Латынға көшу – бар қазақтың басын біріктіру
17.04.2017 2958
Алаш арыстарының латын әрпіне көшу идеясы тарих сахнасында бірнеше жыл ғана іс атқарып, кейін орыс кирилицасына ауысқан. Тәуелсіздік алған тұста бұл мәселе қайтадан қаузалана бастады

Апта бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру керектігін айтқан болатын. Содан бері бұл тақырып қоғам талқысында оң өзгеріс тауып, бұқараның назарын аудартқан болатын.

«Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағи­да­ларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Осыған байланысты, мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын. Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», – деді ҚР Президенті Н.Назарбаев. 

Тарихқа сәл шегініс жасар болсақ, 1924 жылдың маусым айында қабылданған қаулы негізінде ұлт тарихында бірнеше ғасыр бойы үздіксіз қолданылған араб әліпбиінің маңыздылығы төмендеп, 1930-40 жылдары ұлт зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы мен Нәзір Төреқұл латын әліпбиіне көшу қажеттілігінің туындағанын дәлелдеп берген. Алаш зиялылары құрастырған латын әліпбиімен қайтадан қауышу – заманның талабы сияқты көрінген болатын. Алаш арыстарының бұл идеясы тарих сахнасында бірнеше жыл ғана іс атқарып, кейін орыс кирилицасына ауысқан. Тәуелсіздік алған тұста бұл мәселе қайтадан қаузалана бастады. 

Латын әліпбиіне көшу жайлы алғашқы пікірді академик  Әбдуәли Қайдар қозғады. Тілші ғалымның 1993 жылдың 24 қазанындағы «Ана тілі» газетінде жарияланған «Латын әліпбиінің болашағы зор» атты мақаласынан бастау алды. Ғалым XX ғасыр басындағы латын  (қазақ)  жазуының жедел түрде орыс графикасына көшуінің мынадай себебін келтірді: «Түркия елінің ғалымы, профессор Тимур Қожаоғлу «Жаңа түсінік» газетіне (09.08.1991) былай деп жазады: «Совет үкіметі 1927 жылы КСРО-дағы бүкіл түркі халықтары қолданып келген араб жазуын латын алфавитімен ауыстырды. Бірақ Түркияда да 1928 ж. латын алфавиті түрік жазуы болып қабылданғандықтан совет басшылары Анатолия түріктері мен Совет Одағындағы түркітілдес халықтардың мәдени байланысының арта түсуінен қауіптеніп, 1939-1940 жж. кейін оларға міндетті түрде кирилл алфавитінің бір-бірінен парқы бар алты түрін қабылдатқызды».  

Сол себепті ғалым ендігі кезекте әліпби ауыстыру саясатын қолға алып,  «ұлтаралық, халықаралық, жалпы дүниежүзілік таралу деңгейі жоғары», әрі «тілдік фактілерді» дәл таңбалаудың үлгісі ретінде ресми түрде халықаралық фонетикалық транскрипция болып қабылданған латын жазуы болу керектігін пайымдайды. Әліпби ауыстыру туралы көзқарастар Академик Әбдуәли Қайдардың және Елбасы бастамасы негізінде ғалымдар мен тілші қауым тарапынан қызу пікір-таластың, идеялардың түрткісі болды. Бұл тақырыпта  мерзімді баспасөз беттерінде көптеген мақалалар жарық көрді. Мамандықтары мен жас ерекшеліктері, қызметі әртүрлі мақала авторларының көзқарастары мен ой-пікірлері де алуан түрлі. Қоғам назарын  жақындастырған көзқарастар қатарындағы негізгі дәйектемелер: халықаралық аренаға шығу,  ғылым мен техника тілін меңгеру, жаңа ғасыр технологияларымен жақындасу, (компьютер, телефон, интернет) өркениеттер тоғысына әдебиет, өнер, мәдениетті жақындастыру, жастардың шет тілін меңгеруге қолайлылығын тудыру ойлары болды.

Латын графикасы 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарапынан қолдау тапты. Сол бір жылдары бұл мәселе шешуін тапқандай жаршы жаңалықтарға ұласып, кейіннен сүрлеуін тауа алмай үнсіз кетті. Елбасы ҚХА сессиясында: «Латын әліпбиін қарайтын кез келді. Бұл мәселені кезінде кейінге қалдырған едік. Қалай болғанда да, латын әліпбиі бүгін де телекоммуникациялық салаларда басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан да, бұрынғы советтік елдердің көпшілігінің латын әліпбиіне көшуі де кездейсоқ емес. Мамандар осы мәселені зерттеп, нақты ұсыныстарын жасауы тиіс. Біздің балаларымызды ағылшын тілінде оқытудың өзі латын әліпбиімен байланысты. Ал, біз қазір барлық мектептерде ағылшын тілін оқытамыз. Сондықтан мұнда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ», – деген болатын. 

Латын әліпбиіне көшірілген көршілес мемлекеттердің тәжірибесін назардан тыс қалдырмауды да осы жиында тапсырған еді Елбасы. Кезінде түркі мәдениеті және өнерін зерттеу, оны әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында құрылған ТҮРКСОЙ-дың жиынында түркітілдес елдер латын әліпбиіне көшуді бір ауыздан қолдаған болатын. Түркі халықтары тілі ұқсас болса да осы кезге дейін әр түрлі әліпбимен жазып жүр, латын әліпбиін пайдаланатын түркі тілдес мемлекеттердің жазуы да бір ізге түсірілген емес. Белгілі ғалым, түркітанушы Әбуақап Қара: «Латын әліпбиін жасауда біршама қателіктер орын алып жатыр. Қазақ тілі – таза тіл. Қазақстанның қай аймағы болсын, халық бірін-бірі жақсы түсінеді. Ендігі мәселе – латын қарпіне өту үшін әліпбиді «ұ», «ү», «у» секілді әріптердің сақталуына, жазылуына, айтылуына мән беріп жасау керек», – деп түркі әлеміндегі әліпби мәселесіне тоқталған.  Жоғарыда сөз еткен Елбасының тапсырмасы мен латын әліпбиіне көшудің қаншалықты маңыздылығына қарамастан, бұл мәселе бүгінгі күнге дейін тек талқылаудан, ұсыныс айтудан әріге бара алмай отырған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қозғалған қазақ тілін біртіндеп латынға көшіру көзқарасы енді қайтадан түлене түсті. Елбасы осы мақаласында қазақ жазуының тарихына тоқтала келіп, 2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін сөз етті.

«Халқымыз Ислам дінін қабылдаған соң руни­калық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала бастады. Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды. 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Ко­мис­сар­лары Кеңесінің Президиумы латындан­дырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі ал­фавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Осылайша, қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқын­далып келді. Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қар­піне көшуді бастаймыз деген сөз», - деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгінгі еліміздің саяси, экономикалық, ғылымилық, халықаралық маңызы бар мәселелер тоғысында ғаламтор мен ұялы байланыстың жазармандары мен пайдаланушылары көбейген тұста интернет желісін пайдаланушылардың латын тіліне қажеттілігі артпаса кемімейтіні анық. Екіншіден бұл идея түркітілдес халықтарды біріктірудің басты көзқарасы болып табылады.

Қазақ халқының пайдаланған жазу тарихы бірнеше кезеңдерді басынан өткерді. Ұлы бабаларымыз сақ, ғұн, қаңлы тайпалары жазудың көне «есік жазуы» түрін пайдаланды. Бұл жазуды қазақ халқының негізін құраушы үйсін, қаңлы, қыпшақ тағы басқа тайпалары да қолданды. Одан кейін түркілердің алтын ғасырында бабаларымыз тасқа қашалған «руна жазуын» тарих сахнасына алып келді. Ол ескерткіштердің негізгі алтын қоры Орхон-Енисей, Талас өзендері бойынан табылды. Түркі жазуынан кейін тарих сахнасына «ұйғыр жазуы» шықты. Бұл жазу көбінесе еліміздің оңтүстік-шығысындағы тайпаларда қолданысқа енгізілді. Қазақ тарихында бірнеше ғасырға ұласқан араб жазуы болды. Бұл жазудың өзі 8 ғасырдан бастап күні бүгінге дейін қолданылып келеді. (Қытай қазақтары) Жиырмасыншы ғасырдың бірінші ширегінде қазақ жазуы латын графикасына көшіп, артынан кирилицаға өзгертілді. Осылардың бәрі қазақ халқының пайдаланған жазу тарихының негізі.

Сондай-ақ әлем тарихындағы жазудың алғашқы түрі суретті жазу түрлері қазақ жерінде де кездесті. Қазақстан жерінен Алматы облысы Таңбалы сай (б.э.д. VІ ғ.), Талдықорған облысы, Ақсу, Қапал жерінен, Дауылбай тауы, Теректі сайы, Алакөл, Талас ойпатынан, Қарағанды облысы, Қаратаудан, Семей, Дегерес, Балқаш, Ұлытаудан бұл жазу ерекшеліктері табылды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қозғалған латынға көшу идеясын біз өзімізде оқырман тарапынан қолдауды негізге ала отырып, мынандай ұсыныстар қоса кеткенді жөн көрдік:

Қазіргі кезде Түркияда жүрген қазақтарымыз латынша, шетелдегі қырықтан астам мемлекетте тұратын қазақтарымыз латынша, Қытайдағы қазақтарымыз төте (араб) жазуында, Моңғолиядағы қазақтар кириллица, бізде кириллица. «Латынша көшсек» дегендегі мақсаттың бірі де осылардың бәрінің басын қосу, бір текті ету болатын. Осы орайда түркі руханиятын жақындастыру үшін латын графикасына көшер болсақ, төмендегі жағдайлардың біразына қол ұшын созған болар едік.

Біріншіден, ортақ әдебиет пен өнерді жақындастыру. Мәселен Қытайдағы қазақтар біздің кириллицамен жазылған шығармаларды төте жазуға айналдырып, біздер ондағы мұраларды кириллицаға аударып, том-том кітаптарды шығару үстіндеміз. Мұның барлығы айналып келгенде қаншама, бәленбай қаржыны ысырап етеді. Осылардың барлығы бір жүйеге түссе жаман ба? Түркі әдебиетін, мәдениетін, өнерін барынша зерттеумен зерделеуге жол ашылады.

Екіншіден, Байкалдан Балқарға дейінгі аралықты алып жатқан түркі әлемінің тарихын, мәдениетін, руханиятын жақындыра түсу үшін, ғалымдарымыздың түркі дүниесіне ортақ мәселелерді бірлесе зерттеуі үшін латын графикасы маңызды рөл атқарады (Бұл мәселе аясында Халықаралық Түрік академиясының жұмысы маңызды екенін көрсетіп отыр).

Үшіншіден, болашақта ғылым мен техника, компьютер мен роботтар, тіпті әлеуметтік желі тілдері ортақ жүйелі тілге енуі мүмкін. Осы тұрғыда өзімізді латын графикасына үйретер болсақ, ол қиындықтардың алдын алып, тосқауыл қоя аламыз. Мәселен сол ғылым тілінің қазақша баламаларын бірізділікке түсіріп, жалпы аудармалық атауын береміз.

Төртіншіден, графизация (әріп таңбалау) заңдылықтарының сай келуін бірізділікке түсіреміз. Яғни әріптің дыбысты таңбалау, көру, оқу, жазу талаптары.

Бесіншіден, жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны ақиқат. Барлық медициналық атаулар, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер – барлығы да латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Осы тұрғыдан түркі әлемінің байланысын, барлық саладағы ортақ мүмкіндіктерін байланыстыру бағытында латын графикасы қиындық туғызбайды деп білеміз.

Қиындықтар болмайды емес – болады. Бірақ әлем елдерімен терезесі тең, рухани күші біріккен, түркі әлемін өркендету үшін енжарлыққа салынып, қол қусырып отыруға болмайды. Ұлттық тілі жоғары деңгейдегі жапон елі де ғылыми жұмыстар және байланыс құралдарын пайдалануға ыңғайлы болуы үшін латын жазуын екінші тіл деңгейіне көтерді. Ендеше Елбасы қолдаған латын графикасының жобасын бәрімізде еншімізге жаза отырып, «мегажоба» ретінде ұлттық деңгейге көтеру қажет. Латын графикасына көшу үшін жоба-жоспарсыз қандай да бір істің нәтижесін көру мүмкін емес.