«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Құдіретті Найман хандығы

12293 0
Құдіретті Найман хандығы
Найман хандығы – Қазақ тарихындағы ерекше орын алатын, орта ғасырлық, феодалдық мемлекет. Арғы тегі ғұн, сәнбей және деңлеңдерден бастау алады

Хандық территориясы батыс Моңғолия жері, Қытайдағы Алтай аймағы мен Шығыс Қазақстанның бірқанша аудандарын алып жатты. Хандыққа қарасты тайпалар кейін Қазақ халқының үлкен бір тобын құрады, Орта жүздің найман, арғын ішіндегі кейбір тайпалар осы хандықтың негізгі бұқарасы болды.

Арғы түбі,  ата тегі жайлы

Наймандардың арғы тегі ғұн, сәнбей және деңлеңдерден бастау алады. Әсілгі мекені Байқал көлінің батысындағы Саян, Алтай таулары болған. Тайпалар одағындағы тартыстар мен алмасулар арқылы тайпалық одақтың ортақ атауы үнемі өзгеріп отырды. Эрамыздан бұрынғы 72 жылдары ғұнның Тезек тәңірқұты Саян, Алтай жаққа келгені белгілі, сонан бастап ғұндардың батысқа жылжуы басталды. Ғұндардан қалған жұрттарға сәнбейлер мен деңлеңдер ие болды. Түрік қағанаты заманына келгенде осы үш ірі тайпа одағының басын телелер біріктіріп теле атанды. Көп өтпей телелерді түріктер бағындырды. Түрік қағанатының соңғы мезгілінде теле тайпалары «оғыз» атанып, теле тайпалары «тоғыз оғыз» делінді. Ұйғыр қағанаты құрылған кезде тоғыз оғыздан бөлек «сегіз оғыз» тайпалар одағы пайда болды.

Сегіз оғыздар 

Сегіз оғыздар 840-жылдары Ұйғыр қағанаты құлап, тоғыз оғыздар ауған кезде мекенінде тұрақтап қалған, негізі ата діні тәңірлік дінді берік ұстаса керек. Тегі жағынан V-VI ғасырлардағы теле тайплар бірлестігінің ұйтқысы саналады. Сегіз оғыздар туралы Мойынчор бітіктасында: 

«Доңыз жылы (747 жыл) оларды жауладым, Тай Білгі тұтықты ябғұ атады, содан кейін әкем қаған өлді. Қара халық бағынды, жеңдім.

Тұттым, онда Бүкегүкте жеттім. Кешке күн бата соғыстым, онда жеңдім. Жарықта қашып, түнде жиналды. Бүкегүкте сегіз оғыз, тоғыз татар қалмаған, екінші рет тағы күн туа соғыстым. Құлым, күңім, халықтың тәңірі жер күш берді. Онда жеңдім, жазықты атаулыны тәңірі ұстап берді. Қара халықты жоқ қылмадым, үйін, барағын, жылқысын алмадым. Енді халқым соңымнан ер дедім, қойып кеттім.

Қудым, Бұрғуда жеттім, онда жеңдім. Төртінші айдың тоғызы жаңасында соғыстым, жеңдім. Жылқысын, барымтасын, қызын, әйелін әкелдім. Бесінші айда қайта келді, сегіз оғыз, тоғыз татар қалмай келді.

Оқи отырыңыз: Найман мемлекеті және билік қызметі туралы

Селеңгіден илұн қолдан шып басына дейін шеріктер қойдым. Кұргұн сақшын шып басымен жүре келді, Селеңгіге дейін шеріктер қойды. Бесінші айдың жиырма тоғызында соғыстым, онда жеңдім» (1) дейді.

Наймандардың Батыс Моңғолия жеріне қашан табан тірегені туралы нақтылы деректер жоқ. Десе де Ресейдегі Алтайлармен Қазақ наймандарындағы ортақ ру аттарына үңілсек, ортақтықтарды байқауға болар еді. Ресей Алтайларында Шүй деген өзен бар, Қазақ наймандарында Чүйе руы бар, алтайларда шегендік, тоң, бөгіс, таз деген рулар болса, Наймандарда да шегендік, ақтаз, қызылтаз, тоң, бөгіс рулары бар. Хакастарда қызай руы болса, наймандардада қызай руы бар. Осы рулар 840 жылы Ұйғыр қағанаты құлағаннан кейінгі көште Саян, Алтайдан оңтүстікке қарай қоныс аударғанын шамалауға болады.

Демек, мұнда сегіз оғыздар Моңғұлядағы белді күштердің бірі ретінде айтылып отыр, тоғыз татар кейінгі Шыңғысхан заманындада сол тоғыз татар атымен, затымен қала берді, ал сегіз оғыз найман атанды. Найман атану себебі Х ғасырда моңғол тілдес қидандар бас көтеріп, сахараға билік жүргізе бастады, сегіз оғыздарды тілдеріне орай қиданша «найман» атаған болуы мүмкін.

Ляу тарихында 粘八葛 (жанбәгі) деп аталған, кейінгі батыс Сөбүк хан ордасының да тұрған жері дәл кейінгі наймандардың мекеніне тура келеді. 1090 жылдары несториан діні сахараға таралғанда несториан дініне бет бұрады. Кейін осы сегіз оғыздар қиданша-сегіз мәнін анықтауыш сөзбен найман атанады. Найман хандығы болып қалыптасып сахарадағы құдіретті күштердің біріне айналады.

«1175 жылы Иелүй Пұсұған билік еткен заманда, қарақытайлар мен Алтан патшалығы арасында қақтығыстар болып, жанбаг басшысы Ентес пен қаңлы басшысы Бөге отыз мың үйді бастап қарақытайлардан бет бұрып, Алтан патшалығын жақтады, сүйтіп қарақытайлардың Енисей бойындағы ықпалы әлсіреді» (2).

Бұл деректе наймандардың Ентес деген көсемі бас болып, қаңлылармен одақтасып қидандардан дербестік алғаны баяндалған, десе де бұл дерек Найман хандығы енді құрылды дегеннен дерек бермейді. Найман хандығының құрылуы 1089 жылғы татарлар одағының ыдырауымен байланысты. Сонан бастап татар хандығынан керей, найман хандықтары бөлініп шығады.

Инаныш Білге хан заманындағы Найман хандығы

«Шыңғыз хан дәуірінен бұрынырақта наймандардың патшалары Hapқиш Тайан (Нарқыш Таяң) және Анийат каан (Әният қаған) болған-тұғын. Олар қырғыздар тайпасын жеңген кезінде Әният қаған үлкен ағасы Нарқыш Таяңның алдына келмеді және оған сыйлықтар берген жоқ. Нарқыш оны (өзіне) шақыртты, содан оны басынан құшақтады. Олар бірі-бірінен ажыраған кезінде (Нарқыш Таяң): «Біздің арамызда сыйлықтар беретін ешкім жоқ сияқты, әлде мен сізді қаламаймын ба?!» – деді. Шыңғыз ханның найманмен өшпенділігіне дейін, олардың билік құрған патшасын Инанч Билга Буку хан (Иланыш білге Бөке хан) деп атайтын. Инанч (Иланыш) сөзінің мағынасы – «сенім», билга – «ұлық» (дегенді білдіретін) лақап ат.

Бөке хан ертерек заманда ұлы хан болған, ұйғырлар мен көптеген рулар оған толық құрметпен қарайтын және оны бір ағаштан туған деп айтады. Қысқасы, бұл Иланыш білге Бөке хан құрметке ие патша болған және (көп) ұлдары болған. Оның үлкен ұлының асыл есімі Тайбұқа (Тайби еді. Қытай патшалары оны «Тай Уаң» деп лақап атпен атаған, яғни қытай тілі «ханның ұлы» дегенді білдіреді. Бұл лақап ат қытайлықтарда (дәреже жағынан) орташа (есептелінеді). Қытай патшалары адамдарға лақап аттарды беталды әрі негізсіз бере бермейтін. Және қазіргі уақытта да (оларда) сол әдет бар (сақталған. Олардың лақап аттары өте көп әрі әр тайпа мен әрбір аймаққа сәйкес келетін дәрежелер (бір-біріне) өте ұқсас, жақын келеді. Олар адамдарға лақап атты (дәл беретіні) соншалық, әрқайсысы лақап атына қарай өзінің дәрежесі мен (билігінің) шегін біледі. Егер жиналысқа жүз адам жиналса, онда оларға берілген лақап аттарға қарай кімнің мансабы (дәрежесі) кандай екені және кімнің қай жерге отыратыны белгілі болады.

Қытай атаулары түрік-мұғұлдар арасында белгілі болмағандықтан, оны (Тайбұқаны) Таян хан деп кеткен.

(Бөке ханның) Бұйрық хан есімді тағы бір ұлы да бар еді» (3).

Мұнда айтылып отырған Әният қаған – Таян хан мен Бұйрық ханның әкелері Инаныш Білге хан. Сірә Инаныш білге оның лақабы, яғни құрметті аты екені байқалады. Жоғарыдағы Алтан дерегіндегі Ендес пен Инаныш хан екеуі бір адам болуы мүмкін. Солтүстіктегі көршілері Енисей қырғыздарын жеңгеніне қарағанда Енисей қырғыздары әбден әлсіресе керек. Шыңғысхан заманында 10 мың шамасында ғана әскер аттандыра алатын шағын ұлысқа айналған. Мұнда айтылып отырған Бөке хан кім? Инаныш ханнан бұрынғы хан болса керек, оның тұсында ұйғырлармен қарым-қатынас жақсы болып, олардан соғды жазуын қабылдаған болуы мүмкін. Киелі ағаштан туған деген ұғым қыпшақтардың шығу тегі туралы аңызды еске түсіреді. Қыпшақтардың да шығу тегі Алтай тауларының аумағында болғаны тағы бар.

«Бұдан кейін Уаң ханның бауыры Еркеқара ағасы Уаң хан өлтіреді деп қорқып қашып, Найманның Инаншы ханын паналайды. Инаншы хан оған әскер бергендіктен, Уаң хан тоқтай алмай безіп, үш шаһардан өтіп, қара қытайдың Гүр ханына барады. Оған да сыйыса алмай, ұйғырдың шаһары мен таңғыттың кентін кезіп жүріп, бес ешкі сауып, түйенің шұбатын да ішіп, зорға Гүсеуір көліне келеді. Сол кезде бұрын Есүкей батырмен дос болғанын Шыңғыс хаған есіне алып, Дақай батыр мен Сүкекей-жауын екеуін жібереді. Және Шыңғыс хағанның өзі Керуліннің басынан тосып, арып-шаршап келді деп, Уаң ханға (қарасты халқынан) божі (салық) алып беріп, өз күресінде күттіріп, асырап сақтайды. Сол қыста бірге көшіп, Шыңғыс хаған Күбақайды қыстайды» (4).

Бұл – Рашид ад-Дин бойынша 1193 жылы болған оқиға, деректерде Еркеқара 1150 жылдары Тұғырыл екі інісін өлтірген кезде Наймандарға қашып кеткен.  Кей деректерде Наймандар оның нағашы жұрты делінеді. Осы жылдары наймандар Еркеқараны қолдап керей ордасындағы тақ таласына араласып әскер аттандырған, Тұғырыл жеңіліп Иесукей батырдан көмек сұраған. Иесукей Тұғырылға көмектесіп екеуі Еркеқараны жеңген соң Еркеқара қайтадан наймандарға кетіп арада 40 жылдан соң қайтадан найман Инаныш Білге ханнан әскер көмек алып, Тұғырылды тақтан тайдырған.  Осы 1193 жылдан 1202 жылға дейін Керей хандығы мен Найман хандығы арасындағы сахараға қожа болу жолындағы соғыстар толастамады, күштері шамалас екі жақта бір-бірін ала алмады, көбіне көп Күшегұр бұйрық хан көп соғысты, ақыр соңында Тұғырылдың қол астындағы белді сардары қызметін атқарған Шыңғысхан Тұғырылды айламен алып, онан кейін наймандарды да жеңіп, ең күшті көшпенділер империясын құрды.

«Әкесінің казасынан сон, (Таян хан мен Бұйрық хан) екеуі әкесінің жақсы көрген күніне бола сөз таластырып, ерегісіп қалады. (Содан) бір-бірімен жауласып, бөлініп кетеді. Кейбір әмірлер мен әскерлер (ағайындының) біріне қосылса, басқа біреулері екіншісіне ерді.

Алайда (жасы) үлкен болғандықтан әулеттік тақты Таян хан иемденді. Оның (көшіп-қонып) орны жазық алқаптарға жакын болатын. Ал Бұйрық ханның (жері жоғарыда аталған тауларда. Олар бір-бірімен өте нашар қарым-қатынаста болады: Әкесі тірі кезінде (екі ағайындының) мінездері мен туа біткен болмысына қарап, олардың өміріндегі күтіп тұрған алауыздық пен менсінбеушілікті көре білді, содан: «Менін білетінім: егер Таян хан менің орнымды, тіпті бірнеше күні алатын болса да, Бұйрық хан ешқашан (бауырымен келісімге келмейді. Бір қасқыр оның санының жартысын жеп қоймағанынша орнынан козғалмайтын түйе сияқты!» деген. Соңында оның айтқанындай болды.

Таян мен Бұйрық көп соғысты, Шыңғыз ханның Оң ханмен (бола соғысына да (қатысты), олардың әрбірі тарихта айтылғандай, бірі екінші көмек, қолдау көрсетпей бөлек-бөлек әрекет етті. Он хан мен Шыңғыз ханның ортасында келісім болмаған кезде олар наймандармен соғысқанына (қарамай), оларды жеңе алмады. Шыны ханмен бітіскеннен соң, (жеңгенде), ол Таянмен, Бұйрықпен және найман қауымымен соғысқа кірді. (Бұл жайлы жоғарыда айтылғандай), ол жеңіп олардан құтылды.

Наймандарға жақын, олардың тұрақтайтын орындарымен шектесетін рулар қатарында тигин руы да болды. Олардың патшасы Қадир Буйрук (Қады Бұйрық) хан болды. «Қадыр» (арабтың сөзі) «ұлы» және «құдіретті» дегенді білдіреді. Ерте кезде мұғұлдар ол атты білмегендіктен Қачир (Қашыр (Қажыр) хан деп атады. Қазіргі уақытта мұғұлдардын «качир» аталатын кейбір дәрілер бар, ал көне дәуірлерде (оларды) «қадыр», яғни «күшті дәрі» деп атайтын. Бұ Қадыр Бұйрық ханның, оның ата-бабасының патшалығы Оң, Таян хан және өзге де керейттер мен наймандардың патшаларының хандығына қарағанда үлкен әр олар атақтырақ еді және көбірек құрметке ие болған. Уақыт өте келе аталған патшалар олардан мықты болып кетті.

Шыңғыз хан тигин қауымын үңгіт (оңғыттар) қауымына қосты, олар (содан бері) бірге көшіп-қонады. Ол тигин руының қыздарын өз руына алатын және үңгіттерді әмірлеріне де беретін. Олардың және наймандардың қыздары сұлулығымен және кербездігімен атақты. Қадыр ханның балалары Шыңғыз хан дәуірінде және ...12 уақытында... және бұл мемлекетте (Иранда) тигин руынан (шыққандар) екі үш адамнан көп емес» (5).

Жағырапиялық тұрғыдан алып қарағанда Таян ханның иелігі Найман хандығының солтүстігі мен батыс бөлігі, ал Бұйрық ханның иелігі оңтүстік жақ бөлігін қамтыған, оған тағы бір дәйек болса Тұғырыл мен Шыңғысханның қосындары Бұйрық ханды шапқан кезде қазіргі Қытайдағы Алтай аймағының Үліңгір көліне қуып келген. Сарғұсын деген өзен айтылады, бұл да күні бүгінге дейін бар жер аты. Шыңғысхан да Таян ханды жеңген соң, оңтүстікке ойысып Бұйрық ханды жойған.

Ал Найман хандығына қарасты тигин (тегін) руы қазір қазақ құрамынан да көрінбейді, сірә оңғыттарға қосылған беті қытайдың шығыс аймақтарына кетіп сол жақта қалса керек.

Найман хандығының екіге бөлінуі

Инаныш Білге хан билік құрған заманды Найман хандығының алтын дәуірі деуге болады. Өйткені солтүстігінде қырғыздарды жеңді, батыста қаңлылармен татуласып, қаңлылар Инаныш ханға Гүрбесу сұлуды тоқалдыққа берді. Қарақытай ханынан түбегейлі ат кекілін кесіскеннен кейінгі байланыстарының қалай болғаны туралы нақтылы дерек жоқтығына қарамастан бейбіт өткенге ұқсайды. Инаныш Білге ханның өлімі туралы нақтылы дерек жоқ. Мөлшері 1196 жылдарға сәйкес келеді деп жобалауға болады. Өйткені Тұғырылмен бақталас керей ханзадасы Еркеқара 1193 жылы Инаныш білге ханның көмегімен Тұғырылды қуып жібереді. Арада үш жыл өткен соң Тұғырыл өз жұртына қайта оралып, көп ұзамай тағын қайтарып алады, ол соғысқа наймандар тарабының араласпауына қарағанда 1196 жылы Инаныш  хан өліп тақ таласы үдеп тұрған кез болса керек.

Рашид ад-Дин дерегі бойынша бұл оқиға былай болған:

«Бұйрық пен Таяң Әният қағанның ұлдары болатын. Таяң хан (бауырынан) бөлінген кезінде, Бұйрық (бірде) көшіп-қонып, (оның киіз үйлерінің жанынан соншалықты жақын қашықтықтан өтті, Таяң ханның киіз үйлерінен (Бұйрықтың) күймелі арбаларының төбелері түйелерге тиелгендей көрінді. Бұл жағдайда Таян хан: «Мен де патшамын, Бұйрық осында келіп тоқтаса, біздің қонақжайлығымызды білер еді, егер келмесе өзі білсін!» – деді.

Бұйрық тоқтаған жоқ, өтіп кетті. Таяң хан: «Біз қонақ етіп күтеміз де дайындалып едік, енді ерулігімізді өзіміз жейік», – деді. Сол тойда (айтылған) өлеңдер арасында Қубадигин (Қубадыген, Құба-текін) былай деді: «Әният каған мен Нарқыш Таяң бірге болған кезінде, олар найман ұлысындағы әрбір адамды әмір және әрбір әйелді ханым етпейтін, әрі көп балалар туылмайтын. (Осы жайлы) ойланып көріңіздерші! Сендер екеуің еркек бұғы (марал) мен сиырдың мүйіздері сияқты бір жұп едіңдер. Ал қазір, сендер, екі бауыр бірауызды, ынтымақты емес кездерінде бытырап, (жан-жаққа) шашыраған және теңіз сияқты толқып тұрған найман ұлысын кімге тапсырамыз?!»

Таян хан бұл сөздерді естігенде екі беті қызарып кетті де, ол: «Бұйрыққа айтыңдар: Біз (екеуіміз де) кателесіппіз! Бізді келгенімізше лайықты жерде күтсін. Ал онын қарсы алуға шығуын, әлде шықпауын ол өзі біледі», – деді.

Бұйрық жауап беріп: «Мынадай әйгілі мысал бар, ол жиі кездеседі. (Я ) адамдар ұлы дәрежеге жетеді, ал (бірақ) ақылы болмайды. Және жиі солай да болады: олар жақсылыққа (келісімге) келеді. Осыдан кейін, егер деніміз болса, кездесеміз!» – деді.

(Солай деді де) ол қонысын аударды. (Ойлаған жолынан) бұрылып жолға түсіп кетті. Олар (Таян хан мен Бұйрық) бауыр бола тұра, өзара келісім болмағандықтан, Хақ Тағала олардың өмірін өзгертті. Бұйрық ханның әмірлерінің аттары мына төмендегідей:

Йити Тублук (Жеті Тұблық): шайқастың алғашқы күні әскер басына жеті Тұблық келген, бірақ (шайқас үстінде) атының тартпасы шешіліп, Шыңғыз ханның әскері оны ұстап алады.

Көксау Сабрак: Бұл аттың мағынасы – «көкірек ауруы». Оның жағымсыз дауысы болатын. Оң ханның бауырларының үйін талан-тараж еткен осы еді» (6).

Екі ханның сыйыса алмай елді екіге бөлу себебі: әкелерінен қалған сұлу тоқалға бола емес, діни алауыздықтан болғанын байқауға болады. Жуайнидің айтуынша наймандар христиан болған, Күшілік қарақытай Гүрханынң қызы Хұнхуға үйленген соң христиан дінінен шығып бұдда дініне кіреді. Оның әкесі Таян ханда христиан болғаны байқалады.

Ал Күшегүр бұйрық хан Күйтен деген жерде Тұғырыл мен Шыңғысханның біріккен әскерлерімен соғысқанда суға жады тас салып күн жайлатады. Күн жайлату шаман бақсыларының қылығы десек, Бұйрық ханның шаман екендігін көруге болады. Діни сенімнің ұқсамауы ағайынды екі адаммен қоса христианға үрке қараған жұртты да Бұйрықтың соңынан ерткен сияқты. Сахарадағы қуатты хандық екіге бөлінгеннен кейін өзара қырқыстан тыс өзге тайпалармен де үнемі соғысады, Таян хан көп соғыстарға араласпағанымен, Бұйрық хан меркіт сияқты рулармен одақтасып басты қарсыластары Тұғырылдың керей-моғол одағымен алденеше рет соғысады. Мұнда қайшы тағы бір жайт, Көксау Сабырық батыр жәйінда. Рашид ад-Дин бойынша ол Бұйрық ханның әмірі, ал құпия шежіреде ол Таян ханның сардары ретінде көрсетіледі, негізі ол – өз мемлекетінің мүддесін бәрінен биік қойған, абыройы ханнан кем соқпайтын Инаныш хан кезіндегі ең белді қолбасшы.

Сондықтан да Керей хандығының жасаған шабуылында соңынан әскер бастап алдын тосады. Заман ағымымен екі ханның берекесіздігі кесірінен Найман хандығы айналасы сегіз жылда жойылады.

Керей хандығымен кергілесулер

1196 жылы Моңғол сахарасындағы үш үлкен күштің бірі татарлар Керей хандығы мен Алтан патшалығының қыспағында тоз-тозы шығып, бұрынғы күшінен бүкілдей айырылды. 1201 жылы (таулай жыл) моңғолдардан Тарғұтай қырылдақ бастаған тайшығұттар, Жамұқа бастаған жажыраттар, Бақу-шорық бастаған қатағандар, Шіркітай батыр бастаған салжығұттар, Қашқынбек бастаған дүрбендер, Түге мақы бастаған икірестер, Терге, Емел бастаған қоңыраттар, Ақ шойық бастаған құраластар және татардың Жалы бұқасы, найманның Күшегур Бұйрық ханы, меркіттің Тоқта бегі, ойрат Құдұқа бек – бәрі жиналып, Алқай бұлақ деген жерде бас қосып, ақ айғыр сойып серттесіп, Жамұқаны «гүр хан» сайлап, Тұғырыл мен Темужінге қарсы аттанбақ болды. Екі жақ Күйтен деген жерде ұрысады, найман Бұйрық хан мен Құдұқа бектің күн жайлататын сиқыры бар екен, соны іске қосып еді, дұғалары өздеріне кері дарып, әскерлері аязда қол-аяқтары үсіп, таудан домалады, «тәңір бізді керіне алды» деп олар бет-бетіне қашып, тоз-тоз болды.

1202 жылы Тұғырыл мен Темужін найман Бұйрық ханға жорыққа аттанды, ол кезде Инаныш Білге хан өліп, Найман хандығы екіге бөлінген болатын. Сірә Тұғырыл Таян ханмен келіскенге ұқсайды, 40 мыңнан аса қолмен барып қазіргі Алтай аймағының Үліңгір көлі маңында Бұйрық ханды жеңеді, Бұйрық қырғыздарға қашып кетеді. Осы жеңістің буымен келе жатқан жолында Бәйтерек Белжір деген жерде Таян ханның сардары Көксау Сабырық 30 мың қолымен оларды күтіп тұрады, Тұғырыл Темужінді жаудың өтіне қоймақ болып, түнде одан бөлініп кетеді. Екеуі екі жаққа кеткеннен кейін соңынан Көксау Сабырық Сенкүннің елін шабады, Тұғырыл Темужінді тағы да соғысқа шақырады, Темужін төрт күлігін көмекке жібергеннен кейін наймандар жеңіліп артқа шегінеді. Шынын айтқанда, бұл сахарадағы керей, найман екі хандықтың мүйіздесуі еді. Керей жағында моғол руларының жарымы, ал найман жағына да моғолдардың жартысы мен меркіттер қосылып отырды.

Оқи отырыңыз: Көксау Саурық көрсеткен ерлік

Мекен-жайлары туралы

«Ендеше наймандар жұртының (тұрақтау орындарынын) бөлінуі мынадай:

«Жазғы жайлаулары: Талақ – олардың патшасынын журты. Жажина на Жамия науыр) – оның (патшасының) ордасы.

Қыстаулары: Адары Абка тауы, Бакрас Улум. Ачирик науыр. Ала өзені.

Бұл (найман) кауымдары көшпенді болатын. Кейбірі қиын тауларды мекендесе, кейбірі жазықтықтар мен алқаптарда (мекендейді).

Олардың тұрақтау мекені (бұрын) аталғандай, тағы да мыналар еді: Иіка Алтай (Жеке Алтай)  және Үгетай қаған ол жердегі жазықтыққа зәулім сарай тұргызған Қаракұрұм. Және Алуй Сирас пен Кук Ардиш (Көк Ертіс) таулары! Бұл аймақтарда қаңлы қауымы  да өмір сүретін еді. (Наймандар мекендейтін өңірде) Ардиш муран (Ертіс муран) деп аталатын Ардиш (Ертіс) өзені бар!. Сол өзен мен Қырғыз уәлаятының екі арасында таулар бар. Сол (таулар) сол уәлаяттың (қырғыздар уәлаятынын) шекарасынан Мұғұлстан жерлеріндегі аумақтарға дейін созылып барады және ол жерлерде Оң хан өмір сүрген уәлаят орналасқан. Сол үшін наймандардың Оң ханмен әркез алауыздығы мен дұшпандығы болды. (Наймандар мекендері жоғарыда аталған жерлерден) қырғыздар аймағына дейін және ұйғырмен шектесетін шөлдердің шекарасына дейін созылатын еді.

Ол найман рулары және олардың патшалары мәртебелі әрі күшті болатын. Және олардың жақсы (жасақталған) көп әскері бар. Олардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары мұғулдардың (дәстүрлеріне) ұқсас келеді» (7).

Сахара қожалығына талас

1203 жылы Шыңғысхан Керей хандығын жояды, оның айбыны сахараны дүр сілкіндіреді, керейлердің көбі оған бағынады. Ендігі қауіп Найман хандығына төнеді. Тұғырыл соғыста өліп, оның басы найман жасақтарының қолына түскен соң, бас Таян ханға әкелінеді. Бұл туралы «Моңғолдың құпия шежіресінде» қызықты баяндалған:

«Наймандық Таян ханның шешесі Гүрбесү: «Уаң хан ертедегі үлкен хан еді. Марқұмның басын алып келіңдер. Егер шын болса, сыйынайық», – деп, Қорисубешке елші жіберіп, Уаң ханның басын әкелдірсе, рас екен.

Сондықтан ақ сырмаққа оратып, келіндеріне сәлем еттіріп, дәм әкелдіріп, сырнайлатып, арнайы ырым істеп, сыйынады. Солайша сыйынып, бас иіп жүргенде, әлгі бас күлді» деп Таян хан ыза болып, аяққа басқызып, быт-шыт етеді.

Көксеу Сабырық: «Өлген ханның басын кесіп, быт-шыт қып тастауға бола ма? Біздің итіміз жаман ұлып үретін болды. Ертеде Инаншы Білге хан: «Әйелім жас кезінде, Әбден кәрі шағымда, Таян туып, ұл сүйдім, Тәңірдің берген бағында. Талшыбықтай денелі ол, Өңшең мына тобырға, Өткізер ме екен бұйрығын» деп отырушы еді. Енді міне, қара ит арсылдап үретін болды. Қара кемпір Гүрбесү билейтін болды. Тақта отырған Таян-ау, Тұрлаусыз ісің аян-ау! Аң аулаудан басқаны сүймейсің. Fылымнан хабар да білмейсің» дегенде,Таян хан: «Күншығыстағы аз моңғол қыр көрсететінді шығарды. Атасынан асыл жаралған Уаң ханды алуан түрлі айламен қорқытып, бездіріп, жуықта өлімге душар етті. Сөйтіп, олар бәрін иеленіп, қаған болмақшы ғой, тегі? Күн мен ай аспанды үнемі жарық ету үшін жаралған болар. Ал, жерде екі хаған болуға бола ма? (Жерде не үшін екі қаған болмақ?) Енді сол аздаған моңғолды иеленіп алайық», – дейді. Сонда Гүрбесү шешей:

«Моңғолдарды қайтпексің? Қоңырсыған иісті, қомыт-қомыт киімді емес пе? Олар қандай? Оны әкеліп қайтесің? Аулақ жүргенің жөн ғой. Тек өңді қыз-қатындарын әкеліп, қол-аяғынды жуғызып, қой-сиыр сауғызсақ болар», – дегенде, Таян хан: «Олар қандай болса да, біз ол моңғолдарға барып, қорамсақтар жинап (иемденіп) әкелейік», – дейді.

Бұл сөздерді естігенде Көксеу Сабырық «Сіздер тым астам сөйлеп тұрсыздар. Е-е, әлсіз хан бұлай деуге болмас, қойыңыз!» – деп бәйек болса да өзінің Торбидаш деген елшісін Оңғыт Алақұс тегін қориға аттандырды» (8).

Шыңғысханға қарата Таян ханның хабарсыз болуы Шыңғысханның бұрын хан болмағанын түсіндірсе, енді бір жақтан Найман хандығы және оны сая тұтып келген моғол руларының жарымы, меркіттер, бір бөлім керейлер яғни Арын тәйші мен Жақа Ғамбудің керейлері, қалдық татарлар болғандықтан күш жағынан да басым болатын. Сол үшін ол Шыңғысханды бойына тоғытпаған еді.

Таян хан соғыс дайындығына көшкен кезде Бұйрық хан көмекке келмеді. Таян хан християн дініне сенетін оңғыт басшысына әскер аттандыр деп сәлем айтады, бірақ ол одан бас тартып, оның ниетін Шыңғысханға жеткізеді.Ол туралы Жамиғ ат тауарихта былай баяндалған:

«Оң Шыңғыз ханнан қашып құтылған кезінде Таян ханның найман руынан шыққан әмірлері Қоры Субашы мен Тиң Шал (Оң ханды) Никун үсiн жерінде ұстап өлтіреді де, басын Таян ханға алып келді. Сонда ол (бұл істі) кұптамады, ал (басты) күмістеп, біршама уақыт тағына қойып ұстады.

Бұл жайлы түсініктемеде айтылғандай, Таян хан мен Шыңғыз хан ортасындағы шайқастың суреттелуі былайша сипатталады:

Таян хан үңгіт патшасы Алакуш Тигинге (Алақұс тегiн) хабар жіберіп, оның өзіне қосылып, бірге Шыңғыз ханмен соғысуын (айтты). Ол туралы Алакуш тигин Шыңғыз ханға Турбидаш атты елшісі арқылы ауызша хабар жіберді. Ол (Шыңғыз хан) Таян ханмен соғысуға шешім қабылдады.

600 хижри жылының жумада әл-ахиріне сай келетін, тышқан жылы болып келетін кулкуна жылының көктемінде Найман патшасы Таян хан Жукунан атты елшіні үңгіттердің патшасы Алакуш Тигин Қуриға (Алакус тегін қорыға) мынадай сөздерді (айтып) жіберді: «Айтуларынша, бұл өңірлерде жаңа патша пайда болыпты ғой, (оның айтып жатқаны Шыңғыз хан болатын). Біз аспанда күн мен айдың қатар болатындығын анық білеміз. Алайда жерде, бір иелікте қалайша екі патша бола алады? Сен менің оң қолым бол, сөйтіп біз оның қабын, яғни мансабын иеленуіміз үшін маған әскермен көмек бер».

Алакус бұл жағдай жайлы Шыңғыз ханға хабар беру үшін Турбидаш атты өзінің арнайы (сенімді) адамдарының бірін жіберді. Сөйтіп, ол жағдай туралы мәлімдеді де, солайша көркем әдіспен Шыңғыз ханға бағынды. Бұл жайлы әңгіме өз орнында баяндалатын болады» (9).

Керей хандығы мен оңғыттар арасында құдандалық қарым-қатынас бар болатын. Татарлар жойылғаннан кейін Ордос аймағы Керей хандығының иелігіне өтсе керек. Құйқалы қоныс қана емес, ауа райы жылы аймақ. Оң хан мен Шыңғысхан қатарлас Ордос аймағын қыстайтын, сол себепті оңғыт басшыларымен арада қарым-қатынас жақсы еді. Оңғыт Алақұс тегін қори сахараның ендігі беталыс ауқымын бағып отырса керек, діндес деп жақын тартқан Таян ханнан гөрі Шыңғысханмен одақтасуды жөн санап, оған қосылады.

Жалғасы бар...

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English