Елімізде сирек кездесетін мұсылман кітаптары мен қолжазбаларды зерттеу мәселелері
12.04.2016 2558
Ең соңғы жаңалықтардың бірі – Абылай ханның тұсында канцелярия болғаны анықталып отыр. Сол кездің өзінде дипломатиялық хаттарды жазған хатшылар қызмет еткен

Бұрын араб жазуындағы ескерткіштерге аз мән берілді. Ислам дініне қатысты ескерткіштер дұрыс зерттелмей келді. Осыған орайда, елімізде осы саладағы мамандар дайындалмаған еді. Қазіргі жағдайымызға шүкіршілік етеміз. Тәуелсіздік жылдарында көптеген орталықтар ашылып, араб, парсы, түрік тілдері жоғарғы деңгейде оқытыла бастады. Алайда, тілді меңгеру бір басқа да, маман болып қалыптасу мүлдем басқа бір мәселе. Бізде түркі-шағатай әдебиеті бойынша мамандар өте аз. Өйткені, осы уақытқа дейін еліміздің ешбір жерінде шағатай, түркі тілдерін үйрететін орталық болмаған. Олқылықтың орнын толтыру үшін қазір Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінен осы тілдерді оқытатын мамандық ашылып отыр. 

Ескі пікірге сүйенсек, қазақ мәдениеті – көшпелі мәдениет. Бізге қазақ халқының қалалық мәдениеті болмаған, қазақ әдебиетінің жазба деректері аз, көбінесе ауызша деректер арқылы тараған деп оқытты. Мұның барлығы империалистік жүйенің бір пұшпағы екені анықталып отыр. Шындығына келер болсақ мәселе мүлдем олай емес екен. Қазақ даласында көшпелі мәдениетпен қатар, қалалық мәдениет те болды. Бұлардың екеуі де – бізге жат емес. Қазақта жазба әдебиет болмады деп айту – қиянат. Қазақтың жазба мәдениеті болған. Оның басы IX-X ғасырдан, Әбу Насыр әл-Фарабидің трактаттарынан басталған. Одан кейін де бізде жазба мәдениет болды. Ахмет Йүгінеки, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Ясауилер және одан кейінгі XV-XVI ғасырлардағы ғалымдарымызбен ұласып, Абай мен Шәкәрімге дейін жалғасқан жүздеген танымал ғалымдарымыз болған. Олар – әлемдік өркениетке, Ислам өркениетіне үлкен үлес қосып, мәңгілік із қалдырған ғалымдар. Кеңестік дәуірдегі империалистік жүйеге сай, оларды жазба мәдениеттен аластатып, рухани әдебиетке жатқызып, өзінше бөлек бағытқа бұрып қойған едік. Алайда, бұлардың барлығы дерлік біздің мәдениетіміздің ажырамас бір бөлшегі. Осыған орай, бұл еңбектерді зерттеумен айналысатын мамандар дайындау қажеттілігі туды. Түркі-шағатай әдебиетін зерттейтін мамандар ауадай қажет. 

Осы уақытқа дейін біз Алтын Ордада жазылған деректерді сыртқы дерек деп қарап келдік. Ал қазіргі таңда, Алтын Ордаға қазақ мәдениетінің бастаушысы және қазақ тарихының бір бөлігі ретінде қарап жатырмыз. Хорезм деп ойлап келген Рабғузи қазақ жерінде туылған азамат болып шықты. Осы мәселелердің барлығы зерттеуді қажет етеді. Сондай-ақ осы уақытқа дейін түркі әдебиетінің теориясын Әлішер Науаи жазды деп келдік. Кейінірек анықталғандай, одан сексен жыл бұрын Тарази есімді ғалым тіл теориясы бойынша түркі тілінде тұңғыш шығарма жазған екен. Ислам ғылымдарын алып қарасақ та, әрбір сала бойынша ондаған, жүздеген ғалымдарымыз бар. Соның барлығы бүгін зерттеуді қажет етіп отыр. Ол үшін араб, парсы, түрік тілдерін білу аздық етеді. Бұл тілдерді білу – бастапқы шарт қана. Осыдан кейін ғана, мамандарға қолжазбамен жұмыс істеу, оның ішіндегі каллиграфияны зерттеу, ерекшеліктерін аңдау, палеолингвистика заңдылықтарын білу секілді көптеген талаптар қойылады. Кеңес дәуірде археолог тек қана қазба жұмысымен айналысатын. Ал ондағы жазуларды оқу оның міндетінен тыс деп түсінетінбіз. Қазіргі кезде бұл талап нормалары ескіріп отыр. Археолог қазба жұмыстарынан бөлек, ескі жазбаны да оқи алуы керек. Оған қоса, ескі мәдениеттерден де хабардар болуы тиіс. Қолжазбаларды оқитын маман тек бір тілді білетін болса, ендігі жерде ол қытай, парсы, араб, түркі және шағатай тілдерін білуі тиіс. 

Қазақ Ордасы бойынша осы уақытқа дейін шектелген аз ғана парсы деректерінің негізде сөйлеп келдік. Ал ол шығармалар болса, Орта Азияға қатысты тек Бұқара, Хиуаны ғана қамтып жазылған деректер еді. Бірақ соңғы уақытта мәлім болғандай, хандықтардың өз іштерінде де жазба деректер болған. Сарайлардың арнайы тарихшылары болған. Олардың канцеляриясының, хатшыларының болғаны да мәлім болып отыр. Ең соңғы жаңалықтардың бірі – Абылай ханның тұсында канцелярия болғаны анықталып отыр. Сол кездің өзінде дипломатиялық хаттарды жазған хатшылар қызмет еткен. Осы уақытқа дейін түркі, шағатай тілдерінде жазылған бұл деректер, Ресей мұрағаттарында сақталмаған деп келген едік. Кейін мәлім болғандай, Қытай мұрағаттарында сақталған екен. Енді сол құжаттарды қолға алып, өзіміз зерттеуіміз керек. 

Қазақ хандары шетелдермен тең дипломатиялық қарым-қатынас жасады. Елшілер жіберді, елшілерді қабылдады. Басқа шет елдердің басшыларына хат жазды, оны жөнелтті. Империя кезінде оны айта алмадық, себебі айтуға тыйым салды. Ал қазір бізге ол өте керек. Өйткені, өз мемлекетіміздің тарихын білуіміз қажет. Оған қоса, мемлекетіміздің, мәдениетіміздің даму тарихын білу де ауадай қажет. Тарихыңды қаншалықты жақсы білсең, қазіргі күніңді соншалықты жақсы түсінесің, болашағыңа да болжам жасай аласың. Бұл – өте қажетті жұмыстар. Ол үшін бізге қорлар, мұрағаттар, ғылыми орталықтар қажет. Сол жерде жұмыс істейтін мамандар да керек. Барлық тілдегі ғылыми жұмыстардың түпнұсқалары бізде де болуы керек. Соларды пайдалана отырып, біз әлемдік деңгейдегі ғылымға тың жаңалықтар еңгізуіміз керек. 

Оңтүстік-Батыс Азияны, Солтүстік Африканы, Оңтүстік Еуропаның бір бөлігін қамтыған құрамды жаңа мәдениеттің кең аясында Арабия түбегінің өзі елеусіз қалып, алғашында этноәләуметтік ортада өздерін белсенді санайтын арабтар, халифат халқының аз бөлігін құрды. Бірақ бұған қарамастан араб тілі сол мәдениетті жасаған халықтар арасындағы қатынас құралына айналып, өз үстемдігін жүргізді. 

Дәл осындай тарихи уақиғалардан бастап, Қазақстан аумағын мекендейтін халықтар мен ұлыстар арасына мұсылмандық еніп, жергілікті әләумет мұсылмандық тұрғысынан сауаттана бастады. Бұл мұсылмандану процесі жүздеген жылдарға созылды.

IХ-Х ғасырларда Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Райхан әл-Бируни Әбу Әли ибн Сина, әл-Кинди, әл-Хорезми, әл-Бухари сынды Орталық Азия ғұлама ғалымдарының араб тілінде теология, логика, тіл, тарих, математика, медицина, жағырапия, музыка, астраномия, философия салаларына арналған соңғы еңбектері жарық көрді. 

Х-ХI ғасырларда Орталық Азия мен Қазақcтандағы жазба әдебиет ең алдымен қалаларда кең өріс алды. Бірақ әдеби тіл араб-түркі, парсы-түркі аралас күйінде қала берді де, ал жазудың графикасы араб жазуына негізделінген «Орталық Азия түркі жазуының» келбетін қалыптастыра бастады. 

ХI-ХII ғасырларда атақты әдеби туындылар дүниеге келді. Қарахандар дәуірінде орта ғасыр жазба әдебиеті қарқынды дамыды. Сол кезеңдерде Жүсіп Хас-хажиб Баласағұнидың қарахандықтардың билеушісі Сатұқ Боғра ханға арнап жазған әйгілі «Құтадғу білік» шығармасы жарық көрді. 

Тұран даласында орта ғасырылық түркі ғалымдары мен ойшылдары – Махмұд Қашқаридің «Диуани луғати-т-Түрк», Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди», Қадырғали Қосымұлы Жалайридің «Джами‘ ат-тауарих», Ахмет Йүгнекидің «Һибуату-л-хақайиқ», Наср ад-Дин Бурхан-ад-Дин Рабғузидің «Қиcсасу-л-әнбия» сынды классикалық еңбектері жарық көрді. 

Қазақ даласының ғұламалары Абай Құнанбайұлы, Шәкерім Құдайбердіұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы араб, парсы, түрік тілдерін де жазып, сөйлеп қана қоймай, шығыстың жеті жұлдызы Фирдоуси, Физули, Хафиз, Сағди, Рудаки, Руми һәм Жәми сынды мәшһүр шайырлардың өлеңдерінен нәр алып, солардан тәржімалаған өлеңдерді өздерінше жырлап, қазақ нәзиралық қисса-дастандары дүниеге келді. 

Араб графикасымен жазылған қазақ тілді қолжазбалар қатарына Абай Құнанбайұлының, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Тұрағұл Ибраһимұлының, Мүрсейіт Бікеұлының, Мұхамеджан Сералиннің, Сәдуақас Ғылманидің туындыларын жатқызуға болады. 

Қолда бар материалдарға қарағанда ең көне деген қолжазбалар араб әріптерімен араб, парсы, шағатай, түрік тілдерінде жазылған. Араб, парсы, түрік аралас шағатай тілінде жазылғандары да кездеседі. Ал XIX-ғасырдың аяғы мен XX-ғасырдың бас кездеріндегі сирек кездесетін қолжазбалар мен баспадан шыққан басылымдар араб, татар кейде латын әріптерімен қазақ тілдерінде жарық көрген. 

Басқаша пікірлейтін мамандар тәрбиеледік. «Қазақ мәдениеті – ауызша мәдениет, жазбаша мәдениет болған жоқ. Оны зерттеудің қажеті жоқ, іздеудің де қажеті жоқ» дегенге сендірді. Мамандарды солай оқытты, соған сендірді. Сол үшін ғалымдарымыз ауызша дерекке үйір. Жазба дерек болса, оған біріншіден дайындығы жоқ. Екіншіден, қызығушылықтары жоқ. Қазақстанның теориясында көптеген жазба дерек сақталған. Тек оларды іздейтін, тауып алатын, оларға ғылыми сараптама жасайтын, ғылыми каталог жасап, идентификациясын жасайтын ғалымдар қажет. Олардың авторы кім, аталуы қандай екенін білу керек. Дайын нәрсені оқу оңай. Ал өзімізде жатқан, осы уақытқа дейін ешкімге мәлім емес деректерді тауып, оларды зерттеп-зерделеп, ғылыми айналымға енгізумен деректанушы ғалымдар айналысады. 

Әр дерек – жәдігер. Қай ғасырда жазылса, сол ғасырға қатысты құнды деректер береді. XII ғасырда өмір сүрген адамның дерегін тапсақ, сол ғасырдың да дерегі табылды деген сөз. Қожа Ахмет Ясауидің өміріне қатысты деректер XIV ғасырда кездеседі. Әрбір ғасырда көшірілген дерек өз заманының ыңғайына қарай өзгергенін де байқаймыз. Ясауи тарихта болмады, оның ықпалы да болмаған дегенге біз қарсымыз. Себебі, деректер баршылық. Ал хикметке келетін болсақ, біріншіден, «Диуан-и хикмет» деген сөздің жоқ екенін айтуымыз керек. Себебі, Қазанда шыққан бірінші жинақта «Диуан» сөзі қосылған. Ал «хикмет» бұрыннан бар. Хикмет дегенде әлем бойынша 500-ге жуық қолжазба бар екенін анықтадық. Әрбір көшірілген жазбада хикметтердің саны әр түрлі. 1-2-ден бастап, 100-200-ге дейін тараған. Көшірілу тәртібі де бір-біріне ұқсамайды. «Диуан» болса, ол ретімен түскен. Ал хикметтің ретімен түскенін ешбір жинақтан көрмедік. Сондықтан «Диуани хикмет» деген сөздің өзі – дұрыс емес. Ол – Татарстандағы басылымнан кейін тараған атау. Хикметтердің мәселесіне келсек, датасы қойылған қолжазбалар тек қана ХVIII ғасырда бар. Басым көпшілігі ХІХ ғасырға тиесілі. Одан ертеректегі хикметтің көшірмесін зерттемейінше, әлдене деуге ерте. Хикмет жазған адамдардың саны елуден астам екен. Оның қайсысы Қожа Ахмет Ясауиге тиесілі екенін ғылым анықтауы керек. 

Ғалым Досай Кенжетай Ташкенттегі шығыстану институтындағы 400 хикметі бар қолжазбаның каталогын жасады. Бұл – өте болашағы зор жұмыс. Деректердің, қолжазбалардың каталогын жасап, соның ішінде хикметтерді зерттеуде алдыңғы қатарлы жұмыс деп есептеймін. Түркістанда жалпы хикметтердің алфавит ретімен хикметтердің тізімін жариялаған еді. Бірақ оның техникалық анализ жолдары аса сапалы емес. Әлемде қанша хикмет бар екенін, оның қанша нұсқасы бар екенін анықтап алуымыз керек. 

Оның стандартты аты жоқ. Ағылшын тілінде «түрік тілі» дейді. Оны екі қанатқа бөледі. Батыс және шығыс. Шығыс дегені – біздің Орталық Азия. Осы аймақтағы барлық түркі халықтарының ортақ әдеби тілі сол болған. Әбілқасымов «қазақтың әдеби тілін табамыз» деп жүр. Ешқашан таба алмайды. Өйткені, татар, ұйғыр, өзбек, қырғыз, қазақ, түркімен, қарақалпақ халықтары үшін ортақ жалғыз әдеби тіл болып табылады. Ғылым тілінде ол «шығыс түркі тілі» деп аталды. Түркі тілі десек, қателеспейміз. Осман тілі көбірек батыс тіліне келеді. Біздікі шығыс, шағатай тілі деп айтыла береді. Шағатай дегенді қабыл алғысы келмейтіндер бар. Өзбек, ұйғыр жаққа кетіп қалады деп есептейді. 1930 жылдарда Ташкентте шағатай клубы болған. Содан қорқып, шағатай тілі дегеннен де бас тартқысы келеді. Одан қорқудың қажеті жоқ. Шағатай тіліне қатысты басқа халықтардың хақысы қандай болса, біздің де хақымыз сондай. 

Әшірбек Муминов, тарих ғылымдарының докторы 

Айтжан Нұрманова, тарих ғылымдарының кандидаты