Мәдени серуен: А.Байтұрсыновтың музей-үйі
19.09.2014 3935
Қоғам қайраткері, тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсыновтың ХХ ғасырдың басында қазақ халқының рухани дамуына қосқан үлесі өте зор.

Ахмет Байтұрсынұлының Алматы қаласындағы мұражай үйі 1993 жылы ұйымдастырылған. Бұл музейдің ашылуының ерекше тарихы бар. 
1988 жылы 4 қарашада Қазақ ССР Жоғарғы соты 51 жыл «халық жауы» деп қара күйе жағылып келген Ахмет Байтұрсынұлының іс-қимылынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан тергеу барысы тоқтатылсын деген шешім шығарып, тарихи тұлғаның есімі ресми түрде ақталды.

1998 жылдың 19 қыркүйегінде музей-үйдің қайта жөндеуден соң салтанатты түрде ашылды

1993 жылы 18 ақпанда қала әкімінің «Алматы қаласындағы Космонавтар көшесінің атын өзгерту туралы» №78 шешімімен 1962 жылдың 15 тамызынан бастап Космонавтар көшесі деп аталып келген, ұзындығы 4450 метр болатын орталық көшеге қазақ халқының рухани ағартушысы болған Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. 

Осы жылдың 9 қыркүйегінде «Қазақтың халық ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйін ұйымдастыру туралы» қала әкімі аппаратының №360 шешімі шықты. 

Шешім негізінде А.Байтұрсынұлы көшесіндегі 60-үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Аталмыш шараға А.Байтұрсынұлының інісі Мәшеннің ұлы Самырат Кәкішев жетекшілік жасаған болатын.

Самырат Мәшенұлы 1994 жылы 5 тамызда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қоғамдық қор құрды. Қоғамдық қор 1994 жылы 25 қарашада ҚР-ның Әділет министрлігі Алматы қалалық Әділет басқармасында заңды тіркелген.  

Музей үй 1,5 қабатты, төрт бөлме және бір бөлмелі жертөледен тұрады. Үшеуі – көрме залы, бір бөлме – ахметтану дәрісханасы. Жертөле – музей мен қоғамдық қор қызметкерлерінің кеңсесі. Музей үйдің қорында ғалым өмірі мен шығармашылығына қатысты 500-ге жуық деректі ресми құжаттар, 300-і мемлекеттік мұрағаттан алынған телнұсқалық құжаттар, 12 жеке суреті, 27 ұжымдық деректі суреттер бар.

Дара тұлғаның өміріне арналған кітаптар жинағы

А.Байтұрсынов білім алған оқу ордасы

Ғалымның өз қолымен толтырған «Өмірдерегі» (түпнұсқа), құжатты ғалым Қазақ мемлекеттік университетінде профессор лауазымымен қызмет атқарған тұста толтырған екен.

Қызы Шолпан

Музейдегі Байтұрсыновтар отбасына тиесілі құнды жәдігерлер. Бұл заттар Ахмет Байтұрсыновтың жұбайы Бадрисафаға тиесілі. Оның шын аты – Александра, әкесінің аты – Иван. Әкесі Қазақ жеріне аласапыран тұста Орал жақтан Қостанайдың Аманқарағайына қоныс аударған, Қостанай өңіріне қарасты Әулиекөл деген жерде қорықшы болып, отбасын асыраған. Нәсілі орыс Александраның мұсылман дінін қабылдаған.  

1922 жыл

Түрмеде, 1937 жыл

Отағасы тұтқындалған соң Бадрисафаның генерал-губернаторға жіберген                       жеделхаты

Өз қолымен толтырған өмірбаяны

Саналы өмірін қазақ жұртының тілі, діні, ділі, жері жөніндегі жұмыстарға арнап, өз өмірінде 5 рет сотталып, екі рет жер аударылған тұлғаға қатысты құнды деректер мен қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі жинақтар музейде сақталған.

Мекен-жайы: Алматы қ., Ахмет Байтұрсынұлы көшесі, 60-үй (қиылысы Жамбыл көшесі).                Байланыс телефондары: 8(727)292-10-89, 292-51-59. 

Людмила Выходченко