Биыл қазақ халқы үшін өлшеусіз еңбек жасаған музыка зерттеушісі, этнограф, Қазақ ССР-інің халық артисі Александр Затаевичтің туғанына 155 жыл толып отыр. Саналы ғұмырының елеулі бөлігін қазақтың ән-күйлерін жинап, нотаға түсіріп, өңдеуге арнаған композитор зерттеушінің ұлттық руханиятымызда алар орны ерекше. Александр Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 әні мен күйі» және «Песни разных народов» атты этнографиялық еңбектері арқылы қазақ музыкасын әлемге танытты. Осы орайда композитор-зерттеушінің мерейтойы қарсаңында, оқырман назарына қызықты деректер ұсынамыз.
Александр Викторович Затаевич 1869 жылы 20 наурызда Патшалық Ресейдің Орёл облысы, Болхов қаласында жер аударылған поляк отбасында дүниеге келді. Алдымен Орёл кадет корпусына түсіп, 1886 жылы бітіріп шығады. Алғашқы музыкалық білім әліппесін осы білім ордасында алады.
1896 жылы Затаевич атақты композитор С.В. Рахманиновпен кездеседі. Композитор жас Затаевичтің пьесаларына қызығушылық танытып, оның жарық көруіне ықпал жасайды. Рахманинов Затаевичке «Алты музыкалық сәт» атты фортепиано циклін де арнады.
1904-1915 жылдары Затаевич Варшавада қызмет етіп, музыкалық және қоғамдық қызметте де белсенді болды. Ол «Варшава күнделігі» газетінің музыка сыншысы болды, онда ол поляк, орыс және батыс еуропалық композиторлар мен орындаушылардың шығармашылығы туралы мыңнан астам мақалалар мен шолулар жариялады. Сонымен қатар поляк фольклорының үлгілерін жазды.
1920 жылы А.В. Затаевич Орынбор қаласына қоныс аударады. Орынборға келген соң қазақ жастарының ән салғанын естіп, осы уақытқа дейін қазақ әндері тек ауызша айтылып жүргенін, бұрын-соңды нотаға түспегенін, ғылыми айналымға енбегенін байқайды. Орынбордың театрында қырғыз (қазақ) музыкасының кеші болатыны туралы хабарламаны оқиды. Қазақ музыкасының кешіне барған соң қазақ халқының музыка өнеріне таңғалып, тамсанған Александр Затаевич «Бүгіннен бастап қазақ әндерін жинаймын» деген батыл шешімге келеді.
А. Затаевич тек жинақтаушы ғана емес, қазақтың кәсіби фортепиано музыкасының негізін қалаушылардың бірі болып саналады. 1925-1928 жылдары «Фортепианоға арналған миниатюралар формасындағы қазақ әндері», 1932 жылы «Қазақстан татарлары әндері», «Қазақстан әндері», 1933 жылы «Қазақстандық татарлардың 60 әні», 1934 жылы «250 қырғыз аспаптық пьесалар мен әуендері», 1971 жылы «Түрлі халықтар әндері», 1971 жылы «Қырғыз аспаптық пьесалары мен әуендері» жинақтары – ұлттық музыка мәдениетіміздің баға жетпес құндылығына айналды.
Александр Затаевич қазақ әндері мен күйлерін 500-дей адамнан жазып алған. Этнографке көмектескен, жол көрсетіп отырған қазақтың ұлы тұлғаларын «Затаевичтің корреспонденттері» деп атаған. Олар Қазақстанның әр аймағынан Орынбор, Ақмола, Семей, Қостанай, Орал, Ақтөбе, Торғай, Түрістан аймақтарының тұрғындары. Олар өздері туып-өскен өлкенің ән-күйлерінің ерекшеліктері туралы көп мағлұматтар берген. Олардың қатарында Жаяу Мұса Байжанұлы, Үкілі Ыбырай, Майра Шамсудинова, Қали Байжанов, Әміре Қашаубайұлы, алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Бейімбет Майлин, Алма Оразбайқызы, Сәкен Сейфуллин, Жұмат Шанин, Жанбике Шанина, Әлкей Марғұлан, Ғани Мұратбайұлы, Иса Байзақов, Ғаббас Айтбаев, Қаныш Сәтбайұлы, Ғабит Мүсірепұлы, Қазақстанның халық артистері Қалибек Қуанышбайұлы, Серке Қожамқұлұлы, Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, тағы басқалар болды.
Затаевичтің қазақ елін аралап шығармашылық жұмыспен шұғылдануына күш-көлік, қыруар қаражат керек еді. 1923 жылғы 22 тамызда Қазақстан Халық комиссарлары кеңесі отырысында А.В. Затаевичке қазақ халқының әндерін бастырып шығаруға қаражат бөлу мәселесі қаралған. Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Сәкен Сейфуллин отырысты қорыта келе: «А.В. Затаевичке 2 280 рубль алтындай бөлінсін және оның шығармасын редакциялауға 200 рубль, барлығы 2 480 рубль Наркомпрос қаражатынан берілсін» деген қаулыға қол қойған. Астына өгіз, жанына аудармашы берген.
Затаевичтің «Қазақ халқының 1 000 әні» атты еңбегі 1925 жылы Орынбор қаласындағы Қырғыз Мемлекеттік баспасында басылып шықты. 402 бетттен тұратын еңбек 1500 тиражбен басылды. Кітаптың кіріспесін профессор А.Д. Кастальский жазды. Келесі бетінде А.В. Затаевичтің алғы сөзі жазылған. Ән тізімі берілген және әнді кімнен жазып алды, орындаушының аты-жөні де көрсетілген.
Затаевичтің «Қазақтың 500 әні мен күйі» (әндер мен аспаптық пьесалар) атты еңбегі 1931 жылы Алматы қаласында басылып шықты. 312 беттен тұратын еңбек 2 000 тиражбен басылды. Алғашқы бетінде А.В. Затаевичтің алғы сөзі жазылған. Адай, Бөкей, Семей, Орал уездерінен жиналған әндер мен күйлерді қамтиды. Соңында ескерту, есімдер көрсеткіші, әндер мен күйлердің көрсеткіші, библиографиялық көрсеткіш пен мазмұны берілген.
Затаевичтің «250 қырғыздың аспаптық пьсесалары мен әндері» атты еңбегі 1934 жылы Алматы қаласында басылып шықты. 1 000 тиражбен басылған еңбекте әндер мен аспаптық пьесалардың тізімі, әндер мен күйлердің көрсеткіші және мазмұны берілген.
Александр Затаевич қазақ жастарының ішінде үш әншінің даусын сүйіп тыңдаған. Олар: Қали Байжанұлы, Ғаббас Айтбайұлы, Әміре Қашаубайұлы. Композитор Александр Затаевич Әміренің әншілік өнеріне тәнті болып, «Балқадиша», «Бес қарагер», «Көк көбелек» тағы басқа әндерді жазып алып, «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинағында жариялады.
Зерттеуші Затаевич қазақтан шыққан тұңғыш академик, геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтан Жаяу Мұсаның орындауындағы «Баянауыл», «Екі жирен», «Іңкәр» халық әндерін, Біржан салдың «Мақпалын» тағы басқа 25-ке жуық халық әндерін жазып алған. Қаныш Имантайұлы өзі ұсынған әндердің ноталарын жаздыртып, кітапқа енуін өтінген. Ол өзі де жасөспірім шағында шекті аспаптар оркестрінің құрамында бірінші скрипкада ойнаған. Болашақ академик домбыра, мандолин, гитара аспаптарын да меңгерген. Ғалымның өнерден де құр алақан еместігін байқауға болады.
А.В. Затаевич атақты француз композиторы, Нобель сыйлығының иегері Ромен Ролланмен жақын араласқан. «Қазақ халқының 1 000 әні» еңбегін Ромен Ролланға туған күніне сыйға тартқан және үнемі хат жазысып отырған. Роммен Роллан А.В. Затаевичке: «Жұмысыңыздың ғаламат нәтижесі алдында басымды иемін және Сіздің аштық пен эпидемияның соншалықты ауыр жағдайына қарамастан, істі аяғына жеткізгеніңізге қуаныштымын» деп жылы лебізін білдірген.
А.В. Затаевич тек қазақ халқының емес, сол кезде елімізде өмір сүрген басқа ұлт өкілдерінің де халық музыкасын қағаз бетіне түсірген. Затаевичтің еңбектерінде қалмақ, бурят, якут, тубин және басқа біздің жерімізде мекендеген халықтардың әуені бар.
Атақты композитор Александр Затаевич 1936 жылы Мәскеуде өмірден өтті. Ресей астанасындағы Новодевичье зиратында, әйгілі жазушы Антон Чеховпен қатар жерленген. Қазақ халқының атынан қойылған кеуде мүсіннің ақ мәрмәр постаментінде домбыра шертіп отырған қазақ бедерленген. «Жігіттер, достарым менің, сендерге өздеріңмен бірге жасаған жұмысымның жемісін арнайымын және тапсырып бермекпін. Мен өз жұмысымды бар сүйіспеншілігіммен және өзімнің қолымнан келгенше жанкештілікпен жасап шықтым. Бұл жұмыста халық жанының сезім пернелерімен іштей үндесімі болмаса, бірде бір қадам алға баспаған болар едік, осы үндесімнің арқасында, кездейсоқ келген мен талантты қазақ халқына мәңгілік сүйіспеншілігім қалыптасты», – деп өзі жүрекжарды сөзін арнаған қазақ халқы Александр Затаевичтің ұлт алдындағы еңбегін ешқашан ұмытпайды.