Ұлт қорғаны – ұлттық тарих
15.04.2016 1619
Мәселен, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі» мен Махмұт Қашқаридың «Түркі сөздігі» сияқты түркілер өркениетін жалпыадамзаттық кеңістікке алып шыққан ұлы туындылар рухани айналымда қалтарыста қалып келді

Алдағы оқу жылында ЖОО-ларда тарихшы емес мамандықпен оқитын бакалаврлар «Қазақстан тарихын» келте нұсқада, яғни тәуелсіз Қазақстан тарихын ғана оқитын болыпты. Ресми қағаз алмаса да, біраз институттар мен университеттер қажетті даярлық жұмыстарын бастап кеткен сыңайлы. Мұндай ұстанымдағылар уәж есебінде Батыс елдеріне тиесілі оқу бағдарламаларын үлгі тұтады. Бұл, жұмсарта айтқанда, қате түсінік. Білімнің гуманитарлық компонентіне байланысты біздің елді Батыс елдерімен теңгеруге болмайды. Дамыған Батыс және Шығыс қоғамдарының (мәселен, Англия, Германия, Франция, Иран, Түркия, Жапония, т.б.) ғасырлар бойы мемлекеттілік дәстүрі, мәдениеті, халқының мемлекетшілдік ұстанымы біржола қалыптасқан. Оларда мемлекеттік және ұлттық бірегейлік мәселесі шешілген. Бірақ, бұл елдердің өзі «бізде мемлекеттік бірегейлік мәселесі біржола шешімін тапқан» деген көңіл-күйінде қол қусырып, қарап отырған жоқ. 

Иә, рас, қазақ қоғамы да тәуелсіздік жылдары ғасырға бергісіз жолдан өтті. Қазақстан әлем таныған елге айналды. Дегенмен, бізге тоқмейілсуге ешқандай негіз жоқ. Бүкіл елде, қоғамда тарихи сабақтастық негізде отаншылдық, мемлекетшілдік ұстаным берік орнығуы үшін мемлекеттік деңгейде тынымсыз, мақсатты түрде, салалы және кешенді жұмыстар жүргізілуі тиіс. Бұл, ешқандай да асыра сілтеусіз, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. 

Өйткені, әрбір халық, әрбір қоғам өзінің біртектілігін бүлінбеген, сау күйінде сақтағанда ғана өмір сүре алады. Ал, ұлт, халық ретінде біздің біртектілігіміз патшалық және советтік кезеңдерде ауыр да мақсатты шабуылдарға ұшырады, ұлттың ұю үдерісі мемлекеттік қамқорлық жоқ жағдайда жүрді, ұлттың бастаушы әлеуметтік күштері қуғын-сүргін құрбаны болды. Оның салдарын біз әлі де біраз уақыт сезетін боламыз. Яғни біздің қоғамымызда мемлекеттік және ұлттық біртектілік үшін күрес қазіргі уақытта да жүріп жатыр, әлі де жүретін болады. Қуатты мемлекетке, ұлтқа айналу үшін бізге кем дегенде екі жаңа буын қалыптастыру қажет. Сонда ғана басқа елдермен еркін әрі тең дәрежеде сөйлесе аламыз. 

Қазақстан тарихына қатысты қалыптасқан күрделі ахуалға алаңдаған жер-жерлердегі әріптестер төл тарихымыздың болашағына немқұрайдылықпен қарай алмағандықтан бізге қоңырау соғып, хат-хабар жазып, жоғарыдағыдай шешімнің алдын алуға өтініш жасап жатқандарын айту парыз. 

Отандық тарихнама елдің көпғасырлық шынайы тарихын еркін, заман сұранысына лайық дәрежеде және толымды мазмұнда қорыту мүмкіндігіне енді ғана қол жеткізіп, оның негізгі нәтижелері мен тұжырымдарын білім жүйесіне жеткізу мүмкіндігіне ие болған шақта Отан тарихын оқу бағдарламасынан аластау мемлекеттік қауіпсіздікке төнген қауіп ретінде қабылдануға тиіс. Өйткені, Отанды ішкі және сыртқы кауіптерден сақтау ісі оның азаматтарының кәсіби даярлығына, патриоттық ұстанымы мен сезіміне, азаматтық жауапкершілігіне тікелей тәуелді. Мұндай рухани құндылықтарды әрбір жас маман өз елі мен жерінің ғылыми тұрғыдан әрі терең қорытылған тарихын бойына сіңіру арқылы ғана игере алады. Мемлекет құру және нығайту ісінде, әрине, әлемдік тәжірибенің ескерілгені жөн, дегенмен, бұл мәселедегі негізгі қағидат мемлекет халқының әлеуметтік құрамын және олардың күнделікті өміріндегі түйткіл мәселелерін анықтаудан, оларды шешу жолдарын белгілеуден тұрады. 

Мемлекеттік тәуелсіздікті сақтау және оны нығайту ісі мемлекетті басқару рухымен өзектес болуға тиіс. Ал, басқару рухы неден бастау алады? Әрине, сол елдің төл тарихынан, ана тілінен, шындығынан. Сондықтан, болашақта елдің басқару ісіне араласатын бүгінгі студентке біз өз елінің тарихы мен шындығын түсініп, бойына сіңіре алатындай мүмкіндік туғызуға міндеттіміз. 

Сонымен, Отан тарихы жоғары оқу орындарында міндетті түрде оқытылуы тиіс және ол заман сұранысына лайық толыққанды пән ретінде жаңа мазмұнда жүргізілсін дегенде қандай ұсыныстарға табан тіреп отырмыз? 

Мектеп бағдарламасында қарастырылған материалдар жоғары оқу орындарында қайталанбауы тиіс деген ұсынысты толық қабыл ала отырып, біз студент жастарға Отан тарихын алғашқы қауымдық құрылыстан бастап, оның бүгінгі күніне дейінгі барлық тарихи кезеңдері мен үдерістерін жіктеп оқытудың қажеті жоқ деп білеміз. Бұл – бұрынғы тарихты формациялық ұстаным тұрғысынан оқытудың көрінісі. Мұндай оқыту барысында ел тарихында шешуші рөл атқарған ең негізгі және өзекті оқиғалар мен үдерістер, балама өзгеру және өсу мүмкіндіктері назардан тыс қала бермек. Яғни, Отан тарихын оқытуда бүгін екпін студент жастардың, жалпы қоғамның дүниетанымы мен талғамына сүйеніш бола алатын ұлт тарихындағы шешуші кезеңдер мен оқиғаларға, өнегелі істерге түсірілгені жөн. Қоғамның рухани сұранысына жауап бере алатын ондай оқиғалар мен кезеңдер, өнегелі істер біздің тарихымызда аз емес. 

Енді, жаңа жағдайда жоғары оқу орындарында оқытылатын «Қазақстан тарихы» пәнінің тарихи кезеңдерін және оқиғалар хронологиясын орта мектептегідей қайталамау қажет. «Қазақстан тарихын» оқытудың әдістемелерін жаңаша өзгертіп қана қоймай, студенттердің теориялық-методологиялық деңгейін көтеруге ықпал ететіндей, оларды сапалы маман ретінде ғана емес, сонымен қатар, ең бастысы – саяси-теориялық тұрғыдан саналы азамат етіп қалыптастыратындай бағытқа бағдарлау қажет болып отыр. Мұның өзі оқыту әдістемесін сапалы түрде теориялық-проблемалық тұрғыда өзгертуді талап етеді. Әсіресе, біздің ойымызша, мемлекетқұраушы ұлттың қалыптасуын, дербес, тәуелсіз мемлекеттілігін құру бағытындағы тарихи қадамдарын, оның басқалардан ерекшеленетін өзіндік қайталанбас мәдени-әлеуметтік өркендеу жолын, идеялық-рухани дүниетанымдарының, түсініктерінің эволюциялық сатыларын, тағы да басқа көптеген Қазақстан тарихына қатысты күрделі мәселелерін тарихи сабақтастық және методологиялық тұрғыдан оқыту мәселесі бүгінгі жоғары оқу орындарында аса өзекті болып табылады. 

Білім жүйесінде Отан тарихын оқыту ісінде дерек көздеріне жете көңіл аударылғаны дұрыс болмақ. Осы уақытқа дейін деректік бастау-бұлақтар монографиялық зерттеулердің, оқулықтар мен оқу құралдарының көлеңкесінде қалып келді. Студент жастарға тарихи оқиғалар мен үдерістерді тарихи бұлақтар арқылы оқыту олардың рухани мәдениетінің, азаматтық санасы мен ұстанымының қалыптасуына пәрменді ықпал жасайтын, өз бетінше, тәуелсіз тұжырымдар жасауға жол ашатын әдіс, оқу құралы. Басқаша айтқанда, мақсат жастарға дайын тұжырымдарды беруден бас тартып, оларды еркін, өз бетінше ізденуге, батыл шешімдерге келуге баулу болып табылады. 

Мәселен, Орхон сына жазуларындағы Күлтегін мен Білге қағанның кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиет-сөзін түпнұсқалық мәтіндер арқылы оқып, арнайы практикалық сабақтар арқылы талдаудың маңызын асыра бағалау мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Бұл тарихи бұлақтарда бар ішкі энергия Еуропа жұртына антикалық грек және Рим үлгілері беретін энергиядан бір мысқал да кем емес. Бұл ретте біздің педагогтар мен әдіскерлер мақсатты жұмыс жүргізуге тиісті. 

Соңғы жылдарға дейін, мәселен, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі» мен Махмұт Қашқаридың «Түркі сөздігі» сияқты түркілер өркениетін жалпыадамзаттық кеңістікке алып шыққан ұлы туындылар рухани айналымда қалтарыста қалып келді. Бұл екі еңбек те төлтума, жергілікті этнос өмірінен бастау алатын түркі қоғамдық ойының сол уақытқа дейінгі еркін өсіп-өнуінің табиғи жемісі, шаруашылық жүргізу, мемлекет құру және мәдениет қалыптастыру тәжірибесінің жиынтық көрінісі, сондай-ақ бұдан былайғы рухани өсіп-өнуінің берік негізі болды. Өкінішке қарай, бұл ескерткіштердің білім жүйесінде алуға тиіс орындарын біз әзірге анықтай алмай келеміз. 

Отан тарихын осы сияқты тарихи бұлақтар арқылы нәрлендіре оқыту білім сапасын іргелендіруге жағдай туғызып, жол ашпақ. 

Тарихтың қозғалысына, қойылымына, болу-болмауына басты сахнаны – жер, алтын арқауды – тіл, аялы алақанды – мемлекет үш тұғырынан көруіміз керек. Үш тұғырдың бекемдігі мен үйлесімі – тарихқа берілген кепіл¬дік, сабақтастық пен жалғастықтың өзегі. Үш тұғырдың біреуінен айырылу халық¬ты төл тарихынан ажыратады. 

Тіл, жер, мемлекет тарихтың субстраты бола тұра, өздігінен тарихты түзбейді. Өйткені, шешім қабылдау, шешімді жүзеге асыру, ұйымдастыру, басқару тәрізді функциялар құзыреті берілмеген. Бұларды тарих тегершігін айналдыруға жегетін, тарихты түзетін үш қозғаушы күш бар. Біріншісі – халық, екіншісі – тұлға, үшіншісі – билік. Турасына келгенде, қай ғасырды алсаңыз, үшеуінің мақсатты әрекетінсіз шидің басы да сынбайды. 

Тарих – бұл қоғамның, оның түрлі әлеуметтік топтарының, жеке әулеттерінің жады. Ұлттың объективті ғылыми тарихы тек тәуелсіздік жылдары ғана ешқандай да идеологиялық шектеусіз қорытыла бастады. 

Басқаша айтқанда, басқа елдердің ұлт тарихын жазу ісіндегі «алтын ғасырына» біз енді ғана аяқ басқандай күйдеміз. Ал, бұл жұмыстың мемлекеттің және қо¬ғамның қолдауынсыз сәтті әрі нәтижелі жүруі, әрине, тіптен де мүмкін емес. 

Қысқасы, атқарылатын міндет көп. Жаңа типтік бағдарлама, оқулық, хрестоматия әзірленуі керек. Әзірге «Қазақстан тарихы» үш кредит көлемінде оқытылуда. Бұдан әрі азайтуға еш болмайды. Өйткені, 1 млн жылдық Отан тарихының тағылымын жинақтай айтқанның өзінде 40-45 аудиториялық сағат әрең жетеді. Ең бастысы, Қазақ елінде «Қазақстан тарихы» жетімдік көрмейтініне сенгіміз келеді. 

Талас Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Мәмбет Қойгелдиев, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі 

Ханкелді Әбжанов, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі

Егемен Қазақстан.