X ғасырдағы Қарахандардың ислам дінін қабылдауы
22.05.2023 3016

Ал VIII ғасырдың соңы – IX ғасырдың басында халифаттағы қиын жағдай Аббасидтердің Мавераннахрға деген өз көзқарастарын өзгертулеріне мәжбүр етті. Олар жергілікті ақсүйектерді көтерілістерді басуға ғана емес, шығыс облыстарды басқаруға да тарта бастады, сол арқылы  бұл аймақтарды өз қолдарымен бағындыруға тырысты.  Халифа Мансур (754-775) және оның мұрагерлері Махди (775-785) мен Харун ар-Рашид (786-806) тұсында Мавераннахрда негізінен жергілікті ақсүйектер билеушілері басқарды. Бірақ бұл Орта Азиядағы халифа билігінің күшеюіне әкелген жоқ, керісінше, Мавераннахрдың араб билігінен азат болуына ықпалын тигізді. 


Жергілікті ақсүйектердің рөлі әсіресе жергілікті Саманидтер әулетінің билікке келуімен (819–999) өсе бастады. Бұл халифаттағы билік үшін Харун ар-Рашид Амин мен Мамунның мұрагерлері арасындағы 811-813 жылдардағы соғыстан кейін орныққан жағдай еді.

Жеңімпаз Мамун өзін Мавераннахрда қолдаған саманилердің – Балх жерінің иесі Саман-Худаттың немерелерінің сіңірген еңбегін ұмытқан жоқ.  Оларды Орта Азияның бірқатар қалаларының әмірлері етіп тағайындады.  Нұх Самарқанды, Ахмад Ферғананы, Яхия Шашты, Ілияс Гератты алды. Мавераннахрдан келген жыл сайынғы хараждан Саманидті ағайындар халифаттың қазынасына қомақты ақша жіберіп тұрды.  Ибн Хордадбехтің мәліметі бойынша, халифат қазынасына жыл сайын Шаштан 607 мың дирхам, Соғдыдан 326, Ферғанадан 220, Уструшанадан 50 мың дирхам түсетін.

Алайда, саяси тұрғыдан алғанда, Саманилер енді халифаға бағынышты емес, Хорасанның жаңа билеушілері Тахиридтерге бағынды. Бір қызығы, Тахиридтер саяси тәуелсіздікті жариялау үшін ислам контекстімен де байланысты өзіндік әдісті қолданған.

Мәселен, 821 жылы Тахир ибн Хусейн Хорасан мен Мавераннахрға халифа наместнигі болып тағайындалды.  Бір жыл өтпей жатып, ол тәуелсіздік жариялауды білдіретіндей әрекет жасаған, яғни жұма хұтбасында халифаның атын атамауды бұйырды. Тахир халифаның бұйрығымен көп ұзамай уландырып өлтірілсе де, оның ұлы Абдаллахтың (828–844) билігі кезінде Хорасан шын мәнінде астанасы Нишапур болатын тәуелсіз мемлекетке айналды.

Осылайша, Хорасан мен Мавераннахрды басқару Тахиридтер үйі үшін мұрагерлікке айналды.  Мавераннахрға қатысты тахиридтер белгілі дәрежеде саманилердің әмір болып тағайындалуының заңдылығын мойындады.  Саманидтер өз кезегінде Тахиридтерге бағынып, елді бейбіт жолмен басқарды.  Бұл, сөзсіз, Хорасан мен Мавераннахрдың халифатқа тәуелділігін тоқтатып, жергілікті екі әулеттің саяси тұрғыдан мойындалуын айғақтайды.

Алайда Орта Азияның халифаттан бөлінуі оның барған сайын күшейіп келе жатқан исламдану процесіне әсер ете алмады. Бұған аймақтағы айтарлықтай араб диаспорасының ықпалын айта аламыз, ол халифаттан бөлінгеннен кейін де аймақтағы исламның позициясын нығайтудың маңызды факторы болып қала береді.

Араб отаршылары Таяу Шығыстың негізгі мұсылман орталықтары – Дамаск, Бағдад, Жазира, Мосул, Иерусалим және тағы басқа мекендерінде дүниеге келгендер еді. Орта ғасырлар бойы Орта Азияға қоныстанған арабтар өздерінің этникалық ерекшеліктерін сақтап қалды.  Тек жаңа заманда ғана ассимиляция процесі арабтардың жергілікті халықпен араласып, тілдің жойылуына әкелді. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінен айырмашылығы араб халқы Орта Азияда толығымен ассимиляцияланып, жергілікті әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді қабылдаған еді.

Бұл кезеңде исламның Орталық Азиядағы позициясының күшеюіне араб диаспорасынан басқа тағы үш негізгі фактор әсер етті:

Біріншіден, бұл Саманилер мен Тахиридтерге бағынатын жергілікті билеушілердің әрекеті.

Екіншіден, әртүрлі исламдық секталардың, ағымдардың, әсіресе сопылық ағымдардың, сондай-ақ ресми сүннит ғұламалары мен дінбасыларының белсенді уағыздау қызметі.

Ал, ақырында, үшіншіден, Орталық Азияны исламдандыруда мешіттерде, мектептерде және медреселерде жаңадан қалыптасқан білім беру жүйесі маңызды рөл атқарды.

Осы факторлардың барлығының әсерінен X ғасырдың аяғында Мавераннахр халқы түгелге жуық дерлік ислам дінін қабылдады.  Оның үстіне, бұл өз кезегінде басқа аймақтарды исламдандыруға немесе исламдандыру әрекеттеріне әсер етті.  Мәселен,, Ибн Фадланның әйгілі «Еділге саяхат» кітабынан 922 жылы Еділ бұлғарларының Хазар қағанатына қарсы халифаттан қолдау алу үшін ислам дінін қабылдағанын білеміз. Бірақ Болгария билеушісі Елтебер Әлмуш арабтардың материалдық көмек көрсетпейтінін білген соң, кек қайтарып, Орта Азия үлгісімен екі рет иқама (азан) жариялауға бұйрық береді.  Бұл халифаттың бір рет икаманы жариялау әдетіне балама болды.  Бұдан Болгария билеушісі ислам дінін қабылдағанға дейін-ақ ислам дінінің орта азиялық ерекшеліктерімен таныс болғанын және ислам саяси мәселемен тікелей қатар жүргенін көреміз.

X ғасырдың аяғында Хорезм көпестері, Мервезидің айтуы бойынша, Киевке сапар шегеді, онда «падишах Руса Буладимир» (Владимир Святославович, Красно Солнышко) олармен мұсылмандық сенім туралы әңгімелескен. Бұл 980 жылдардың ортасында Владимирдің жылнамалардағы «сенім таңдауы» кезеңі болса керек, Орта Азиядан келген көпестер Киев князіне исламның басқа діндерден артықшылығын түсіндірді. «Сенім таңдауын» көптеген зерттеушілер тарихи аңыз ретінде мойындағанымен, бұл эпизод Орта Азия көпестерінің миссионерлік күш-жігерін айғақтайды.

Бірте-бірте ислам түркі ортасына да ене бастады. Орта Азияның солтүстігінде VI ғасырдан бастап түркі көшпелі тайпалары өмір сүрді. Тянь-Шань өңірінде, қазіргі Қырғызстан жерінде Енисейдің жоғарғы ағысынан қоныс аударған қырғыздар жайлаған. Жетісу даласында, қазіргі Қазақстанның оңтүстік-шығысында қарлұқтар мен ягмалар, ал Ыстықкөл маңында шігілдер қоныстанған.  Сырдарияның төменгі ағысында және Каспий мен Арал теңізі аралығындағы кеңістікте оғыздар өмір сүрді, олардың бір бөлігі кейін түрікмен тайпаларын құрады. Батыс Қазақстанда қыпшақтар жүрді, кейінірек, XI ғасырдың ортасында олар Доннан асып, Солтүстік Қара теңіз аймағына өтіп, Ресейде половецтер деп аталды.

X ғасырдың 2-жартысында оғыздардың, қарлұқтардың, шігілдердің және яғмалардың хандары мен төрелері көршілес дамыған феодалдық қоғамдардың діні – ислам дінін қабылдап, оны көшпелілер бұқарасына таратады. Бұл процестің басталуы Қарахан әулетінің негізін қалаушы қаған Сатұқ-Боғра ханның есімімен байланысты, ол 955 жылы әулетте бірінші болып ислам дінін қабылдаған.  Бұл оның Саманидтердің қолдауына сүйеніп, туысы әрі қарсыласы Оғұлшақты жеңуге мүмкіндік берді.

Тараз бен Қашқарды өзіне бағындырған Сатұқ-Боғра хан 942 жылы Баласағұнды басып алып, өзін жоғарғы қаған деп жариялады.  Осылайша бір орталыққа бағынатын Қарахан мемлекеті қалыптасты. Қарлұқ қағанаты ыдырағаннан кейін Батыста Жетісу мен Исфиджабтан Шығыста Қашқарияға дейінгі аумақ Қарахан мемлекетінің құрамына енді.  Сатұқ-Боғра ханның ұлы Мұса 960 жылы исламды мемлекеттік дін деп жариялады.  Осыдан кейін Жетісу өңірінде түркілердің 200 мың шатыры ислам дінін қабылдады.

Осы кезеңді қорытындыласақ, IX ғасырда Орта Азияның Араб халифатынан бөлінуі аймақтағы саяси процестерде исламның ықпалын жоғалтуды білдірмеді. Оның үстіне бұл ықпал бірте-бірте артып, жан-жақты болып, билеушілердің тікелей саясатына ғана емес, білім, ғылым, әдебиет, өнер арқылы қоғамдық санаға, ділге әсер етті.  Сондай-ақ облыстың оңтүстік өңірінде ғана емес, көшпелі түркілер мекендеген далалық аймақтарда да исламның саясатқа ықпалын байқаймыз. 

X ғасырдың аяғында, 999 жылы Саманидтер мемлекетін Орталық Азияның солтүстік дала бөлігінде өмір сүрген түркі яғма тайпасынан шыққан Қараханидтер жаулап алды. Қараханидтер алдын ала Саманидтер мемлекетінің мұсылман дін басыларының өкілдері мен түркі гвардиясының жоғарғы бөлігінің қолдауына ие болуға әрекет жасаған болатын .

Араб деректерінде бұл әулет (Қараханидтер) «әл-Хақания», яғни «қағандар» деп аталады.  Бірінші қараханид – Мавераннахрды жаулаушы – Шығыс Ферғана билеушісі Наср Илек хан болды.  999 жылы қазанда Бұхараны басып алып, осында билеген Саманидтер әулетінен әмір II Абд әл-Мәліктің билігін алып тастады.  Ақырында, Мавераннахр 1005 жылы Самарқанды басып алғаннан кейін Қарахандардың билігіне өтті.

 Қарахандар жаулап алғаннан кейін Мавераннахрдағы билік түркі көшпелі тектілерінің қолына өтті.  Осы кезеңнен бастап Жетісу мен Шығыс Түркістаннан түркі халқының көп бөлігі Мавераннахрға қоныс аударды.  Түріктер Шыршық, Төменгі Зеравшан, Қашқадария аңғарларына қоныстана бастады.Әрине, Орта Азияның оңтүстігіндегі бұл жаңа қоныстанушылар тез ислам дінін қабылдады. ХІ ғасырда «Диван лұғат ат-түрк» дерегінің авторы Махмұд Қашқпри  кәпір түріктер туралы мәліметтерін бергені рас . Алайда, соған қарамастан, XI-XII ғасырларда Орталық Азиядағы ислам халықтарының құрамындағы түркі құрамдас бөлігі айтарлықтай өсті.

Қарахан билеушілерінің ішінде ХІ ғасырдың ортасында билік құрған хан Ибрахим әсіресе ислам факторының ықпалына қатты ұшырады. 1050 жылдардың аяғында қаған Сүлеймен Арслан хан қайтыс болғаннан кейін Шығыс Қараханидтер арасында басталған дүрбелеңді пайдаланып, Ибраһим олардың көптеген иеліктерін, соның ішінде Шығыс Ферғана, Ташкент оазисі және Исфиджабты басып алды.  Ибраһим өзінің барлық иеліктерінде тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді өз мойнына алды. Әрбір қылмыс қатаң жазаланып, елдегі ұрлық пен тонау толық тоқтатылды.  Сонымен қатар, Ибн әл-Асирдің айтуынша, Ибраһим шектен тыс тақуалығымен ерекшеленетін.  Ол ешқашан факихтермен кеңеспей жаңа салықтарды енгізбеді және үнемі дұрыс жолды таңдаған еді.

XI ғасырдың 2-жартысында Қарахан мемлекеті аймақтағы жаңа саяси басшы – Селжүктердің түрік мемлекетіне тәуелді болды. 

1072 жылы алғашқы қақтығыстардан кейін Қарахандар үйі өзінің селжұқтарға вассалдық тәуелділігін мойындады.  Дегенмен, бұл діннің рөлін шайқалтқан жоқ, өйткені селжұқтар, ең болмағанда олардың саяси элитасы исламданған еді. Осылайша, исламдық фактор әр кезеңде өте маңызды болып қала берді.

Ендігі кезекте Талас шайқасы туралы мәліметтер қамтылған араб деректеріне тоқталсақ.

Орта Азияға келген арабтар, әрине, аймақтағы саяси жағдайға араласа бастаған.  Ал кейбір жағдайларда олар қалалардың, елді мекендердің, жеке көшпелі тайпалар мен рулардың, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдардың тағдырын да шешіп отырды.

Сондықтан да, ортағасырлық мұсылман авторлары сипаттаған тарихи оқиғалар шынайы қызығушылық тудырады. 

Сижистанның Буст қаласында өмір сүрген Мутаххар ибн Тахир әл-Муқаддасидің «Китаб әл-бәд ва-т-тарих» («Жаратылыс және тарих кітабы») энциклопедиясы Орталық Азиядағы саяси мәселелерді қозғаған деректердің бір түрі болды. Ол 355/966 жылы құрастырылған. Бұл еңбек бізге 1887 жылы Ыстамбұл қолжазбасын тапқан Хьюардың баспасынан белгілі, ал 1899-1919 жылдары француз тіліндегі аудармасымен алты үлкен том болып басып шығарылған.

Жұмыс көлемі мен мазмұны жағынан еңбек біркелкі емес жиырма екі тарауға бөлінген: бірінші бөлімі – кіріспе, бұл  тарауда танымның әдістері мен шекаралары қарастырылады, екінші және үшінші тарау теодизмге, төртінші пайғамбарлық теориясына, бесінші тарау «Жаратылыс бастамасына» арналған, алтыншы – теология, жетінші – діни космография, сегізінші – бірінші адамның пайда болуы және тоғызыншысы – эсхатологияға бағытталған.

Осының бәрінен кейін тарихи бөлім басталады: пайғамбарлар тарихы (10-тарау), Парсы патшалары (11-тарау), әртүрлі діндер (12-тарау).  Географияға арналған он үшінші тарау араб тарихына көшудің бастамасы ретіндегі бөлімді атқарады. Одан кейін ежелгі арабтар тарихы және олардың шежіресі (14-тарау), Мұхаммедтің тарихы (15-17-тараулар), оның серіктері туралы (18-тарау), мұсылман ілімінің дамуы (19-тарау) және Әл-Мути тұсындағы 350/961 жылға дейінгі халифат тарихы (20-22 тараулар) баяндалады. 

Бұл материалдың барлығы ешқандай арнайы бір ережеге сай ұсынылмаған, бірақ ақпараттың көлемі ауқымды әрі жан-жақты екенін жоққа шығаруға болмайды.

Біздің тақырыбымызға келсек, «Мутаххар әл-Муқаддасидің» 966 жылы Саманидтер уәзірінің бұйрығымен жазылған тарихи бөлімінде 751 жылғы оқиғаларды сипаттайтын хабар бар:

«Әбу-л-Аббас билігінің үшінші жылында Шарик Шайх әл-Фахридің жеңіліске ұшыраған әскерлерінің қалған жасақтарынан шыққан және Әбу Муслимді заңсыз қан төгу мен шектен тыс өлтіру мәселелері бойынша айыптаған басқа адамдардың басын қосқанда шыққан 30.000 арабтың қарсылығына сәйкес Бұхарадағы іс күйзеліске ұшырады. Әбу Муслим оларға қарсы қозғалды, оның жасағының алдыңғы қатарында Зияд Салих пен Әбу Дәуіт Халид Ибрахим әз-Зухли болды.  Әбу Муслим олармен соғысып, Шарик Шайхты өлтіріп, Бұхар мен Соғдыны екінші рет жаулап алады және Самарқанның қабырғасын жаулар шабуылдаса, оларға бекініс болатындай етіп салуды бұйырды. Ол Зияд Салихті аттандырып, Тараз бен Атлахқа жеткенше Мавераннахр аудандары Салихтің күшімен жаулап алынды. Содан қытайлар мазасызданып, олардың жүз мыңнан астамы келіп, Тараздың мединесінде Саид Хумайдты қоршауға алды.  Бұл кезде Әбу Муслим Самарқандтағы лагерінде тұрып, Саид Хумейдке көмектесу үшін жұмысшылар мен ерікті жасақтарды жіберді, олармен (қытайлармен) бірнеше рет соғысып, оның 45 000-ы өлтірілді, 25 000-ы тұтқын ретінде алынды. қалғандары қашып кетті, мұсылмандар олардың лагерін басып алды. Ал ол (Әбу Муслим) Бұхараға кетті».

Осы жерден біз әуелгі Тараздағы араб гарнизонының қоршауы туралы мәлімет ала аламыз, оны басқа жерде көп айтыла бермейтін Саид Хумейд басқарса керек (ал, Ибн әл-Асир бұл жердегі жеңісті Зийад Салихтың есімімен байланыстырған). 

Мутаххар әл-Мақдиси Талас маңындағы шайқас туралы мәліметтерінің сілтемесін көрсетпеген. Дегенмен, бұл ақпаратты сенімсіз деп санауға болмайды, өйткені олар Ибн әл-Асирдің «Камил фи-т-тарих» еңбегін зерттеуде де көрсетіледі.

Араб тарихшысының «Әл-Камил фи-т-та рих» («Тарихтың толық жинағы») еңбегі дүниежүзілік тарих сипатына ие. В.В.Бартольдтың көрсетуіне сәйкес, Ибн әл-Асир ең үлкен ұқыптылықпен және сол кезде сирек кездесетін сыни әдептілікпен өз жұмысы үшін үлкен көлемде материал жинаған. Ибн әл-Асир баяндаудың жылнамалық жүйесін пайдаланады.  Ежелгі дәуірден XII ғасырға дейінгі, яғни монғол шапқыншылығына дейінгі оқиғаларды қамтитын шежіреде Орта Азия, оның ішінде Шығыс Мәуереннахр туралы мәліметтер маңызды орын алады.  Орта Азия мен біз зерттеп отырған аймақта болған оқиғаларды Ибн әл-Асир арабтардың жаулап алуларынан бастап, неғұрлым жүйелі және егжей-тегжейлі сипаттайды. Ибн әл-Асир сипаттаған бұл оқиғалар біз зерттеп отырған аймақтың саяси өмірінің өзіндік көрінісін беруге мүмкіндік береді.

Ибн әл-Асирдің «Кәмил фи-т-тарих» еңбегінің  Орталық Азия туралы, оның ішінде Шығыс Мәуереннахр туралы мәліметтерін толық орыс тіліне П.Г.Булгаков аударып, ол 2006 жылы Ташкентте басып шығарылған. Алайда, Ибн әл-Асирдің «Тарихтың толық жинағы» III-IV томдардағы мәліметтерді қамтымайды.

Зерттеуде Ибн әл-Асирдің «Камил фи-т-тарих» еңбегінен Шығыс Маверанахр туралы мәліметтерді алу үшін М.Е.Торнбергтің басылымы және МИКК-да жарияланған К.Б.Старкованың аудармалары пайдаланылды.

Бірақ бұған дейін Ибн әл-Асир еңбегіндегі Шығыс Мавераннахр туралы мәліметтердің барлығы МИКХ және П.Г.Булгаковтың аудармаларында толықтай жарияланбағанын айта кеткен жөн.  Шығыс Мавераннахр туралы мәліметтер М.Е.Торнберг басып шығарған жинақ еңбектерінің V томынан алынған, бірақ біз зерттеп отырған аймақ туралы мәліметтер III-IV томдарда да кездеседі.

Басылымның үшінші томының «Хорасанды жаулап алу хикаясы» атты тарауында: «Йездигерд өзеннен өткенде, оның әскерінің алдында бір қаған (хакан) қарсы тұрды, оның әскері түріктерден, ферғандықтар мен соғдылардан құралған еді. Йездигерд кері бұрылып, қаған болса Хорасанға қарай бағыт алды».

IV томдағы Шығыс Мавераннахр туралы мәліметтер «Хорасандағы Кутейба туралы және биыл болған оқиға» бөлімінде Ахсикет туралы мәліметтер келтірілген: «... Ал Салих Мусаллам Кутейба кеткеннен кейін Кашан мен Авраштты жаулап алды, ал бұлар Ферғана қалалары еді.  Кейін, Ахсикетті де жаулап алды, ал ол Ферғананың бас қаласы болды...». 

Дәл осындай мәліметті әл-Балазури де келтіреді.  Екі автордың да стильдік жағынан әр түрлі айтылуы болмаса, мәліметтері бірдей. 

Осындай тағы бір мысал – ұзақ қоршаудан шошынған соғдылардың Шаш патшасы мен Ферғана Ихшидіне хат жазғаны туралы мәліметтер. Әл-Балазури мен ат-Табариде де бұл мәліметтер бар.  Ибн әл-Асир әл-Балазуридің мәліметтерін пайдаланып, оны әт-Табаридің мәліметтерімен толықтырған.

Ибн әл-Асирдің еңбегі ат-Табариде жоқ мәліметтерді қамтыған.  Бұл деректі О.Г.Большаковтың зерттеуі де дәлелдейді: «... IX-X ғасырлардағы ірі тарихи жинақтарда, тіпті Әбу Муслимнің VIII ғасырдың 50-жылдарының басындағы Мәуереннахрдағы Аббасидтер билігін бекіту үшін жүргізген күресі туралы көптеген мәліметтерді қамтитын ат-Табаридің «Тарихында» да бұл маңызды саяси оқиға туралы бір ауыз сөз жоқ».  Мұнда 751 жылғы Талас шайқасы меңзеліп тұр. 

Ал, Ибн әл-Асир өз еңбегінде шайқастың тарихқа дейінгі тарихын да баяндауға әрекет жасайды.  Оның мәліметі бойынша: «Осы жылы Ферғана ихшиді мен Шаш патшасы сөзге келеді. Ферғана ихшиді Син патшадан көмек сұрап, оған 100 000 сарбаздық қосымша күш беріледі, Шаш патшасы қоршауға алынып, нәтижесінде Син патшаның мейіріміне бағынды, ал ол есесіне өзіне де, жақындарына да зиянын тигізбеді. Бұл хабар Әбу Муслимге жетіп, олармен соғысу үшін Зийад ибн Салихты жібереді.  Олар Тараз өзенінің бойында кездесіп, мұсылмандар жеңіске жетіп, 50 000 адам соққыға ұшырайды, 20 000-ға жуық тұтқынға алынады, қалғандары Синге қаша бастады.  Соғыс 133 жылы (751 ж. шілде) зу-л-хиджжа айында жүргізілген еді». Осыдан кейін Шығыс Мәуеренннахр туралы ақпарат үзіліп, 177 жылдан кейін қайта жандана бастайды.

Зерттеу жұмыстарында, еңбектерде Талас шайқасы туралы көп айтылғаны сөзсіз. Бірақ бұл материалдар деректану тұрғысынан қызығушылық тудырады.  Екі автордың да контекстіне салыстырмалы талдау жасағанда тарихи оқиғаның болу фактісі анық байқалады.

Мәліметтерді баяндауда кей жерлерде сәйкессіздік те орын алады:

Біріншіден, қытайларды жеңген араб қолбасшыларының әртүрлі есімдері көрсетілген. 

Екіншіден, авторлардың шайқастың алғышарттары туралы әр түрлі оқиғалары бар.

Екі мәтінде тағы бір мәселе бар - екі жақтан шайқасқа қатысқандардың саны.  Шайқасқа қатысушылардың аз бөлігі күштердің ауысуына бірден әкеле алмас еді. Сондықтан, ақпарат көздері көрсеткен шайқасқа қатысушылардың саны нақты дәл болмаса да, бірақ шындыққа жақын болуы мүмкін.

Талас шайқасы сөзсіз тарихта орны бар саяси оқиға. Шайқастың маңызы өте зор болды.  Көптеген тарихшылардың пікірінше, дәл осы оқиға Қытайдың сыртқы саяси мүдделерінің Орталық Азияға енуін мыңжылдыққа дейін шегерді. Бұл шайқаста күтпеген жерден арабтар жағына шыққан қарлұқтар маңызды рөл атқарғаны белгілі.  Осылайша, басымдық арабтар жағында болды.  Олардың түргештер мен қытайлардың тылына тигізген соққысы арабтардың Талас өзенінен кесіп өтуіне мүмкіндік берді, бұл шайқастың нәтижесін шешті.

Енді үшінші мәселе бойынша, яғни аймақтағы көтерілістер мен әскери қимылдарға түрік жасақтарының қатысуын баяндайтын деректерге тоқталсақ.

Араб авторлары әл-Балазури (IX ғ.) және Кудама (X ғ.) ежелгі уақытта оңтүстік-шығыс Каспий аймағы, Гурган тұрғындарының түріктерге қарсы қорғаныс қабырғасын салғанын, бірақ мұсылмандардың жаулап алуы кезінде түріктер оны жеңіп, бүкіл Гурганға, сонымен қатар көршілес Дихистан аймағына ие болғаны туралы мәліметтерін келтіреді. Біздің дереккөздер бұл мәліметтерді Иракқа жаңадан тағайындалған Омеяд әміршісі Йазид Мухаллабтың өзіне дейінгі бүлік шығарған атақты қолбасшы Кутейба Муслимнің жақтастарын тыныштандыру үшін Хорасанға аттанған 716 жылғы оқиғалармен байланысты келтіреді (715 ж.).  Осы кезде Гурган (араб. Джурджан) мен Дихистанның түркі билеушісі белгілі бір Сул деген тұлға болғандығы айтылады.