинау кезінде елдегі жазба ескерткіштер Ресейге, Өзбекстанға өткені белгілі. Осындай оқиғалар нәтижесінде Қазақстан территориясында ортағасырлық бірде-бір қолжазба шығарма сақталмады. Орта ғасырларды былай қоғанда, кейінгі ХХ ғасырда өмір сүрген Абай мен Шәкәрімнің қолжазбалары да сақталмай қалды. Қаншама мұра қалдырған ұлт зиялыларының қолжазбасынан да мәлімет жоқ. Сайда саны, құмда ізі қалмады. Әрине, жазба мәдениеті көшпелі халықтарда аз сақталды деп ақтала салуға болар еді, бірақ бұл күндері халқымыз көшпелі салтынан қол үзгелі ғасырға жуықтады. Сонда да жазба жәдігерлерімізге ауыз толтырып айтарлықтай ыждахаттылық таныта қойғамыз жоқ.

Қолжазбалар өткен ғасырлардың озық мәдениеті, өркениеті сабақтастығының, тіпті мемлекеттілігінің куәгері екеніне ешкім дау айтпаса керек. Сондықтан, ендігі төлтума жазба мәдениетіміздің ескерткіштерін барлық мазмұнымен сақтап, жаңғырту аса маңызды іс болмақ. Сондықтан олардың сақталуы, зерттеушілер мен оқырмандардың қолына бүтіндей тиюі тек кітапхана, мұрағат, мұражай ісі ғана емес, жалпыға ортақ, бүкілхалықтық іс болуы қажет. Ол үшін халықты соған жұмылдыратын батыл қадам жасалу керек.

Елімізде сан-салалы қолжазбалардың ішінде тарихи және әдеби шығармалардың көптігі мәлім. Олардың басым бөлігі институттар, кітапханалар, мұражайлар, мұрағаттар қорында жатыр. Алайда, ата-баба көзі ретінде сақталып жүрген жеке қолдарда да қолжазбалар аз емес. Мысал ретінде, «Шығыс Илиадасы» аталған «Шахнаманы» қазақша сөйлеткен шайыр Тұрмағанбет Ізтілеуовтың 80 мың жолдық қолжазбасы көмекей жыршы – Алмас Алматовтың қолында жүргенін біреу білсе, біреуі білмейді. Сарыарқа өңірінде дін жайған орақ ауыз ақын, елі Сармолда атаған Балмағанбет Балқыбайұлының барлық қолжазбасы бұрынғы Жезқазған қаласының әкімі – Қанат Балмағанбетовтың қолында жүр. Қазақстан Қазиятының қазиы, имам, дін ғылымын жетік меңгерген Садуақас Ғылманидың бірнеше томдық қолжабасы қызы – Әмина Есмағанбетованың қолында [1, 214 б.]. Бұдан басқа да бізге беймәлімі, зерттеушілер назарынан тыс қалған жеке қолдардағы қолжазбалардың саны қаншама? Осылардың бәрі бір жүйемен тіркелсе, тізімге түссе елдің жазба ескерткіштері бір реттеліп, түгенделіп қалар еді.

Сирек кездесетін кітаптар мұражайы 2010 жылы құрылған күннен бастап қор жинақтау жұмысын бір сәт тоқтатқан емес. Мұражай ғылыми-жинақтау, іздестіру жұмысы барысында бірқатар қиындықтар мен кедергілерге тап болды. Қолында құнды қолжазба бар азаматтар қолжазба иелігін, авторлығын сақтағысы келеді. Мұражай қорына өткен соң соның бәрінен айырылатынын жақсы білетін олар, қолжазбаны мұражайға өткізуден үзілді-кесілді бас тартады. Осы тұста қолжазба иесінің авторлық құқығы мен иелік құқығын реттейтін бекітілген заңды тетіктердің жоқтығы қор жинақтау жұмыстарына үлкен кедергі болады да тұрады.

Бұл мәселенің бір жағы. Екінші жағы, қолжазба бір адамның, немесе бір әулеттің ғана мұрасы емес, бүкіл бір халықтың мұрасы екеніне азаматтарымыздың кейде түсінігі жетпей жататындығы. Оның себебі жоғарыда айтылғандай, қолжазба ісін реттеудің мемлекеттік деңгейде жүргізілмеуі, нақты бағдарламалар мен жоспарлы жұмыстардың жасалмауы.

Осындай қордаланған мәселелердің бір шешімі ретінде ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті «Ғылым ордасы» РМК қолжазбалардың республикалық электронды қорын құруды ұсынады. Жазба ескерткіштердің жанашырлары жиналған алқалы отырыста осы бір ұсынысты орталарыңызға салып, сіздердің пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды тыңдауды жөн көрдік.

ХХІ ғасыр компьютерлер мен ақпараттық технологиялардың жаңашаланып, күн санап дамып жатқан кезі. Заман ағымына сай елдегі бірқатар кітапханалар, мұрағаттар қорын электрондық жүйеге көшіріп жатқаны мәлім. Казақстандық кітапханалар бірнеше халықаралық электрондық кітапханалармен (АБИС ИРБИС, SCOPUS), каталогтармен (Elsevier) жұмыс жасап жатыр. Бұл тұрғыдан келгенде қолжазбалардың ортақ электрондық қорын жасау аса қиындық туғызбаса керек.

Қолжазбалардың ортақ республикалық электрондық қорын құрудың техникалық жұмыстарын «Ғылым ордасы» РМК жүргізсе, ал Қазақстан Республикасындағы институттар, мәдени, ғылыми орталықтар, мұрағаттар, мұражайлар, кітапханалар өз қорларындағы барлық қолжазбалардың тізімін сол электрондық қорға енгізсе, ортақ бір жүйеленген қолжазбалар қоры жасалар еді.

Қолжазбалардың ортақ электрондық қоры ашық, жалпыға бірдей қолжетімді болады. Қорға жеке тұлғалар да өздеріндегі қолжазбаларын енгізе алатын мүмкіндік жасалады. Бұл қорда тіркеуге ғана емес, сондай-ақ сөздердің автоматтандырылған лемматизациясы бар іздестіру механизмдері де қамтылады. Іздестіру механизмдері қазіргі кітаптардың каталогын жасау кезінде қолданатын параметрлерден тыс палеграфиялық, археографиялық, кодикологиялық, лингвистикалық ерекшеліктерін де қамти алатындай болады.  Қордың теру жолы негізгі екі бөлімнен: бірі кітап баспалары форматына сай (RUSMARC, Authorities), екіншісі қолжазбаларға лайықталған (араб, латын әріптерін, таңбалар мен мөрлерді оқитын), оның ерекшеліктері мен сипаттамаларын бере алатын құрылымы жасалған жолдан құралады. Қолжазбалардың өзіне тән мәліметтерін беру үшін енгізу, іздестіру, редакциялау ісі DOS-тың FOXPRO бағдарламасы арқылы жасалады да, WINDOWS ортасына сәйкестендіріледі.

Осылайша, қолжазбалардың ортақ қорының көпфункционалды ақпараттық-іздестіру аппараты оқырмандардың, қызметкерлердің, зерттеушілердің сұраулары мен талабына қарай анықтамалар алуға, мәліметтермен танысуға, толықтыруға қолжетімді етіледі.

Қордың электрондық ресурстары қолжазбалардың сақталу орнын, әпсанасын, қысқаша тақырыбын, зерттелу деңгейін, жарыққа шыққанын, көшірмелерін, басқа да нұсқаларын көрсететін жүйеленген құрылымдарды қамтиды. Қор бастапқыда қолжазбалардың электрондық каталогы мен оның толық мәліметтер базасын жасаса, болашақта отандық қолжазбалардың толық мәтінін бере алатын жағдайға дейін дамитын болады.

Қолжазба – ғылыми мәліметтердің негізгі көзі, зерттеушілердің арқа сүйер негізігі дерегі, рухани және материалдық мәдениетіміздің көрінісі. Сондықтан қолжазба туралы мәліметтер электрондық қорға толық, ғылыми жан-жақты сипатталып, әпсанасы, авторлығы мен иелік құқығы көрсетілген жағдайда енгізілуі керек. Осы жағы жеке мән беріліп жасалса, зерттеушілерге де, оқырмандарға да іздестіру жұмыстарында бірқатар жеңілдіктер туады, әрі елдің жазба мәдениетінің деңгейі еселеніп, жазба ескерткіштерінің тізімі  түгенделе түсер еді.

Осы орайда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2010 жылы 14-қазанда № 279 Бұйрығымен бекітілген «Жарияланбаған туындылардың қолжазбаларын тапсыру, қабылдау және сақтау» ережесіне сүйенуге немесе қолжазба тіркеудің стандарттары, нормалары мен талаптары көрсетілген ортақ меморандум қабылдауға тура келеді.

Мұражай, мұрағат, кітапханалардың ортақ міндеттері мен қызметтері бар. Ол – жинақтау, сақтау ісі. Бұл істер негізгі міндетіне кіргеннен кейін өзара келісіп жұмыс істеуге, қолдан келген шаруаны мемлекеттік бағдарламаға қарамай, қаржысына телмірмей де атқара беруге болады. Отандық қолжазбалардың ортақ электрондық қорын құру осындай ортақ сауапты іс деп есептейміз.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1. Муминов А.К. Қолжазбалардың қазіргі зерттелу мәселелері // «Тағылым тамшылары» Ж. Сейілов қолжазбасы жинағы. Астана: «Фолиант баспасы, 2011 ж.

2. Авдеева Н.В. Интегрированная библиотека электронных диссертаций // Информационные технологии, компьютерные системы и издательская продукция для библиотек: Доклады и тезисы докладов. – М.: 2004. 110-117 с.

3. ҚР Әділет министрілігінің 2010 жылғы 14 қазандағы № 279 бұйрығымен бекітілген  «Жарияланбаған туындылардың қолжазбаларын тапсыру, қабылдау және сақтау» Ережесі.

4. Колегаев С.И. Особенности экспонирования музейных предметов // Сборник статей науно-практического семинара «Особенности учета и хранения рукописных и книжных памятников в музейных собраниях». Москва, 24-27 октября 2011 г. 5-11 с.

Әбдіғали Бекішев «Ғылым ордасы» РМК

Сирек кездесетін кітаптар мұражайының меңгерушісі

http://gylymordasy.kz
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?