Жуырда актер Әзиз Бейшеналиев жаңа көркем фильм түсіру жобасының басталғанын хабарлады. Бұл жобада тағдырдың ауыр сынағына төтеп беріп, өмірлері тәлкекке түскен қазақтың батыр қыздарының ерлігі баяндалатынын жеткізді.
Бұл жобаның қалай бастағаны жайлы мәдениет майталманы былай дейді:
«Бұл жоба қалай басталды? Біз үлгі тұтып өскен кейіпкерлер бүгінде жоққа шығарылды. Қазіргі балаларымыздың еліктейтіні – Marvel мен DC әлемдерінің ойдан шығарылған батырлары немесе тоқсаныншы жылдардағы криминалдық сериалдардың «жігіттері».
Сонда біз өз-өзімізге сұрақ қойдық: Қазақстан тарихында шынайы үлгі боларлық нағыз қаһармандар шынымен жоқ па?».
Әзиз Бейшеналиев осындай ділгір сауалдар қойып, осының жауабын іздейді.
Актердің жазуына қарағанда, екі жыл бұрын қазақ Facebook сегментінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі төрт қазақ қызынан құралған ерекше танк экипажы туралы жазба тарайды. Жазба ескі ақ-қара фотосуретпен жарияланып, мыңдаған адам бөліседі, сөйтіп бірден танымал болып, вирустық сипат алды. Бұл жағдай қазір де тоқтамастан таралып жатыр.
2023 жылдың желтоқсан айында Бейшеналиевтің командасы сол постыға назар аударады. Егер осы оқиға шындыққа айналғанда советтік репрессияға ұшыраған отбасылардың қыздары жайлы керемет фильм түсіруге болатын еді. Бірақ кейін анықталғандай, бұл ақпарат жалған болып шықты: ешқандай қазақ танкіші қыздары болмаған, олар бірге суретке де түспеген. Алайда бұл сол сұм соғысқа қатысқан қазақ қыздарының ерлігіне көлеңке түсіре алмайды. Қош, сонымен киногерлер командасы не істейді дейсіз ғой.
Ойдан шығарылған тұлғаларды іздеудің енді еш мәні жоқ екенін түсінгеннен кейін олар Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан бір миллион үш жүз мыңнан астам отандасымыздың ішінде шынайы қаһармандар бар екенін иланады.
Сөйтіп жүргенде киногерлер әлдеқалай тағдыр жолы бұралаңға толы, ердің еріне бұйырар ащы мен тәттісі қатар жүрген таңғаларлық өмір иесі – қазақтың қайсар қызы туралы естиді. Оның туыстарын іздеп тауып, мол материал жинап, көркем фильм түсіруге рұқсат алады.
Ол адам Халида Есенғұлқызы Маманова болып шығады.
Ұлы далада бұл әулет аңыз еді. Халиданың арғы атасы – Абылай ханның серігі, Қабанбай батырдың қолбасшысы болған Бөрібай батыр. Орта жүздің Найман тайпасының Матай руынан шыққан ол 1694-1756/1760 жылдар аралығында өмір сүрген. Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күресте, әсіресе жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ жерін қорғауда ерекше ерлік танытқан айрықша тарихи тұлға.
1723-1740 жылдар аралығындағы жоңғарларға қарсы шайқастарда Бөрібай батыр Матай руының әскерін басқарып, жауға қарсы батылдықпен күрес жүргізді. Сонымен қатар Жалайыр, Қоңырат жасақтарын біріктіріп, Сарысу өзенінің бойына қоныстандырған.
Ал аңызға айналған Аңырақай шайқасында да Бөрібай батырдың ерлігі ерекше атап өтіледі. Бұл ұлы шайқаста ол жекпе-жекке шығып, жаудың батырын жеңіп, оның атын жетектеп қайтқан екен. Осы ерлігіне риза болған Абылай хан: «Есімің Матай елінің ұраны болсын!» – деп, оның есімін мәңгі ұранға айналдырған. Сол кезден бастап Матай руының сарбаздары ұрысқа «Бөрібайлап!» деп атойлап кіретін болған.
Бөрібай батырдың есімі ғасырлар бойы халық жадында сақталып келеді. Оның ерлігін құрметтеп, ескерткіштер орнатылды, ал аты мен рухы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, бүгінгі күнге жетті. Бөрібай батырдың сүйегі қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген.
Ол тек батыр ғана емес, бүкіл бір әулеттің ұранына, рухани күшіне айналған, халқының жүрегінде ерекше орын алған тұлға. Оның ерлік жолы мен есімі ұлы дала тарихында өшпес із қалдырған. Міне, осындай ұлы адамнан туған ұрпақ ғасырлар жүзінде туған елі мен халқына қалтқысыз қызмет сіңіріп келген еді.
Халиданың атасы Маман Қалқабайұлы (1810-1901) – қазақ тарихындағы алғашқы кәсіпкерлердің бірі, көрнекті би әрі қоғам қайраткері. Ол 1867-1868 жылдары қажылық сапармен Меккеге барып, жолда Ресей, Түркия және араб елдерінің тұрмыс-тіршілігімен танысқан. Елге оралған соң өз халқын отырықшылыққа көшіп, сауда-саттықты дамытып, білім алуға шақырып, қазақ қоғамын жаңаша өмір салтына бейімдеуге күш салған.
Әкесінің бұл бастамасын жалғастырған балалары – Тұрысбек, Сейітбаттал және Есенқұл қажылар 1899 жылы Жетісу жерінде әйгілі «Мамания» мектебін ұйымдастырып, оның құрылысын 1903-1904 жылдары аяқтайды. «Мамания» мектебі кедей және жетім балаларға тегін білім беріп, қазақтың ұлттық зиялыларын тәрбиелеген алғашқы білім ошақтарының бірі болды. Бұл мектепті кейіннен қазақ саяси жолы мен руханиятының ірі тұлғаларына айналған Мұхамеджан Тынышбайұлы, Жұмахан Күдеріұлы, Біләл Сүлейұлы, Ілияс Жансүгірұлы сияқты қайраткерлер бітірген.
Осы мектептен білім алып шыққан түлектерді халық арасында «маман» деп атау дәстүрге айналған. Қазақ тіліндегі қазіргі «маман» сөзі де дәл осы «Мамания» мектебінің түлектерінен шығып, кейіннен мамандық иесін білдіретін жалпы атауға ие болып шыға келген.
Маман әулеті тек мектеп ашумен шектелмей, 1913-1918 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлы шығарған әйгілі «Қазақ» газетінің басты қаржылай демеушілері болғаны тарихи факт.
Маман бидің кенже ұлы Есенғұл қазақ әдебиеті мен мәдениетіне ерекше үлес қосты. Ол 1913 жылы қазақ әдебиетінде тұңғыш рет роман жазуға бәйге жариялап, жеңімпаз атанған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» және Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» романдарына 1914 жылы ірі ақшалай сыйлық тағайындап, шығармашылыққа үлкен серпін берді. Бұл бәйге қазақ әдебиетіндегі алғашқы романдардың жазылуына тікелей себепкер болды. Сондықтан оны Алаш зиялылары «Қазақтың Нобелі» деп бағалады.
Осылайша қазақ қоғамының өркендеуіне, мәдениет пен білімнің дамуына зор ықпал етіп, ұлттық зиялылар буынының қалыптасуына Маман әулетінің қосқан үлесі баға жетпес, ұшан-теңіз.
1917 жылғы революциядан кейін Мамановтар әулеті ауыр нәубетке ұшырады. Совет билігі бұл әулеттің он бес адамын ату жазасына кесіп, отыз алты адамды Қазақстаннан тысқары жерлерге жер аударды. Халиданың әкесі Есенғұл Маманов «халық жауы» деп жарияланып, бүкіл мүлкі тәркіленіп, отбасымен бірге алыс өлкеге күштеп жер аударылған еді. Сол қуғында жүргенде Есенғұлдың өзі және Зорлық пен Зомбылық есімді екі кіші ұлы қайтыс болды. Балалардың мұндай ауыр есімдері де сол бір қасіретті заманның таңбасы болатын.
Әкесі жосықсыз саясат салдарынан қаза болғаннан кейін, анасы мен тірі қалған балалары Қазақстанға қайта оралды. Халида білім алуға ұмтылып, Алматы медициналық институтына түсті. 1942 жылы оқуын үздік аяқтаған жас дәрігер Халида майданға аттануға бел байлап, өз еркімен өтініш жазғанымен, «халық жауының қызына» деген күдікпен оны қара жұмысқа – мәйіт жерлеуге жіберді.
Мұндай әділетсіздікке көнбеген қайсар қыз Сталиннің өзіне хат жазып, өзін ең ауыр жазаланатын штрафбатқа жіберуді сұрады. Халида Сталинге қойған талабында: «Егер мен тірі қалсам, отбасымнан «халық жауы» деген жала айыпты алып тастайсыздар», – деп батыл шарт қояды. Осылайша ол өз өмірін ғана емес, бүкіл әулетінің абыройын да қайтаруға тырысқан еді.
Халида көп ұзамай қылмыскерлер мен саяси тұтқындар қатарында, өлімге кесілгендерден құралған ротадан бір-ақ шықты. Ол айып ротасындағы жалғыз әйел еді. Ұрыстар кезінде жанындағы сол қылмыскерлер мен саяси айыпталған жауынгерлер Халиданы оққа қарсы өз денелерімен қорғап, ажалдан аман алып қалды. Осылайша олардың арқасында Халида тірі қалды.
Кейін Халида 821-ші авиациялық батальонға ауыстырылып, онда амбулаторияның бастығы болып қызмет етті. Бұл батальон Сталинград түбіндегі шайқастарға басынан бастап соңына дейін қатысып, фашистер талқандалғанға дейін майдан даласынан шықпады. Кейін батальон 4-ші Украина, одан соң 3-ші Беларусь майдандарының құрамында Балтық елдерін азат етуге қатысты. І және ІІ Украина майдандарының құрамында Польша, Чехословакия, Германия және Австрия жерлерінде жауды тықсыра отырып, Халида Есенғұлқызы Берлинге дейін жетті.
Тек 1943 жылы ғана Халидаға медициналық қызметтің аға лейтенанты әскери атағы берілді. Соғысты капитан дәрежесінде аяқтап, 1945 жылдың 26 желтоқсанында майдандағы алған жарақатына байланысты елге оралды.
Халида Есенғұлқызы майдандағы ерлігі үшін «Сталинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.
1946 жылдың ақпан айынан бастап Халида Есенғұлқызы Қазақ медицина институтының патологиялық физиология кафедрасына ассистент болып жұмысқа орналасты. 1950 жылдың қыркүйегіне дейін осы қызметте істей жүріп, кандидаттық диссертациясының эксперименттік бөлігін аяқтады.
Алайда оның бай тұқымынан шыққаны тағы да алға жылжуына кедергі келтірді. Ғылыми жұмысын қорғауға рұқсат берілмеген соң, оның ұстазы Глозман Халидаға Қырғызстанға баруға кеңес берді. Осы кеңестің арқасында Қырғызстан арқылы Мәскеуге шығып, кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты атағын алды.
1950 жылдардың басында бүкіл Кеңес Одағын дүрліктірген атышулы «дәрігерлер ісі» басталған кезде, Халида тағы да сол саяси қудалаудың қыспағына түсті. Бұл жолы ұстаздары оған ел назарынан алыс, таулы аймаққа уақытша кетіп, жағдай тынышталғанша сақтандыру дәрігері болып жұмыс істеуді ұсынды.
Осыдан кейін оны Қарағанды медицина институтына кафедраға қызметке жіберді. 1959 жылы Ақтөбе қаласында медицина институты ашылған кезде, оны осы институттың ректоры – Халиданың бұрынғы курстасы кафедраны басқаруға шақырды. Халида бұл кафедраны жиырма жылдай басқарып, осында жүріп докторлық диссертациясын да сәтті қорғады.
1969 жылы Халида Есенғұлқызына Жоғары аттестациялық комиссия шешімімен медицина ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілді. Оның онкологиялық ауруларға арналған монографиясы Парижде өткен халықаралық конгресте оқылып, жоғары баға алды. Оның көптеген шәкірттері кейін белгілі ғалымдар мен беделді мамандарға айналды. Ал сол кездегі студенттері оны әлі күнге дейін ерекше мейіріммен еске алады: себебі Халида өз студенттерінің киімдерін жамап, тамағын беріп, қажет болғанда ақшалай көмек көрсетіп отырған еді.
Сондай студенттің біреуі Гүлмира Сарбасова: «Халида Маманова патологиялық анатомия кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеген. Өзінің студенттерін тамақтандырып, шұлықтарын жамап беретін. Оны қайда жұмысқа тұрса да қуып, қудалап отырды. Оның өмірінде Семей кезеңі де болған, ол жаққа да жұмыс істеуге кеткен еді. Ақтөбеге оны курстасы шақырған болатын», – деп еске алады.
Докторлық диссертациясын Мәскеуде сәтті қорғап оралғаннан кейін Халида Есенғұлқызы студенттердің қатысуымен қазақ ұлттық аспаптар ансамблін құруға бастамашы болды. Алайда мұнысы үшін оны партияның обкомына шақырып, қатаң сынға алды. Ол «ұлтшылдықты қоздырып», «социалистік ағарту мен білім беру жүйесіне нұқсан келтірді» деп айыпталды.
Халидаға осы себеппен Мексика мен Орталық Америка елдеріне ғылыми іссапармен баруға рұқсат берілмеді. Дегенмен оған социалистік елдердің бірі – Болгарияға барып демалуға мүмкіндік берілді. Бірақ бұл сапар оның өміріндегі соңғы сапар болатынын ол кезде ешкім де білген жоқ еді.
Ақтөбелік дәрігерлер тобы Болгариядағы «Алтын құмдар» курортына жіберілді. Бірнеше күннен кейін, таңертеңгі уақытта Халида Есенғұлқызының мәйіті жағажайдың демалыс орындарынан алыс тұсынан табылды. Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, дәрігер кешкі уақытта суға батып кеткен деген ұйғарым жасалды. Бірақ жақындарының айтуынша, Халида кешкі уақытта суға түскенді ұнатпаған. Оның үстіне мәйіттің денесінде үлкен көгерген жарақат анықталды. Ресми болжам бойынша, оны толқын бетон пирске соғып, жарақаттаған болуы мүмкін. Дегенмен оның біреудің қолынан қаза табуы да әбден ықтимал жағдай еді.
Туыстары бұл істі Болгария мен Қазақстанның Мемлекеттік қауіпсіздік комитеттері жүргізгенін айтады. Марқұмның денесін туыстарына екі апта бойы бермеген. Сол кезде көпшілік арасында оның өлімі «қастандық» болуы мүмкін деген әңгімелер кең тарағанымен, бұл болжам нақты дәлелденбеген күйі қалды.
Оқ пен оттың бәрінен аман шыққан Халида Есенғұлқызы небәрі 59 жасында Болгарияда демалыста жүргенде жұмбақ жағдайда қаза болды. Марқұмның денесін отбасы ұзақ уақыт ала алмай жүрді. Болгария билігінің ресми нұсқасы бойынша, Халида Есенғұлқызы өз-өзіне қол жұмсаған деп танылды. Қайғылы оқиғаны зерттеген органдардың әділдігі мен бейтараптығына күмән келтіретін туыстары қазасының нақты себебін әлі күнге дейін біле алмай келеді. Халиданың өліміне күмәнмен қарауға себеп болған нәрсе Болгариядан елге қайтарылған жеке заттарының ішінен өлшемі оған сәйкес келмейтін, 34 өлшемді кішкентай, бөтен біреудің аяқ киімі табылған еді.
Сонда өзін-өзі өлтірмек болған адам қалайша өзіне сыймайтын аяқ киім мен жақындарына толы чемодан сыйлық сатып алады? Бұл сұрақтың жауабы әлі берілген жоқ.
Халида Есенғұлқызы қайтыс болғаннан кейін, тек 16 жылдан соң ғана 1993 жылдың 14 сәуіріндегі №2144 «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы негізінде саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танылып, толық ақталды.
Бірақ ұлтына сіңірген өлшеусіз еңбегіне қарамастан, оның есімі уақыт өте келе қайтадан ұмытыла бастады. Бүгінде Халида Маманованың өмір жолы, қайсарлығы мен ерлігі, қазақ медицинасы мен ғылымына қосқан үлесі, өкінішке қарай, көпшілікке белгісіз. Оның аты оқулықтарда да, тарих беттерінде де сирек кездеседі. Әлеуметтік желілерде, қазақ ақпарат кеңістігінде ара-тұра айтылып жазылып тұрады. Ал шын мәнінде, дәл Халидадай тұлғалардың тағдыры – өткеніміздің ақтаңдақ беттерін толтыратын, келешек ұрпаққа рух беретін нағыз үлгі болуға лайық еді. Сондықтан оның есімін қайта жаңғырту, ел есінде мәңгі қалдыру – бүгінгі ұрпақ алдындағы қасиетті парыз.
Қазіргі таңда қала әуежайларына қазақтың қаһарман қыздарының есімдерін беру бүгінде жақсы үрдіске айналды. Мысалы, Атырау әуежайы Хиуаз Доспанованың, Орал әуежайы Мәншүк Мәметованың, Ақтөбе әуежайы Әлия Молдағұлованың есімімен аталды. Осы игі дәстүрді жалғастырып, ендігі кезекте Талдықорған әуежайына деуге келмес, медициналық мекемелерінің біреуіне есімі әлі де елге кең танылмай келе жатқан, алайда ерлігі мен қайсарлығы талай тарихи тұлғадан кем емес, медицина ғылымының докторы, совет-герман соғысының ардагері, репрессия құрбаны Халида Маманованың есімін беру – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру ғана емес, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие берудің үлкен қадамы болар еді.
Сөз басында есімі аталған актер Әзиз Бейшеналиев «Антикалық трагедияның кейіпкері – тағдырдың жазмышынан жеңілетінін біле тұра, соңына дейін күресуден бас тартпаған адам.
Халида – дәл осындай антикалық ауқымдағы қаһарман.
Ол ойдан шығарылған кейіпкер емес. Ол – өмірде шын болған адам.
Енді Халида Маманованың есімін қайта тірілту кезегі – біздің мойнымызда. Ол және оның бүкіл әулеті ұлтымыздың азаттығы мен ағартушылығы жолында күресті. Біз енді олар үшін күресуге дайынбыз» деп жаңа көркем фильмді түсіруге білек сыбана кірісіп отыр.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының питчингіне тапсырған киносценарий мүмкін өтер, мүмкін өтпес – оны да көрерміз, өте алмаған жағдайда бұл жобаны қалай да өз күшімізбен, мемлекет қолдауынсыз жүзеге асырамыз.
Ол үшін «біз өзімізбен пікірлес, жанашыр адамдарды іздейміз. Бізге инвесторлар қажет – жұмсалған әрбір теңге үшін мен жеке өзім жауап беремін. Бізді ақпараттық тұрғыда қолдаушылар да керек. Қазірше осы жазбаны бөлісіп, көпшілікке тарату жеткілікті. Сондай-ақ бізді жылы сөзбен болса да қолдаушылардың барлығы – біз үшін маңызды», – дейді Ә.Бейшеналиев.
Халида Маманова – тағдыры трагедия мен ерлікке толы, қайсарлығы мен батырлығы аңызға айналған тұлға. Ол өмір бойы қуғын-сүргінге ұшыраса да, ғылым жолынан тайған жоқ. Әр қиындыққа төтеп беріп, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалды, қазақ ғылымына, медицинасына өлшеусіз еңбек сіңірді.
Талдықорған өңірінің жұртшылығы ғана емес, еліміздің барлық аймағы бұл бастамаларды қолдап, Халиданың есімін тиісті нысанға беру және көркем фильмге қолдау білдіру арқылы оның рухына тағзым етіп, есімін мәңгі есте сақтауға мүмкіндік алар еді. Бұл қадам жас ұрпаққа ұлтымыздың шынайы қаһармандарын танытудың нақты жолы болып қана қоймай, халықтың тарихи санасын нығайтып, өткенімізге деген құрметті арттыра түсері анық.
Совет-герман соғысының әскери дәрігері Халида МамановаХалиданың И.В. Сталинге жазған хатыХалида Маманованы марапаттау қағазыХалида Маманова және белгісіз соғыс жауынгері, 1945 ж.Халида соғыс жауынгерлерімен біргеАқтөбе медицина институты патологиялық анатомия кафедрасының меңгерушісі Халида Маманова