Қонаевтай ер қайда?
22.06.2022 4417

Бұл мақала аса көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткері, үш мəрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, тау-кен инженері, техника ғылымдарының докторы, ССРО шет ел ордендері мен медальдарының иегері Дінмұмахед Ахметұлы Қонаевтың (1912-1993) өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне арналады.


Дінмұхамед Ахметұлы – қилы кезеңдердің куәсі болған тұлға. Қиын-қыстау кезеңде әкесінің ғана баласы емес, Адам баласы деген үлкен ардақты атқа, халқының біртуар ұлы деген қасиетті атқа ие болды. Билігі тұсында өнеркәсіп, ғылым, әдебиеті мен тарихы биік деңгейге көтеріліп, еліміздің ән-күйлерін жер шарының халықтары тыңдағанын ұмытпаймыз. Мұның барлығы да Дінмұхамед Қонаевтың еңбегі деп білеміз.

Біздің мұрат – кемеңгер жанның еліне тигізген пайдасын, адами қырын, сіңірген еңбегін көрсету.


Өмір – өзен

 

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1912 жылдың 12 қаңтарында Алматы қаласында дүниеге келді. Ол өзінің арғы аталары туралы «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты естелік кітабында Қонай атадан тарағаны туралы айтылған. Әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы 1886 жылы туған. Алматы облысында ауылшаруашылық және сауда мекемелерінде жұмыс істеген. Қазақ және орыс тілдерінде хат таныған сауатты адам болған. Ал анасы Зәуре Байырқызы 1888 жылы Алматы облысындағы Шелек ауданында өмірге келген. Бар уақытын балалары мен үй шаруасына арнаған.

Дінмұхамед Қонаевтың отбасында тоғыз жан болған. Інісі, екі әпкесі мен бес қарындасы болған.

Дінмұхамед Ахметұлы өзінің өмірбаяндық еңбегінде балалық шағы туралы «Менің кіндік қаным тамған жер – бұрынғы Верный, осы күнгі Алматы. Балдәурен балалық шағым, қайран жастық дәуренім өткен осынау әсем қала мен үшін оттай ыстық.....», – деп жазады. Дінмұхамед бастауыш білімді қазіргі кездегі Абдуллиндер көшесіндегі орналасқан Н. Чернышевский атындағы №19 мектебінде оқыған. Одан кейінгі білімін «Рақат» кондитер фабрикасы орналасқан №14 мектепте жалғастырады.



Өзі жастайынан тау-кен инженері болуды армандағанын айтады. Ақыры осы арманының жетегімен инженерлік кәсіпті таңдады. 1931 жылы Дінмұхамед Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің жолдамасы бойынша Мәскеу түсті металдар институтына оқуға түседі. Өзінің «Жылына 90 мың тонна қара мыс өндіру үшін Қоңырат карьерінің қуатын айқындау» атты дипломдық жұмысын сәтті қорғап, тау-кен факультетін қызыл дипломмен тәмамдап, ел жолындағы қызметі басталады.

Дінмұхамед Қонаев ұзақ жылғы басшылық қызметтен кейін зейнетке шыққан шағында визитка жасатқан екен. Осы кішкене төртбұрышты қағазға аты-жөні мен «тау-кен инженері» екенін ғана жаздырады. Сонда айналасындағылар қайраткердің қарапайымдылығына қатты таңғалған. Өзінің бұл шешімін «оның бәрі өтпелі де кетпелі, ал «тау-кен инженері» деген өмірлік нәрсе» деп жауап берген екен.

1993 жылы Мұхамеджан Тынышбаевтың 125 жылдық мерейтойына қатысу үшін Сарқантқа барып, сол жерде 82 жасқа қараған шағында жүрегінен екінші мәрте инфаркт алып, көз жұмды.

 

Ел қызметіндегі елеулі кезеңдері

 

1936 жылы Мəскеудегі түсті металдар мен алтын институтын аяқтай сала арнайы жолдамамен келіп, Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогының машинисі, цех бастығы, руднигтің бас инженері жəне оның директоры болып істейді.

1939 жылы 9 қарашасында Қазақстан Компартиясының басшысы Н.А. Скворцов Дінмұхамед Қонаевты Риддер кенішіне директорлыққа тағайындайды.

1942 жылдың сəуір айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Н.А. Скворцов Лениногордан Д.А. Қонаевты Орталық Комитетінің қарамағына шақыртып алады да, Қазақ КСР Халық комиссариаты төрағасының орынбасарлығына ұсынады.

1952 жылы Мұхтар Омарханұлы Əуезовті «идеологиялық себептер» бойынша академиктер қатарынан шығарып тастауды ұсынды. Əрқашан партияның бұйрығын екі етпейтін Д.А. Қонаев осы жолы Орталық Комитетке бағынудан бас тартады. Бірден Мəскеуге барып, М.О. Əуезовті қуғын-сүргіннен аман алып қалудың амалдарын қарастырды.



1952–1955 жылдары Д.А. Қонаев Қазақ ССР-нің Ғылым академиясының президенті қызметін атқарды. Бұл қызметке тағайындалуы өте қиын жағдайда жүзеге асырылды. Ол кезде тарихшы Ермұқан Бекмахановқа «Кенесары Қасымовтың қозғалысын дəріптеді» деген саяси айып тағылып, Орталық Комитет тарапынан туындаған жазалау басталып жатқан еді. 

1955 жылы алғаш рет Советтік Қазақстан тарихында Д. Қонаев Министрлер Кеңесін басқарып тұрған кезде республикамыз алғаш рет халықаралық дəрежеде жоғары деңгейдегі мəртебелі қонақтарды қарсы алды.

1960 жылдың қаңтар-ақпан айларында советтік партия делегациясының құрамында АҚШ-қа барып қайтады. Сол сапарда көптеген кездесулер болады: БҰҰ, Нью-Йорк штатының губернаторы, АҚШ Жоғарғы Сотының төрағасымен, миллиардер Рокфеллермен ресми тұрғыда кездесіп қайтады.

1962 жылы Дінмұхамед Ахметұлы қызметінен шеттетілді. Алайда бұл үзіліс көзді ашып-жұмғанша өте шығып, 1964 жылы қызметке қайта оралды.

1966 жылы партияның ХХІІІ съезінде ол СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат, ал 1970 жылы ХХІV съезде Саяси Бюроға мүше болып сайланды.

1985 жылы СОКП Орталық Комитетінің Бас Хатшысы болып М.С. Горбачевтің келуіне байланысты 1986 жылы 16 желтоқсанда Д.А. Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші Хатшылығынан босатылды.



Мәңгілік махаббат

 

Дінмұхамед Қонаев бар өмірін ғылым мен ел ісіне арнағандықтан, махаббат машақатының уайымына 27 жасқа дейін салынбапты. Бірақ Дінмұхаммед Ахметұлы әйел затын аса қастерлеген азамат, жаны ізгі адам еді. Өміріндегі үлкен жауапкершілігі – жар таңдауда қателеспеді. Оның өзінің «Жалпы жар таңдау – адамға бір-ақ рет берілетін уақыт. Ол бақытты баянды ету біздің өмірімізге байланысты. Өмірге сергек қарау осы отбасынан басталады, оның түтін түтері – сүйген жарынды сыйлаудан басталады» деген даналық ойы бар. Сондықтан да кеш үйленуін жар таңдаудағы мұқияттылығымен түсіндіре аламыз.

Бір күні бірге оқыған досының өтініші бойынша белгіленген мекенжайға хат апарып беруін сұрайды. Дінмұхамед көрсетілген мекенжай бойынша барса, алдынан ойы жүйрік, жүзі жарқын, болашақ жары Зуһра Шәріпқызы шығып, таныстық осылай басталады. Ақшам уақытында болашақ жас жұбайлар бірге уақыттарын өткізген. Көп кездесулер Алматы қаласындағы Карл Маркс пен Совет көшелерінің қиылысындағы театрда тәтті, әрі ыстық естеліктері қалған.



Дінмұхамед Ахметұлы сүйікті жары Зухра Шәріпқызымен өткізген өмірінің әрбір күнін бағалаған. «Мен жарыммен 50 жыл 6 ай 2 күн бірге өмір сүрдім», — деді ол кейін. 1939 жылы қыркүйектің соңында Дінмұхамед Қонаев Балқаштан Алматыға сапар шегіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қайраткерлерімен бірқатар кездесулер өткізеді. Дінмұхамед Ахметұлы қызға қызметі Риддерге ауысатынын айтып, «Зухра, менімен Риддерге баруға қалай қарайсың?» – деп сұрады. Бұл – Дінмұхамед Қонаевтің Зухраға тұрмыс құруға жасаған ұсынысы болатын. Қыздың келісімін берген кезі – Қонавтың өміріндегі ең бақытты сәттердің бірі еді. «Сүйіктіммен кездескенім үшін тағдырыма ризамын. Біздің көңілді тойымыз 18 қазан күні әпкем Әмина Ахметқызының пәтерінде өтті. Қонаққа институттағы достарым, Қазақ тау-кен институтының мұғалімдері, инженер Жақсыбаев пен Кравченко, Зухраның ағасы Гариф Шәріпұлы жас жұбайымен келді...», – деп жазды Дінмұхамед Ахметұлы өзінің естеліктерінде.

 

Қонаев пен Хрущевтың текетіресі

 

Дінмұхамед Қонаев пен Никита Хрущевтың бір-біріне деген қарсылығы және қарым-қатынасы туралы тарихта айтыла бермейтін оқиғалардың бірі. Дінмұхаммед Ахметұлы бұл кісінің ел басқарудағы ойламай әрекет істеу төрешілдігін, дүрліктірушілдігін байқаған. Өйткені Н. Хрущевтың билігі тұсында ССРО Конституциясын оңай бұзды, елдің шекарасын қалауынша өзгертті, АҚШ-тағы Кариб дағдарысына себепкер болды. Никита Хрущев қазақ өлкесіндегі облыстарды қайта бөлу, Маңғыстауды Түркіменстан құрамына беру сияқты, одан көптеген ойға қонбайтын әрекеттері Дінмұхамед Қонаевтың естеліктерінде жазылған және ол осы күрестің бел ортасында жүрген еді. Қонаев пен Хрущевтың араларындағы үлкен жанжал Оңтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауданын Өзбекстанға беру жөнінде болды. Жанжалдың былай өрбіген: Шымкент облысының бірінші хатшысы И. Юсупов, облыстық атқару комитетінің төрағасы А. Бердалин, Оңтүстік Қазақстан өлкесінің төрағасы А. Морозов Н. Хрущевқа, Д. Қонаевқа, М. Бейсекбаевқа хат жолдап, Өзбек ССР-на Қазақстанның Мақтарал, Ильичевка, Киров аудандарының мақта өсіретін шаруашылықтарын, сонымен қоса келешекте игеруге даярланған Бетпақдаланың барлық жерін беруді ұсынады. Бұл орайда Н. Хрущев Д. Қонаевтың наразылығын өзінің қағазына түртіп қойған еді. Осы көңілді сыздатқан мәселе Қонаевтың арқасында Хрущевтың биліктен кеткенінен кейін шешілді. Кремльдің заңсыз шешімі республикамыз үшін кейінгі салдары ауыр болды. Бұл мәселені Совет Одағының ыдырауының нәтижесіндегі шекараны айқындауда да ел арасындағы жағдайды шиеліністіріп жіберді. Дегенмен Д. Қонаевтың бірбеткей күресі Н. Хрущевтің жадында мәңгі сақталғаны сөзсіз.

 

 

Асқар тау алыстаған сайын биіктейді...

 

Мұхтар Әуезов: Димаш, бұйырса, иісі қазаққа ортақ ұл болғалы тұр, тіл-көзден сақтасын!

Ілияс Есенберлин, қазақ жазушысы: «Көрнекті адамдар өз елінің не бағына, не сорына туады» деген ескі мақал бар. Димаш Ахметұлы болса туған елінің бағына туған адам және біздің әрқайсымыз үшін айрықша ыстық!

Нұрғиса Тілендіұлы, Қазақстанның халық әртісі: Димаш ағаның қолдауын көп көрдім. Ізін басқан інісінің игі істеріне жаны сүйсініп дем беруші еді. Еркелете жүріп өнер майданына, оның алғы шебіне жіберетін. Бүгін алтын ағамның аруағын еске алғанда айтар ойдың түйіні – осы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының экс-президенті: Өзін өзі сыйлайтын адамға, әсіресе өзін-өзі сыйлайтын саясатшыға қандай қиындық болса да, өз өткенін өзі ұмытуға тырысу, өзінен бұрынғыларға бар пәлені аудара салу – ұят нәрсе. Бұл – өткен заманды аңсау емес, тауқыметі мол болса да, өзіңе етене өз тарихынды қастерлеу. Д. Қонаев Қазақстан тарихында ірі тұлға болып қалары даусыз. Ол жайындағы әңгіме – өз алдында.

Асанбай Асқаров, Социалистік Еңбек Ері: Қонаев республика үшін игілікті мол істер мен жоралғылы ізгі жақсылықтар жасады. Қазақстан өзге республикалардан көш ілгері озып, лайықты орынға ие болды. Сол кезеңдерде республиканың ғылыми күш-қуаты күрт өседі. Ғылыми зерттеулердің жаңа бағыттары көрініс тауып, республиканың өндіргіш күштерін өркендетуге тікелей атсалысатын талапты да талантты ғылыми кадрлар тобы нығайды.

Дуайт Эйзенхауэр, бұрынғы АҚШ президенті: Мен бүгін зор тұлғамен қауыштым. Ол – терең саясаткер, халықтар даналығын толық меңгерген адам. Д.А. Қонаев – ССРО-ның сирек кездесетін тұлғасы!

Джавахарлал Неру, Үнді мемлекетінің негізін қалаушы: Мейірім шуағы мол, пейілі кең халықтың перзенті болудан асқан бақыт жоқ. Сол халық – қазақ халқы. Елінің өткенін ұмытпай, келешегі үшін қалтқысыз еңбек еткен перзенті бар халық та бақытты.


Дінмұхамед Ахметұлы туралы 10 дерек


1. Дінмұхамед Қонаев өзінің қызмет жолында әдебиет пен өнердегі интернационалдық мәселелерге үлкен мән беріп, олармен шындап айналысып, қазақтың талантты өкілдеріне қажет болғанда көмек беріп, оларды қорғап отырған. Бұған жарқын мысал ретінде Д. Қонаев Олжас Сүлейменовке «Аз и Я» кітабы үшін тағылған саяси айыптардан қорғап қалғандығын келтіре аламыз.

2. Қонаевтың Алматының үлкен мегополиске айналдырудағы сіңірген еңбегі ерекше. Билігі тұсында Алматы қаласында Республика сарайы, Медеу спорт кешені, 25 қабатты «Қазақстан» мейманханасы, М. Әузеов атындағы академиялық драма театры, Қазақ циркі, жастардың Неке сарайы, «Арман» кинотеатры, І және ІІ Алматы теміржол вокзалдары, Пионерлер үйі және одан басқа көптеген кешендер салынған.

3. Д. Қонаев дипломатиялық жұмыстармен ҚХР, АҚШ, Алжир, Уругвай, Иран, Италия, Үндістан, Корея, Египет, Болгария, Жапония, басқа да жақын-алыс шет мемлекеттерде болған.

4. Дінмұхаммед Ахметұлының ғылымға деген талпынысы мен құштарлығы техника ғылымдарының кандидаты дәрежесіне жеткізді. Кандидаттық диссертация кезінде бірнеше мақалалары баспадан шыққан. Олардың қатарында: «Қоңырат руднигіндегі бұрғылау-жару жұмыстары», «Қоңырат мыс кенін қазу» және т.б. ғылыми зерттеулері шығып отырған. Қазіргі уақытқа дейін Д.А. Қонаевтың 450-ден астам ғылыми, ғылыми-көпшілік, публицистикалық жұмыстары жарияланды.

5. Дінмұхамед Қонаевтың ел басқарған жылдары Қазақстанда өнеркәсіп өндіріс көлемі 8,9 есе, ауыл шаруашылығы 6,2 есе, құрылыс саласы 8 есеге өсті. Республикада 43 қала салынды. Ал халық саны жөнінен 2,5 есеге өскен.

6. Д.А. Қонаев мемлекет және халық алдында сіңірген зор еңбегі үшін үш мәрте Социалистік Еңбек Ері деген жоғары атаққа, 6 рет Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен және Октябрь революциясы орденімен, көптеген медальдармен марапатталды.

7. Мемлекеттік қызметінде жүрген кезде жұмысқа ешбір оққағарсыз, жаяу баруды жөн көрген. Бұл кезде коммунистік партия басшылары керісінше қос-қостан күзет ұстайтын. 17 жыл жанында жүріп Қонаевтың жеке күзетшілерінің басшысы болған Анатолий Горяйнов оның оққағарлармен жүргенді ұнатпағанын айтады. Күзетті көргенде «Мені жыртқыш құс құсатып жетектеп жүргендеріңді қаламаймын» деп ренжитін», – дейді ол.

8. Леонид Брежнев Дінмұхамед Қонаевтың Алматы қаласындағы үйіне қонаққа келіп тұратын. Бірде ССРО-ның бас хатшысы қазақ қайраткерінің шағын пәтері мен қарапайымдылығын көріп қатты таңғалған екен.

9. 1957 жылы 15 қаңтарда КСРО Жоғары Кеңесінің салтанатты жиынында мемлекетке жоспардан артық астық тапсырғаны үшін Ленин орденімен марапатталды. Орденді К. Ворошиловтың өзі жеке табыс етті.

10. Дінмұхамед Қонаев өмірінің соңғы жылдарына дейін аңшылықтан қол үзбеген. Мұны бүгінде музейінде тұрған саятшылыққа қатысты экспонаттардан байқауға болады. Ол қару-жарақ жинағанды ұнатқан. Десе де, жақындары оның бей-берекет аңдарды ата бермегенін, тек аңшылық маусымы кезінде қолына қару алғанын айтты.



«Тарих боямалауды көтермейді»

 

Абай айтқандай, өмірдің алды-ыстық, арты-суық. Сондықтан ақиқаттан аттау келіспейді, ақ сөйлеп, әділін айтқан жақсы.

 

* * *

Билікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым, қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортам – ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де, барар жерім де – қара жер. Қастерлей білсем қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім.

 

* * *

Жалпы, жар таңдау, үй болу – есі дұрыс адамға бір-ақ рет берілетін бақыт. Ол бақытты баянды ету біздің өзімізге байланысты. Өмірге сергек қарау осы отбасынан, оның түтін түтіктері – сүйген жарында сыйлаудан басталады.

 

* * *

Қылышынан қан тамып тұрған заманда «сен өтпедің» деу – қақаған аязда жылы үйде отырып «күннің күйіп тұрғаны-ай!» деп жейдесін шешкен кісінің тірлігімен бірдей іс. Семей полигонының жайы осындай.