Жолдауда ғылым саласында грантты қаржыландыру мерзімін ұзарту керектігі айтылды - тарихшы
01.09.2021 1392

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының бүгінгі бірлескен отырысында жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын жеткізді.

Президентіміздің жыл сайынғы жолдаулары ел тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі болып табылады. Бұл туралы ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері Талғатбек Әминов айтты.


«Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдаулары тәуелсіз Қазақстан тарихында аса елеулі оқиғалар болып орын алады. Оларда қойылған міндеттер негізді, терең сабақтас және мемлекетімізді жаңа деңгейде тұтастай дамытуға бағытталған, әрі жүйелі мақсаттылығымен ерекшеленеді. Әр қадам сайын осы жол­даулар арқылы еліміздің қазіргі тарихының кезеңдері, әлеуметтік, экономикалық және саяси басым бағыттары ашыла түседі. Оған қоса, Мемлекет басшысының 2019-2021 жылдарда Қазақстан халқына арнаған жолдаулары ТМД елдері тарапынан мұқият талдау нысанасына айналды. Ал бұл олардың егемен Қазақстанның өркендеуі нәтижелерін, стратегиялық жоспарлау ісіндегі тәжірибесінің маңыздылығын мойындағанын дәлелдейді» - деді Талғатбек Махметұлы.

Тарихшы ғалымның айтуынша, Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы жолдаулары және олардың орындалуы, жалпы алғанда, жүйелі дамудың, ықтимал дағдарыс құбылыстарын еңсерудің, халықтың әл-ауқаты жақсаруының кепілі дей аламыз.

«Осыған дәлел ретінде қазіргі коронадағдарыстың халықтың табысына салмақ түсіргенін ескеріп, Мемлекет басшысының өз Жолдауында Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 2022 жылдың 1 қаңтарынан 42 500 теңгеден 60000 теңгеге өсіруді тапсырғанын айтуға болады.

Бұған қоса, бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысы «2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсетін болады. Нәтижесінде 6000 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді», - деді Президент. Қазақстан - әлеуметтік мемлекет болғандықтан, «қиын жағдайда қалып қойған азаматтарға көмектесу - басты міндеттердің бірі» екендігін айта келе, ол бізге түбегейді өзгеріс керектігін алға тартты. Осған байланысты Мемлекет басшысы әлеуметтік көмек нағыз мұқтаж жандарға берілу керектігін баса айтты» - деді тарихшы.

Қазақ қоғамын толғандырған мәселелердің бірі – қазақ тілі. Бұл турасында да Талғатбек Әминов өз пікірін білдірді.

«Біздің көпшілігімізді толғандыратын мәселелердің бірі ол ана тіліміздің келешегі. Осыған орай Президент қазақ тілінің маңыздылығын ерекше сөз етті. «Қазақ тілі - мемлекет саясатын дамытудың басым бағыттарының бірі. Қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар - бұл қазақ тілі. Болашағымызды дамытатын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюы қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында Ұлт пен бірлік мәселесіне тоқтала келе: «біздің бірлігіміз – әралуындықта, біздің азаматтар үшін толеранттық өмір сүру маңызға ие, біз радикализмнің кез келген формасын болдырмаймыз, бірлігімізді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет, Адамды тіліне, дініне, нәсіліне қарай кемсітуге болмайды", - деді. Оның бұл қағидасын біз, ғылыми қызметкерлер, бірауыздан қолдаймыз, өйткені бұл міндеттің біздің ғалымдарға тікелей қатысы бар сияқты» деп атап өтті.

Президентіміз осы Жолдауында білім беру саласына коронавирус пандемиясы мен қашықтан оқыту кері әсер еткенін сөз етіп, елімізде мектептер саны 2025 жылға дейін кемінде 1000-ға жетуі керектігіне баса назар аударды. Одан бөлек, Мемлекет басшысы ғылым саласында грантты қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту керектігін ескертті. Оның бұл талабы бізді қуантады.

«Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілген идеялар мен қойылған міндеттерді толық қолдай отырып, алдағы уақытта оларды насихаттауға біз белсене қатысуымыз қажет деген пікірімді білдіремін» деді Т. Әминов.