Темірші балбалтастары қорғауды қажет етеді
19.07.2024 2638

Алдағы жақын кезеңде Темірші өңіріндегі тарихи ескерткіштерге нақты көңіл бөліп, оларды сақтап, қорғау, қоршау, ғылыми сипаттамасын жасау, өңірді туристік нысан ретінде айналымға енгізуге қатысты кешенді іс-шаралар жоспары қолға алынуы керек деп білеміз. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген халықпыз. Бұл да біздің арғы тарихымыз. Сондықтан тарихи мұраларымыздың болашақ ұрпаққа аман сақталып жетуін қамтамасыз ету – бүгінгі буын, біздің қасиетті парызымыз.


«Қарқаралы басында бір топ арша» дегендей, аршасы мен жалбызы аңқыған осы бір киелі өңірге барып келген едік. Сапарымыздың басты мақсаты – ғасырлар сырын қойнауына бүккен Темірші тауларын аралап қайту еді. «Жол азабын жүрген білер» деген сөз бар. Қарқаралыдан шығып, Абай облысының шегіне таман жатқан Татан аулына дейін жүргенде, осы сөздің растығына анық көз жеткендей болады. Ойдым-ойдым шұңқырлы грейдер жолға жақын мерзімде асфальт төселіп, осы өңірдегі елге лайықты қызмет етерін қиялдасақ та, көңіл сенбейтіндей-ақ. Өз-өзінің қоңыр тірлігімен әуре ауыл халқы осы жолға да шүкір дейтіндей. 

Біз Татанға барғанда, бұл ауылда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп дүбірлі той басталып жатыр екен. Арысы Семейден, берісі Қарағандыдан, өзге өңірлерден жиналған қаракесектің бір бұтағы қамбар руынан тараған ұрпақтар жиналып ас беріп жатыр екен. Жалпы елде мұндай ас пен той баршылық екен. Алдағы уақытта шанышқылы руының тойы мен Қарқаралы ауданының байырғы білім ордасы Қарағаш мектебінің ғасырлық тойы өтпек екен. 

Біздің бірден Татан аулына ат басын тіреуіміздің де мәні бар. Осы ауылда Хамза Хасенұлы деген ақсақал тұрады. Ол кісі – негізі көрші Қарағаш аулының тумасы. Хасен ақсақалдың әкесімен бірге туысатын Қоспан Қалиұлы – Қарағаш мектебінің алғаш негізін қалаушы ұстаз. Ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығында еңбек еткен Хамза ақсақалды осы өңірдегі әрбір тау-тас, сай-сала, көне жұрттар мен қорымдардың тірі шежіресі дерсіз. Ол кісі бір әңгімесінде сонау 1971 жылы академик Әлкей Марғұланға жолбасшы болып, осы Темірші тауларын аралатқанын айтқан еді. Біздің қызығушылығымыз да осы бағытта болған соң, ақсақалды жолбасшы етіп, Татаннан Қарағашқа тарттық. Темірші тауларының қойнауындағы жазықта Шақабай өзені жылап ағып жатыр. Академик Әлкей Марғұланның сапары жайлы жолай сұрап келеміз. 

Осы өңірдегі толған обалар мен мықтың үйлері, балбал тастардың сырына үңіліп, қазба жұмыстарын жүргізген академиктің қасында белгілі жазушы Әмен Әзиев болыпты. Хасен ақсақалдың әңгімесі: «Әлекең біздің үйде жатып, бірнеше күн осы өңірді аралады. Ол кісіні қызықтырған осы өңірдің «Темірші» аталуы болса керек. Расында да мұнда мол темір қоры бар деп еді. Мұнда біздің бала кезімізде ауыл шетінде, тау етегінде балбал бастар толып тұратын. Осы балбал тастардың біреуінің жанына барған академик: «Ана жерді қазыңдар, одан ана жерді қазыңдар!» – дейді. Қазған жерлердің бәрінен ұзынды-қысқалы тас балбалдар шығады. Демек бұл тастарды тұрғызудың өзіндік тәсілін жақсы білетін болып тұр ғой. Әлекең Қарағаштың бас-аяғындағы балбал тастардың бәріне барып, оларды фотосуретке түсіріп, жергілікті аудан әкімшілігіне балбал тастардың түбін тағандап цементтеуді тапсырған еді». 

Расымен де балбал тастардың біразының тағанына құйылған цементтің жұрнағы содан бері елу үш жыл өтсе де әлі бар екен. Көбі құлап қалған. Тіпті бір үлкен балбал тас цемент тағанынан бір қарыстай жерінен сынған екен. Бұл – кейінгі елу үш жылдың ішіндегі «күтіміміз» екендігі анық. Хамза ақсақалдың өзі біраз жылдар бұрын жерде, мына жерде балбал тастар бар еді деп ертіп апарғанымен, орнын сипап қалдық. Демек ғасырлардан ғасырларға, сонау қола дәуірінен, кешегі көк түрік бабаларымызға, одан бергі кезеңдерге дейін ұласып аман жеткен Далалық мәдениеттің құнды жәдігерлері дәл осы заманда ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп қолды болып жатыр деген сөз. «Азат елміз, рухани жаңғырып жатырмыз» дейміз. Сондағы жеткен жетістігіміз осы ма? Балбал тастар дегенде, біздің есімізге сонау Өтүкен даласы, Алтай оралады. Ерейментау өңіріндегі балбалдар кешенін жақын жылдарда аршып, қоршағанынан хабарымыз бар. Осындай қамқорлық пен зерттеуді Темірші өңірі де асыға күтіп жатқандай. 

Хамза ақсақалдың айтуынша Әлкей Марғұлан жүргізген қазба жұмыстары кезінде мұнда қару-жарақтар, жүгеннің ауыздығы сияқты зат-бұйымдармен қатар, бойының ұзындығы үш метрге жуық алып адамның сүйегі табылған екен. Олардың барлығын Алматыдағы археологиялық институтқа жіберетінін айтқаны есінде қалыпты. Темірші өңірі ғалымдар тарапынан кешенді зерттеуді қажет етеді. «Осы маңда металл қорына бай кенорыны табылған, жақын кезеңде игере бастауы да мүмкін», – дейді Хасен ақсақал. Бұдан жергілікті бюджетке аз-мұз қаржы түсер, қоры сарқылғанша, ауыл адамдарының біразына жұмыс табылар. Өзге болмаса да, өздері үшін игеруші алпауыттар жолдың бетін қырып жөндер. Бірақ мұндағы көне қорымдар мен балбал тастарға, мықтың үйлеріне кім қамқорлық жасамақ? Түркі дәуірінің кешенді туристік нысаны ретінде сұранып тұрған мұндай өңірді көз алдымызда тоздырып қарап отыра береміз бе? Бұл жағдай тек тас балбалдарға ғана қатысты емес ау. Өсем деген халықтар ескіден қалған титтей де болсын дүниесін көздің қарашығындай сақтап, оны әлем жұртына насихаттап, өзінің көнелігін, ұлылығын танытып отырған жоқ па? 

Сөзіміздің түйіні ретінде, алдағы жақын кезеңде Темірші өңіріндегі тарихи ескерткіштерге нақты көңіл бөліп, оларды сақтап, қорғау, қоршау, ғылыми сипаттамасын жасау, өңірді туристік нысан ретінде айналымға енгізуге қатысты кешенді іс-шаралар жоспары қолға алынуы керек деп білеміз. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген халықпыз. Бұл да біздің арғы тарихымыз. Сондықтан тарихи мұраларымыздың болашақ ұрпаққа аман сақталып жетуін қамтамасыз ету – бүгінгі буын, біздің қасиетті парызымыз.