Ұлттық намыс алауы: Б. Момышұлы мен С. Батырша-ұлы
21.01.2017 2852
Баукеңнің өмірбаяны, соғыс және еңбек жолдарын оқыған адам ретінде, Сәкеңнің дипломатиялық, қоғамдық қызметін зерттеуші автор болғандықтан, екі тұлға туралы өз пікірімді оқырмандармен бөліскім келеді

Қазақтың біртуар қайраткер азаматы, қаһарман Ба­уыржан Момышұлы туралы еңбек, естеліктер жазған адам­дар көп. Соның ішінде С. Батырша-ұлының 2010 жылы «Еге­мен Қазақстан» газетінде жарияланған «Өн бойы ар-намыстан жаралған» атты мақаласын атап өтуге болады. Мен Баукеңнің өмірбаяны, соғыс және еңбек жолдарын оқыған адам ретінде және Сәкеңнің дипломатиялық, қоғамдық қызметін зерттеуші автор болғандықтан, екі тұлға туралы өз пікірімді оқырмандармен бөліскім келеді. Артында сөзі қалған, даңқты ізі сақталған, ғұмыры бір дастанға татырлық батыр туралы қалай айтсақ та жарасады. Бала кезден ол кісінің есіміне қанығып, ерлігін естіп өскендердің бірі – біздің кейіпкер. Баукеңнің фамилиясы­на ұқсатып, Батырша-ұлы деген дәстүрлі аты-жөн үлгісін алған қазақ. Мақаласында батырдың жүзі сұсты, мінезі қатал болғанын айтады. Сыртқы келбеті мен мінездегі қаталдық өз бойынан да табылады. Әсіресе, ұлттың болашағы, қазақ тілінің тағдыры, мемлекеттің мүддесі сарапқа салынған сәтте қиындыққа қарсы тұратын, сөзге де, іске де білек сыбанып кірісетін жігерлі, асау қайратты, тереңнен ойлайтын қасиеті де Баукеңе ұқсас. Жасандылықты жаны жек көретін, ақиқатты ашып, шындықты шырқыратып айтатын мінезі де Момышұлының мінезіне сәйкес келеді. Екі тұлғаның әр заманда еңбек еткенін ескере келе, ара­сында 30 жылдай айырмашылығы болғанымен, олардың ойы және ісі үндес.

Сәкең Баукеңмен кездескен алғашқы сәтін тебірене айтып берді. Кейін қос тұлғаның арасында аға-інілі, достық байланыс орнаған. Ол туралы кейіпкеріміздің өзінен сұрап көрелік.

Автор: Сайлау аға, атақ-даңқын бала кезден естіп, шығармаларын оқып өскен жансыз. Алғаш рет қашан көрдіңіз және қандай әсерде болдыңыз? Баукеңмен әңгімелескен, бірге болған күндерден естелік айтып берсеңіз.

Сайлау Батырша-ұлы: Қазақ халқының бойындағы батырлық, намыс деген киелі қасиеттердің алар орны ерекше. Ел үшін күрескен, отанын қорғаған тұлғалардың арқасында халық пен мемлекеттер өркендеп, сақталып келеді. Бауыржан Момышұлы сол тұлғалардың қатарында. Менің Баукеңмен таныстығым Орта Азия мемлекеттік университетінде оқып жүрген студенттік шағымда басталды. 1960 жылы Ташкент педагогикалық институтының үлкен акт залында Б. Момышұлының қазақ жастарымен кездесуі болды. Ол Қазақстанда құрылған генерал И.В. Пан­филов басқарған 316-атқыштар дивизиясының Москва үшін шайқастағы ерлігі туралы баяндады. Баукең өзі туралы емес, майдандас жауынгерлері, жерлестерінің қан майданда көрсеткен ерліктері туралы айтып, жастардың рухын көтеріп тастады. Жастарға оқуларын аяқтаған соң, Қазақстанға қайтып, елдерің үшін қызмет етіңдер деп оң тілегін айтты. Студенттер батырды жылы ықыласпен қарсы алды. Алғашқы көргенімде ол кісі маған қатал, артық сөйлемейтін, тұйық мінезді болып көрінді. Баукең сөйлеп болған соң, президиумнан түсіп, залға келіп жайғасты. Сол кезде жанына барып сәлем беріп, естелік үшін суретке түстім. Уақыт өте келе, Алматыда жиі араласып, сұхбаттасып, ол кісінің өзім деген адамдармен шын пейілімен ашық сөйлесетініне көзім жетті.

Кейін дипломатиялық қызметпен Мәскеуде, Францияда, Ал­жирде ұзақ уақыт болып, Баукеңмен кездесе алмадым. 1971 жылы Алжирдегі Совет Одағының елшілігінде қызмет атқарып, елге оралғанда Алматы қаласы Атқару комитетінің председателі Есен Дүйсенов Достық даңғылы №30 үйден (бұрынғы Ленин проспектісі) төрт бөлмелі пәтер берген. Сол үйден Бауыржан ағамыз да пәтер алыпты. 12 қабатты үйдің әр қабатында төрт бөлмелі жалғыз пәтерден болатын. Мен 10-қабатта, ол кісі 7-қабатта тұрды. Айта кетерлігі, бұл Баукеңнің тұңғыш жаңа пәтер алуы екен. Бұрын депутат, үкімет мүшелері үй ауыстырғанда, солардың ескі пәтерлері ағамызға бұйырады екен. Себебі өр мінезді азамат ешкімнің алдына барып, жаңа пәтер сұрамаған. Бұйырғанын қанағат тұтыпты. Ол кезде ағамыз Ка­маш жеңгемізбен бірге тұрды. Жеңгеміз келбетті, мінезі жайдары, Баукеңді қатты сыйлайтын. Осы үйде қайтыс болды. Жасы келгенде жұбайынан айырылу ауыр тиді, өзі де сырқаттанып, ем қабылдай бастады. Әлі күнге көз алдымда, қолында таяғы бар, түске қарай үйден шығып, есік алдында баяу серуендеп жүретін. Мен сәлем беріп тұрамын, күн жылы болса да қалың киініп алушы еді. Себебі жас кезде соғыста тиген суықтың, денедегі жарақаттың зардаптары кейін қартайғанда білінеді екен.

Менің жадымда Баукеңе қатысты басқа да қызықты естеліктер көп. Баукеңнің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында ол кісі екеуміз тарих, тіл, жалпы республиканың болашағы туралы сұхбаттастық.

«Мерейтойыңызды республика басшылары қалай өткізбекші?» – деп сұрағанымда ол кісі ұйымдастырудың болашақ сценарийін көрегендікпен былай деп суреттегені есімде.

Димаш Ахметович Компартия Орталық Комитетінің хатшысы Имашевқа менің 60 жылдығымды өткізу туралы тап­сырма береді, ол өз көмекшісіне маған телефон соқтыртады. Ризашылығымды білдіріп, мен олардың жасаған жоспары­на ештеңе қоспаймын, ештеңе өзгертпеймін. Қалай өткізсе де, өздерінің еркі деген болатын. Кейін білсем, мерейтойдың ұйымдастырылуы айтылған сценарийдің шеңберінде өткізіліпті.

Қазақ драма театрында өтіп жатқан жиналыстың президиу­мында отырған Б. Момышұлы бірнеше рет сахнаның ар жағына шығып, келіп жүреді. Оны кейбіреулер: «Бұл залда отырған адамдарға деген құрметсіздік» деп түсінеді. Ал шын мәнінде, сол кездері соғыстан алған жарақаты мазалап, Баукең орындықта көп отыра алмайды екен. Бірақ ол кісі мұны ешкімге түсіндіріп жатпайды. Оны кейін маған өзі айтты. Сұрапыл соғыста алған жарақаттары, жаңбыр, қардың астында жатқанда бойына кірген дерттері соңғы жылдарға дейін қатты мазалап жүрді.

Бір күні пәтеріне сәлемдесуге кірсем, бөлмеде ағаш төсекте шалқасынан жатыр. Үстіне қолдан жасалған төрт аяқты жеңіл ағаш үстелді қиғаштап қойыпты. Отыра алмағандықтан, жа­тып жазуға ыңғайлы болу үшін үстелдің бас жағына қараған екі аяғын арамен кесіп тастаған, үстелдің бетін қиғаштап өзіне қарай орналастырыпты. Сөйтіп, шалқасынан жатып кітап жазып жатыр. Осы жағдайды көргенімде, Октябрь революциясы тура­лы «Құрыш қалай шынықты» кітабындағы жалынды комсомол Николай Островскийдің төсек тартып жатып, қайсарлықпен болашақ ұрпаққа революция туралы естелік қалдырып кеткені ойыма түсті. Қарасам, жанында жатқан күнделік, қолжазбалары орыс, қазақ тілінде, ал кейбір қолжазбалары қазақша ескі араб қарпінде қарындашпен жазылыпты. Баукеңнің айтуынша, соғыс жағдайында жазбалар, рапорттар қарындашпен жазылған екен, себебі қарындашпен жазылған жазулар жауын-шашын тисе де езілмейді. Ал сиямен жазылған жазбалар суға тисе жайылып кететіндіктен оны пайданбайды екен. Уақыт өте келе, қарындаш грифелі өшіріле бастапты. Болашақта осы жазбаларды оқу қиын болады, сондықтан өзім өңдеп жатырмын деді.

Соғыс уақытындағы солдаттардың көрген қиындықтары мен ауыртпалықтарын кейінгі ұрпақ оқысын, білсін деп жазып жатқан еңбегі екенін түсіндім. Жастарға шынайы үлгі боларлықтай қасиеттерді көрсете білу әр азаматтың, тұлғаның міндеті деп білемін.

Автор: Сәке, сіздің осы эссе-диалогты жазу арқылы Бауыр­жан атамыз секілді халқымыздың азаттыққа бетбұрыс кезеңін, тәуелсіздік алу жолындағы дипломатияның, патриоттардың күресін, бүгінгі және болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатын қойып отырғаныңыз маған түсінікті болды.

Бұл естелік кітабыңыз Баукеңнің ауырып жатып жазған еңбегімен бірдей. Дипломаттың өз мойнына алған міндеттемесі ағалы-інілі екі адамның рухтас екендігін сипаттап бергендай. Сәкең бүгінде Бауыржан ағасының жолын, идеясын жалғастырушы деп толық айтуға болады.

Сайлау Батырша-ұлы: Осы жолы Отан соғысы туралы біраз әңгіме өрбіттік. Соғыстың Совет Одағына әкелген орасан зор залалын, қиыншылығын айта келіп, майдангер неміс дұшпанынан гөрі қызыл жауынгерлердің көп қырылғанын айтты. Әсіресе есімде қалғаны, Баукеңнің айтуы бойынша, соғыс басқа халықтарға қарағанда қазақ халқына ерекше ауыртпалық әкелді. Себебі, неміс армия­сы Украина, Беларуссия және Ресейдің көп жерлерін Ленинград, Москва, Сталинградқа дейін басып алды. Енді Гитлер әскерлерін тоқтатып, қайта Батысқа қуу үшін солдаттарды Ресейдің шығысы, Қазақстан және Орта Азиядан алуға тура келді. Сондықтан да қазақ ерлері жасы, кәрісіне қарамай соғысқа аттануға мәжбүр болды. Ал Прибалтика, Украина, Белоруссия және немістер ба­сып алған Ресейдің батыс жерлерінен солдат әскерге алынбады. Сол себепті саны бойынша орыстар, беларусь, украиндардың қазақтарға қарағанда қырылған жалпы саны көп болса да, в про­центном соотношении казахи во время войны погибли больше других народов, – деді орысшалап Баукең.

Қазақстандағы 30-жылдардағы ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы интеллигенцияға қарсы ашық репрессиядан кейін, есін жинай алмай, халықтың бұрынғы санын толтыра алмай жүргенде, совет халықтарымен бірге қазақтар қан майданға кіріп кетті. Сөйтіп, қазақ халқының тағдыры ХХ ғасырдың бірінші жарты­сында өте қайғылы болды. Осы туралы айтқанда Баукеңнің қатты қамыққанын бірінші рет байқадым. Әдетте, сұхбатымыз қандай мәселеге арналса да, ол кісі қамыққанын көрсеткен емес, біреуге деген ренішін де айтпайтын. Ал қандастарының қырылуы, олардың тағдыры үлкен ойға салатын. Ашаршылық пен соғыста қырылғанның зардабынан 1928 жылғы санақта қазақтың саны өзбектерден 22% артық болса, бүгінде өзбектердің саны бізден екі есе көп.

Жасы келіп қалған адамға бір үйде жалғыз өзі өмір сүру оңай емесі анық. Көп өтпей баласы Бақытжан мен келіні Зей­неп, немересі Ержанды қолына көшіріп алды. Олар Баукеңнің бабын тауып, жайлы қарады. Алайда ата мен келін ортасында белгілі шек, әдеп-иба бар. Осыны ескерген ағайындары Баукеңді Жәмила деген әйелге қосты. Жеңгеміздің мінезі ашық-жарқын, жайдары, денелі болатын. Қолына қалам алып, жазумен де айна­лысатын филология маманы еді.

9 мамыр Жеңіс күні інім Мұхитты «Волга» автомашинамның руліне отырғызып, дәстүр бойынша бір қой сойып және арақ-шарабымды салып алып, майдангер ағаны құттықтауға үйіне бардым.

Ол туралы жеңгеміз Ж. Егембердиева «Өмірінің өзі дастан» роман-эссесінде былай деп жазады: «9 мамыр – Жеңіс күні есіктің алдына бір жеңіл ақ машина тұмсығын тіреп, тоқтай қалды. Терезеден «бұл кім екен» деп қарап ем, екі жігіт түсті. Біреуі машинаның арт жағын ашып, ішінен қағаз қапшықтағы затты көтеріп, біздің үйге беттеді. Есікке қоңырау берілді. Ашсам, жаңағы екі жігіт арқаланып кіріп келді. Біреуі – әдеміше бидай өңді, орта бойлы, шашы бұйра жігіт, қасындағысы жас, орта бой­лы, аққұбалау жігіт.

– Сәлеметсіз бе? – деді қапшықты дәліздің бұрышына қойып жатып, менімен қол алысып амандасты.

– Сәлемет, кәне, төрлетіңдер, – деп Баукең отырған бөлмеге бастадым. Бұйра шаш әдемі жігіт креслода шалқайып темекі тартып отырған Баукеңе екі қолын беріп сәлемдесті. Қасындағы жігіт те солай істеді…

Әңгіме жеңіс күнімен басталып, елдегі жағдай, сыртқы саясатқа ауысты...

Бәукең:

– Сайлау, сен елшілік адамысың. Бұл дегенің үлкен адамгершілік ғылымы. Қоғамдық-саяси құрылысы басқа елдің тілін, саясатын, дәстүрін игеріп, екі елдің арасындағы қайшылықты жымдастырып, олардың ынтымағын сақтау – парасатты ірі дипломаттардың ғана қолынан келетін «кілтипаны» көп іс. Бүгінгі таңдағы халықаралық жағдай да қылдың үстінде тұрғандай. Сондықтан елші жолдастарға аз жүк артылып тұрған жоқ. Олар барлық мәселелерді шешуге борышты. Мұндай жағдайда үлкен азамат бола білу керек. Қарағым, Сайлау, мен дипломат емеспін, бірақ саясаттан хабарым бар шалмын. Ең әрісі үйіңде де мынау сияқты азулы әйелге дипломат болмасаң, көжесін тоңқылдап әкеп береді, – деп көзін төңкере маған жымия қарап алды да ойын жалғастырды. – Сайлау, дипломат болу үшін, біріншіден, табиғи ақыл, екіншіден, сол мамандыққа икемділік, қабілет болу керек. Және барған ел мен өз еліңнің тарихын, әлеуметтік жағдайларын жақсы білу шарт. Үкімет пен партия кім көрінгенді елшілікке жібере бермейді. Саралап жібереді. Елшілік өте жауапты жұмыс. Так что, дипломатия – это большая наука.

Сайлау үнсіз тыңдады. Баукең екеуі ұзақ сөйлесті…».

Жеңіс күні Баукеңмен ұзақ әңгімелесіп отырғанда, ағамызды мерекесімен құттықтап келген жалғыз жеңгеміздің сіңлісі бол­ды. Тағы бір орыс кісі телефонмен құттықтады, ол майдандас екенін әңгімесінен түсіндім. Соғыс майдангері, батырды Жеңіс күнімен Жазушылар одағы тарапынан, қала немесе үкімет басшылығынан ресми құттықтамағандары мені таң қалдырды. Оның себебі, Момышұлы Республика билігінің ұлт саясаты­на, Жазушылар одағының істеріне ашық сын айтатын. Тіпті, тағы «ұлтшыл» атанды, Қазақстан Коммунистік партиясының комитетіне шақырылып, Баукеңді айыптап, жауап алуға дейін барған кездер болды.

Ал бүгінде тәуелсіздіктің арқасында жұртшылық, үкімет Баукеңнің Ұлы Отан соғысындағы батырлығын, қазақ халқының на­мысы үшін күрескенін ескеріп, Астана мен Алматы қалаларында ескерткіш орнатылды. Жыл сайын Жеңіс күні батырдың ескерткішінің алдында соғыс және еңбек ардагерлері, әскери гарнизон сарбаздары, қоғамдық ұйымның басшылары, жас ұрпақтар келіп, оның және қазақ жауынгерлерінің ерліктерін еске алып, тағзым етеді.

Кейін Жазушылар одағы Гоголь мен Қонаев (бұрынғы Карл Маркс) көшелерінің қиылысынан салынған үйден үш бөлмелі жаңа пәтер берді. Осында қоныстанған соң да ағамен жиі кездесіп, әңгімелесіп тұрдық.

Кейде батыр ағамызбен бірге болған, үйінен дәм татқан кездерді еске түсіріп, өткен күндер елесін бір жаңғыртып ала­мын. Бірде Африканың Конгодағы совет елшілігінен Алматыға демалысқа келген кезім еді. Ол кісіге сәлем беруге үйіне бардым. Амандық сұрасқаннан кейін Баукең:

– Келін қайда? – деп сұрады.

– Үйде қалды.

– Келіншегіңді тастап, неге жалғыз жүресің, мен келіннің қолынан шай ішкен адаммын, шақыр, келіп біздің үйден дәм тат­сын, – деді.

Мен телефон соғып, жұбайымды шақырдым.

Баукеңнің бір қасиеті адамға сұрақты турасынан қоятын. Есіктен кіріп келген Хадишаға:

– Мына бұйра шаш арабқа қалай тиіп жүрсің, қазақтың аппақ, әп-әдемі келіншегісің, – деді одан әрі төне қарап.

– Енді махаббат болған соң үйлендік, бір-бірімізді жақсы көрдік, – деп Хадиша қысыла жауап берді.

– Ә, махаббат болса онда жөн екен, кел отыр, – деп кең пейілдік танытты. Дастархан басында әңгіме айтып, тамақ ішкен соң, біз қайтуға ыңғайландық. Сол кезде Баукең жеңгемізге:

– Әй, Жәмила! Мына келін үйімізге бірінші рет келіп отыр. Қуыс үйден құр шықпа деген. Қазақтың дәстүрімен көйлек кигіз, орамал тарт, – деді. Алайда жеңгеміз ол кісіге қарай берді де, жақындап келіп:

– Бауке, кеше бір кісілер келіп, үйдегі соңғы орамалды беріп жіберіп едім, ештеңе қалмапты, – деді. Ағамыз сасқан жоқ.

– Жоқ деп айтпа, – деді. Расында Баукең қолында артық дүние жимайтын. Келген кісілерге барын үлестіріп жіберетін. Үй іші жиһаздары да қарапайым. Содан батыр ағам киіп отырған шапа­нын шешті де:

– Мә, ал! Мынау кигізгенім болсын, – деп жұбайымның үстіне жапты.

Хадиша не аларын, не алмасын білмей маған бір, Баукеңе бір қарайды. Оның мына тұрысын көрген Баукең:

– Не, шалдың иісі бар шапан деп тұрсың ба? Мен шал болсам да қасиетті шалмын, ал, – деді қабағы түйіліп.

Момышұлындай батырдың киімі біз үшін үлкен тәбәрік қой, кейінге мұра. Алайда киіп отырған шапанын алып кету, ыңғайсыз болатынын ойлап:

– Бауке, шын пейіліңізбен сый арнап жатқаныңызға рах­мет! Шапаныңызды көзіміздей көріп жүрер едік. Бірақ қазақта біреудің астындағы атынан түсіріп, үстіндегі киімін шешіп ал­майды. Сол үшін келініңіз шапаныңызды алудан ұялып тұр, Ха­диша бұрын да үйлеріңізге келіп, көйлек, орамалын киіп жүр ғой, ал бұл жолғы кәдесін келесі жолы алсын, – дедім. Батырдың көңілі сонда ғана жайланып, шапанды қайта алып киді де:

– «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген осы. Дипломат! Жөн айттың, – деді гүрілдеген зор дауысымен.

Кейін Хадиша осы жағдайды еске алғанда «сол кезде атаның шапанын алып кету керек еді, тәбәрік етіп үйге іліп қояр едік», – дейді. Батыр қайтыс болған соң біраз дүниесі жан-жаққа шашы­лып кетті. Алматы қаласында Совет Одағының Батыры, халық қаһарманы тұрған пәтерлердің біреуі де «мұражай үй» ретінде сақталмағаны өкінішті.

Мен соңғы рет Баукеңмен шетелге дипломатиялық қызметке кетерде жолықтым. Соңында Баукең маған «елге аман-есен орал, қалған мәселелерді сонда талқылаймыз» деп қолымды қысып қоштасты. Бұл біздің ақырғы кездесуіміз екенін сезгендей.

Мен іссапарда жүргенде, 1982 жылы 10 маусымда аға дүние салды. Елге оралған соң, үйіне барып жеңгеміз Жәмилаға көңіл айтқан соң, бірге Кеңсай зиратына бардық. Салынған ескерткіш-мүсін батырдың келбетін дәл бейнелепті. Зират басына Құран оқып, дұға бағыштадым. Сол кезде маған біраз ойлар келді: фәни дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ, Баукеңнің көп ойлары, мұңдары бар еді. Бұл дүниеде бірде-бір адам, ұлық болсын, кішік болсын барлық ой-жоспарларын атқарып кеткен жоқ.

Қайтарда жол апатына ұшырай жаздадық. Күзгі мезгіл еді, тауда қар бар екен. Кеңсайға баратын тау жолы үлкен еңіс, бұрылыстары көп. «Волга» автомобилімен төмен түсіп келе жатқанда, еңіс жолдың ортасындағы мұздан көлік тайғанап, ылдиға зырғи жөнелді. Тежегішті бассам, арты бұрылып, ойнақтап кетеді. Жан-жағымызда зираттардың бетон қоршаулары. Қатты екпінмен барып соғылса, көліктің быт-шыты шығып, ішіндегі адамдар опат болуы мүмкін. Өлім мен өмір арпалысқан мезет­те басыңа түрлі ойлар келеді екен. «Қасиетті адамның басына барған жолымыз осындай ауыр, қатерлі болғаны ма?» деп ала­сапыран күй кештім. Абырой болғанда көлік жол жиегіндегі қара жерге барып, әрең тоқтады. Сөйтіп, жол апатынан аман қалдық. Сонда Жәмила жеңгей Баукеңнің аруағы қорғап, аман қалғанымызға шүкірлік етті.

Араға екі жыл салып жеңгеміз де о дүниелік болды. Елге қайтып оралғанда, Алматыдағы Баукеңнің тұрған және соңғы сапарға шығарып салған шаңырағына бардым. Мақсатым – қыздарына көңіл айтып, жеңгемізге дұға бағыштау болатын. Сөйтсем, онда бір жекеменшік сауда фирмасы жайғасып алған екен. Менің «осы үйдің иелері, мүлкі қайда?» деген сұрағыма бизнесмен орыс: «А кто такой Момышулы? Мы ничего не знаем. Это наш офис» деп шығарып салды.

Болашақ ұрпаққа, жастарға ұлттық сана-сезім, патриоттық тәрбие беру үшін Алматы қаласында Б. Момышұлының соңғы тұрған үйінде оның пәтер-мұражайын ашқан игі іс болар еді. Бұл мәселе бірнеше рет ресми түрде Алматы әкімдігінде қаралып, келісілген болатын, бірақ іске асырылмады.

Бауыржанның өмірі бірқалыпты болмады, жетімдікте өсіп, көп қиыншылық көрді. Соғыстан кейін ол кісінің батырлығын Совет үкіметі Қорғаныс министрлігі ұмытты, шындықты айтып, қайсарлық білдірген тұстарында билік оған қысым жасады. Оған айғақ, соғыс кезіндегі бірнеше рет Совет Одағының Батыры атағына берген ұсынысты Кремльдің бекітпегендігі. Әскерден отставкаға шығып, елім деп келгенде республика басшылары оны шеттетіп жүрді. Соның бәрі ағаның мінезіне, іс-әрекетіне, денсаулығына қатты әсер етті.

Бұл тарихи қателікті Қазақстанның басшысы Н. Назарбаевтың ұсынысымен Мәскеу ақыры мойындап, 1990 жылғы 12 желтоқсанда Бауыржан Момышұлына Совет Одағының Батыры атағы берілді. Президентіміздің бұл ісі Момышұлына ғана жасаған шарапаты емес, Ұлы Отан соғысының жеңісіне зор үлес қосқан бүкіл қазақ халқының ерлігі мен еңбегін совет еліне көрсете білгені. Өкінішке қарай, бұрынғы Қазақстанды басқарған басшылар ұлт мүддесін қорғаған тұлғаларды бағалай білмеді. Баукең ешкімнен именбей, биліктен қызмет-атақ сұрамай, ақиқатты, шындықты бәрінен жоғары бағалағанын осы­дан білеміз.

Автор: Коммунистік совет заманында қазақы дәстүрлі аты-жөнін сақтап қалған біз білетін адамдардың саны аз болды. Сонда бұл тұлғалар әу баста ұлттық қасиетті бойларына сіңіріп өскен. Мемлекет шығарған паспорт-метрика алу тәртібіне қарсы шығып, ұлттық болмысты сақтап қалу жолында, аты-жөнін жазуды қалдыруға күрескендер еді. Олар совет тәртібіне көнбегендерге қысым жасайтынын білді. Сонда да тайсалмады. Бүгінде егемендігіміз қолымызға тигенде дәстүрлі аты-жөнімізді алуға болады. Ал бұрын орыстарға басымыз иіліп тұрған заман­да қазақша аты-жөнін сақтап қалу, ерлікпен пара-пар. Осы баста­маны ту етіп көтерген, қолдаған, миллиондаған патриоттарымыз бұрынғы мемлекеттігімізді қайта құруға жол ашып берді.

Сайлау Батырша-ұлы: Тарихқа оралсақ, республикалық архивте, ғылыми кітапханаларда және басқа да қорларда араб әліппесімен жазылған хан, сұлтан, би мен төрелер, ақын, шайыр, жазушы тағы басқа авторлардың қолжазбалары осы күнге дейін оқылмай шаң басып жатыр. Біз бұрын пайдаланып жүрген араб үлгісіндегі әліппенің Мәскеу әмірімен латын әліпбиі, кейін орыс алфавитіне аудары­луына байланысты, бүгінгі ұрпақ ескі қолжазбаларды оқи алмай қалды. Осы олқылықты қолға алар уақыт келді, егемен ел ретінде тарихымызды мұқият қайта зерттеуіміз керек.

Біз көбінде Б. Момышұлының өмірде де, соғыста да еткен ерлігін, жазушылық қабілетін, ол кісінің шыншылдығын, әділеттілігін айтамыз. Бұл дұрыс. Сонымен қатар, қазақ халқының аты-жөнін жазудағы дәстүрлі ерекшелігін сақтап қалу үлгісін, ұлттық сана-сезімін көтерудегі еңбегін атап өту керек. Мәскеудегі әміршіл-әкімшіл билік бір ұрпақтың өмірінде қазақ халқының әліппесін үш рет өзгертті. Сонымен қатар, қазақтардың ежелден келе жатқан ата-тек атауларын жойып, барлық Орта Азия респу­бликалары халықтарының фамилиясына «-ов, -ев, -ова, -ева», отчествосы етіп «-ич, -евич, -евна, -овна» жұрнақтарын күштеп жалғап берді. 60-жылдардан бастап жаппай орыстандыру саясаты жүрді және біздің билік басында отырғандар, біраз интеллиген­ция қазақ халқының орнына «совет халқы» болады деген саясатқа сенді. Халықтың болашағы бұлыңғыр еді. Сол уақытта Баукең оқыған-тоқығаны терең болғандықтан, қазақ халқының дәстүрлі аты-жөнін сақтап қалып, артынан еріп келе жатқан қандас бауырларына осы үрдісті жалғастыруына жол ашып берді. Сөйтіп, орыстандыру саясатына қарсы шықты, дәстүрлі аты-жөнін және әкесінің атынан құрылатын атауын сақтап қалды. Дәстүрлі аты-жөнін сақтап қалу әрекеті үшін қудалауға түсіп, қанша қысым көрсе де, қазақ екенін көрсетін «ұлы» деген тіркестен айныған емес. Соғыстан кейінгі жастар Момышұлының ерлігін естіп, оқып өсті. Әкем менің фамилиямды 1948 жылы мектепке бірінші сыныпқа барғанда «Батырша-ұлы» деп жаздыртқан. Міне, осы­дан бастап менде ұлттық намыс пайда болды деуге болады, не істесем де өзімді Баукеңмен салыстырып жүрдім. Бауыржан ағамыздан кейін белгілі жазушы Балғабек Қыдырбекұлы, са­тирик, ақын Шона Смаханұлы дәстүрлі қазақша аты-жөндерін алды.

Автор: Ұлт дәстүрін сақтаймын дегендерге Совет билігі, КПСС, КГБ «ұлтшыл» деген «атақ» берді. Сол қиын заманда ұлтжанды бола тұрып, Сәкеңнің қалай «ұлтшылдар» тізіміне ілінбей, аман қалғаны көп адамға осы күнге дейін ой салады.

Менің түсінгенім, ол білімімен, дипломатиялық қабілетімен, керек десеңіз айламен, Конституцияны, заңдарды дұрыс пай­даланып, мемлекеттік қызметте жүріп-ақ өз ұлтына қызмет ете білді.

Сайлау Батырша-ұлы: 1986 жылғы Қазақстандағы желтоқсан көтерілісінен кейін барлық ұлтжанды азаматтар ашық түрде репрессияға түсті. Егер де Бауыржан ағамыз тірі болып, совет әскерінің 1986 жылғы желтоқсанда Алматыда және басқа қалаларда бейбіт шеруге қатысқан жастарды жаныштап, қорлағанын көргенде не істер еді? Қайтадан 1941 жыл секілді Алматыда 1986 жылы халық жасақтарын жинар ма еді деп ойлаймын.

Заман өзгерді, Қазақстан басқа республикалармен қатар егемендігін алды, біз әлемдік қауымдастыққа дербес мемлекет ретінде кірдік. Міне, бүгінде тәуелсіздіктің арқасында, әр онын­шы қазақ «ұлы», «қызы» деп фамилияларын өзгертті. Енді осы қарқынымызды тоқтатпай, әрі қарай елдігімізді нығайтсақ, сон­да ғана ата-бабаларымыздың өсиетін орындап, бостандық тура­лы армандарын іске асыра аламыз.

Б. Момышұлы интернационалистік, халықтар достығы бағытын ұстанғанымен, қазақ десе, ішкен асын жерге қоятын, ұлттың намысшыл тұлғасы бола білді. Жерлестеріміздің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы көрсеткен ерліктерін, тілді, дәстүрді сақтау керектігін қоғамға жеткізе отырып, болашақ ұрпаққа тәрбие берді. Кеңес үкіметінің билігі шарықтап, ұлтсыздандыру саясаты жүріп тұрған кезінде ана тілін қорғай білуі де оның ру­хани қайсарлығын танытты. Мәселен, ол 1944 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы М. Әбдіхалықовқа майданда жүріп хат жолдайды. Онда батыр атамыз: «Тілсізді ай­уан дейді. Тілі кедей елді мәдениетсіз, анайы, надан халық деп есептейді. Ана тілінен бірнеше жағдайлар себеп болып ажыраған ел «азғын» ел атанып, кейіннен аты өшіп, ұрпақтары бұршақша бытырап, қардай еріп, құмға сіңген судай дерексіз жоғалып кеткенін тарихтан кездестіруге болады. Ондай сормаңдай ел, бұрынғы кезде аз болмағандығына тарихта дәлелдер аз емес», – деп қынжылады.

Сұрапыл ауыр соғыс жылдары 1944 жылғы 19 қаңтарда Б. Момышұлы Алматыға келіп, қазақтың көрнекті жазушылары мен интеллигенция өкілдері (академиктер Қ. Сәтбаев, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ә. Марғұлан, кинорежиссер В.П. Строева, Қазақ ССР Ішкі істер халық комиссариатының, Мемлекеттік архив қызметкерлері) алдында «Психология войны» деген тақырыпта лекция оқиды. Онда Германиямен шайқас туралы айта келіп, елді қалай қорғау керек, қазақ халқының болашағы, оның тілі, мәдениетін дамыту туралы ойлар айтылады. Оқыған лекциясы­нан үзінді келтірейін:

«Необходимо отметить один из важных элементов патриотиз­ма, неибежно сопутствующий ему. Это национальный дух или национальный патриотизм – любовь к своему народу, с которым личность связана кровным единством и общностью происхожде­ния, территорией, языком, бытом, нравами, психологическими и этнографическими особенностями…»

«Я считаю преступлением, когда бойцы на фронте не полу­чают самого элементарного, скудного пайка из арсенала родного языка, родной литератры, родной музыки…»

«Некоторые не умеют ездить верхом, боятся лошади – про­сто стыдно называть таких казахами; лепечут какую-то ерунду по-казахски, похожую на неотработанный язык какого-то ино­странца…».

«Приезжает (в армию) новое пополнение. Говоришь ему по-русски – он не понимает, говоришь по-казахски – тоже не пони­мает, в нем нет ни казахского, ни русского».

Баукеңнің басқа да ұлттық идеяларын, асыл сөздерін оның «Психология войны» атты кітабынан толық оқи аласыңдар.

Автор: Сәкеңнің ана тілі, ұлт, мәдениет мәселесі туралы ой-пікірлері мен істері Баукеңмен жалғасып жатыр. Екі азаматтың сабақтастығы туралы Сәкеңнің еңбектерінен үзінді келтірейік. 2005 жылы «Central Asia Monitor» газетінде басылған «Опас­ный космополитизм Олжаса Сулейменова, или ответ на интер­вью еженедельнику «АиФ» С. Батырша-ұлы былай деп жазады:

«Как пишет О. Сулейменов, может быть, действительно рус­ский язык оказался в униженном положении в Казахстане и нуж­но нам вместе выправлять положение, ведь великим русским языком пользуется не только поэт, но и миллионы казахов, более того мы не в меньшей степени благодарны этому языку, чем он? Ничего подобного. Все заседания правительства, министерств и ведомств, республиканские совещания проходят на русском языке. Заседания Парламента в основном проходят на официаль­ном русском, изредко на государственном казахском. Более 80% СМИ, 90% объема передач на телевидении и радио выходят на русском языке. Таким образом, доля применения государствен­ного языка в госучреждениях и средствах массовой информа­ции очень низка. После 13 лет независимости около 400 тысяч казахских детей не посещают национальные школы, а учатся в русских школах, около 2 млн казахов не читают и не пишут на го­сударственном языке. К сожалению, после окончания этих школ наши дети не умеют писать на родном языке. В то же время в республике не найдете ни одного русского, который бы не знал свой родной язык. Все они учатся в русских школах. О каком унижении русского языка в Казахстане говорит поэт? Так какой же язык «унижается» (термин О. Сулейменова) у нас? В интер­вью поэт-дипломат громогласно заявляет: «Я и сейчас остаюсь патриотом каждого униженного народа… русские стали нацме­нами в новых независимых государствах». Похвально. Так пусть он поможет соотечественникам казахам-нацменам в России, ко­торые не имеют национальных школ, театров, не получают газет, журналов и книг, не смотрят телепередачи на казахском языке. Как Постоянный представитель РК при ЮНЕСКО, О. Сулейме­нов обязан пропагандировать государственный казахский язык, культуру и литературу во всем мире, тем более в странах СНГ. Напрашивается вопрос, как может справляться со своими слу­жебными обязанностями дипломат, не знающий государственно­го языка своей страны?

Все бывшие союзные республики, ныне суверенные государ­ства дали для изучения местному языку от 3 до 5 лет. Мы дали 20 лет. А теперь получаем атаку на основы Конституции. Ниги­листы во главе с Сулейменовым требуют объявить бессрочное изучение казахского. Чего здесь играть в прятки, они хотели бы сохранить второсортное положение государственного языка. Все остальное – от лукавого. В отличие от политика-поэта Глава государства Н. Назарбаев в Послании народу открыто говорит: «Мы должны приложить все усилия для дальнейшего развития одного из главных факторов единения всех казахстанцев – госу­дарственного языка нашей страны, родного для всех казахов».

Интересно, что О. Сулейменов, как искусный полемик, занял удобную позицию защитника русского языка. Только остается вопрос от кого защищать? Насколько нам известно, в Казахстане, да и в других странах нет таких сил, которые выступали бы про­тив русского языка, как части общечеловеческой культуры. Го­ворим открыто во весь голос, что мы тоже любим русский язык, литературу, но в отличие от него мы также любим и отдаем все силы на развитие родного казахского. Нам совсем непонятен его пафос, доходящий чуть ли не до героизма, когда он пишет, «они (казахи) напрочь отказывают в патриотизме мне. Только потому, что я люблю русский язык, литературу. Есть произведения про­сто малограмотных авторов, есть подписанные докторами фило­логии». Оказывается, он единственный человек в республике, любящий русский язык и литературу. Неужели таким дешевым приемом он еще хочет удержать свой пошатнувшийся авторитет. Знай всю правду сами русские и другие, что человек, претендую­щий на роль защитника другого языка, не интересуется судьбой родного языка, они бы отвергли этого самодеятельного бесплат­ного адвоката».

С. Батырша-ұлы Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болды және Астана қалалық «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы ретінде мемлекеттік тілді да­мытуда біршама тың жұмыстар атқарып келеді. Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда тілді енгізуге және қазақ мектептерін ашуға атсалысты. М. Шаханов бастаған «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» орындалмағаны туралы дабыл қақты. Содан үкімет 2011-2020 жылдарға арналған жаңа бағдарлама қабылдады. Қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар бүгінде бұл бағдарламаны үкімет жүзеге асыр­май жатқанын ашық айтып отыр. Астана қаласындағы белгілі тұлғалар және қоғамдық ұйым басшылары тіл үйренуді (1989 жылдан 2020-ға дейін) 32 жылға созбай тездетуді үкіметтен та­лап етуде. Егер тіл мәселесі сөз жүзінде қала берсе, 2020 жылы да үкімет, парламент, мемлекеттік органдар қазақша сөйлемейді.

2015 жылы сәуір айында өткен дөңгелек үстелде Астана қаласы «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы: «Мәңгілік Ел» болу үшін, ең алдымен, мәңгілік қазақ ұлты болу керек. Соған байланысты қолданып жүрген Конституцияға «қазақ жері, қазақ ұлты, қазақ мемлекеті» сөздерін қайта кіргізу керек», – дейді. Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Н. Назарбаев жылдық Жолдауында «қазақ тілін толық игеріп болғанда, біз қайта қазақ мемлекеті боламыз», – деді. Сондықтан, тіл мерейінің, ел абыройының өсуі қоғамдық ұйымдардың, әрқайсысымыздың күресімізге, ісімізге байланысты. Ана тіліміз шын мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанша күресті тоқтатпаймыз, – деген ұсынысын конференцияға қатысушылар бірауыздан қолдады.

Елдігіміздің тірегі – қазақ Жері, ана Тілі және ислам Діні. Біздің кейіпкеріміз үшін осы үш ұғымнан қасиетті ешнәрсе жоқ. Сондықтан да ол, Баукең сынды қазақтың жеріне көзін алар­тып, тілін тұншықтыруға, дініне сынай қарайтындарға қарсы күрестің қашанда алдыңғы шебінен табылып жүрген азамат. Ол «Қазақстан Ресеймен бірігіп конфедерация құруы керек» неме­се «қазақ тілімен қатар елімізде орыс тілін де мемлекеттік тіл ретінде енгізу керек» дегендерге тойтарыс беріп жүр. «Казахстан­ская нация» деген жасанды ұлтты өмірге келтірумен әлектеніп жүрген ақын О. Сүлейменов, Е. Ертісбаев, Н. Ерімбетовке және басқаларға қарсы баспасөз бетінде үнемі жауап беріп отыратыны баршаға мәлім.

Өзі ана тілін, Конституцияда бекітілген мемелекеттік тілді меңгермеген Олжасқа биыл Еңбек Ері атағы берілгені туралы ойыңызды білгіміз келеді.

Сайлау Батырша-ұлы: Сіздің сөзіңізге қосарым, 1994 жылы бүкіл қазақ халқы мемлекеттігін қайта қалпына келтіріп, тәуелсіздікті тойлап жатқанда О. Сүлейменовтің «Казахстанская правда» газетінінің корреспонденті «Как вы рассматриваете распад Советского Со­юза?» деген сұрағына: «Распад Советского Союза – это нонсенс. Мы потеряли великую родину. Но слава богу, мы в республике сохранили русский язык и культуру, в настоящее время идет объ­единение торгово-экономических связей. А там политическое объединение придет само собой» – деп ашық айтқан. 2015 жылы Еуразия ұлттық университетінде өткен халықаралық конферен­цияда ол «Создали «казахстанский народ», теперь мы на пути образования «казахстанской нации» – деді. Сонда қазақ халқы, қазақ ұлты қайда? Осыдан кейін оның қандай «еңбек ері» екенін бағалап, өздеріңіз қорытынды шығара беріңіздер.

Өкінішке қарай, «Соғыс психологиясы» кітабындағы айтылған қасірет бүгінде жалғасып келеді. Осы кітапты ұлтына қарамастан барлық студенттер, жастар оқып шықса, олардың патриоттық тәрбиесі, мәдениеті, ұлттық сана-сезімі көтерілер еді. Тәуелсіз елге бұл ауадай қажет. Осы кітапты оқып отырып, Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан шақта да, тіліміздің мемлекеттік тіл дәрежесіне толық қол жеткізе алмай жүргеніне қынжыласың.

Бауыржанның істеген ісі мен айтып кеткен нақылдары, ол кісі көтеріп кеткен шынайы әрі өзекті ұлттық мәселелер барлығымызды ойландырады. Конституцияда бекітілген мемлекеттік қазақ тілін іс жүзінде пайдалану үкіметке, мемлекеттік қызметкерлер, интеллигенция, жазушы, ғалым, жастарға парыз деп есептеймін. Баукең адамгершілік, азаматтық және отанды сүю сияқты асыл қасиеттерді нақты іспен көрсетті және тамаша кітаптар жазды.

 

Автор: Сәкеңнің Баукеңе деген құрметі, көлдей көңілі ешқашан өзгерген емес. Ол кісі қайтыс болған соң кейіпкеріміз іссапармен Мәскеу қаласына барады. Сол кезде Мәскеу көркем академиялық драма театрында (МХАТ) «Волоколамское шос­се» спектаклі жүріп жатқан. Онда Момышұлы басқарған батальонның соғыстағы ерлігі арқау етілген. Сол спектакль­ге мәскеулік Ахмет есімді татар жолдасын (бұрын Конгодағы елшілікте бірге жұмыс істеген) ертіп барады. Әртістер жақсы өнер көрсетіп, қойылым жанды, шынайы өтеді. Соғыс алаңы дәл бейнеленгені сондай, сахнадағы атыстың түтіні залға дейін кіріп кеткен. Үзіліс кезінде дипломат батыр ролін сомдаған белгілі ак­тер Борис Щербаковпен кезігіп, өзін таныстырады. Актердің ойынына риза болғанын, өзінің жерлесі және ағасы Бауыржанның рөлін жақсы сомдағанына разылығын білдіреді және труппадағы әртістерді спектакльден кейін ресторанға шақырады. Б. Щерба­ков келісіп, қойылым аяқталған соң, төрт әртіспен бірге келеді. Түнімен жұмыс істейтін Мәскеу Театр қоғамының ресторанына барып, оларды жақсылап күтеді. Дипломат пен актердің ара­сында салихалы әңгіме өрбиді. Сәкеңнің айтуынша, спектакльді Б. Щербаков Алматыға барып, Бауыржанның өзіне де көрсетпекші болған. Алайда атамыз қайтыс болып, театрдың жолы түспепті. Актер спектакльді Қазақстанда көзі тірісінде көрсеткенде жақсы болар еді, үлкен резонанс туар еді деген ойын жеткізеді. Актердің әйелім іздеп жатыр деп алаңдап отырғанын сезіп, пакетке толтырып коньяк, шоколад, жеміс-жидек салып жібереді. Бұған қуанған орыс актері «енді әйелімнің көңілі жай­ланатын болды, әйтпесе мені қыдырып жүр деп ойлауы мүмкін еді», – деп қуанды. Ағамыз оларды таксимен үйлеріне жеткізіп салады.

Сәкеңнің театр әртістерін ресторанда қонақ етіп күткенін Ах­мет досы түсінбеді. Ол осынша ақша шығындаудың қажеті қанша дейді. Алайда кейіпкеріміздің ойы басқа болатын. Мәскеуліктерге батырымызды насихаттап, спектакль арқылы оның даңқын асырып жатқан әртістерге, бейтаныс қазақ көрермені құрмет та­нытып, өнерін бағалап жатқаны, біз үшін үлкен абырой. Қазақ халқы елеулі ұлдарын қадірлеп, ұмытпайды екен деген пікір қалыптастыру еді. Өзінің спектакльді көріп рухтанғанын айтып, дипломат актер Б. Щербаковпен достасып кетеді.

Б. Момышұлы мен С. Батырша-ұлының бойында ұқсастықтар көп. Екеуі де балалық шақтарында қазақша сөйлеп, алғаш орыс мектебіне барғанда орыс тілін түсінбегендері, кейін орысшаны өте жетік меңгереді. Сонымен қоса, екеуі де Қазақстанның сыр­тында жүріп, ана тілін өз беттерімен толық игеріп алады. Қазақ тілінің басына қиын жағдай туғанда, олар бар жан-тәнімен тіл жа­нашыры болды. Оқырмандарда сұрақ болуы мүмкін, бұл қалай, ата-аналары балаларын орыс мектебіне жетектеп апарғандары? Оның себебі, олардың аталары ана тілін менсінбегендіктен емес, Совет дәуірінде барлығы орысшаланып, 20-30-жылдарда атала­ры, әкелері қазақ тілін пайдалана алмай көп қиындықтар көрді. Сондықтан әкелері балаларын келешекте қиындық көрмесін деп орыс мектебіне беруге мәжбүр болған. Ал үйде тек ана тілінде сөйлескен.

Ең бастысы, салт-дәстүрдің, тілдің тағдыры, жастардың болашағы, арман-мақсаты, ұлт мүддесі үшін бойындағы бар қажыр-қайратын аямайтын, асқақ рухтары үндес кісілер еді. Менің ойымша, кемшілікті, шындықты жасырмай бетке айтатын тура мінезі, айбарлы болмыс-бітімі, сұсты түр-келбеті де ұқсас секілді.

Қос тұлғаның қызмет еткен саласы әртүрлі болғанымен, ұлт мұраты жолындағы кешкен тағдырлары бір. Себебі биліктен қудалау көру, ұлтшыл аты-жөндері үшін кедергіге жолығу, атақ-мәртебеден қағылу, қызметтен шеттетілу қос қайраткердің де ба­сында болған жағдайлар. Ағаның көзін көріп, жанында болған, та­лай өнегелі әңгімесін естіп, ізін жалғастырған Батырша-ұлының Момышұлына ұқсас аты-жөн үлгісін алуы да кездейсоқтық емес, тағдырдың қалауымен болған десек қателеспейміз.

Сайлау Батырша-ұлы: Сіз мені тұлға деп жатырсыз, ал шын мәнінде нағыз тұлға – Баукең. Мен Алаш арыстары, Бауыржан секілді халқына белгілі күрескерлерді өзіме үлгі тұтып, олардан үйреніп өскен азаматпын. Уақытында Баукең «Москва үшін шайқас», «За нами Москва», «Ұшқан ұя» еңбектерін жазғанда жазушы құрдастары «Сіз қазақ әдебиетінің генералысыз» деп мақтайды. Сонда ол «жоқ, әдебиеттің генералдары Мұхтар, Сәбит, Ғабит және басқа жазушылар, ал мен әскерде полковник болдым, әдебиетте де полковникпін» – депті. Бұл білген адамға үлкен өнеге, басқалар болса «менен артық, менен басқа әскери жазушы жоқ!» дер еді.

Автор: Әскери адам мен дипломатты қалай салыстыруға болады деген ой тууы мүмкін. Ия, олардың мамандығы hәм кәсібі де бөлек. Бірі сұрапыл соғыс жылдарында қолына қару алып, Отанын қорғаса, кейін әскери жазушы болды, ал екінші кейіпкеріміз мемлекетіміздің тәуелсіздігі жолында ашық күресіп, тіл, мәдениет, ұлтты сақтап қалу үшін, бүгінде зиялы қауымның қатарында жүр. Атамыз Қазақстан Совет Одағының құрамында болғанда өмір сүрді, ал ағамыз Совет үкіметі кезінде және тәуелсіз мемлекетті құру және нығайту кезеңінде жұмыс атқарды. Еңбек еткен заманы бөлек болғанымен, өмірлерінің біраз уақыттары бірге болды. Сондықтан біз екеуін де тоғыстырған мақсаты отанның бостандығы жолындағы күрестері деп толық айта аламыз.

Сайлау Батырша-ұлы: Өмір бойы әділеттік, шындық үшін күрескен, ең соңында тоталитарлық системадан соққы жеген ағамыз, жақын туыстары­на: «Арыстандай ақырған мен жетпеген шындыққа, сендер жете алмайсыңдар. Тыныш қана жүре беріңдер. Бұл қу заманда жу­саннан аласа, бетегеден биік болу керек. Аман болу үшін судың ағысы қалай ақса, солай аға беріңдер» – деп айтып кеткен екен. Өмір бойы заманның теріскей тұсымен күресіп өткен Баукеңнің осы сөздерін естіп, Омар Хайямның өлеңдерін есіме түсірдім.

Кто жизнью бит, тот большего добьется.

Пуд соли съевший выше ценит мед.

Кто слезы лил, тот искренней смеется.

Кто умирал, тот знает, что живет!

Не делай зла – вернется бумерангом,

Не плюй в колодец – будешь воду пить,

Не оскорбляй того, кто ниже рангом,

А вдруг придется что-нибудь просить.

Не предавай друзей, их не заменишь,

И не теряй любимых – не вернешь,

Не лги себе – со временем проверишь,

Что этой ложью сам себя ты предаешь.

Ал мен туралы Жәмила жеңгемізге: «қайсар мінезді, өзіндік пікірі бар Сайлаудың болашақта мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі қиын болады, оның ұлтшылдығы басына шоқпар болып тиеді», – деп айтыпты. Баукеңнің бұл болжамы менің алдымнан шығып, жұмыстан талай рет қудаландым, айта берсеңіз, екі рет Сыртқы істер министрлігінен босатылдым. Ақыры, шындық жеңіп мені министрлер қайта жұмысқа алуға мәжбүр болды. Міне бүгін жетпістен асқан шағымда сізге сұхбат беріп, Сыртқы істер министрлігі ғимаратында отырмын.

Автор – Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ, журналист, жазушы

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ардагер дипломат, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР дипломатиясына еңбегі сіңген қайраткер Сайлау Батырша-ұлының 75 жылдық мерейтойы қарсаңында журналист Мұрат Алмасбекұлының «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» атты эссе-диалог жарық көрді. Оқырманға жол тартқа жаңа басылымда кейіпкердің балалық шағынан бастап, студенттік қызметтік жылдары қазақ халқының тағдырымен байланыса баяндалып, әр кезеңдегі Советтік Қазақстан және тәуелсіз Қазақстан дипломатиясының миссиясы жайындағы толық ақпараттар қамтылған. Назарларыңызға ұсынылған «Ұлттық намыс алауы: Б. Момышұлы мен С. Батырша-ұлы» атты дүние де кітаптың 322-338-беттерінен алынып берілді.