«...Ең жоғарғы ардақты орын – Абайдікі»
09.08.2022 3209

Абайтанудың алғашқы үштігінің соңын түйіндейтін кесек тұлға – Міржақып Дулатұлы болары даусыз. Әлихан Бөкейханның тұңғыш рет азанама жазып қоймай, Абай мұрасын шашып-төкпей жинап бастыруды мұқият ұйымдастырғаны, Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» деп дәл бағалауы жан баласына ашпайтын сырын айта алатын сенімді достары Міржақыпқа да әсерін тигізгені анық жайт.


Міржақып Дулатұлының Абайды бағалауы

Міржақып Дулатұлы Абай тақырыбына көп уақыт өткізбей «Уақыт» арқылы келді. 1908 жылы татардың «Уақыт» газетінің №383 санында жариялаған мақаласы қысқа болғанымен құнды, шағын болғанымен шымыр болып шыққан.

Мақаланың әу басында осы аталған «Уақыт» газетінің алдыңғы сандарының бірінде Лермонтовтың «Жалғыздықта» өлеңі М.М. әпендінң аударуында жарияланғанын, мұны оқыған соң, автордың ойына Абай оралғаны айтылған. «...Құрметті Ибраһим Құнанбаевтың Лермонтовқа іңкәр болып, орыс әдебиетінің гүл шоқтарын сайратқаны адамның ойына оралады» деген Міржақып Абайдың нәсілі, шыққан ортасы, өмірі мен қайтыс болуы туралы қысқаша айта келіп, «ғылымсыз, қара халық арасында, сахара қазақтары ішінде жалғыз жұлдыздай болып жанып шығып, тілі оқушыларын оятатын өлеңдері оны бүкіл атырапқа мәшһүр етті. Шығармалары қазақша жайылды» деп жазады.

Мақалада бұдан ары ақынның әдеби мұрасына жалпылама баға беріліп, оның орыс әдебиетімен, әсіресе Лермонтовпен үндестігі жайында сөз қозғаған. «Өлеңдері есіткеннің жүрегін жігерлендірерліктей табиғи болып, шығармаларының асыл негізі Лермонтовқа үндес. Мәжілісінде болған кісілердің айтуынша, тілі ләззатты, араб, парсы, түрік, қалмақ тілдерінен хабардар, тарих, география пәндерінен мағлұматы кең болып, танымды, ауқымды еді» деп сипаттайды. Міржақып алдыңғы серіктес ағалары секілді Абай өлеңдерінің басылуы-басылмауына орай жанашырлықпен сөз қозғап, тиісті кісілерге сын айтып, былай дейді: «Марқұмның өлеңдері көп болса да, басылғандары жоққа тән еді. Обалы шығармаларын біліп, жарыққа шығаруға қайрат етпегендердің басында тұр».

Абай өлеңдерінің жиналуына, басылуына ерекше қайрат көрсеткен Абай айналасынан бастап Әлихан мен Ахметтерге қосылатын лектің ішінде Міржақып та тұр.

Міржақыптың Абай жайлы кезекті мақаласы 1914 жылдың тура 23 маусымында ақынның опат болғанына он жыл толуына орай «Қазақ» газетінде жарияланды. Мұнда қалам тербеген жайттарды ғалым Р. Нұрғали «әдебиеттің, оның көрнекті өкілдерінің халық тарихында алатын орны айрықша бағаланады. Абайдың қадырын білмеу, оны елеп-ескермеу ұлттың үлкен кемшілігі ретінде аталады, әдебиет елдің жаны деп көрсетіледі» деп жазды.

Мақала салған беттен «Егер Абай өзге оразды жұрттардың бірінің ақыны болса, сегіздегі баласынан сексендегі шалына дейін түгел атына қанық, сөзімен таныс болар еді,е лі туғанына сүйініп, өлгеніне тегіс күйінер еді. Опатына он, жиырма, елу, жүз жыл толған сайын бүтін жұрт ескеріп, матбұғаты қайнап, есімін мәңгіге шейін қалдыруға өшпес белгілер орнатып, құрметіне неше түрлі ізгі жайлар ашар еді» деп басталады. Мұндай өкініш аралас күйініштің себебін автор жұрттың «мәдениет басқышының ең төменгі» сатысында тұрған халінен көреді. Оқу-білімі аз, саяси тығырыққа тірелген, мәдениеті асып тұрмаған елдің тарихта атын алтын әріппен жазатын ақыны «Шыңғыс тауында туып, Шыңғыс тауында алпыс жылдық өмірін өткізіп, сол Шыңғыс тауында өлді» деп қайғырады. Мұнан соң ақынның сөзі өзге түгілі қазақ арасына, онда да тобықты ішіне ғана тарап, ауқымы шектеліп қалғанын айта келіп, алғашқы өлең кітабының қайтыс болғанынан бес жыл уақыт өткенде шыққанын сөз етеді.

Абай өлеңдерінің қолжазбасы не себепті өз уағында шықпағанын түсіне алмаған М. Дулатұлы Абай өлеңдерімен Ахмет Байтұрсынұлы арқылы танысқанын айтады. «1904 жылы июнь айының басында Омскіге барғанымда Абай өлеңдерінің жазбасын алғаш Ахмет Байтұрсыновтан көрдім. Сондай Байтұрсынов айтты: «Естуімше Абай өз өлеңдерінің басылып шығуын тілемейді һәм бастыруға ешкімге рұқсат бермейді екен, күз Қарқаралы қаласына барамын, сонда әдейі бұрылып, Абайға сәлем беремін, танысамын һәм өлеңдерін бастыру жайынан сөйлесемін» деп. Ахметке Абайды көру нәсіп болмады».

Абайдың ақындығы, әдеби мұрасы жайындағы түйінді пікірлерінде аға-досы Ақаңның оқшау ойларына үн қосатын Міржақып «Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап, ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып, жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны әдебиет. Жансыз тән жасамақ емес», – деп түйіндейді. Ұлттың өмір сүруі үшін тарихы мен мәдениеті, әдебиеті алдыңғы кезекте қорғалуы тиіс екенін ескертеді. Ол үшін әдебиеттің алып асқар шыңына жеткен ұлылық биігіндегі Абайды тануға және танытуға ұмтылуы ұмытылуы — қазақ әдебиетінің барлығына жұмыс, келешегіне сенім деп есептейді.

Абайдың ұлттық әдебиетінің алтын діңгегі екендігін, одан көз жазып қалу болашақ ұрпақ алдында кешірілмес күнә екендігін де ұқтырады. «Әдебиетіміздің негізін қалаған бірінші кірпіш — Абай сөзі, Абай ойы боларға керек. Абайға шейін қазақ қолға алып, оқырлық шын мәніндегі қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. …Бәлки мұнан кейін, Абайдан үздік ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жұлдыз – Абай» деген Міржақып пікірінің құндылығы осында жатыр.

Өлімінен он жыл өткен соң Абай есімін ұмытпау тұрғысында істеліп жатқан мәдениет шараларын қуана қарсы алып, сол жолда қайрат қылып қарекет еткендердің ісін құптайды. Семейдегі Абай кешін өткізген оқыған қазақ жастарының ісінен игіліктің бастамасын көреді. Сөйтіп, Абайды болашақта жан-жақты таныр, Абайды жаттап өсер күннің туарына сенім білдіреді. «Зәредей шүба етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артылар. «Бірінші ақынымыз» деп қабіріне халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар».

Ақиқат сөзді, ақ берен азамат Абай қадірін өз дәуірі, ілгері-кейінді кезең түсінер-түсінбес, түбінде толық түсініп ұғатын саналы ұрпақ келерін сезгендей: «Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер» деп үміттенеді.

«Міржақып атап өткен еске түсіру кеші Абай шығармаларын насихаттаудағы игілікті шаралардың бірі еді» деп жазады Ө. Әбдиманұлы. «Бұл туралы «Қазақ» газетінде «Тілші» деп қол қойған автордың мақаласы жарияланды. Онда «Бұл жағрафия жұмхриатының көші халықты сүйіндіріп, көңілін ашты: «Бізде де Абайдай данышпан адам туады екен-ау, атағы қазақ түгіл орысқа да шығып, өзі өлсе де терең ойларын, қымбат сөздерін, түрленген күйлерін жұртына мирас қылып, артына қалдырғандай» деп жұрт шаттанды», – деп жазды. «Абай туралы» баяндаманы «Нәзипа ханум (Құлжанов жамиһаты) орысша оқығанын» да көрсете кетеді».

Жинақтап айтқанда Міржақыптың абайтанудағы шығармашылық мұрасында Абайдың ғұмыр жолын қысқаша баяндап, тұңғыш кітабының шығу тарихы, оған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және ақын балалары мен бауырларының қатысуы, Семейде Нәзипа Құлжанова өткізген әдеби кеш туралы сөз болады.

Ең құнарлы ой – Абай қазақтың жаңа әдебиетінің басы, негізін салушы деген тұжырым, алғашқы жарық жұлдыз деген балама. Орыстың бірінші жазушысы Ломоносов деп санап, Абайдың өз халқының тарихындағы орны онымен қатарлас деген салыстырма жасайды. Абай шығармаларын жариялау, насихаттау, оның есімін мәңгі есте қалдыру үшін мұражайлар салдыру керектігін толғана сөз етеді.

Абайдың қазақ халқы тарихындағы мәртебелі орнын басқа елдер әдебиетімен сабақтастықта алып қарап, дәл тауып, дұрыс бағалап берген Міржақып келешек заманда ұлы ақынның атақ-абыройы, мерей-даңқы өсіп, жаңа буынмен емірене табысатын ерекше әулиелікпен көре білген. Дөрекі социологиялық, таптық, атеистік көзқараспен келген кезде зерттеушілер абайтануда толып жатқан, солақайлыққа, сан алуан қателікке ұрынғаны белгілі. Ал Кәкітай Ысқақов, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов ұлы ақын шығармаларын тануда ұлттық, халықтық, эстетикалық таза талғаммен ешқашан мәнін жоймайтын бағалы байламдар жасай алды. Абай шығармаларындағы сарын-әуезді, ой-пікірді, идея-нысананы алаш азаматтары терең сезіп, тебірене насихаттай білген.

Абай және Міржақып шығармашылығындағы әйел мәселесі 

Мақсатты түрде болмағанын ескерсек, Абай қарасөздері қазақ әдебиетінің проза үлгісі болғанымен, көркем прозаның шарттарын ақтай алмайтынын білсек, онда сөз жоқ жаңа жанр ұлттық прозаның бастауы Міржақыпта жатыр. Өз дәуірінде Ахаң айтқан «Қазақта бұрын роман жоқ еді. Біздің арамызда қазақша бірінші роман жазып шығарған Міржақып Дулатов болды. Оның «Бақытсыз Жамал» деген романы 1910 жылы басылып жарыққа шықты» алғашқы лебізден бастап С. Мұқановқа пікір білдірген ұлт батыры Б. Момышұлына дейінгі тізбектегі сөз осыған кеп саяды.

Қазақтағы алғашқы роман «Бақытсыз Жамалдың» жазылуына түрткі болған жайларды білу үшін біз алдымен Абай заманындағы әйел тағдыры, әйел құқы, әйел бостандығы турасындағы көзқарастарды талдауымыз керек.

Белгілі ғалым Қажым Жұмалиев былай дейді: «Абай туындыларының реалистік жақтарын сөз еткенде айрықша тоқталуды қажет ететін негізгі бір мәселе – ақынның әйелге көзқарасы туралы. Абайдың бұл көзқарасы сол кезде қазақтың өз ішінен шыққан алдыңғы қатардағы адамдардың тілегімен, бүкіл халық тілегімен, ... дүниежүзіндегі адамгершілік көзқараспен ұштасты. Бұл жөнінде Абайды әйелдің бас бостандығын жақтаған қазақтың бірінші ақыны деп толық айта аламыз».


Абай тарихта айттырған жігітіне көңілі толмай, не әке ырқымен жас егде шалдарға ұзатылған қыздардың тағдырына араша тұрған. Бәтибала, Зағипа Әбдіқызы, Қадиша Бәзілқызы, Нүркеқызы секілді шерменде көңіл әйел затының алаң көңілін басып, бұғалық түскен сау басын құтқарып, сүйген жігітіне, ұнатқан адамына қостыратын Абай беделіне қарсы келер шама болмаған. Мұндай тағдырлы оқиғалардың соңы ақынның «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» өлеңімен түйінделіп, қазақ қызы басындағы теңсіздік күйді дәл осы үлгіде, осы идеяда, осындай көркемдік шешіммен жоғары сапаға шығарады. Өмір толқынында кездескен тосын жайттар ақын жырына да арқау болып төгіле түскен.

Әйел жаны – терең әрі жұмбақ тақырып. Оны түгелдей түсіну, түйсіну мүмкін бе? Әрине, жоқ! Әйел философиясы да жатқан бір тұңғиық әлем екені даусыз. Шын мәнінде кез келген халықтың беделі, әлемдік қауымдастық алдындағы саяси салмағы – «сол қоғамдағы әйелдердің рөлі» арқылы да танылатынын естен шығармау керек. Абай осыны, яғни әйел рөлінің, әсіресе, Ананың қоғамдағы орны тым бөлек екенін жақсы түсінген. Әрі соны реалистік тұрғыда көтере алған. Абайға бір сәт болса да зер салған адам оның әйел-ана, махаббат тақырыптарын жыр еткен шығармаларының астарында «әйелмен алыспа, сыйлас, құрмет тұт!» деген тәмсіл жатқанын аңғарар еді.

Абай әйел-ана тақырыбын жырлаудың жаңа үлгісін көрсетіп кетті. Өз замандастарымен салыстырғанда Ибраһим Құнанбайұлының жалпы әйелдің жайын өте терең түсініп қана қоймай, оны үлкен жүрекпен жырлап қазақ поэзиясының биігіне көтере білгенін абайтанушы ғалымдар жиі айтады. Кемеңгер Мұхтар Әуезов Абайдың әйел-ана тақырыбына келгенде бағындыра білген бұл биігін былай сипаттайды: «...Семьяға, ата-анаға, жас ұрпақты тәрбиелеуге, әсіресе, әйелге жаңа көзқарас қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет соншама айқындықпен, соншама моральдық тереңдікпен айтылады. Шығыс әйелдерінің халық поэмалары мен тұрмыс-салт жырларында суреттелетін қайғылы, бақытсыз халі Абай творчествосында жаңа мағынаға ие болады. Өз поэзиясында Абай әйелдің жан-жүйесін көрсетеді, ал, бұл жөнінде бұрынғы поэмалар мен жырларда аз айтатын да, әйелдің қасіретті тағдырының сырт жағына баса көңіл бөлінетін. Абай сүйген адамын өзі қалаған әйелдің махаббаты қаншалықты жан тебірентерлік, кіршіксіз таза, терең болатынын, оның қиыншылықпен қолы жеткен, бақыты үшін күресте қажырлы, берік екенін көрсетеді. Абай қазақ әйелін, ананы семьяның тірегі ретінде жырлайды, оның жанқиярлығын, даналығын, шын көңілмен берілген достыққа беріктігін, оның адал, тамаша жанының тұтастығын мадақтайды. Қалың малға, көп қатын алушылыққа, әйелді күңдікте ұстаушылыққа жан-тәнімен қарсы шыға отырып, ақын өлеңдерін де әйелдің қоғамда тең праволы болуы үшін күреседi».

Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романы – Абай үлгісіндегі шығарма. Ұлы ақынның арман-мүддесін көздеген, әйел-ана, қыз бала тағдырына араша сұрап, теңдігін көтерген, сөйтіп кейінгі буында жалғаған бәсіре туынды. Романның негізгі сюжет желісі басты кейіпкер Жамал тағдырымен сабақтас өрбіп отырады. Шығарма оның туғанынан өлгеніне дейінгі аралықтағы негізгі белестерін қамтиды. Сюжеттік құрылымы Сәрсенбайдың балаға зар болуы, Шолпанға үйленуі, одан Жамалдың тууы, Жамалдың молдадан оқып тәрбиеленуі, әдемі бойжетуі, Сәрсенбайдың билік үшін көмектеседі деген іш есеппен Байжанмен құда болуы, бұған Шолпанның қарсылығы, Ғали мен Шолпанның танысуы, Ғали мен Жамалдың танысуы, ғашық болуы, өзара тіл табысып, қашып кетуі, Байжанның келінінің кетіп қалуына орай жасаған аярлық дүние салуы, Жамалдың еріксіз Байжан босағасына келуі, Жұманнан көрген қорлық-зорлық, ақыры боранда адасып өлуімен аяқталған оқиғалардың бір-бірімен байланысқан, желісі үзілмейтін тізбегінен түзілген.

Абай армандаған әйел-ана бейнесі сол өзі көтеріп кеткен парасат биігінде бір жолата қалып қойды. Оны Абайдан кейінгі жас буынның шығармашылық әлемінен анық байқауға болады. М. Жұмабайұлы, С. Торайғыров сынды поэзия алыптарының шығармаларында әйелді басқаша жырлау жолға қойылды. Проза жанры туралы да осыны айтуға болады. ХХ ғасыр басындағы ел ішіндегі әлеуметтік мәселені әйелдер тақырыбы арқылы көрсетуге тырысқан Жүсіпбек Аймауытұлы, Спандияр Көбеев, Мұхтар Әуезов сынды қазақ жазушылары Абай қалаған соқпақтан алыстай қоймады. «Қамар сұлу», «Қалың мал», «Кім жазықты?», «Қаралы сұлу» секілді оқырман жүрегінен үлкен орын алған шығармалар Абай қалаған дәстүрдің тұтастай ұлттық идеялогияға айналғанын көрсетеді.

«Әдебиеттің барлық жанрында бірдей қалам тартқан қаламгер, қоғамдық-әлеуметтік іске жанын салып араласқан қайраткер Міржақып Дулатовтың өмірлік мақсатының биік нысанасы, тапжылмас темірқазығы – біркүндік даңқ, өтпелі дәулет, баянсыз шен емес, туған халқының бостандығы: өзін-өзі билеуі, отарлық езгіден құтылуы, ол қуғын-сүргін көріп, түрмелер азабын тартып жүрген азапты күндердің өзінде де, ақтық демі біткенше бұл жолдан тайған жоқ. Қазақ жұртының бүгінгі, болашақ буындарын алаш деп ұран салып, келешек үшін арыстанша алысқан Міржақып Дулатовпен бауырындай етіп табыстыратын, айналып келгенде, осы мәңгілік жасайтын асыл қасиеттер» деген ғалым Р. Нұрғали тұжырымымен келіспеу мүмкін емес.