«Шоқан Уәлиханов және Боранбай би. Тоғысқан тағдырлар» атты халықаралық конференциясы
14.11.2015 1764
Қырғыздың «Манас» жыры тұтас бір халықтың төлқұжаты. Сол батырлық жырды биік шыңға көтеріп, тұңғыш зерттеуші, әлемге таныстырушы қазақтың дана перзенті Шоқан Уәлиханов болатын.

Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі академиясы президенті: 

Бізге Қырғыз елі Боранбай бидің, Шоқан Уәлихановтың мерейтойларын өткізу туралы ұсыныс жасағанда біз қуандық. Ол ең біріншіден бауырлас қос елдің тарихы мен мәдениетін жақындастырып, әйгілі тұлғаларымыздың тарихта алар орның ұрпаққа танытатын мәдени шара болатындығы үшін. Осы орайда Боранбай бидің 235 жылдығы мен бүкіл дүниежүзіне танылған Түркі әлемінің ортақ мақтанышы болып саналатын Шоқанның 180 жылдығының бірге өтіп жатуы да осы екі бауырлас елдің достығына, солардың сабақтастығына арналып отыр.  


Қадыралы Конқабаев, Манас атындағы Қырғыз-Түрік университеті Түркология бөлімінің профессоры: 

Бүгін Қырғыстандағы ең киелі қара шаңырақ А. Малдыбаев атындағы балет және опера театрында үлкен салтанатты жиын болып жатыр. Екі елдің тарихи тұлғаларының мерейтойын өткізіп, үлкен салтанатты жиын жасауы ең маңызды ұлттық шаралардың бірі ретінде бағалауға болады. Себебі қырғыз бен қазақтың бір-біріне егіз ел екені тарихтан белгілі. Егерде қиырдан дұшпан келіп қалса, қазаққа қырғыз келіп, қырғызға қазақ келіп жәрдем бере алатыны, ақиқат. Ал енді Шоқан Уәлихановқа тоқталар болсақ. Ол кісі өте білімді, сауатты тұлға болған. Орыс, қырғыз, түрік және тағы басқа көптеген тілдерді білген. Қарасаңыз біреуінің білімі жоқ, бірақ бір елдің көсемі болған, екіншісі білімді, дүниеге бір жаңа жол ашатын шамшырақ болған. Екеуі қырғыз бен қазақтың туыстық дәнекерін байланыстырып, шығармашылық орталықты нығайтқан. Сондай-ақ Шоқан Уәлиханов Қырғыз тарихын Еуропаға, Ресейге, әлемге танытқан. Оның батырлық жыры "Манасты" танытқан. Басқа қырғыз шығармаларын танытқан. Тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын танытқан ең бірінші тұлға ретінде Қырғыз тарихында өлшеусіз үлесі бар. Сондықтан бүгінгі маңызды шараның Қырғыстан астанасы Бішкек те, Шолпан-Ата қалаларында өтуі маңызы жоғары деп білемін. Бұл әлі де жалғасын табатын ең маңызды тарихи күндердің бірі болады.


Әділ Ахметов, Түркі мемлекеттері Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, академик: 

Түркі академиясы Халықаралық ұйымы түркі дүниесін ұйыстырып, жақындастыру, бір-біріне тек қана мәдениет жағынан ғана емес, экономика жағынан, ақпараттық кеңістік жағынан да, басқа салалардан да бірігіп, иықтасып, тізерлесіп бірге жүруді міндет тұтатын ұйым. Ұйымның бесінші саммиті биыл Астанада өтті. Оған ел басыларыңыз Алмазбек Атамбаев келіп қатысты. Алла қаласа келесі саммитіміз ыстық көлдің жағасында болайын деп тұр. Бүгінгі Шоқан менен Боранбай биге қойылатын ескерткіш белгі сол саммиттің кезінде ашылса нұр үстіне нұр болар еді. Жаңа сөйлеген азаматтардың сөзі бір жерден шығып жатыр. қырғызға да, қазаққа да ортақ ата сөзі бар: „Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді“ біздерді ешкім ажыратып ала алмайды. Тіліміз де бір, діліміз де бір, тарихымыз да, мәдениетіміз де ортақ. Осындай ортақ құндылықтарды бірге ұлықтап, бірге тойлап жүрсек одан артық ешқандай екі елді жақындастыратын шаралар болмас еді. Еліміз аман болсын, екі елдің арасындағы бірлік пен ынтымақ өрлей берсін.


Жанқороз Қаныбеков, педагогика ғылымдарының докторы, профессор: 

Боранбай би 76 жастағы қария болған. Ол кезде Шоқан Уәлиханов 20 жастағы жас жігіт болатын. Сол 76 жастағы би мұның жастығына қарамай өте жақын досы болған. Ішкі сырлары, ішкі дүниесі қазақ-қырғыз келешегін ойлап, ең жақын адам болып кеткен. Шоқан Уәлиханов оны қария досым деген ғой. Өте білімді. Кадет корпусында білім алған. Көп тілді білген. Шыңғыс Уәлихановпен Боранбай биді менің қария досым деп атаған. 1856 жылы Шоқан Уәлиханов Борабай бидің үйінен Бөкетай деген манасшының жырын толық жазып алады. Бұл Манас жыры қырғыздың Дала Иллиадасы деген. Демек Манас жырында қырғыздың көркем әдебиеті де, қырғыздың тарихы да, қырғыздың ұлттық болмысы да суреттеледі. Осыдан 160 жыл бұрын екі данышпан, екі ақылман кезіккенде екі елдің ортасындағы елдікті, ағайындықты, береке-бірлікті татуластырып кеткен. Бұл – екі ел арасындағы достық, туыстықтың дәнекері бола білген тарих парағы. 

 Құсейін Исаев, Қырғыстанның халық мұғалімі, тарихшы: 

Шоқан қырғызша шала білген. Өзі қазақ, татар, орыс тілдерін білген. Қырғыз тілін осында келіп үйренген. Қырғызша жазып, қазақша аударып, орысша шығарған. Француз тілінде бірінші болып Шоқан Уәлихановтың еңбегімен еуропалықтарға тараған. «Манас» – терең мұхит. Қырғыз елінің ұлы тарихы. Біз осындай мәміле қылуымыз керек. Қазақ туғандардың келіп, осы істі бастағаны үшін алғыс айтамыз. 



Пікірлерді жазып алған Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Бішкек қаласы