Қалбан Ынтыханұлы: Ли Байдың ата-бабасы ғұндармен соғысқан
10.02.2021 2066

Осыдан біраз жылдар бұрын қытайдың Таң дәуірінде өмір сүрген ұлы ақыны Ли Байды қазақ ақыны деп дәлелдеп уәж айтып, үлкен конференциялар ұйымдастырып, біршама жұмыстар істелген болатын. Алайда бұл тұжырым халық арасында да, тарихшылар мен әдебиетшілер арасында да үлкен дау туғызып, улап-шулап басылғандай болған. Бір жағынан актуалдығын жоғалтқан тақырып болуы да мүмкін. Дегенмен, белгілі аудармашы, тарихшы Қалбан Ынтыханұлы ағамыздан осы дақпырттың егжей-тегжейін анықтап алуды жөн көріп отырмыз.




– Жалпы бүгінгі қазақ қоғамында кең таралған құбылыстың бірі тарихи тұлғалардың ұлтына таласу. Сол тұлғалардың бірі Таң дәуіріндегі қытай ақыны Ли Бай. Осы дақпырттың шығу тегі қайдан? Бұндай тұжырымның негізі бар ма?

– «Либай қазақ па, Қазақ емес пе?!» деген сұрақтың қазақ арасында, әсіресе Қазақстанда таралғанына да жирма жылға таяу уақыт болды. Бұл турасында арнаулы кітап та, құлаш-құлаш мақалалар да арт-артынан жарық көріп келді.

Бұл сөздің шығу төркіні арғы беттегі қазақтардан бастау алды. Ли Бай қазақ екен деген сөз алғашында Қытай қазақтар арасында күбір-сыбырмен айтылып жүрді. Сол тұста әншейінде сауысқаннан сақ отыратын Қытай ақпарат тарату және бақылау орындары ештеңе естімегендей, білмегендей отыра бергені таңданарлық жағдай. Одан кейінгі жылдарда «Либай қазақ екен» деген сөздер  тіпті ашық айтылды, оған қоса қазақтың кейбір ақындары «Шалқып арақ ішіп, шаттана өлең жазу Ли Бай атамыздан қонған екен» десіп те бөскен. Дегенмен кейбір көзі қарақты зиялы азаматтар «Ли Байдың аты қытайша, ол қалай қазақ болады?» деген сұрақ қоя бастады, оған келгенде жал тапқыш судырақтар атамыздың құлақ қағылып қойлған аты «Елібай» екен, кейін ханзу тіліне үйлестіріліп Ли Бай болып кетіпті десті. Сөйтіп жүргенде «Елібайдың туған жері Қазақстан жеріндегі Шудың бойындағы ежелгі Суяб қаласы екен» деген дәйегі жоқ дерктер арт-артынан шығып жұрт арасынада ауқымды пікір туғызды. Ақырында осы сөздердің барлығы қазақ даласына жетіп, бүрлеп-гүлдеп өз жемісін бере бастады. Бірақ бұның бәрі жөнсіз дақпырт. Әлдеқандай астарлы саяси мақсаты бар дақпырт болуы да мүмкін.

– Ал Қытайдың өз архиві не айтады? Көне шежірелері бізден көрі жақсы сақталған ел ғой.

– Орынды сұрақ. Бұл туралы жаңа заманның тарихшыларын былай қойғанда, осыдан мыңдаған жыл бұрын қағазға түсірілген Қытай жылнамаларында Ли Бай туралы анық дерек бар. Түпнұсқадағы сол мәтінді оқығандықтан, бізде оқырманға шынайы ақиқатты жеткізу мүмкіндігі бар. Осы жерде дәйектірек келуі үшін қытайша мәтінді де өз күйінде жазбаша сізге ұсынайын, сұқбат арасына қосып берерсіз. Одан әрі аудармасын және түсініктемесін айтып берейін. Бұл жерде ешқандай да бөтен мақсатсыз, қазақ тарихшыларына шын деректің бар екенін ескертіп қойғымыз келеді. Әрі қарай оны қалай зерттеу әр кімнің өз еркіндігіндегі мәселе.

Ли Бай Қытайдың жүйеден ханьзу ұлтының қазірге дейін теңдесі болмаған ақыны, жалпы халық оны «Жыр әулиесі» деп атайды. Әлем әдебиетіндегі орыны да аса жоғары, үлкен беделге ие ұлы ақын. Ли Бай Қытайдың Таң династиасы тұсында, нақты айтқанда заманымыздың 701-762 жылдар аралығында өмір сүрді.

Ол кімнің ұрпағы, қай жерде дүниеге келді? Бұл сұраққа дәлелді жауап ретінде Таң династиасының жылнамылық тарихын ашып қарауға тура келеді. Көне заманнан жеткен аталмыш тарих кітабында Ли Байдың өмір баяны жазылған. Төменде сол деректі негізге алып шежіре тарқатып көрелік. Осы жерде әуелі қытайша мәтінді ұсынайын. Сосын аудармасын түсіндіріп берермін.

《新唐書•卷二零二•列傳第一百二十七》

李白字太白,興聖皇帝九世孫。其先隋末以罪徙西域,神龍初,遁還,客巴西。白之生,母夢長庚星,因以命之。十歲通詩書,既長,隱岷山。

    Бұның аудармасы былай. Алғашқы мәтін тақырып, онда: «Таң династиасының жаңа жылнамасы (Шин таң шу): 202 том, ұлы адамдар өмір баянындағы 127-ші кісі» деп жазылған. Ал одан кейінгі негізгі мәтіннің мағынасы: «Ли Бай, аты Тайбай, император Шиң-шыңның тоғызыншы ұрпағы. Сүи дәуірінің соңғы жылы оның арғы атасы қылмыс жасағаны себепті Батыс Аймаққа жер аударылған. Шынлоң жылнамасының бірінші жылы аталары қайта қашып келіп Баши жерін паналады. Ли Бай дүниеге келердің алдында оның шешесі түсінде Шолпан жұлдызын көріпті, сол себепті баласының атын Тайбай деп қойған екен. Он жасында қаламға жетіліп өлең шығара бастаған, ер жеткенше Миншань тауында өзін тасада ұстап білімін жетілдіріпті», – деп жазылған.

– Осы мәтіннен нені түсінеміз? Қай жылдары Батыс аймаққа қоныс аударған, Миншань деген қай жер?

– Осыны айтқым келіп отыр. Ең алдымен осындағы бірнеше атауларға жекелей тоқталайық. Бірінші, мұндағы Ли (李) фамилиясы - қытай ұлтында саны жағынан ең көп кездесетін, ежелден бар тек. Қытайда ең көп кездесетін тек ваң (王), жаң (张), ли (李), лю (刘), чэн (陈) дейтін бес түрлі фамилия бар. Айта кетерлігі фамилия еш қандай тілге мағына беріліп аударылмайды, қалай аталса солай жазылады. Екінші, Император Шиң-шың деп отырғаны - Қытайдың оңтүстік-солтүстік патшалықтары немесе ежелгі Қытай он алты елге бөлінген замандағы Батыс Ляң елінің иператоры Ли Гау. Ал Батыс Ляң елі дегеніміз заманымыздың 400 жылы Қазргі Гансу провинциясының батыс жағындағы аумақта құрылған ел. Ал осы елді құрған Ли Гау болса Қытайдың хань династиасы тұсында ғұндарға жорық жасап, Хыши жерін ғұндардан тартып алатын генарал Ли Гуаңның 16-ші ұрпағы болып келеді.

Үшінші, осындағы Сүи дәуірінің соңғы жылы - Бұл Қытайдың Сүи династиасының соңғы жылы, яғни заманымыздың 618 жылы. Яғни 618 жылы Ли Байдың арғы атасы батыс аймаққа қоныс аударылған. Осындағы «Батыс аймақ» деп отырғаны - Қытай тарихы бойынша Қытайдың Гансу провинциясының батысынан Памир жотасының шығысына дейінгі аралық Батыс Өңір деп аталды, тарихта бұл өңірде көптеген мемлекеттер болған.

Төртінші кездескен Шынлоң жылнамасының алғашқы жылы - Қытай тарихындағы тұңғыш әйел император У Зытян билік жүргізген алғашқы жыл Таң династиасының шынлоң жылнамасы деп аталады, ол 705 жыл. Яғни, 705 жылы Ли Байдың ата-бабасы қайтып келіп, Баши жерін паналаған. Баши жері деп отырғаны - ежелгі заманда Қытайдың бүгінгі Сі-чуан провинциясы аумағындағы Лаңжоң қаласының шығысы, Чуи-шиян, Гуаң-ань аудандарының теріскейі, Ван-юань қаласы мен Кайжяңның батысы арасындағы аумақ Баши аймағы деп аталған. Бұл қазіргі Қытай териториясының тура орта өңірі.

Жетінші, Ли Байдың шын аты туралы. Шолпан жұлдызы - ежелгі заманда бұл ханьзу тілінде Чаң гың жұлдызы немесе Тайбай жұлдызы деп аталған, Ли Байдың аты Тайбай атануының себебі міне осыдан. Соңғы өзің сұрап отырған Ли Байдың балалық шағы өткен Миншань - Қытайдағы Гансу провинциясының оңтүстік батысынан Сі-чуан провинциясының солтүстігіне қарай созылып жатқан тау. Картадан тауып алуыңызға болады.

Яғни осыдан шығатын қорытынды: Ли Байдың өзіне дейінгі 25 атасы Қытайдың әр бір тарихи кезеңдеріндегі патша сарайларына қызмет еткен ақсүйек, бір атасы тіпті император болыпты. Оны былай қойғанда Ли Байдың ең алғашқы атасы Ли Гуаң біздің арғы атамыз деп жүрген ғұндармен соғысқан хань патшалығының генаралы, олай болса ол толық қанды ханьзу.  Ал оның тегі Ли қытайда саны ең көп фамилия, мағынасы бар Тайбай сөзі де қазақ тұрмақ түркінің еш сөзімен жанаспайды. Сондықтан Ли Байды қазақ деу негізі жоқ қисынсыз пайым.

– Ли Байды қазақ дегенде оның туған жеріне қатысты «Балқаш маңында, Суяб қаласында туған» десіп жүрген сөздің қаншалық жаны бар? Осы жағын тереңдей түсіндірсеңіз.

– «Балқаш маңы...» деген мүлде қисынсыз әңгіме. Қытай ғалымдарның пайымдауынша Ли Байдың туғанжері ҚХР-ның бүгінгі Гансу провинциясы Тяншуи қаласы. Ол үшін тағы бір деректі мысалға келтірейін.

Қытайдың Таң дәуірі 712 – 742 жылдар аралығында император болған Таң Шуанзоң заманында Қытайдың тағы бір өнер адамы болды, ол  – Ли Байдың досы Ли Яңбиң. Ол 721–785 жылдар арасында өмір сүрген адам. Бұл адам Қытай тарихындағы атақты хұснихатшы (каллиграф) та болған. Ли Байдың кейінгі өмірі аса қиындықта өтеді, сарайдан қуылып жай бұқара қатырында әр жерде күнін асырап жүрген Ли Бай 762 жылы қараша айында қатты науқастанып, төсек тартып жатып қалады. Бұл жағдайдан хабардар болған досы Ли Яңбиң оны іздеп барып көңілін сұрайды. Енді қайтып басын көтере алмасын білген Жыр әулиесі өзінің барлық жазған өлеңдерін досына аманаттайды. Көп өтпей ұлы ақын өмірден озады. Досына адал, аманатқа берік Ли Яңбиң досының бүкіл өлеңдерін топтап өзінің әдемі жазуларымен «Шөп күркеден шыққан өлең» деген атпен жинақ етіп шығарады. Сол жинақтың алғы сөзінде Ли Яңбиң досы Ли Байдың өмірі туралы былай жазады: «李白,字太白,陇西成纪人,凉武昭王暠九世孙». Бұл мәтіннің аудармасы былай: «Ли Байдың аты Тайбай, туған жері Лоңшидың Чыңжи жері, Лияң елінің миператоры Ли Гаудың тоғызыншы ұрпағы». Осындағы Лоңшидың Чыңжи жері дегеніміз қай жер? Лоң бүгінігі Қытайдағы Гансу провинциясының ежелгі атауы және қазіргі кездегі қысқартылып жазылуы,  ондай болса Лоңши дегеніміз Гансудың батысы болады. Ал Чыңжи болса бүгінігі Қытайдағы Гансу провинциясы Тяншуи қаласының сол замандағы атауы. Бұл Ли Байды өз көзімен көріп, онымен бірге болған адамның сол заманда жазып қалдырған дерегі. Жоғарыдағы дерек бойынша болғанда Ли Бай ежелгі Суяб қаласы тұрмақ Орта Азия жеріне де аяқ басып көрмеген.

– Кейбір ағаларымыз оның өлең өрнегінен де қазақы бояу тапқандарын айтты ғой. Өлең стилі туралы не айтуға болады?

– Бұл енді нағыз қисынға да келмейтін сандырақ. Ең әуелі қазақ тілі мен қытай тілінің табиғатында ешқандай ортақтық жоқ екенін аңғару керек. Ли Бай өмірінде 900 ден артық өлең жазып қалдырған. Ол тоғыз жүз өлең жай өлең емес, ешкімнің сөзі жетпейтін, қаламы бара алмайтын таңғажайып өлеңдер. Әрине қытай тілінде. Ондай деңгейге жету үшін қытай тілінің шешені, білгірі һәм он мыңдаған иероглифті алқанында ойната алатын жазушы болуы шарт.  Егер қазақ оқырманы қытай тілінен хабары болса сол жағдайды көз алдына елестетіп көрсін. Қазақ тілі агглютинативті тілдерге жатады, ал оған қарағанда қытай тілі секілді аморфты тілдердің күрделілігін айтпасақ та түсінікті, қытай тілін ұйқастырып өлең шығару шын мәнінде қытайдың өзінен туған миллионнның бірінің ғана қолынан келеді. Тіл табыиғаты дегеніміз тұтас ұлт табиғаты, оны ана сүтімен, бала жастан алған тәрбие, көрген ортамен ғана, яғни осы үш шарт бірдей қамтамасыз етілгенде ғана қабылдауға болады. Өзге тілді өсе келе үйреніп, сол тілде, сол ұлттың бүкіл болмыс-бітімін сіңіре отырып өлең жазу деген мүлде мүмкін емес дүние. Ли Бай болса, өз кезіндегі қытай өлеңіне аса үлкен жаңалық әкеліп, әр жолы жеті иероглифтен, қарапайымдастырып айтқанда жеті сөзден тұратын ерекше өлең шығарған. Оның ішінде сөзді ұйқастырумен бірге иероглифтерді де сәйкестіру шеберлігін қосыңыз. Бұл қытай тілі бойынша айтқанда, қытай тілінде түс көріп, қытай тілінде сезініп, қытай тілінде ғана мұңайып, қуана алатын ерекше таланттардың қолынан келетін өнер. Мысалға мына жеті сөзді өлеңіне қарап көріңіз: «两岸猿声啼不住,轻舟已过万重山 ... Мағынасы: «Екі жағада маймыл шулап тоқтамайды, жеңіл қайық келеді сан мыңдаған тауды айналып ... ». Бұл өлең ақынның «Жияңлиңге барғанда» аттың өлеңінен алынды. Осындағы қазақша мәтіннен керемет сурет те, ғажайып сезім де көрмейміз, бірақ ол қытайша мәтін күйінде соншама сұлу, соншама жанды. Бұлай жазуды былай қойып, бұндай өлеңді түсіну үшін де кем дегенде жарты қытай болу керек. Ли Байдың өлеңдерін дәл өзіндей етіп өзге тілге аудару еш қашан жүзеге асатын іс емес. Біздің көріп жүрген аудармаларымыз тек осындай елестету ғана. Оның сыртында Ли Байдың өлеңдерінде Ішкі Қытайдың тау-өзендері, қалалары және салт-дәстүрлері ерекше көрніс тапқан. Оның өлеңдерінен қазақты қойғанда ежелгі түрік туралы бір жол өлеңді түрік тілінде емес қытай тіліде де кезіктіре алмайсың. Сондықтан Ли Байды қазақ етіп дәлелдеудің ешбір негізі жоқ.

– Мағыналы сұхбатыңыз үшін рахмет!