С.Найман: «Қытайша-қазақша сөздіктер кешенінің негізін қаладым»
Бөлісу:
28.11.20232707
Белгілі баспагер, кәсіби аудармашы, қытайша-қазақша сөздіктер кешенінің негізін қалаған тіл ғалымы С.Найман Астанаға сапары кезінде «Қазақстан тарихы» порталында қонақта болып, YouTube арнамызға сұхбат берді. Әңгіме барысында жарты ғасырға жуық аудармашылық, баспагерлік салада тер төккен қаламгердің шығармашылығы, Қытайдағы қазақ аудармашылығының басталуы мен дамуы айтылып, баспалардың тарихына аз-кем тоқталдық.
С.Найман (Найманғазы Сапанұлы) 1941 жылдың тамызында Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Толы ауданында орналасқан Майлы тауының Нарынсуатты бұлағы бойында қорушының қосында өмір есігін ашқан. 1956 жылы орта мектепті Толы ауданында бітіріп, Үрімжідегі Мұғалімдер институтының қытай тілі факультетіне оқуға түседі. 1960 жылдың күзінде оқуын тәмәмдаған соң «Шыңжаң халық баспасына» жас маман ретінде жіберіледі. 1977 жылы «Шыңжаң халық баспасы» Қазақ редакциясы бөлім басшысының орынбасары, 1980 жылы бөлім басшысы, 1983 жылы «Шыңжаң халық баспасы» бас редакторының орынбасары қызметін атқарған.
Аудармашы ретінде ең алғаш 1965-1967 жылдары қытай тілінде жазылған «Маузыдұң таңдамалы шығармаларының» төрт томын, мемлекеттік әнұранды және патриоттық әндерді тәржімалайды. Қазақ, қырғыз тілдеріндегі мыңдаған кітап, журналдың жарық көруіне мұрындық болып қана қоймай, редакциялық жұмысынан бастап басылып шығуына дейінгі жұмыстарға жетекшілік етеді. Шыңжаңдағы қазақ жазушыларының 30-ға жуық романына редакторлық еткен баспагер «Шалғын», «Көкжиек», «Оқырман өресі», «Тіл және аударма» сияқты Шыңжаңдағы 4 ірі қазақтілді журналдың бас редакторлық қызметін қоса атқарады.
С.Найман деген атпен танылған аудармашы – 1974 жылы бастап дайындалып, 1979 жылы 65 мың сөзді қамтып латын қарпімен тұңғыш рет баспадан шыққан «Қытайша-қазақша сөздіктің» құрастырушысы. Өз кезінде 7 рет басылып, 30 мың тиражбен тараған бұл ұжымдық еңбекті жұрт «Көк сөздік», «Найман көк» деп атап кеткен. Кейіннен С.Найман бір өзі сөздікті 120 мыңнан аса сөзге дейін жеткізіп, 2006 жылы «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» деген атпен қайтадан басып шығарады. Ал оның жеке авторлығымен жарық көрген «Қытайша-қазақша идиомдар сөздігі», «Қытайша-қазақша қысқаша сөздік», «Қытайша-қазақша идиомдар үлкен сөздігі» де Қытай қазақтары мен аудармашылардың игілігіне айналған.
Саяси, ғылыми аудармамен айналысқан С.Найманның әдеби аудармалары да бір төбе. Ол Чарльз Диккенс, Ханс Андерсон, Эрнест Хемингуэй, Карл Маркс, Михаил Шолохов сынды әлемдік классиктердің және Қытай әдебиетінің көрнекті өкілдері Го Моро, Бажинның еңбектерін де қазақша сөйлеттірді. Атап айтқанда, «Ленин туралы әңгімелер», «Арайлы аспан» (2 томдық), «Уақыт белгілері», «Гитлердің зауалы», «Андерсонның балалар ертегілерінен», «Дэвид Копперфильд», «Балалар ертегілерінің бәйтерегі», «Шал мен теңіз» қатарлы 10 томдық аудармасы жарық көрген. Бұдан бөлек, ол аударған әлемдік классиктердің қысқартылған шығармалары Қытайдағы қазақ әдебиеті оқулықтарына енген.
Шыңжаң өлкесінің екі мәрте таңдаулы маманы, профессор, көрнекті еңбек сіңірген мемлекет дәрежелі маман атағын алған С.Найман – Қытай қазақтары арасындағы Қытай мемлекеттік кеңесінің арнайы стипендиясын алған санаулы қазақтың бірі.
Аудармашы, редактор болып жарты ғасырға жуық қызмет істеген С.Найман 2003 жылы зейнетке шығады. Бүгінде атажұртқа оралып, Алатаудың баурайына қоныс тепкен қаламгер «Көк сөздіктің» көлемін ұлғайтуды жалғастырып қана қоймай, «Ауылдан алыс сол жылдар» атты ғұмырнамалық кітабын оқырманға ұсынып отыр.
«Ауылдан алыс сол жылдар» – С.Найманның «Әредік әлеміштері» кітабынан кейін жарық көрген екінші кітабы. Кітапта автордың өмір жолы, аудармашылық және сөздік жасаудағы ізденістері, баспагерлік жолындағы ершімді еңбектері баяндалады. Кітаптың тұсаукесері бүгін Астана қаласындағы Академиялық кітапханада 15:00-де автордың және белгілі қаламгерлердің қатысуымен өтеді.