Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Қазақстандағы поляк дипломаттары. 1941-1943 жж.» конференциясы өткізіледі

29718

15.06.15

Сонымен қатар «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасының аясында құрылған деректі көрменің ашылуы өтпек. 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 1997 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында сөйлеген сөзінде: «Тоталитаризм күйретпеген және, өкінішке қарай, орны толмайтын зардаптарға ұшыратпаған бірде-бір ұлт, бірде-бір халық жоқ», – деп атап өткен болатын. Осы контексте Қазақстанға халықтардың депортациялану тарихын зерттеу өзекті. Республикамызға поляктардың депортациялануына қатысты мәселелер шеңбері бүгінгі уақытқа дейін тарих ғылымында аз зерттелген аспект, ұлттың әлеуметтік тағдырының өзгеріске ұшырау ауқымы мен көлемі әлі толық ұғынылған жоқ. 

Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында Қазақ КСР-нің аумағында КСРО-дағы Польша елшілігінің делегатурасы құрылады. Бұл аймақта делегатураларды құру қажеттілігі қалыптасып жатқан поляк дивизияларын Қазақстан мен Орта Азияға көшіру туралы шешімнің қабылдануына және олардың санының артуына байланысты туындайды. Делегатуралар еліміздің аумағындағы өзіндік алғашқы поляк дипломатиялық өкілдіктері болды. Өкілдіктер қызметінің маңыздылығы 1941 жылдың жазы мен күзінде Қазақстан аумағына түрлі жағдайларға байланысты келген поляктар санының көбеюімен де өзектіленді. Олардың негізгі бөлігі – Польшаның 1939 жылы КСРО құрамына енгізілген шығыс аумақтарынан қоныс аударушылар мен депортацияланғандар. 

Қазақ КСР-де 1941–1942 жылы Польша елшілігінің 9 делегатурасы құрылды. Олар Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Шымкент, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Семей қалаларында орналасты. 

1936-1956 жылдар аралығында сталиндік қуғын-сүргін кезінде әділетсіз сотталған поляктар (олардың ішінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстан жеріндегі дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері де бар) Қазақстан егемендік алғаннан кейін толық ақталып, реабилитацияланды. 

1992 жылы Қазақстан мен Польша арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылып, екі елдің арасындағы қазіргі заманғы достық қарым-қатынас тарихы нығая бастады. 

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазіргі Қазақстан аумағындағы поляк өкілдік-делегатурасының қызметі мен тарихи тағдырларын зерделеудің өзекті мәселелерін талқылау ұсынылады. 

Конференция жұмысы мен көрменің ашылу салтанатына шетелдік зерттеушілер: тарих ғылымдарының докторы, Краковтағы Халық ағарту комиссиясы атындағы педагогикалық университеттің оқытушысы Хуберт Худзио, Варшавадағы Ұлттық зерде институтының тарихшысы Славомир Калбарчик, сонымен қатар отандық ғалымдар: Д. М. Легкий, Н. В. Степаненко, М.Ш. Ғұбайдуллина, А.Т. Күлбаева, Л. Т. Исова, С. Н. Мамытова, мұрағат және музей қауымдастығының өкілдері қатысады. 

Көрме материалдары Краковтағы педагогикалық университеттің Депортация және қоныс аудару құжаттамасы орталығының, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Дмитрий Легкийдің, С. Бәйішев атындағы, Ақтөбе университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Надежда Степаненконың ғылыми ізденістерінің нәтижесі болатын. 

Бірегей құжаттық кешен Қазақстан мен Польша тарихындағы көптеген «ақтаңдақтарға» сәуле түсіреді және тарихшылар мен көпшілік қауымның қызығушылығын туғызады. Бұл дипломатиялық өкілдіктер жұмыстарының негізгі бағыттары мен тарихи фон қазақстандық мұрағаттардан алынған, ғылыми айналымға алғаш рет енгізілген түпнұсқа құжаттардың негізінде қайта жаңғыртылады. 

Бағдарлама: 

14.00 – 16.30 – конференция 

17.00 — көрменің ашылуы 

 «Қазақстандағы поляк дипломаттары. 1941-1943 жж.» көрмесі 2015 жылдың 19 маусымына дейін жалғасады. Астана қ., Бейбітшілік к-сі., 11. тел: 75 12 15, 75 12 85, 75 12 14 E-mail: museum _08@mail.ru

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?