Көшпелілердің ұлы қоныс аударуы
26.08.2022 16483

Шығыста Сары теңізден бастап, батыста Дунайға дейінгі Еуразия даласын көшпелі тайпалардың ен жайыла еркін қоныстанғаны ілкіден мәлім. Ескі заманнан жеткен дала аңызына құлақ түрсек, осыбір ұланғайыр атырапты ұлы дүбірге толтырып, көшпелі тайпалар әлденеше рет жосып өтіпті. Шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке ойысып, көш қондырыпты. Бұл көшпелілерден өріс алған ауқымды көшке тарихшылар «Халықтардың ұлы қоныс аударуы» деген атау берген екен.

Олай болса, қоныс аударған тайпалар кімдер? Олар қайдан көшіп, қайда кетті? Бүгінгі мұрагерлері кім? Осы сұрақтарға жауап іздеп, тарих қойнауына бойладық...


Тайпалар қақтығысы

Дала халқының көші-қоны Қытай жылнамаларында біршама қанық хатқа түскен. Ондағы жазбалар сібір даласы мен моңғол үстіртіндегі көшпелі тайпалардың күшейе келе түстікке, Сары өзен (Хуан хэ) алабына қарай жылжығанын баян етеді. Оңтүстікке ойысқан тайпалар отырықшы елді жаулап, билік құрған. Үстемдік үшін өзара шайқасқан. Бірде тату, бірде қақтығыса жүріп, бір-біріне сіңіскен. Жеңгені жеңілгенін бағындырған. Әлдісі әлсізін тізерлеткен. Қайсыбір мойымағаны, мойындамағаны іргесін аулақ салып, көшіп кетіп отырған. Ескі тарихтан жеткен есті сөз көпшпелілердің шығыстан батысқа ауып, Орта Азияға, одан әрі Батыс Азияға бет түзегенін айтады. Тағы бір тармағы Орта Азиядан солтүстік қара топырақты алқапқа өтіп, Шығыс Еуропаға табан тіреген. Бұл көші-қон үдерісі әлденеше ғасырларға ұласып, мәдениеттердің тоғысуына ұласқан. Өз дәуірінде тұтас Еуразия өркениеті аталатын ірі құбылыс тудырған.


Юэчжилер мен Сақтардың оңтүстік пен батысқа аууы

Шығыс пен батыс жылнамаларында аты ертеден хатқа түскені – сақ-скифтер. Көне грек тарихшысы Герадоттың жазбасында Орта Азия территориясында «Sacae» аталатын халықтың өмір сүргені айтылады. Парсылар сақтар деп атаған бұл үлкен тайпалық одаққа массагеттер, исседондар, сарматтар мен аландар кірді. Олар Орта Азия, Батыс Азия және қазіргі Ресей территориясы мен Шығыс Еуропа аумағын тұтасымен алып жатты. Парсы империясы ірге кеңейткен жорығында скифтерге қарсы Фракиядан соғыс ашқан екен. Бұл да скифтер иелік еткен аумақтың қаншалықты ұланғайыр екенін айғақтайды.

Көшпелі тайпалар арасындағы ұлы көші-қонның басы ғұндардың үстемдікке ие болуынан басталады. Чинь-Хань дәуірінде (б.з.б 221 – б.з. 220 жж.) күші тасып, алапаты артқан ғұндар сахараның оң-солын тұтас бағындырды. Мөде тәңірқұт (шаньюй) Хыши дәлізіндегі (коридорындағы) юэчжилерге үздіксіз шабуылдап, оларды батысқа жылжуға мәжбүрледі.

Юэчжилер Қытайдың Хыши және Цилянь тауының баурайында өмір сүрген көшпелі халық еді. Бұл аумақ қазіргі территориялық бөлініспен Қытай аумағына қарасты Шығыс Түркістанның Құмыл, Тұрпан ойпаты және Гансу өлкесінің Дунхаң елдімекендерін қамтиды. Яғни ежелгі жібек жолы бойындағы Шығыс Тянь-Шань мен Цилянь тауларының арасы юэчжилердің ата қонысы болған. Юэчжилер нәсіліне қатысты әртүрлі болжам айтылады. Бірі түркі нәсілдес десе, екіншісі моңғол тұқымды, ал тағы бірі тибет тектес деген әралуан көзқарас бар.

Б.з.б. ІІ ғасырда юэчжилер Мөде тәңірқұттың (шаньюйдың) ұлы Лаушан шаньюй қолынан оңбай жеңіліп, батысқа қарай – Іле өзені мен Шу өзені алқабына қоныс аударды. Көшке ілесе алмай жұртта қалып, бодандық ажырғысына мойынсұнғаны «кіші юэчжи», ал батысқа ауған юэчжилер «үлкен юэчжи» («ұлы юэчжи») деп аталды. Қазіргі Іле аймағына қарасты Тянь-Шаньның Тоғызтарау-Текес асуынан асып, Алатаудың етегіне келіп ірге тепті. Мұнда келгеннен кейін олар жер-су үшін Іле мен Балқашты бұрыннан жайлайтын сақтармен теке тіреске түсті. Толасыз шайқас, тынымсыз соғыс тағы жалғасты. Соңында сақтар жеңіліп, оңтүстік пен батысқа, Ферғана ойпатының күнгейіндегі Гиндқұшқа ығысты. Кейіннен юэчжилердің өзі де үйсіннен ойсырай жеңіліп, біраз уақыт жайлаған Іледен көшуге мәжбүр болды.

Сақтармен бірге батысқа және оңтүстікке ауа жылжыған юэчжилер бүгінгі ауғанстан шекарасына дейін жетіп, Бактрияны бағындырды. Аму мен Сырдың суына иелік етті. Жаңа эраның І ғасырының орта шенінде юэчжилер құрамындағы кушан тайпасы ұлыстағы өзге тайпалардың басын қосып, қуатты Кушан мемлекетін құрды. Кушан мемлекеті одан әрі көркейіп, Үнді өзені аңғары мен Гиндқұш жүлгесін тұтасымен өзіне қаратты.

Оңтүстікке қоныс аударған юэчжилер мен сақтардың тағы бір бөлігі өзара сіңісіп, бірте-бірте эфталит халқын құрады. Ақ ғұндар деп те аталатын эфталиттер V ғасырда Парсыға шабуыл жасап, ірге кеңейтті. VІ ғасырда шарықтау шегіне жетіп, қазіргі оңтүстік Шынжаң және Орталық Азияның оңтүстігіне толық үкім жүргізді. Үндістанға шабуыл жасап, Кушан мемлекетін ыдыратты. 558 жылдан кейін эфталиттердің де басынан бақ тайып, парсы сасанидтері мен түркі одағының бірлескен қолы оларды жеңіп, екіге бөліп алды.

Осылайша юэчжилер мен сақтардың батыс пен оңтүстікке мекен ауыстыруы «халықтардың ұлы қоныс аударуының» тұңғыш сілемі болып тарихқа жазылды.

 

Ғұндардың ұлы көші

Юэчжилер мен өзге де қоңсы қонған тайпаларды бағындырғаннан кейін жыл санауымызға дейінгі ІІ ғасырда ғұндар оңтүстіктегі ең айбынды көршісі Хань патшалығын да тізе бүктірді. Дәлірек айтқанда б.з.д. 188 жылы Хань патшалығының императоры Хан Гау Зу жеңілгенін мойындап, ғұн тәңірқұтынан рақымшылық сұрады. Мөде қағанның алдында бас иіп, бейбітшілік бітіміне келуге тіленді. Бітімге орай ханьдықтар ғұндарға жыл сайын ауыр алман-салық төлеп тұратын болды. Осындай табысты жорық, нәтижелі шайқастың арқасында ғұндар Моңғол үстірті, Солтүстік қытай, Шығыс Түркістанды түгел бағындырды. Теріскейде Байкалдан күнгейде Тибетке дейінгі аумақты уысында ұстады.

Дәуірлеп, мейманасы тасыған ғұндар да дәурені өтіп, құлдырауға тап келді. Бұл өмірдің бұлжымас заңдылығы, айнымас ақиқаты еді. Десе де ғұндардың күйреуіне жауының әскери күшінен де айласының басымдығы, өздерінің берекесінің сетінеп, ынтымағының бұзылуы себеп болды. Ауыр алым-салық төлеп, бір сәтке ес жиып, етек жабу мұрсатына ие болған Хань патшалығы ғұндардан түбегейлі құтылудың амалын іздеп, жолын қарастырды. Қытайлар ғұндарға жеке-дара беттей алмайтынын жақсы білді. Сондықтан жан-жақтан өзімен тағдырлас, ғұндардан зәбір көрген көршілерінен әскери одақ іздей бастады. Хань патшалығына ғұндардан құлан таза құтылмай, патшалығының келешегінен де үміт жоқ еді. Қытайлар одақ құруға көшпелі тайпа – сяньбимен ымыраласты. Сяньби ғұндар бет қаратпастай етіп, шығысқа қуып тыққан ат үстіндегі көшпелі ел болатын. Екі ел есесі кеткен ортақ жауға қарсы үзіліссіз ұрыс салды. Сыртқы өкпе тұстан шабуылдан қана қоймай, хань патшасы ғұндардың ішкі алауыздығын шебер пайдаланып, қайшылықты қоздатты.

Б.з.д. 55 жылы алып ғұн мемлекеті өзара ішкі тартыстар мен сыртқы қысымдардың әсерінен оңтүстік және солтүстік болып екі мемлекетке ыдырап кетті. Қытайлар оңтүстік ғұнды билеген Хуханьені шаньюй деп танитынын мәлімдеп, оны «бауырларына» тартты. Оңтүстік ғұндар қытай патшасының азғыруына еріп, алдауына көніп, билік үшін өз бауырларына ханьдармен қосыла шабуылдады. Аға-бауыр ғұндар билік үшін өзара қырқысты.

Ғұнды екіге айырып, бір-бірімен араздастырып, әбден титықтатқан Хань патшалығының есебі түгел шықты. Уақыт өте келе оңтүстік ғұндар дербестігінен айырылып, қытайларға қосылып тынды. Ал солтүстік ғұндар Хань патшалығы қайта-қайта шабуылды үдетіп, ес жиюға мүмкіндік бермегендіктен тәуелсіздігін сақтау жолында Шығыс Түркістанға көш түзеді. Ғұндардың Орталық Азия аумағына орнығуы бұл жердегі парсы текті тайпалардың түркіленуіне жол ашты.

Солтүстік ғұндар өздерінің мекені солтүстік батыс Моңғолиядан қазіргі Қазақстан топырағына көшіп келгеннен кейін қаңлылармен одақтасты. Одақтасуға әр екі ұлыс та мүделілік танытты. Өйткені қай қайсысының да көздеген мақсаттары бар-тын. Қаңлылар ғұндарды үйсіндерге қарсы соғысқа пайдаланып, шығыс шекарасын бекітпек болса, солтүстік ғұн көсемі Чжи-Чжи қаңлылар арқылы өз үстемдігін орнықтырып, ата жауы Хань династиясынан елін-жерін қайтарып алуды ойлады. Ғұндар Талас алқабынан жер-суға ие болды. Салық ретінде Ферғанадан қаржы мен шебер алдырып, ғұн көсемі Чжи-Чжи Талас өзенінің жоғарғы жағынан өзіне кент тұрғызды. Кент қос қорғанды: сырт қамалы ағаш, ішкі қорғаны топырақтан тұрғызылды. Ғұндардың күш алуынан Қытай империясы қатты алаңдады. Сондықтан әлі де болса, күш топтап, әлденбей тұрғанда түбегейлі көзін құртуды ойлады. Хань империясы ұзын саны 40 мыңдай әскерімен ғұндарға қарсы жорыққа шықты.  Б.з.д. 36 жылы екі тарапты шайқас Талас аймағында өтті. Жан алысып, жан беріскен соғыста ғұндар барынша ерлік көрсетсе де, жеңіске жете алмады.  2 күнге ұласқан соғыста қытайлар кентке басып кіріп, қаланы толығымен қиратты. Чжи-Чжидің басын алған қытайлар қолды болған тұтқындарды үйсіндерге олжаға берді.

Хань әулетімен арадағы шайқаста тағы да ойсырай жеңілген солтүстік ғұндар шығысқа оралу үмітін үзіп, батысқа бет түзеді. Батыстың тарихи жазбаларында да ғұн атауы осы ІІ ғасырдан бастап атала бастайды. Деректерде оларды Каспий теңіз бойын мекен еткен халық деп көрсетеді.

Батысқа бет алған ғұндар жол бойындағы халықтарды да қосыла көшуге мәжбүрледі. Сөйтіп, ғұндардың көші Еуразия даласындағы этникалық құрамы әртүрлі көшпелі тайпалардың Орталық Азиядан Қазақстан аумағын басып, батысқа қарай жылжыған әлемдік қоныс аударуды тудырды.

Ғұндардың батысқа қарай көшуінің екінші легі жыл санауымыздың ІІ ғасырынан басталады. Қоныс аудару кезінде бәзбір тайпалар ғұндармен одақтасса, енді бірі қуғын көрді. Ғұндардың бұл көші-қон үдерісі Қазақстан мен Орталық Азияны жайлаған халықтарға тұтас қозғау салып, қоныс аудару ілгерінді-кейінді үздік-создық үш жүз жылдай жүрді. Еуропаға жеткен ғұндар Шығыс Рим империясын талқандап, қазіргі Венгрия жерінде Батыс ғұн империясын құрды.

 

Жужан, түрік және ұйғырлардың батысқа үдере көші

Моңғол үстіртінде сяньбилерден кейін елеулі патшалық құрған ел – жужандар. Жужандарды кейбір зерттеушілер ғұн, сяньбимен етене жақындастырады. Сяньбилер одағындғы тоба тайпасын сяньбиленіп кеткен ғұндар десе, ал жужанды тоба руының оңтүстікке, Орталық жазыққа көшпей қалған бір тармағы дейтін көзқарас бар.

Вэй әулетінің жазба жәдігерінде Солтүстік Вэй патшалығы Орталық жазықты бағындырғанда, жужанжар моңғол үстіртін біріктірді. Жужандар да Солтүстік Вэй үлгісінде қуатты ел құра білді. Солтүстік Вэйдің негізгі қарсыласына айналып, ұдайы шайқасып тұрды деп жазылған.

Солтүстік Вэймен арадағы тынымсыз соғыс, үзіліссіз қақтығыс жужандардың құлдырауына әкелді. Бұл үдерісті жужандармен қоңсы қонған көшпелі тайпалар да үдете түсті. VI ғасырдың ортасында Алтай тауындағы түріктер көтеріліп, жужандарды жеңді. Түріктер үстірттің жаңа қожасы ретінде тарих сахнасына шықты. Түріктерден жеңілгеннен кейін жужандар батысқа қарай жылжи бастады. Көшке ілеспей қалғандары түрік бодандығын қабылдап, түріктесті. Қидандарға да сіңісті. Ал тағы бір бөлім жужандар Қытай билігіндегі аумаққа еніп, қытай ұлтына қосылды. Зерттеушілер пайымдауынша, батысқа қарай ауа жылжыған жужандар Еуропада аварлар деген атқа ие болып, Авар патшалығын құрды. Соңғы тарихта аварларды Франк патшалығы талқандап, олар жергілікті халыққа жұтылып кетті.

Түркілер – Алтай тауынан өсіп өнген көшпелі тайпа. Тарихнамада оны ғұндардың заңды мұрагері, жалғасы ретінде қабылдайды. 552 жылы жужандарды талқандап, түріктер Оңтүстік Сібір, Моңғол үстірті, Шығыс Түркістан және Орта Азиямен шектескен алып империя құрды. VІ ғасырдың соңында түріктер шығыс және батыс болып, екі қағанатқа ажырады. Шығыс түрік қағанатын Ұйғыр қағанаты мен Таң патшалығының бірлескен қолы талқандап, халқын бодан ретінде өзіне қаратты. Ал Батыс түрік қағанаты өз үстемдігін жоғалтпай, біраз уақыт дербес өмір сүрді. Кейіннен оның орнын Түркеш қағанаты басып, Іле өңірін орталық етіп билік құрды. Қытай, араб шапқыншылығын батыл тойтарды.

Аз санды түркілер Хы Ши дәлізін мекен етіп, шығысқа қайтқанмен, басым көп санды түріктер үздіксіз батысқа жылжыды. Орта Азияда түрік халқының ықпалы артып, түрік тілі сауда-саттық, қарым-қатынас тіліне айналды. Өсіп өркендеп, Орта Азиядан батыс Азияға қанат жайды. ХІ ғасырда Батыс Азияда қуатты Селжұқ империясын құрды. Селжұқ, Хорезмнан кейін Кіші Азия түбегінде Осман империясы бой көтерді. Оғыздар құрған Осман империясы Шығыс Римді қиратып, әлемдік деңгейдегі күшті империяға айналды. Иран, Ирак, Әзербайжан территориясында құрылған Ақ қойлы, Қара қойлы патшалықтары да көшпелі түркілер құрған мемлекеттер болатын. Кіші Азия мен Батыс Азиядан бөлек кеткен түріктердің бір бөлігі Каспий теңізін айналып өтіп, Еуропа даласына жетті. Бұлар Хазар қағанатын құрып, уақыттың өтуімен жергілікті халыққа сіңісіп, ассимиляцияға ұшырады.

Ұйғыр қағанатының негізгі халқы динлин мен телелер еді. Таң әулетінің бастапқы дәуірінде олар дербес Сеяньто қағанатын құрды. Алайда оны 647 жылы Тай Цзунь талқандады. Таң әулетінің императоры Сюаньцзун тұсында өте қуатты болған Ұйғыр хандығы құрылды. 840 жылы ұйғырлар қырғыздардан жеңіліп, хандық ыдырады. Ұйғырлардың бір бөлігі қытай ұлтына қосылып, оңтүстікке қоныс аударса, бір бөлігі батысқа қарай қоныс аударды. Бұлар түп түріктермен қосылып, Қарахан мемлекетін құрды.

 

Кидандар мен моңғолдардың батысқа қоныс аударуы

Солтүстік-шығысты мекендеген қидан шығу тегі бойынша сяньби халқының бір тармағы еді. Суй патшалығы тұсында күлденіп көркейген олар Бес бектік кезінде қуатты Ляу патшалығын құрды. Таң патшалығымен ұзақ уақыт соғысты. Дегенмен 1125 жылы күйреді. Жеңілген қидандардың бір бөлігі қытайларға қосылса, екінші бөлігі Елуй Дашы бастауында Батыс аймақтарға қоныс аударып, Гаучаң ұйғыр және Қарахан елін бағындырды да Батыс Ляу мемлекетін құрды.

Қидан көшпелі тайпа болғанымен, отырықшы мәдениетті тез қабылдап, мемлекет басқаруын таң, суй үлгісіне бейімдеді. Сондықтан Батыс аймаққа қоныс аударғанымен де қидан халқы қытай мәдениетінің тұтынушысы болды. Тіпті, орыс тіліндегі китай сөзі осы қидан сөзінен өзгеріске ұшыраған болуы әбден кәдік.