Дала көкжалы
17.05.2018 2360
ХХ ғасырдың басындағы саяси оқиғалар, қос төңкеріс кезеңі, саяси жүйенің алмасуы қазақ даласына зор сынақтарын ала келді

Саяси бүліншілік заманында ұлт тағдырына алаңдаған қазақ зиялыларының ең басты арқа сүйер тірегі – қазақтың ауқатты азаматтары мен билеушілерді болды. Алаш тілегінде соңына дейін адалдық танытып, демеушілік жасаған да, қолына қару алып күрескен де қазақтың текті әулеттері, бақуатты азаматтары болды. Осы тұрғыда солардың бірегейі ретінде Алаш жолынан айнымаған Ике Әділовтың қызметі мен қилы тағдыры жайында сөз қозғамақпыз.

Икенің өмір сүрген кезеңі – қазақ даласында әкімшілік басқару жүйесінің түбегейлі өзгеріске ұшырауымен тұспа-тұс келеді. Яғни 1868-1869 жылдардағы реформадан кейін қазақ даласында аға сұлтандық басқару жүйесі жойылып, болыстық, старшындық басқару тетіктері енгізілді. Бұл қазақ даласын отарлау үдерісінің толықтай аяқталуы кезеңі болатын. Ел басқару тәртібі ұсақталып, мансап дәрежесі болыс, старшын деңгейінде қалған қазақтың ендігі жерде ел ішінде сөзі жүретін, абыройлы ел ағалары мен атқамінер азаматтарға арқа сүйеді. Шағын зерттеу мақаламызға арқау болып отырған Ике осы қатардан табылған болмысы бөлек ел ағасы еді.

Әділов Ике 1881 жылы, кей деректерде 1882 жылы бұрынғы Семей облысы Семей уезінің Шаған болысында туған. Ауыл молдасынан оқып, сауатын ашқан. Шаруаға икемді, қолынан іс келетін Ике атадан қалған малды ұқсата біліп, кейін ауқатты адамдардың қатарына қосылған. Шаған болысының болысы болған немере ағасы Мұсатай Молдабаевтың үш жылдай орынбасары ретінде де қызмет атқарған. Қазақ даласына үлкен өзгеріс әкелген Ақпан және Қазан төңкерістері тұсында ағайынды екеу – Ике мен Мұсатайдың ұстанымдары заман ағымына қарай екіге айырылады.

 

Алаш жолында

Икенің Алаш қозғалысына қосылуына оның айналасы да зор ықпал етті. Замандасы Қаражан Үкібаев сол кездегі Алаш қайраткерлерінің ең басты арқасүйер тірегі, Алаш мұраты жолында дәулетін аямаған «атымтай жомарт» тұлға ретінде мәлім. Сондай-ақ Алашорда үкіметі төрағасының орынбасары, Семей земство басқармасының төрағасы болған Халел Ғаббасовпен туыстық байланысы (Ике Халел Ғаббасовтың туған апайын алған) оның Алаш мұратына септесуіне түрткі болса керек. Үшіншіден, Азамат соғысы жылдарында Семей қаласы алма-кезек қолдан-қолға өтіп тұрғанда Алаш қайраткерлерінің паналайтын жері Шыңғыс ішіндегі ауқатты ел азаматтары болды.

Икенің әкесі Әділдің зираты

Мұрағат қорларындағы Ике Әділовтың №20 жеке парағында: «Бұрынғы басқарушы және би болған. Колчак үкіметі тұсында басқарушы және Облыстық Қазақ Атқару комиетінің мүшесі болған. Мақтау қағаздарымен және алтын медальмен марапатталған. Азамат соғысы жылдарында Алашорда үкіметіне материалдық жағынан белсенді түрде қолдау көрсеткен және Алашорда әскерін жасақтауға қатысып, Қызыл әскерге қарсы атаман Анненковпен тығыз байланыста болған» [1] деген мәліметтер келтіріледі. Смахан төре өзінің естеліктерінде тобықты ішіндегі Әлиханның достары қатарында Икенің де есімін атайды [2, 8-б.].

Сол замандағы басылымдарда да, ел арасындағы ауызша деректерде де Икенің аса ірі бай екені, «Алаш Орда» үкіметіне материалдық жағынан үнемі көмек бергені және «Алаш Орда» әскерін ұйымдастыруға қатысқандығы туралы айтылады.

Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты ғұмырнамалық романында Алашорда туралы және алашордалықтардың жақтасы Ике Әділұлы жайында былай деп сипаттама жасайды: «Семей уезінде, Тобықты деген елде Мұсатай деген және Ике деген кісілер бар. Екеуі де ауқатты адам болса керек. Екеуі ағайын ішінде бәсеке, араз. Екеуі қазақтың белгілі партиягершілігімен бірін-бірі аяспай, елді екі жарып жұлқысады. Бірінің үстінен бірі арыз жаудырады.

Бір-біріне пәле жабады. Қалаға шабысады. Ике жеңеді. Өйткені Семейде «Алашорда» бастықтарының бірі — Икенің туысқаны. Олай болған соң қазақша, «Алашорда» да Икенікі болады. Сонан соң Мұсатай турашылықты Совдептен іздейді. Әрине, турашылықты Совдептен табады. Совдепті, большевиктерді қуаттап шығады. Бұл 1917 жылдың ақырында. Ал 1918 жылдың басында содан Совдеп құлап, «Алашорда» күшейіңкіреп шыға келген соң, Мұсатай қуғынға түседі. Мұсатайды «қазақтан большевик болған», «социалшыл» бола қалған, алдауыш бұзық деп «Алашорда» жазушылары газеттеріне жазады. Әрине, Мұсатай социализмді қайдан білсін! Есіткен де жоқ. Мұсатай Икеден таяқ жеген соң, Икені «Алашордалар» сүйеген соң, турашылықты Совдептен тапқан соң, большевиктерді, Совдепті қуаттамай қайтсін! «Мұсатай жауыз, ұсталсын!» деп «Алашорданың үкіметі» жарлық шығарады. Жарлыққа Бөкейханұлы қол қояды. Мұсатайды ұстатып, абақтыға жаптырады» [3, 254-255]. Бұл кітапта оқиға желісі, Алашорда қызметі Сәкеннің көзқарасымен жазылса да, сол кезең тарихы үшін деректік құны жоғары еңбек екендігін естен шығармағанымыз абзал.

Мұрағат деректеріндегі Икенің жеке істеріне қарағанда, төңкеріс қарсаңында ағасы Мұсатаймен қатар болыс сайлауына түсіп, Ике жеңіске жетеді. Бұл жағдай ағайын арасының бүлінуіне түрткі болады.  1918 жылы Икенің жазған арызына байланысты Мұсатай Молдабаев тұтқынға алынып, 40 күн қамауда отырады.

1919 жылдың көктемінде Икенің жақтастары оның қатысуынсыз Мұсатай Молдабаевтың ауылына шабуыл жасап, салдарынан Мұсатайдың інісі Исатай мерт болып, Ғабжан және Халабия есімді екі інісі жараланады.

1920 жылдары губернияда Совет үкіметі орнағаннан кейін Мұсатай Икеге қарсы белсенді күрес жүргізе бастайды. Колчак билігі кезінде қуғындалып, қамауда отырғанының арқасында жергілікті большевиктік билік алдында сенімге ие болып, Нұрғали Құлжановпен жақын байланыс орнатады [1, 237].

Ике мен Мұсатай арасындағы тартыс олардың айналасына да кесірін тигізді. Әсіресе, Халел Ғаббасов осы партиялық тартыстың құрбаны болды. Жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай ағамыз бұл жағдайды өзінің «Ұраным – Алаш» деп аталатын түрме әфсанасында былайша баяндайды: «Х. Ғаббасовтың тұтқындалуы жоғарыда аты аталған, өзінің туысы, тоқалдан тарайтын бұрынғы болыс, «кейінгі большевик Мұсатай Молдабаевтің» ұйымдастырған арызына байланысты еді. Х. Ғаббасов демалысқа келгенде туған жездесі, Мұсатай Молдабаевтың әкесі бір, шешесі басқа «қас жауы» Ике Әділевтің ауылына түседі. Тәркілеудің қарсаңындағы жанталас тұсында М. Молдабаев өзінің «шын большевик» екенін танытып, сол арқылы өзінде тәркілеуден құтылудың амалын қарастырып, қазақы «бәйбіше – тоқал» драмасының кеңестік нұсқасын «саяси сақнаға» шығарды. Сөйтіп, өзінің туған құда баласы Халел Ғаббасовты «Алашорданың» Шығыс бөлімінің үкімет мүшесі, оған қаржылай көмектескен, әскер жасақтап берген Д. Әділевке қару жинатып,  кеңес өкіметіне қарсы астыртын қарулы көтеріліс ұйымдастырып жүр, содан кейін шекара асып кетуге үгіттеп жүр» деп арыз жазып, оны тағы да сол ауылдың тумасы, губерниялық дәрежедегі большевик әрі құпия агент М. Тоқжігітовке арқылы ГПУ-дің өлкедегі өкілінің қолына тапсыртты. Сөйтіп, бір жағынан бауыры, екінші жағынан туған құда баласы Х. Ғаббасовты түрмеге қаматты. Ал М. Молдабаевтің негізгі дұшпаны, туысы, «Алаш орда» үкіметінің демеушісі Ике Әділев болатын» [4, 197-198-б.].

 

1928 жыл: кәмпеске

1928 жылы 27 тамызда Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті мен Кеңес Халық Комиссариатының «Ірі бай шаруашылықтардың және жартылай феодалдардың мал-мүліктерін тәркілеу және жер аудару туралы» Қаулысы қабылданды. Қаулыда: «Қазақ республикасы өзінің құрамы жағынан мәдени орта қалған ұлт және революцияға дейінгі өзгермеген көшпелі – рулық қатынаста өмір сүреді. Қазақстандағы мүлік иелері мен бұрынғы әлеуметтік артықшылықтары бар топтар Кеңес билігінің ауыл мен қышлақтарда жүргізіп отырған негізгі іс-шараларына кедергі келтіріп, арандатушылық үгіт насихат таратып, ұлтаралық және рулық алауыздықты қоздыруда. Бұл ен алдымен кедейлерді экономикалық тәуелділікте ұстап, республиканың экономикалық және мәдени дамуына бөгет жасайды [5, с. 68] деген негіздемесі тәркілеу науқанының іске қосылуына түрткі болды.

1928 жылғы 10 тамызындағы жағдай бойынша, Әділов Икенің жеке ісіне келетін болсақ былай деп жазылған: Әділов Ике шыққан тегі қазақ, Семей округіне қарасты Шаған болысында тұрады, орта білімді, 2 әйелі бар, отбасы мүшесі 7 адамнан тұрады. 596 ірі толы, 900 ұсақ малы бар.

Ике Әділұлы ►

1927 жылы Ике Әділов басқа байлармен қоса Рубцовск округіне жер аударылады, алайда одан 1928 жылы қашып Шаған тауларына келіп жасырынады. Содан бастап өзі ниеттес байларды қасына жинап, 100 адамнан тұратын аттылы жасақ құрап, Кеңес әскерлеріне қарсы бандалық әрекеттермен айналысады [6, 53-54-п.]. Сол жылдары Ике Қытай мен Қазақстанның шекарасында өзіне берілген адал жігіттермен ұзақ уақыт қызыл әскерлерге қарсылық көрсеткен екен. Икенің өмірінің соңғы түйінін Тұрсын Жұртбай ағамыз былай жеткізеді: «Бір жолы алыстан келген сыйлы қонақ ретінде Ержан төре Икені қонаққа шақырыпты. Райбай: «Барма. Ержан сымпыс адам», – деп ескертеді. Оған Ике: «Төре басымен сатқындыққа бара қоймас. Бүгін бармасам, кейін жұртпен сыйысу қиынға соғады», – депті. Қонақтар жайғасып отыра бергенде үш-төрт солдат кіріп келіп, тапаншаларын кезей қалады. Ике де саптамасының қонышына қолын сап жіберіп, бұл да наганын суырып алады. Екі жақ бір сәт үнсіз арбасыпты. Содан Ике: «Әй, Ержан-ай! Сымпыстығыңды естіп ем, сұмпайлығың да бар екен-ау. Мына елдің обалына қалармын», – деп наганын жерге тастай салыпты. Сол ұсталған мол ұсталып, құрдымға кетті» [4, 230-б.]. Ел арасында сақталған ауызша деректерде де Дала көкжалының ақыры осыған саяды. Тарихи әдебиеттерде Икенің дүниеден өткен жылы 1937-1938 жылдары деп көрсетілген.

Артында қалған ұрпақтарының аталарының ісін қайта қарату негізінде 2007 жылдың 31 қаңтарында Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының шешімімен саяси қуғын-сүргін құрбаны және қылмыстық істері жоқ деп табылып, ақталған [7, 31-б.].

 

Ике ұрпақтарының тағдыры

Тәркілеуге қатысты құжаттарда Әділов Икенің отбасы мүшелерінің төмендегідей тізімі берілген: «әйелдері: Мақыш – 47 жас, Бәтиқа – 32 жас, ұлдары: Мұқан – 9 жас, Нәубат – 5 жас, Шапағат – 1 жас, қызы Хайрия – 11 жас».

Қабылданған қаулыға сәйкес, Семей округінің байлары Сырдария округіне жер аударылды. Ике әулеті де 1928 жылы жер аудару ережесінде көрсетілгендей, оңтүстік өңірге жіберіледі.

Ике ұрпақтарының кейінгі тағдыры жайында Сырым Бөкейханов өзінің «Өткен күнде белгі бар» мемуарлар жинағында былай дейді: «Біздің анамыз тобықты руынан. Ол кісінің әкесі Әділов Икеберген (жұрттың бәрі ол кісіні Ике деп атап кеткен) Семей округі Шаған болысының екінші ауылының қазағы екен. Екі әйелі болыпты. Бәйбішесі Мағрипадан Бапаш апай, ал тоқалы Бәтихадан біздің мамамыз туған...

1928 жылы Бәтиқа әжемізді «құлаққа тартып», Семейден жер аударады. Сөйтіп ол кісі төрт баласымен баласымен оңтүстік өлкеден бірақ шығады. Ағайынды үш ұлдың бірі Нәубат жолда қайтыс болады. Әжеміздің жанында Мұхаметқали (Мұқан), Шапағат (Шәпет аға) және біздің мамамыз Хайрия қалады. Олар бір орнында көп тұрақтай алмайды – Тоқмақ, Бішкек, Сайрам, Шымкент қашқындарға уақытша ғана тұрақ болыпты.

Райымжан Бөкейханов жары Хайриямен

Ақыры аяғында әупірім тәңірмен менің мамам мен Мұқан аға да Шымкентте жұмысқа ілігеді, ал Бәтиқа әжеміз Сайрамдағы асханада аспаз болыпты. Балалардың кенжесі болғандықтан Шәпет үнемі сол кісінің маңайында жүреді. Әжеміз басында әредік балаларына келіп-кетіп жүреді де, біраздан соң Шымкентке біржола қоныс аударады. Әкем сол кезде Қапланбектегі мақта-ирригациялық техникумда сабақ беріп жүреді, мамаммен сол жерде танысыпты

1933 жылы Бәтиқа әжеміз балаларымен бірге өзінің келешек күйеубаласының маңына, Алматыға көшіп келеді...

Әкем мен анам некелерін көпке дейін тіркемепті – екеуі де қуғын-сүргінде жүрген отбасының ұрпағы болғандықтан, кез-келген тосын жағдайды күн сайын күтіп, сақтанады екен. Содан менің ағам Ибраш дүниеге келгенде ғана ата-анамыз некелерін тіркетіпті [8, 139-140-б.]. Бұл қуғын-сүргінде жүрген екі әулет – Бөкейхан әулеті мен Икенің отбасы еді. Алаш жолында тізе қосып, бірі Алаш идеясын көтеріп, жұртты соңынан ертсе, екіншісі Алаш мұраты үшін малын да, жанын да аямаған Әлихан мен Икенің үзеңгілес достығы 1930 жылдардың қилы заманында құдалық, туыстық байланысқа ұласты. Нақтырақ айтар болсақ, Әлиханның туған інісі Әзіханның ұлы Райымжан Икенің қызы Хайриямен отбасын құрды. Бұл тар заманда табысқан тұлғалар тағдыры еді.

Бүгінде Ике әулетінің ұрпақтары және көзі тірі ұлы Шәпет (Шапағат) Алматыда тұрады. Ал Мұхаметқали (Мұқан) 1946 жылы, қызы Хайрия 1957 жылы дүниеден өтті.

Алаш ардақтысы Икенің өмір тарихы мен тағдыр жолы осындай.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

Нәсенов Б. «Абыралы қанды жылдары (1905 – 1945)». Екінші бөлім. Құжаттар жинағы. Алматы – Новосибирск. 2006 ж. 644 б. Әлихан Бөкейхан. Шығармаларының 7 томдық толық жинағы. Полное собрание сочинений в 7 томах. – Астана: Сарыарқа, 2011. ІV том. – 560 б. Сейфуллин С. Тернистый путь / пер. С. Талжанова. – А.: Жазушы, 1975. – 432 с. Тұрсын Жұртбай. Ұраным Алаш. Түрме әфсанасы. 1-том.- Алматы «Ел-шежіре», 2008.- 472 б. Нейзвестные страницы истории Семипалатинского Прииртышья (20 – 30 г.г ХХ в) Сборник документов. Семипалатинск. 2002 г. Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы. 74 қор, тізім 1а,  17 іс, 53-54 п. Туған жерге ту тіккендер. /Құраст. Б.Н. Теміров. – Семей, 2017. – 560 б. С.Р. Бөкейханов. Өткен күнде белгі бар: мемуарлар жинағы. – Алматы, 2016. – 336 б.