Мыңжылдықтар мәдениеті және көшпелілер философиясы
24.11.2016 2699
Пазырықтың мұздаған қойнауларынан шыққан киіз текеметтер қазіргі қазақ, қырғыз және алтайлықтардың сол тектес ою-өрнектерге аса ұқсастығы айқындалды

Қазақтардың Алтаймен байланысының терең тарихы бар, оның түп-тамыры қола дәуіріне Андронов мәдениетіне саяды. Археологиялық деректер сол тайпалар мәдениеті мен қазіргі қазақ мәдениеті арасында көптеген ортақ белгілері бар екендігін алға тартады. Мысалыға, зерттеуші М. Мұқанов атап өткендей, егер сол көне дәуір ескерткіштеріне, қыш ыдыстардың өрнектеріне зер салсақ, оларды қазіргі қазақ ою-өрнектерімен салыстырар болсақ адам таңғаларлық ұқсастықтарды табуға болады.

Алтай тарихында ерте көшпелілер – сақтар ерекше рөл атқарады. Көшпелі мал шаруашылығының негізін құраған бірыңғай шаруашылықтың болуы, сақтар мекендеген аймақтар арасында тығыз қарым-қатынас орнап, олардың мәдениетінің ортақ белгілерінің қалыптасуына жағдай жасады. Антропологиялық деректерге сүйенсек, Алтай қорғандарынан көне заманғы сол мәдениеттің қазіргі Сібір және Орта Азия халықтары мәдениетімен айшықты және әсерлі байланысына нұсқайтын алуан түрлі заттардың табылуына байланысты айрықша маңызға ие.

Мәселен, Пазырықтың мұздаған қойнауларынан шыққан киіз текеметтер қазіргі қазақ, қырғыз және алтайлықтардың сол тектес ою-өрнектерге аса ұқсастығы айқындалды. Осы аймақты мекен еткен көшпелі тайпалардың шаруашылығы, материалдық мәдениетінің біртектестігі олардың кәсібінен, тағамдарынан, бұйымдарынан көрініс табатындығы дәлелденіп отыр. Осылайша, ежелгі көне дәуірдің жоғарғы және таңғажайып бай өнері қазіргі осы аймақты мекен етіп отырған тұрғылықты халықтардың ұлттық өнеріне материалдық тұғыр болған. Олар екі жарым мың жыл өтсе де, қатты өзгеріп түрленсе де, бұл жерлерде әлі де ғұмырларын жалғастырып сол халықтардың күрделі өткен тарихына, бай мәдени мұрасына куәгер болуда. Соңғы уақытта сақ дәуірінің ескерткіштері тыңғылықты зерттеліп келеді. Берел, Үкөк және т.б. табылған тарихи ескерткіштер дүниежүзіне танымал. Бұл біздің тарихи жәдігер ғана болып табылмай сол жердегі Алтай қазақтарының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігінен молынан хабар береді.

Алтайлықтар мен қазақтардың этногенетикалық байланыстары жөніндегі деректер халық ауыз әдебиетіненде орын алған, солардың біреуі Белеуіт пен Телеуіт екі ағайынды ата-аналарынан айырылып жетім қалады. Олардан бір бие мен бір мылтық мұраға қалған екен. Тайкескен Шұнақ деген жерде мұра бөліскенде Белеуітке бие тиіп, Телеуітке мылтық бұйырады. Осы аңыз бойынша Белеуіттен қазақтар тарап олар мал өсіретін болса, Телеуіттен алтайлықтар өрбіп олар аңшылықты таңдаған көрінеді. Ресей ғалымдарының зерттеулеріне сенсек, қазақтар Алтайға бертінде XVIII-XIX ғасырларда ғана орныға бастады. Оған дейінгі кезеңде олардың арасында ешқандай байланыс болмады дегенді алға тартады.

Ал 1927 жылы алтай қазақтарын зерттеу мақсатында жұмыс атқарған ғылыми экспедиция құрамында болған С.И. Руденко: «Наймандардың бір бөлігі ерте заманнан осы жерді мекендесе, ендігі бір бөлігі XVIII ғасырда жоңғарлар мемлекеті жойылған соң көшіп келген», – деп мәлімдейді. Белгілі тарихшы М. Мұқанов наймандардың шығу тегі туралы мәселені зерттей келе «.... бірнеше ғасыр бойы наймандар алдымен монғолдардың, кейіннен жоңғарлардың қоластына бағынышты болып келді. Егер олар монғол тектес болса осынша уақыт ішінде соларға сіңісіп кеткен болар еді. Дегенмен олар өздерінің тілін, мәдени ерекшеліктерін сақтап қала алды» деген тұжырым жасайды.

Осыдан келіп қазақтардың бір бөлігінің Жоңғар мемлекетінің қол астында болуын, соның ішінде Алтайды мекен етуі мүмкін дегенді теріске шығара алмаймыз. Тарихшы К. Пищулина да «XVIII ғасырда қазақтар мен төлеңгіттер оңтүстік Алтайда аралас-құралас мекен еткен деген» тұжырым жасайды. Ресейдің отарлау саясаты басым болған шақта, қаншама қазақтың тентіреп Алтай, Қытай асып кеткені бар, жаппай қоныстандыру жүргізілген тұста, қазақ жерлері тартылып алынып, орыс шаруаларына берілді, ал қара қазақтар жерсіз қалғандықтан көшуге тура келді, С.И. Руденконың зерттеу жұмыстары нәтижесінде анық болған, статистикалық мәліметтерге сүйенсек сол кезеңнің өзінде бір ғана Жетісу өңірінен 3000-ға жуық отбасы көшіп кеткен. Бұл дегеніміз сыртқа қандастарымыздың көшіп қана қоймай тұрақтап қалғандығын анықтайды.

Соңғы жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде шет ел мұрағаттарынан ел тарихына қатысты 500-ге жуық құжат әкелінді. Солардың қатарында қытайдың мұрағаттарынан алынған маңызды құжаттар осы қарастырып отырған мәселеге байланысты Абылай хан мен Цянь Лунь арасындағы хаттар аса маңызды мәлімет береді. XVIII ғасырда Абылай ханның Алтай, Тарбағатай жерлері үшін Қытаймен таласы көпшілікке мәлім. Император Цянь Луньге жазған хаттарында Абылай хан жоңғар хандығы құлағаннан кейін қазақтардың бір бөлігі шығысқа қарай түріле көшуін олардың бір кездері айрылып қалған атамекендеріне қайта оралуы деп түсіндіреді. Цянь Лунь бір жауап хатында: «...бір кездері мұрындарыңнан құрттарың түсіп жүргенде бұл жерлерден айрылып қалғандарын рас.

Алайда ендігі кезде бұл жерлер Қытайға бағынышты деп жазуы, ол жерлерді қазақтардың ежелден мекендегенін мойындауы деп қабылдауға негіз болатын сияқты. Алтай қазақтары тарихы зерттеудегі тағы бір өзекті мәселе «диаспора» және «ирредента» мәселесі төңірегінде. Алтайдың оңтүстік сілемдері, Бұқтырма аймақтарында қазақтардың ерте кезден мекендегені туралы азды-көпті болғанымен, солтүстікте – Таулы Алтай аумағына қазақтар ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап қоныс аударып келе бастады. Қазіргі кезде Таулы Алтайда қазақтар жиі қоныстанған аймақтардың бірі – Қошағаш ауданы. Мұндағы қазақтар тұрған жеріне қарай Жазотыр қазақтары, Шүй бойы қазақтары болып екіге бөлінеді.

Тағы бір өзекті мәселе ХІХ ғасырдың 30-30-ыншы жылдардағы Қазақстанның қиыр шығысында Ойратиямен анықтау болып табылады. Қазіргі аты әлемге танымал Үкөк жері 30-ыншы жылдарға дейін Семей облысының құрамында болған. Совет өкіметінің кереғар саясатының нәтижесінде халық наразылығы шегіне жетіп тұрған кезде, Ойратия өкілдері жер дауын көтеріп, оны өз пайдасына шешуге әрекет жасауға кіріседі. Жер дауының басты нысаны – Жазотыр алқабы болды. Жазотыр арқылы Қазақстан Моңғолиямен шекаралас болып, онымен сауда-саттық қарым-қатынас жүргізіп отырды. Айырбас сауда орталығы – Қатонқарағай ауданында орналасқан.

Осыған орай Қошағаш және Қатонқарағай ауылдары үшін Моңғолиямен сауда жасау үшін бақталастық та болды. Жазотыр Ойратия қоластына өткен жағдайда Қазақстан Моңғолиямен шекаралық сауда жасау мүмкіншілігінен айырылатын. Сондықтан Ойратия жағы даудың өз пайдасына шешілуіне бар күшін салды. Осы оқиғалар нәтижесінде Қазақстан өз жерінің бір бөлігінен ғана айрылып қана қойған жоқ Моңғолиямен тікелей қарым-қатынас үзіліп Қатонқарағай айырбас сауданың орталығы ретінде маңызын жоғалтты. Ал Ресейдің Алтай өлкесі және Алтай Республикасында отырған қандастарымыздың бүгінгі жағдайы бір қалыпты. Аталған зерттеу еңбек олар туралы жан-жақты мәлімет берген құнды дүние деуге болады. Осындай жұмыстар болашақта да жүргізіліп отырса тіптен жақсы. Алда әлемдік саясат қалай өзгеретіні белгісіз, бәлкім жақын уақыттарда елге ел, жерге жер қосылатын күн туар. Сол кезде төртке бөлінген Алтайды тұтас уысымызға түсіріп, алақанға аялай салатын заман да келетін шығар.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Суреттер kz.ts.cn сайтынан алынды

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)