Жоралғылы жорық
29.01.2016 1990
Жазылған жайдың жалғасы. Ұлы хан Кенесарының тағдырына қатысты жүргізілген ғылыми-тарихи экспедицияның кезекті жорығы жайында сөз қозғалады

Бiз ендi Эрмитажға қалай кiрудiң жолдарын ойластырдық. Ақылдаса келе ең алдымен Ресей Ғылым академиясы Ресей тарихы институтының Санкт-Петербургтегi бөлiмшесiне барып, атақты тарихшы ғалым Виктор Панеяхпен кездесiп, Нәйлә Бекмаханованың хатын табыс еттiк. Ақыл-кеңес сұрадық. 

– Мен Ермұхан Бекмахановпен дос болған едiм. Талантты ғалым едi. Әттең, Құдай берген дарынын толық аша алмай, қуғын-сүргiннiң құрбаны болып кеттi ғой. Нәйлә бiздiң қызымыз сияқты едi. Әкесiнiң жолын қуып, ғылымда да жақсы жетiстiктерге жеттi. Көз алдымызда өсiп-жетiлдi, – дедi Виктор Мойсейұлы өткеннен аз-кем әңгiме қозғап. 

Бiз бұл кiсiге картамызды ашуға тура келді. 

– Бұны бiр бiлсе Ермұхан бiлер едi. Мен ештеңе бiлмеймiн. Дегенмен, осында Артиллерия мұражайы бар. Соған барып көрiңіздершi. Ал Эрмитажға кiрудiң жолын айтайын. Эрмитаждың сiздерге керектi Шығыс бөлiмiнiң меңгерушiсi – Иванов Кляшторныйдың жан досы. Аралас-құраластықтары да жақсы. Мен анық бiлемiн, бiрiнiң сөзiн бiрi өмiрi жерге тастамайды. Екеуi сондай сыйлас адамдар. 

* * * 

«Жазған құлда шаршау жоқ». Салып ұрып Шығыстану институтына қайтадан келдiк. Сергей Григорийұлы ескi танысындай жылы жүзбен қарсы алды. Сыралғы адамдардай еркiн әңгiмелестiк. 

– Эрмитаждың Шығыс бөлiмiнiң меңгерушiсi Иванов досым екенi рас. Қазiр сiздердiң көздерiңiзше сөйлесiп көрейiн, өздерiңіз де тыңдаңыздар. – Ғалым телефонға жақындап, нөмiрдi тере бастады. Сәлден соң ар жақтан: 

– Алло! – деген дауыс естiлдi. 

– Анатолий, мен ғой, хал қалай? 

– Сергей, хал қалай? Үй iшiң аман ба? – Дауыс бiзге анық естiлiп тұр. 

– Мен сенен бiрдеңе сұрайын деп едiм. Бiрақ өтiрiк айтушы болма! 

– Иә, сұрай бер! 

– Менiң қазақтармен өте жақсы екенiмдi бiлесiң ғой. Сол менiң қазақтарымның ханының бас сүйегi сендерде екен. Соны тауып берсең жақсы болар едi. 

– Сен менiмен қалжыңдасайын деп тұрсың ба, жоқ, әлде шынымен сұрап тұрсың ба? 

– Қайдағы қалжың?! Шынымен! 

– Әй, аңғал досым-ай, сен, немене, Эрмитажда бас сүйектiң сақталмайтынын бiлмеушi ме едiң? Ата сақалың аузыңа түссе де ақылың әлi кiре қоймапты ғой. 

– Ол бас сүйек ретiнде емес, күлсалғыш сияқты бұйым ретiнде бiр жерде жатуы мүмкiн ғой. 

– Мiне, менiң Эрмитаждың Шығыс бөлiмiнде iстегенiме отыз жылдан асып барады. Егер шынымен қазақ ханының бас сүйегi бiзде болатын болса, мен бiлетiн едiм ғой. Құдайды аузыма алып тұрып ант етемiн, ол шынымен бiзде жоқ. 

– Жақсы, мен сенi түсiндiм. Бiрақ менiң атымнан қазақ бауырлар барса, кеуделерiнен итермей, көрем деген нәрселерiн көрсетiңдер! 

– Сенiң сөзiң бiзге заң ғой. Келсiн, көмектесемiз!.. 

Осымен әңгiме үзiлдi. Ғалым бiзге қарап: 

– Көрдiңiздер ғой. Әдейi сiздер де тыңдасын деп телефонның даусын шығарып қойдым. Бiрақ менiң атымнан барсаңыздар, көмектеседi. Оған сенiңiздер. 

– Көп рахмет сiзге! 

– Жоқ, ештеңе де емес. Iстерiңе сәттiлiк тiлеймiн! 

– Сiз осындағы қазақ ғалымы Сұлтановты бiлесiз ғой, екеуiңiздiң бiрiгiп жазған кiтабыңызды оқып шыққанбыз. Егер айып болмаса, сол кiсiмен де сөйлессек деп едiк, телефонын айтпайсыз ба?

– Ол кiсiнiң жүрегiне жақында операция жасалды, кеше ғана ауруханадан шықты. Дегенмен, телефонын айтайын. 

– Жоқ, рахмет, ағасы. Ондай жағдайда мазалау орынсыз болар! 

* * * 

Бiз келесi күнi Мемлекеттiк Эрмитаждың Шығыс бөлiмiнiң меңгерушiсi Анатолий Алексеевич Ивановтың арқасында ондағы бүкiл каталогты қарап шықтық. Әрине, бұнда да халқымыздың тарихы мен мәдениетiне байланысты қазына-байлықтар көзiмiзге жиi ұшырады. Қазақ жерiнен әкелiнген неше түрлі тас мүсiндер, археологиялық қазбалар кезiнде табылған құндылықтар, ұлттық киiм-кешектер, күнделiктi тiршiлiкте пайдаланылатын тұрмыстық заттардан көп нәрсе жоқ. Бұндағы бiзге ерекше әсер еткен нәрсе – Пазырық қорғанынан табылған адам мәйiттерi мен терiсiне дейiн сол күйiнде сақталған өлi жылқылар және басқа да дүние-мүлiктер. Бiздiң тарихымызға қатысты осындай құндылықтардың Эрмитажда тұрғанына iштей қынжыласың. Iшiң удай ашиды. Бiрақ амал не?! Ендi өкiнгенмен не пайда?! 

Эрмитаждың Орта Азия және Қазақстан атты көрме залы осыдан үш жыл бұрын жабылып тасталыпты. Жөндеу жұмыстары жүргiзiледi деген желеумен содан берi жабық тұрғанға ұқсайды. 

– Бұндағылардың Орта Азия мен Қазақстанға қалай қарайтындарын осыдан-ақ анық байқауға болатын шығар, – дейдi Шәрiпбек шындықтың бетпердесін сыпырып. 

Бiз әр жылдары көрмеге қойылған заттардың тiзiмiн асықпай отырып, мұқият қарап шықтық. Қай жылдарғы тiзiмдi алсаңыз да, ең алдымен Түркiстандағы құтты орнына қайтып оралған тайқазан суретiмен сопаң етiп шыға келедi. Бiрақ, бiр өкiнiштiсi, қанша жерден шұқшия қарағанымызбен, Кенесары бабамыздың бас сүйегiн бұл жерден де таба алмадық. 

Бiз Эрмитаждың асты-үстiн түгел араладық. Ебін тауып, ерекше қоймасына дейiн кiрiп-шықтық. Онда қазақ жерiнен табылған скифтер мен сақтардың алтын бұйымдарынан басқа, бiзге қатысты ештеңе болмай шықты. 

– Ендiгi үмiт – мұрағатта. Осында бұрынғы КСРО-ның, қазiргi Ресейдiң Орталық тарихи мұрағаты бар, – дедi Тұрсын аға бiздiң өле бастаған үмiтiмiздi қайта тiрiлткендей болып. – Ертеңнен бастап сол мұрағатта отырып жұмыс iстеймiз. Бiр дерек табылып қалатын шығар! 

Бiз мұрағатқа бас сұқпас бұрын, Сергей Кляшторный ақсақалдың кеңесi бойынша, бұрынғы КСРО халықтарына арналған, қазiргi Ресей этнография мұражайына барып, директоры Владимир Мойсейұлы Грусманмен жолығып, әңгiмелестiк. Владимир мырза да бiздi онша жақтыра қойған жоқ. Әңгiме үстiнде миығынан күлiп отырды. 

– Бiздiң мұражайда қазақ халқының тұрмыс-тiршiлiгiне байланысты бiраз заттар бар. Әрине, көрулерiңiзге болады. Бiрақ ештеңе сұрамайсыздар, бiз бәрiбiр ештеңе бермеймiз. Соны алдын ала ескертiп қояйын. Бiзде Орта Азия және Қазақстан бөлiмi бар. Сол бөлiмнiң меңгерушiсi Татьяна Григорьевна сiздерге бiздегi бар заттардың барлығын көрсетедi. Сауалдарыңызға жауап бередi. Орта Азия мен Қазақстан бойынша өте бiлгiр маман, – дедi де, бiздi Татьяна Емельяноваға таныстырып, табыстап қоя бердi. 

Татьяна Григорийқызы iшi-бауырыңа кiре сыпайы сөйлейтiн, мәдениеттi адам екен. Аузын ашса көмекейi көрiнетiннiң нағыз өзi. Аңқылдап-жарқылдап жүрiп талай нәрсенi өзi-ақ айтып тастады. Бiз ол кiсiнiң бастауымен Орта Азия және Қазақстан атты көрме залын, ерекше қоймадағы патшалардан түскен дүние-мүлiктердi түгел көрiп шықтық. Халқымыздың тұрмыс-тiршiлiгiне қатысты заттардың тiзiмiн толық қарадық. Бiрақ көзiмiзге «Орта жүз ханының кiсесi» дегеннен басқа құнды ештеңе түспедi. Оның өзi қай ханның кiсесi екенiн де анықтай алмадық. 

– Бұл кiсенiң нақты қай хандiкi екенiн тап басып айта алмаймыз, – дедi Татяна Григорийқызы. – Бiзден осыдан он шақты жыл бұрын Талдықорған облыстық өлкетану мұражайы Шоқан Уәлихановқа қатысты үш затты «Уақытша көрмеге қоямыз» деп сұратып алдырып, ақыры бермей қойды. Алматыға iссапармен барғанда осы мәселемен Қазақстан Мәдениет министрiне кiрген болатынбыз. Ұмытпасам, аты-жөнi – Еркеғали Рахмадиев. Ол кiсi жылы қабылдап, «Таяу уақытта өздерiңiзге қайтарылады» деп уәде берген. Соған сенiп кете бардық. Бiрақ екi-үш айдан кейiн сол министрдiң қол қоюымен өзiмiздi кiнәлаған хат келiп тұр. «Кезiнде Ресей қазақ жерiндегi тарихи һәм мәдени мұраларды тонаған, талан-таражға салған» делiнген министрдiң хатында. Соңынан Шоқан Уәлихановқа қатысты заттардың қайтарылмайтынын ескерткен. Сол оқиғадан кейiн Қазақстанмен байланыс жасауға қорқып қалғанбыз!.. 

* * * 

«Бiр дерек табылып қалар» деген үмiтпен Ресей Мемлекеттiк тарихи мұрағатына бардық. Ақпарат бөлiмiнiң бастығы Лариса Синицына Ресей Мәдениет министрiнiң бiрiншi орынбасары Н. Дементьеваның хатын көргеннен кейiн, ешқандай артық сөз айтпастан мұрағатқа кiрiп, жұмыс iстеуiмiзге рұқсат бердi. 

– Өздерiңiз қарайсыздар ма, жоқ, әлде көмек керек пе? – деп сұрады Лариса Ивановна. – Бiзде жақсы мамандар бар. Iздеген нәрселерiңiздi тез-ақ тауып бередi. 

– Өзiмiз де қарармыз, дегенмен, қосымша көмек болса артық етпес едi, – дедiк бiз. 

– Онда бiзде Ирина Вальдемаровна деген тәжiрибелi қызметкер бар. Соған тапсырамын. Соңынан өздерiңiз есептесе жатарсыздар. 

– Жақсы!.. 

Бiз бұл мұрағатта он бес күн табандап отырдық. Үшеумiз күнiне он бес опись пен он бес iстен кем қарамаймыз. Алдымен халқымыздың тарихына байланысты «Сiбiр комитетi», «МВД-ның Жер бөлiмi» сынды опистер мен ондағы осы бiр құжатта бiр дерек табылып қалар-ау деген iстiң барлығын қарауға күш салдық. Кенесарының әкесi мен балалары, ағасы Саржан және Ғұбайдулла Уәлиев, Сартай Шыңғысов, Ахмет Жантөрин, Бөкей ордасының мұрагерi Жәңгiр сияқты сұлтандар жөнiнде көптеген тарихи құжаттарды көрiп, мұқият оқып шықтық. Бiрақ оларда бiз iздеген деректер кездесе қоймады. Әсiресе, Жәңгiр ханға қатысты құжаттар көп екен... 

Бiз одан кейiн «Придворная контора» дейтiн қалың-қалың опистердi де ақтарыстырдық. Оларда әр жылдары патша сарайларынан Эрмитажға өткiзiлген заттардың толық тiзiмi бар екен. Бiз солардың iшiнен 1847 жылдан бастап 1917 жылға дейiн патша сарайларынан Эрмитажға қандай заттар өткiзiлгенiн мұқият қарап шықтық. Бәрi аса ыждағаттылықпен қатталған, әр тиынына дейiн есептелiп тiркелген, әрқайсысына жеке-жеке iстер тiгiлген. Өкiнiшке орай, бiздiң iздеген «жоғымызға» қатысты бiр ауыз сөз жоқ. 

Жалпы бұл мұрағатта Кенесарыға байланысты құжаттар жоқ екен. Оған көзiмiз жеттi, сенiммен айта беруге болады. Орыстар бұндайды да «жетiстiк» дейдi екен. Ал қазекемнiң бұған көңiлi көнши қоймайды ғой. Қоңылтақсып қалғанымыз рас. 

 * * * 

Күндер зулап өтiп жатты. Бiздiң баратын жерiмiз де азайып, «тынысымыз» тарыла түстi. «Бiр дерек табылып қалар ма екен?..» деген сол баяғы соқыр үмiтпен Санкт-Петербург қаласындағы Щедрин атындағы Ресей Ұлттық кiтапханасына да барып, елiмiз бен жерiмiзге қатысты түрлi әдебиеттердi қарап шықтық. Алғашында «Вестник Европы» журналының үш санында жарияланған Н. Середаның бәрiмiзге белгiлi «Бунть киргизского султана» атты зерттеу мақаласындағы «...Убив Кенесару, дикокаменные киргизы отрубили ему голову и возили ее, воткнутую на палку, по ауламь для успокоения устрашенныхь жителей; тело Кенисары было, изь мщения, отдано женщинам, которые изрезал его в мелкие кусочки. Голова беспокойного султана, или правильные, его череп, попал каким то судьбами впоследствий в руки князя Горчакова, который приказаль хранить эту голову в главном управлении Западной Сибири, при дель: «О бунте Кенисары. Н. Середа. 29 января, 1870. Петербург» деген деректердi қайтадан көңiл сүзгiсiнен өткiзуге тура келдi... 

Жалпы оқырман қауымға түсiнiктiрек болу үшiн осы жерде сәл шегiнiс жасап, алдымен Омбы қаласына соқпай, нелiктен сапарымызды бiрден Мәскеу мен Санкт-Петербургтен бастағанымызды айта кеткендi жөн көрiп отырмын. Өйткенi бiз алғашында бұл жорықты Омбы қаласынан бастаймыз деп шешкенбiз. Бұл мәселеде көп ақыл-кеңес берiп, тiлектес болған ағаларымыздың бiрi – Манаш Қозыбаев бiзге Омбы облыстық мемлекеттiк мұрағатынан өз атына келген мына бiр хатты берген едi: 

«Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, академик М.Қ. Қозыбаевқа! 

Омбы облыстық мемлекеттiк архивiнде тек қана жазба материалдар сақтаулы тұр. Ал заттар жоқ. Ал Н.А. Середа өз зерттеуiн жазу барысында Сыртқы iстер министрлiгiнiң архивi мен Ресей әскери мекемелерiнiң құжаттары сақталған Әскери-тарихи архивiнде жұмыс iстеген (Мәскеу қаласы). 

Батыс Сiбiр Бас басқармасының қорында «Кенесары бүлiгi туралы» iс жоқ. К. Қасымов жөнiнде мәлiметтер «Қырғыз даласындағы оқиғалар туралы» iсте кездеседi. Бiрақ оларда Кенесарының бас сүйегiнiң П.Д. Горчаковқа берiлгендiгi жөнiнде ештеңе айтылмайды. 

Бiлуiмiзше, даладағы әскери iс-әрекеттер туралы жазбалар әскери ведомстволар арқылы жүргiзiлген, ал командирi Горчаков болған Жеке Сiбiр корпусының құжаттары бiзге түспеген. 

Сiбiр корпусы штабының қоры толық сақталмаған, Сiздi қызықтыратын мәлiметтер онда да жоқ. 

Генерал-лейтенант Г.Е. Катанаевтың жеке қорында К. Қасымов көтерiлiсi туралы Орталық архивтерде сақталған құжаттардың көшiрмелерi бар. Атап айтқанда, «Сiбiр қырғыздарының» шекара бастығы қызметiне тұрған генерал-майор Вишневскийдiң Кенесарының өлiмi туралы Горчаковқа жазған рапортының (27.04.1847 жылғы) көшiрмесi бар: 

«...Ақырында Орман би өз қолымен түн iшiнде Кенесарыға шабуыл жасап, оны бiржолата талқандап, өзiн, бауырын, екi ұлын және он бес сұлтанды тұтқындап, азаппен өлтiрдi. Шәжiм би Кенесарының басын алды, оның ауылы талан-таражға түстi, түре қуылды». 

Осы рапортта Вишневский «бүлiкшiнi құртуға қатысқан жабайы қырғыздардың басты адамдарын» және өзiнiң әскерiне Кенесарының жеңiлгендiгi жөнiндегi хабарды жеткiзген «Үлкен Орданың сұлтаны Қамбар мен оның ұлы Сары бидi марапаттау туралы кепiлдеме бередi». Сондай-ақ, аталмыш құжатта көрсетiлгенiндей: «...Қашқан Кенесарының соңынан қуып, өзiн, адамдарын, он сұлтанын және екi зеңбiрегiн қолға түсiрдi. Кенесарыны үш күн ұстағаннан кейiн Шәжiм деген қарақырғыз өлтiрдi, ал сұлтандарды қазандағы суға тiрiдей салып қайнатты...» 

Кенесарының өлiмiн Сары би Алтаев пен Қотыраш Өмiров растайды. 

Қасымовты талқандауда көзге түскендердi марапаттау үшiн П. Горчаков Әскери министрден алты алтын және алты күмiс медаль сұрайды, бiрақ өзiнiң қатынас қағазында ешкiмнiң аты-жөнiн көрсетпеген. 

Бiр нәрсенi атап өту керек, Батыс Сiбiр Бас басқармасының архивi түрлi көшулердi бастан кешiрген. Совет өкiметiнiң алғашқы жылдарында, Азамат соғысы кезiнде, басқа да түрлi жағдайларда көптеген материалдар жоғалған. 1977 жылы Омбы облыстық мемлекеттiк архивi жаңа ғимаратқа көшiрiлген. Қоныс аудару кезiнде одан бас сүйек кездескен жоқ. 

Архив директорының орынбасары Л.А. Кугаевская және бөлiм меңгерушiсi Л.И. Огородникова» деп қолдарын қойып, мөрлерiн соққан. 

Мiне, осы хаттан кейiн Омбы қаласына барудың қажеттiгi шамалы екенiн ескерiп, бiрден Мәскеу мен Санкт-Петербургке жол тартқанымыз рас. 

Бұл мәселеге мақаланың түйiнiнде қайта айналып соғармыз деп ойлаймын. Тек «Темiрдi қызған кезiнде соқ!» демекшi, орайы келiп қалғандықтан тiгiсiн жатқызып, сөзге тиек етiп отырмыз. 

Ендi Санкт-Петербург қаласындағы Ұлттық кiтапханаға қайтып оралсақ, бiз бұнда қазақ этнографиясы мен антропологиясына қатысты кiтаптар мен ескi журналдарды да ақтарыстырудай-ақ ақтарыстырып шықтық. Өкiнiшке қарай, бұлардан да ешқандай дерек көзiмiзге түсе қоймады. Тек Я. Полферов дейтiн зерттеушiнiң «Исторический вестник» журналында жарияланған (тамыз, 1904 ж.) «В горах Ала-тау» атты Кенесары көтерiлiсi туралы жазған мақаласында «Впоследствии голова Кенисары папала в руки одного русского вельможи, если не ошибаюсь, Воронцова» деген жанама ғана дерек бар. Бұл қай Воронцов – ол туралы ештеңе айтылмаған. Тағы да жұмбақ. Жұмбақ болғанда да оңай шешiле қалатын жұмбақ емес. Сондықтан ерiксiз Воронцовтың iзiне түсуге тура келдi...

Думан Рамазан, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

(Жалғасы бар...)