С.Найман: Аударма тілін жөнге салатындардың болмағанына ішім ашиды
Бөлісу:
09.01.20242414
40 жылдан аса Шыңжаң Халық баспасында еңбек еткен белгілі баспагер, қытайша-қазақша сөздіктер кешенінің негізін қалаушы кәсіби аудармашы, арғы бетте С.Найман деген атпен танылған Найманғазы Сапанұлының жақында «Ауылдан алыс сол жылдар» атты ғұмырнамалық эссе-кітабының тұсаукесері Астана қаласында өтті. Алыстан ат терлетіп келген қазыналы қартпен өз өмірі, шығармашылығы, Қытайдағы қазақ аудармашылығы мен баспалар жайында әңгімелесудің сәті түскен болатын. Сол сұхбатымызды екіге бөліп назарларыңызға ұсынамыз.
С.Найман 1941 жылдың тамызында Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Толы ауданында орналасқан Майлы тауының Нарынсуатты бұлағы бойында қорушының қосында өмір есігін ашқан. 1956 жылы орта мектепті Толы ауданында бітіріп, Үрімжідегі Мұғалімдер институтының қытай тілі факультетіне оқуға түседі. 1960 жылдың күзінде оқуын тәмәмдаған соң Шыңжаң Халық баспасына жас маман ретінде жіберіледі. Ол әу баста саяси, ғылыми аудармамен айналысады. Кейіннен Чарльз Диккенс, Ханс Андерсон, Эрнест Хемингуэй, Карл Маркс, Михаил Шолохов сынды әлемдік классиктердің және Қытай әдебиетінің көрнекті өкілдері Го Моро, Бажинның еңбектерін де қазақша сөйлеттірді. Атап айтқанда, «Ленин туралы әңгімелер», «Арайлы аспан» (2 томдық), «Уақыт белгілері», «Гитлердің зауалы», «Андерсонның балалар ертегілерінен», «Дэвид Копперфильд», «Балалар ертегілерінің бәйтерегі», «Шал мен теңіз» қатарлы 10 томдық аудармасы жарық көрген. Бұдан бөлек, ол тәржімалаған әлемдік классиктердің қысқартылған шығармалары Қытайдағы қазақ әдебиеті оқулықтарына енген.
«БҰЛ – 47 ЖЫЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТІК САПАРЫМНЫҢ ЕСЕБІ»
– Алатаудан Арқаға қош келдіңіз! Ғұмырнамалық кітабыңыз құтты болсын! Кітап қолыма жаңа ғана тиіп жатыр. Аты мен мазмұнын бір шолып шыққанымда сонау ауылда өткен балалық шағыңыздан бастап, ат жалын тартып мінгеннен кейінгі ұзақ жыл табанды түрде істеген баспагерлік, аудармашылық саладағы бастан өткен оқиғаларды, сол саланың қызығы мен шыжығын жазған сияқтысыз деп топшыладым. Әңгімені осы кітаптан бастайықшы...
– 2002 жылы «Елге есеп» немесе «Өзім туралы хикая» дейтін ұзақ бір өлең жазып жариялағанмын. Онда өзімнің оқу, білім алу, қызмет сапарым, халыққа қосқан үлестерім жөнінде қысқаша баяндалған болатын. Ал мынау «Ауылдан алыс сол жылдар» деген кітапта оныменен тоқтамайды, өзім жасаған орта, қызмет істеген қоғам, менімен замандас, қаламдас болған қайраткерлер, қаламгерлер, сондай-ақ қызмет бабымен сол кезде араласқан Шыңжаңның билігіндегі басшылар, ардагер ағалар, әйгілі аудармашылар, ақын-жазушылар жөнінде жан-жақтылы әңгімеленеді. Ешқандай ойдан шығарылған кейіпкер жоқ. Көбі қазірде де өмірде бар, өмірден өтіп кеткендері болса олардың да істеген істерін, жасаған қызметтерін қысқаша атап өттім. Өйткені олар қазақ мәдениетіне, қазақ әдебиетіне, жалпы алғанда қазақ өркениетіне қосқан үлесі арқылы халықтың есінде сақталуы керек. Көптеген материалдарым, деректерім кезінде Қытайда қалған. Соның барлығын қайта еске түсіру арқылы жазып шықтым. Сол үшін бұның атын «ескермелер» деп отырмын, қытайша 回忆录 дейді.
Мен өз өмірімде аудармашылық, редакторлық, сөздікшілік секілді үш кезеңді басып өткенмін. Бұны жазып қана қойып қоймақшы едім. Биыл мамыр айында біздің үйге Қалиакбар Үсемханұлы бастаған журналист азаматтар барып, әңгімелесіп отырғанда «біз шығарамыз» деген соң «мақұл» деп берген болатынмын. Осы бес айдан бері Астана, Алматыдағы жігіттер бас қосып, қаржыларын да өздері шешіп, шығарып отыр.
Мынау менің екінші төл туындым. Алғашқысы 2001 жылы «Әредік әлеміштері» деген атпен жинақ болып шыққан. Онда менің мақалаларым, жолжазбаларым, сұхбаттарым, басшылық қызметте жүрген кезде кітап-журналдарға жазған алғысөздерім қамтылған болатын.
«АУДАРМАШЫ БОЛМАҒАНДА, АҚЫН БОЛАР МА ЕДІМ?...»
– Мамандық таңдау адам өміріндегі үлкен шешімдердің бірі ғой. Қазір қарап отырмын, «Саптастық лебіз» деп алғысөз жазған белгілі ақын Сәли Сәдуақасұлы былай деген екен: «Аударма кәсіп емес, мал табу, жан бағу машығы да емес, аударма – өнер, өнер болғанда да көрінген көк аттының қолынан келе бермейтін әмбебап өнер, көп қырлы, қалың қыртысты, сан-салаға саятын күрделі өнер». Шынымен де, аудармашылық мехнаты мол, азапты жұмыс. Сіз бұл салаға сол заманның талабы, қоғамның сұранысымен келдіңіз бе? Жоқ, әлде жан қалауыңыздың жетегіне ердіңіз бе?
– Шынын айтар болсақ, бұл сол заманның талабы, қоғамның қалауымен жасалған ұйғарым. Өйткені менің өз басымда аудармашы боламын дейтін ешқандай қиял жоқ еді. Ол кезде оқыту, қызметке бөлу барлығы үкімет орнының, басшылықтың ұйғарымымен шешілетін. Оқу бітіргеннен кейін Шыңжаң Халық баспасының аудармашылық қызметіне жіберді. Өйткені қытайша оқығанмын. Ол 3-4 жылдық жүйелі оқу емес, совет заманының рабфагы тектестеу 10 айлық дайындық сынып болды, қытайлар 预科班 дейді. Осы жұмысқа бұйырғаннан кейін оған бағынбай, атқармай болмайды, әрине. Сонымен мен ондай ойым болмаса да, еркімнен тысқары осы аудармашылық жұмысына қарай ауысып кеттім.
Мен бір тілшіге берген сұхбатымда:
«Түссем жыр, өнер жолына,
Болар ем ақын, дау бар ма?!
Көлденең жатты жолыма,
Өзге бір өнер – аударма» деп бір шумақ өлең келтіргенмін.
– Демек сіз аудармашы болмағанда, ақын болуыңыз мүмкін еді ғой?
– Ел мені ақын деп те атайды. Бірақ мен өзімді ақын сүрей, ақын сымал деймін. Өйткені «Әредік әлеміштері» деген кітабымда менің талай-талай өлеңдерім де бар. Оның үстіне мен оны көп жазбаймын. Қызмет жағдайым поэзияға бір-ақ құлап кетуге, көп уақытымды оған бөлуге мүмкіндік бермеді. 1977 жылдан 2003 жылға дейін Шыңжаң Халық баспасының әр дәрежелі басшылық қызметінде болдым. Редакцияның орынбасар меңгерушісі, содан кейін Шыңжаң Халық баспасы бас редакторының орынбасары болдым. Осы орынбасарлық қызметте толық 20 жыл отырып, зейнетке осы лауазыммен шықтым. Осы аралықта басқа жаққа ауып кету мүмкіндігім жоқ еді. Қазақ-қырғыз редакциясының, кейде мұңғұл-сібе редакциясының жалпы қызметкерін басқаратын жауапты қызметте істедім. Ол жұмыстардың барлығын қайырып қойып кілең поэзиямен шұғылдануым мүмкін емес еді. Оған заман да рұқсат етпейтін.
Алғашқы еңбек жолымды саяси аудармамен бастадым. Өйткені мен қызметке шыққан 1960 жылдардың басында кітаптардың 95%-і саяси аударма болатын. Ұлттық тілдегі кітаптар түйе боталағандай ғана анда-санда бір шығатын, жоқтың қасы еді. Аударма жасай жүріп аударманың редакциясына төселдім. Одан біртіндей-біртіндей уақыттың көшуіне, заманның озуына байланысты редакторлық шеберлікке ауыстым. Ал осы аудармашылық және редакторлық мені қазақ тілінің терең иіріміне тоғытып кетті. Осыдан барып кейін мен қытайша-қазақша сөздіктер кешеніне бет түзедім. Бірақ бұл кезеңдер маған табыссыз болған жоқ. Ұзақ жылдық қызметтерімнің нәтижесінде 1985 жылы аға редактор, профессор атағын алдым. 1988 жылдың соңында 90-шы жылдың ішінде екі рет Шыңжаң Ұйғыр Автономиялы Районының (өлке) таңдаулы маманы болып бағаландым. 1992 жылы «Көрнекті үлес қосқан мемлекет дәрежелі маман» атағын алып, сол жылдың қазан айынан кейін Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің ерекше стипендиясынан игіліктене бастадым.
«ЕҢ АЛҒАШ 30-НШЫ ЖЫЛДАРДЫҢ СОҢЫНДА МАУ ЗЫДҰҢНЫҢ РОМАНЫ АУДАРЫЛЫПТЫ»
– Мамандық таңдауда қоғамның талабы болды ма деп сұрауымның себебі де сол еді. Біздің білуімізше, сіз Әбділдабек Ақыштайұлы, Әзімхан Тішәнұлы, Нариман Жабағытайұлы, Әбдібек Байболатов қатарлы Қытайдағы айтулы аудармашылардың ізін іле-шала қуып жетіп, солармен қатар еңбек еткен танымал тұлғасыз. Сол кісілердің еңбектерін атай отырып, Қытайдағы қазақ аудармашылығының тарихына қысқаша тоқталыңызшы.
– Қытайдағы қазақтардың жазбаша аударма тарихы туралы қазірге дейін, менің білгенімде, арнайы жүргізілген зерттеу материалдары жоқ. Болғанның өзінде көбі Қытайда жатыр, қолымда бір де біреуі кездеспейді. Қытайдағы қазақтардың жазбаша аудармасы, яғни ресми баспалар арқылы шығатын әдеби аудармалар 1940 жылдардың соңында, 50-ші жылдардың басында басталған екен. Ал одан бұрын әр ұлттың өзінің мәдениет қоғамы болыпты. Сол қоғамда кітап-журналдар шыққан деседі. Ол журналдар мен кітаптарда аудармалар басылған, басылмағаны жөнінде бәлендей дерек жоқ. Бірақ бір нәрсе бар: 1930 жылдары Шыңжаңда Жәке болыс деген кісі болған. Оны Алтай мен Тарбағатайдың қазағы «Керейдің Жәкесі, кедейдің әкесі» деп атаған екен. Сол кісінің Мұқаш деген баласы Үрімжіде 1920 жылы ашылған Моңғол-қазақ мектебінен қытай тілін оқыған деседі. Ол қызмет істеп жүргенде 30-ншы жылдары Шың Шысайдың абақтысына қамалыпты. Абақтыда жатып 30-ншы жылдардың соңында Мау Зыдұңның «Ұзаққа созылатын соғыс» деген шығармасын «Текетірес соғыс» деген атпен аударыпты. Бірақ ол роман ешқандай жерде жарияланбаған және оның ешқандай нұсқасы жоқ. Көргеміз жоқ. Тек осындай болғанын ғана білеміз. Ол кісінің өзі де айтып бере алмайды. Өйткені мен кейіннен сол кісінің қол астында қызмет істедім.
Ал енді 1950 жылдардың басынан бастап, жаңа үкімет құрылғаннан кейін кітап басатын баспалар, кітап-журналдар молайғаннан кейін жазбаша аударма молая бастапты. Ең алғаш Ж.Нариманның «Көркем Чаушиянда» (Чаушиян – Солтүстік Корея) деген романын оқығанмын. Бұл Қытай жазушысының соғыс тақырыбында жазған романы еді.
Одан кейін – Әбдібек. Ол кісі 1960 жылдың басында сол кезде Қытайда аты шығып тұрған «Қалың орман, қарлы дала» дейтін романды аударды. Екі том болып шықты. Екі романның да редакциялық жұмысы менің қолымнан өткен. Ал Нариман ағамыз алғашқы романының сыртында «Қызыл жартас», «Ағады Фінхы (өзен аты) аялсыз», «Жер ортасы жасқа келгенде» дейтін романдарды аударды. Бұлар да Шыңжаң Халық баспасынан басылып шықты. Бұл кісі кейін Үрімжідегі Кино студиясына ауысып, сол жерде талай киноларды қазақшалап, қазақтың талай-талай киноға дыбыс беретін (дубляж) актерлерін баулып шықты. Нариман ағамыздың бұл жағындағы еңбегі өте үлкен.
Содан соң Қытайдың классикалық шығармаларын аударған кісі – Әзімхан Тішәнұлы. Бұл кісінің аударған ең үлкен туындысы – төрт томдық «Үш патшалық қиссасы» және «Су бойында» романы.
Әбділдабек Ақыштайұлы 50-нші жылдары Шыңжаң институтын тауысқан екен. Ол кезде Шыңжаң институтында сабақтың бәрі кілең ұйғыр тілінде өтеді, қытай тілінде өтпейді. Мен білгенде, бұл кісі қытай тілін өздігінен оқып үйренген. Содан жетіліп Лу Шүн шығармаларының денін қазақшаға аударып шықты. Ішінде бірен-саранын Меллатхан Әленұлы аударған. Қалғанының көбі Әбділдабек Ақыштайұлы ағамыздың қолынан шыққан. Бұл кісі де кейін Шыңжаң Халық баспасында жұмыс істеді. «Көкжиек» журналының редакторы болып жүріп зейнетке шықты. Қазір де көзі тірі. Одан басқа аудармашылар өзімізбен замандас Қалиқан Қалиакбарұлы, Ақия Раданұлы, Хакім Әкімжанұлы, Кәкеш Қайыржанұлы секілді үлкен шоғыр бар. Бұлар да кезінде өздерінің көркем аудармалары арқылы қазақ мәдениетінің, қазақ әдебиетінің көркеюіне шамаларының келгенінше үлес қосқан. Жұрттың бәрі оларды біледі. Аудармалары да елдің қолында сақтаулы болуы керек.
«ОҚУДА ЕМЕС, ТОҚУДА»
– Классикалық еңбектердің барлығы сол кісілердің кезінде аударылды. Бұған қоса ерте замандағы Қытайдың жыр-дастары, Таң дәуіріндегі өлеңдер бар. Бұл кісілер қазіргі заман қытай тілін ғана емес, ежелгі қытай тілін де меңгерген болып тұр ғой?
– Мысалы, Әзімхан Тішәнұлы Шыңжаңда ашылған Тіл мектебінен бірер жыл ғана сауат ашқан екен. Сол сауатының арқасында ары қарай іздене жүріп, қытайдың бұрынғы әдеби тілін жақсы меңгеріпті. Сонымен Қытайдың классикалық шығармаларын аудару жұмысына кірісті. Айта кететін бір нәрсе, 60-ншы жылдардың басында қызметке жаңа шыққан кезімде бұрыннан әдебиетке әуестігім болғаны үшін, өте-мөте өлеңге әуестігім болғаны үшін бір топ өлең аударғам. Ол өлеңдерім Таң дәуіріндегі әйгілі ақын Ду Фу, Ли Байдің өлеңдері болатын. Оның барлығы 1962-1963 жылдар кезінде «Шұғыла» журналында жарияланды. Кейіннен сол журналдарды тауып алып, қайтадан бір ақтарып көрдім. Бірақ балаң аударма болғандықтан, ешқайсысына көңілім көншімеді. Көп нәрсе шала қалған екен. Сондықтан оны аудардым деп те аузыма алғам жоқ. Кітабыма да енгізгем жоқ. Кейін Таң дәуірі өлеңдерінің көбін Әзімхан Тішәнұлы аударды. Ол кісінің аудармасы жақсы, жатық шықты. Мәселен:
«Қалқатай,
сен ар жақта
Мен бер жақта.
Сен күйеусіз,
Әйел жоқ мен бейбақта» дейтін жолдары бар. Нағыз қазақтың қара өлеңінің қасиетімен қабысып жатыр. Бұл, міне, ұзақ ізденгендіктің, ұзақ талпынғандықтың бейнесі ғой. Ол кісі кейін «Көкжиек» журналында жауапты редактор болып қызмет істеді. 1993 жылы қайтыс болып кетті.
Одан кейін Қытайдың классикалық шығармасы «Су бойында», «Қызыл сарай түсі» 1970 жылдардың басында сол кездегі саяси науқандарға қатысты аударылды. Және бұл сол кездегі саяси науқанға ілесу үшін суыт, үстірт аударылды. Жаңа жазумен (латын) басылып шықты. Қызайжан Оспан, Қалиқан Қалиакбарұлы, Кәкеш Қайыржанұлы, Хакім Әкімжанұлы қатарлы бір топ адам осы кітаптардың аудармасына жұмылдырылды. Мен ол кезде «Көк сөздіктің» әлегіне түсіп кеткенмін. Оған араласа алғам жоқ. Ендігі бір классикалық туынды «Батысқа сапарды» Күйтің Халық баспасында Бейсен дейтін азамат аударыпты деп естідім.
Ал менің өзімнің көркем аудармаларым 10 том. Бұл 1960 жылдың басынан басталып 1990 жылдың соңына дейін жалғасқан. Мысалы, «Шал мен теңізді» 1987 жылы Пекиндегі орталық партия мектебінде оқып жатқанда аударып шыққам.
– Жаңа сіз есімдерін атап өткен аудармашылардың барлығы керемет әдеби аударма жасады. Әсіресе, «Үш патшалық қиссасындағы» өлеңдерді оқығанда қазақтың батырлар жырын оқып отырғандай сүйсінеді екен оқырман. Бұған тек аудармашылық біліктілік қана емес, өзіңіз айтқандай, әдебиетке әуестік сөзсіз керек қой.
– Сол өлеңді толық түсіне отырып, мәтіннің ойын, көркемдік деңгейін қазақтың байырғы поэзиясымен сәйкестіріп отыр ғой. «Қаратаудың басынан көш келедінің» ырғағына түсіріп алып аударғаннан кейін халыққа қазақтың қара өлеңі сияқты білініп отыр. Сондықтан халықтың есінде сақталып қалып отыр. Аударма біткеннің бәрі олай есте қала бермейді. Өйткені әр халықтың өлеңінің өзіндік қасиеті, жүйе-жүлгесі бар. Енді соны сол дәрежеге жеткізіп аудару көп ізденудің, көп талпынудың, көп оқудың нәтижесі. Мысалы, менің білім деңгейім техникум ғана. Кейбіреулер сияқты 14-15 жыл оқығам жоқ. Айтайын дегенім, әңгіме оқуда емес, тоқуда екен. Іздену, талпыну, зерттеу ғылым адамы үшін мәңгілік шаруа, тынымсыз жалғаса беретін жұмыс.
– Иә, сіздердің барлықтарыңыз құжат тіліндегі саяси аудармаларды да, ғылыми стильдегі зерттеулерді де, классикалық еңбектерге әдеби аударма да жасадыңыздар. Бір аудармашы үшін бұл өте үлкен шаруа ғой.
– «Шал мен теңізді» оқыған оқырмандар бұны америкалық біреу жазып отырған шығарма емес, қазақтың қарт жазушысының жазған туындысы секілді деді. Менің аудармада ұстанған жолым – өлі аударма емес, мағыналық аударма. Өлі аударма ол кедір-бұдыр, қиқы-шойқы, сөйлемдері кейде түсініксіз, атаулары да шырма-шату болып келеді. Мен орта мектепті әзер бітіріп шыққанмын. Ол кезде бестік жүйемен бағалайтын. Мен 3 деген балдан асып жығылып қана жүрдім. Ал ол кезде мен не бітірдім? Кино жоқ, театр жоқ, теледидар жоқ, ойын-сауық орталықтары жоқ. Тек кітап, кітап, кітап болды ермегім. Соңғы бір есептерде 1940 жылдың соңы мен 1960 жылдардың басына дейінгі аралықта сол кездегі Совет одағынан Шыңжаңға қазақ-ұйғыр тілінде 2 жарым млн кітап-журнал енгізілген екен. Мен Толыда оқыдым. Мектептің кішкентай ғана кітапханасы бар. Сонда жаңағы кітаптар толып тұрады. Менің бітіретін шаруам – кітап оқу. Әуезовты, Мүсіреповті, Мұқановты, Ғабиденді, сол кездегі атақты Аманжоловтың өлеңдерін мектептің құшағында жүргенде оқығанмын. Ол кезде аудармашы боламын, сөздікші боламын, ғалым боламын деген оймен емес, қызығып оқи беретінмін. Ғажаптың ғажабы, кейін мен аудармашы, редактор болғанда, өте-мөте сөздік жасаған кездерімде, қайран қалғаным, сол оқыған кітаптарымнан миымда қалған дүниелер, сөздер, сөйлемдер, мақал-мәтелдер компьютерге жазып қойған сияқты сыртылдап шыға берді. Сонда мен өз еркімнен тысқары түрде болашақтағы мамандығыма дайындалған екенмін. Кейін редакциялық жұмыс кезінде де кісі аттарына, жер-су аттарына жолыққан кезде іркіліп қалғам жоқ. Қызметкерлеріме «мынау Лермонтов, мынау Пушкин, мынау Лев Толстой, мынау Алексей Толстой» деп айтып отырдым. «Нәке, сіз осының бәрін қайдан білесіз?» дейді. Нәкең оны қайдан білуші еді, сол кітаптардан алып қалған. Соның барлығы мида қала береді екен.
«ТӨРТ ЖУРНАЛДЫҢ БАС РЕДАКТОРЛЫҚ ҚЫЗМЕТІН ҚОСА АТҚАРДЫМ»
– Ал сіз осының бәріне қоса төрт бірдей журналдың бас редакторлығы қызметін де өз мойныңызға алдыңыз.
– Қызметтің талабына сай Шыңжаң Халық баспасынан шығатын өлке деңгейдегі төрт журналдың бас редакторлығы қызметін қосымша атқардым. Оның біріншісі – «Шалғын» журналы. «Шалғын» журналында тек қана қазақ ауыз әдебиетінің туындылары басылады, зерттеледі, жарияланады, жинақталады. Бұл 1980 жылдан бастап 1990 жылдың басына дейін 10 жыл бойы біздің баспада шығып тұрды. Алғашқы саны 35 мың тиражбен шықты. Бұл Шыңжаңда шыққан қытай, ұйғыр тіліндегі журналдардың бәрін басып озып, 1-орынға шықты. Екіншісі – «Оқырман өресі». Үшіншісі – «Көкжиек». «Көкжиекте» дүниежүзі әдебиетінің таңдаулы туындылары ғана басылатын. Содан соң бір мезет «Тіл және аударма» дейтін журналдың да бас редакторлығы қызметін атқарғаным бар. Төртеуі де біздің Халық баспасынан шығып отыр. «Көкжиек» пен «Оқырман өресі» қазір де шығып келеді. Кейіннен «Шалғын» журналы Ауыз әдебиеті қоғамына тиесілі болып кетті, «Тіл және аударма» Тіл-жазу комитетіне қарап кетті. Қазір шығып жатыр ма, шықпай жатыр ма, білмеймін. Мен кеткенше бар болатын.
ҚАЖЫҒҰМАРДЫҢ «ҚЫЛМЫСЫН» 40 МЫҢ ТИРАЖБЕН ШЫҒАРДЫҚ
– Ендеше Шыңжаң Халық баспасының тарихы туралы өзіңіздің аузыңыздан естігеніміз жөн болар...
– Бұл туралы мен 2001 жылы Шыңжаң Халық баспасының 50 жылдығында «Елу жылдың егей табыстары» деген атпен ұзақ мақала жазғам. Бұл мақала 2001 жылы наурыз айының 15-күні Шыңжаң Халық баспасының құрылғанына 50 жыл толған күні «Шыңжаң газетінің» бір жарым бетіне толық нұсқасымен басылып шықты. Сол мақаламда 50 жылда қандай кітаптар, журналдар шықты, қайсысы қай деңгейде болды дегенді егжей-тегжейлі атын атап, түсін түстеп отырып есеп бергенмін. Ол мақалам «Әредік әлеміштері» дейтін кітабыма да енгізілген.
Шыңжаң Халық баспасының көркею дәуірі Мәдениет зор төңкерісі аяқталғаннан кейін болды. Оның алдында 95%-і аударма болатын және пышақтың қырындай ғана жұқа, ұсақ кітаптар шығатын. Мәдениет зор төңкерісі аяқтап, Дың Шияупиң билік басына келгеннен кейін керісіне айналды. 95%-і қазақ тіліндегі кітап-журналдар болды. Мысалы, Шыңжаң Халық баспасында Шыңжаң қазақтарының алғашқы романы аталатын Жақып Мырзаханұлының «Арман асуында» 1979 жылы қазанда шықты. Осыдан кейін Жұмабай Біләлұлының «Жондағы жорықтар» дейтін романы басыслды. Кейін бір есептегенімде, мен басшылық орында отырған сол жылдары Шыңжаңдағы қазақ жазушыларының 30-ға жуық романы менің алдымнан өтіпті. Олар неше мыңдаған тиражбен таралды.
Одан басқа Мәдениет төңкерісінен кейін ақындардың жеке кітаптары бірінен соң бірі шығып отырды. Әлі есімде, 1990 жылы Алтайға жұмыс сапарымен барып айтыс ақындарының шығармаларын ұйымдастырдым. Халық ақындарынан ең алдымен Шіңгілге Құрманбек Зейтінғазының үйіне барып жатып жоспарын жасап, міндетін беріп кеттім. Шыңжаң Халық баспасынан шыққан «Ақындар айтысы» дегеннің 1-томы Құрманбектің, 2-томы Жамалқан Қарабатырқызының, 3-томы Бердіқан Абайұлының, 4-томы Қайрат Құлмұхаммедұлының айтыстары болды. Бұдан басқа балалар кітаптары, тарихи кітаптар, ғылыми, діни кітаптар да толып жатыр. Оның барлығын ақтаратын болсақ неше мыңға кетіп қалады. Қазір бәрі есімде тұрған жоқ.
Соның ішінде әйгілі «Қылмыс» романы да 1983 жылы Халық баспасынан шыққан. Екі томын шығарып, үшіншісін түптегелі жатқанда Қажығұмар 1986 жылдың соңында Шәуешекте «Шетелдің тыңшысы» деген атпен тұтқындалып кетті де, сол күйі түптелмей өртеліп кетті. Бірақ мен 30 нұсқасын түптетіп алып қалғанмын. Менің өзімде бір нұсқасы бар. Бірақ ол Қытайда жатыр. 1-том басылып жатқан уақытта Қажығұмардың осындай кітабы шыққалы жатыр екен, тексеріп көріңдер деп жоғарыдан бізге бұйрық түсті. Сонымен мен басы Әуелхан Қалиұлынан аяғы Жақып Мырзаханға дейін Үрімжідегі бір топ жазушыны шақырып алып, қолдарына бір-бір кітап ұстатып, осы кітапты оқып пікір айтасыздар дедім. Оның әдеби құрылымы, көркемдігі, тілі жағынан ауыз ашпайсыздар, осы кітап социялизмге, партияға қарсы кітап па, емес пе дегенге жауап берсеңіздер болды деп, 10 күн уақыт бердім. Он күннен кейін қайтадан шақырып алып жиналыс өткіздім. Ол кісілер бір ауыздан ондай емес екенін айтты. Өйткені ол кітап 1949 жылға дейін ғана жазылған, коммунистік партияның билік басына келіп, билік құрған кезі қамтылмайды. Содан соң докладты жазып қоя бердік. Әлі есімде, 1983 жылы мамыр айының 23-күні партия орталық комитетінің бас хатшысы Ху Яубаң Халық театрында қалың кадрды жинап алып баяндама жасап жатқан болатын. Ақын-жазушылардың пікірі негізінде доклад жазып жолдағаннан кейін Үгіт бөлімі тарата беріңдер деп рұқсат берді. Ең алғашында 25 мың тиражбен басылды. Жетпей қалып, оның артынан 15 мың тираж басып, жалпы 40 мың тиражбен таралды.
Бұның сыртында Шайсұлтан Қызырұлының үш томдық романы, Шәміс Құмарұлының роман, повестері бәрі сол біздің Халық баспасынан шықты. Халық баспасы шыңжаңдағы әмбебап үлкен баспа еді.
– Қазақстандық қаламгерлердің еңбектері де сол сіздің кезіңізде көптеп басылды-ау деймін.
– 1960 жылдан бастап Совет Одағы мен Қытай арасы бүлінді ғой. Сол кезден бастап Шыңжаң менен Қазақстан арасындағы мәдени байланыс үзіліп қалды. 1950 жылдардың соңында менің ең соңғы оқыған кітабым: бірі – «Жас қанат» өлеңдер жинағы, енді біреуі – «Жырға сапар» болды. Сонда Тұманбайдың, Қадырдың өлеңдері бар еді. Сонымен қабат Кемел Тоқаевтың, бұл кісі қазақ әдебиетіндегі барлау тақырыбының атасы ғой, «Көшкен үйдің жұрты қайда?», «Тасқын» деген екі шығармасын оқығаным есімде.
Бұл 1960 жылдардың басы. Сол күйі тоқтап қалды. Сол тоқтағаннан мол тоқтап 1985 жылдан кейін екі елдің арасы түзеле бастаған соң, біз Қазақстан жазушыларының шығармаларын молынан бастық. Сол кезде Қытай халықаралық авторлық құқық қоғамына мүше емес еді. Сондықтан да ол қай елдің, қай автордың болсын еңбегін рұқсатсыз шығара беретін. Біз осыдан кең пайдаландық. Әуезовтың төрт томын шығардық, сондай-ақ Мұрат Әуезов Пекинде елші болып тұрған кезінде алдына барып отырып әкесінің шығармаларын Халық баспасынан шығару жөнінде рұқсат алғам. Одан басқа Сәбиттің «Мөлдір махаббаты», «Балуан шолағы» шықты, «Балуан шолақты» Сәбиттің музейіне кіріп, қызынан сұрап алып кеткем. Ғабит Мүсіреповтың «Жат қолындасы», Ғабиденнен ештеңе баса алмадық, ақындардан Шахановтың «Дәуір дастандары», Мұқағалидың өлеңдері, соның сыртында Қазақстанда шыққан үлкен-үлкен сөздіктерді түгелін төте жазумен басуға ұйымдастырдым. Мысалы, «Қазақ тілі түсіндірме сөздігінің» он томдығын, Ісмет Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігін» сол қалпынша төте жазуға көшірдік. Бұлар Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің көркеюіне үлкен пайдасын тигізді.
Сондай-ақ сөздіктер жасау барысында Қазақстаннан шыққан «Қазақ совет энциклопедиясының» 9 томын баста-аяқ сапырып пайдаландым. Ол 9 томды маған Мюнхендегі Азаттық радиосында істейтін Хасен Оралтай жіберген еді. Мен ол кісіге ай сайын «Шалғын» журналын жіберіп отырдым. Қазақстанға 1989 жылы тұңғыш рет келдім. Халық баспасынан бір қытай, бір ұйғыр, бір қазақ болып үш кісі келдік. Сонда бізді шақырған «Жазушы» баспасының басшысы Қалдарбек Найманбаев болатын. Біз Алматыда 10 күн тұрып, бәрімен танысып, аралап қайттық. Өзара кітап шығаратын болып қол қойыстық. Мамыр айының 22-сі ме екен, 23-і ме екен, мен телеарнаға сұхбат бердім. Халық баспасының жағдайын және Шыңжаңдағы жалпы баспасөздің жағдайын таныстырдым.
– Халық баспасының ұшан-теңіз жұмысын көріп отырмыз. Қытайда қазақ басылымдарын шығаратын бұдан басқа да баспалар болды. Бейжіңде «Ұлттар» баспасы, Үрімжіде салалық баспалар жұмыс істеді ғой.
– Халық баспасы ең үлкен және ең алғаш құрылған баспа болғандықтан, ол аға баспа атанды. 1956 жылы Шыңжаң Жастар баспасы құрылды. Сонымен қатар құрылған Шыңжаң Оқу-ағарту баспасы болды. Мәдениет төңкерісіне дейін осы үш баспа жұмыс істеген. Біз осы үш баспаның ортасында жүретінбіз. Мысалы, Оқу-ағарту баспасына Шекспирден, Мопассаннан шығармалар аударғанмын. Шекспирдің «Венеция саударгерінен» үзінді аудардым. Оқулықта бар. Ги де Мопассанның шығармасынан үзінді де оқулықта басылды.
Мәдениет төңкерісінен кейін баспалар молайды. 1990 жылдары тіпті көбейді. Бір кезде менің санауымда Шыңжаңда 12 баспа бар еді. Оның барлығында ұйғыр, қазақ тілдерін негіз еткен ұлттық тілде кітап-журнал шығатын. Оңтүстікте қырғыздардың Қызылсу қырғыз баспасы болды. Бейжіңде орталық ұлттар баспасы болды. Осы баспалар ұзақ жылдар бойы 50-нші жылдан қазірге дейін қазақ мәдениетін көркейту жолында жұмыс істеп келе жатыр.