Ұлу – айдаһардың ежелгі атауларының бірі және бұл атаудың кіруі біздің ата-бабаларымыздың тотемдік түсініктеріне байланысты болуы мүмкін.
Этнограф, мәденеттанушы – этностың психологы, дәрігері, мұғалімі. Бізде кәсіби этнографтар аз, мәдениет танушылар да көп емес, бары қазақ тілінен мақұрым, сан бар сапа жоқ елміз. Сол себепті қазақ дәстүрі мен салты, тарихы мен бүгінгі жағдайына қатысты ұғымдарға байланысты ылғи да дау болып жатады. Оның бәріне кірісіп, төрелік айтып жатуға уақыт жоқ, басқа ғылыми жұмыстарымыз, шаруаларамыз бар. Дегенмен бүгінгі күнгі даудың тақырыбы – ұлу мәселесіне байланысты пікірімізді айтпасақ болмайды, себебі адамзат баласы сол Ұлу жылының табалдырығында тұр. Алла амандық берсе енді бір-екі айдан соң Ұлу жылы кіреді.
Бүгінгі күнге дейін біз Ұлуды – улитка – snail мағынасында қабылдап келдік. Ұлу – жануар қатарына кірмейді, ұсақ жәндік (моллюска) қатарында. Сыртының қабыршағы бар, өзі бармақ басындай ғана тіршілік иесі. Жаздың күні табиғатта отырсаңыз жапыраққа жабысып тұрғанын көресіз, теңіз жағалап жүрсеңіз сыртқы қабыршағын кездестіруіңізге болады. Осы тұрғыдан-ақ Ұлудың Орталық Азия халықтарының 12 жылдық жан-жануарларға негізделген календарына кіру мүмкіндігі жоқ екенін біле беріңіз.
Қазақтың Ұлу деп улитканы (snail) айтатыны рас, бұл ақиқат, бірақ ол Орталық Азиялық мүшел – 12 жыл есебіне кірмейді. Ендеше біздің мүшел қайтарғанда Ұлу деп жүргеніміз не?
Біздің Ұлу деп жүргеніміз – айдаһар. Неге дейсіз ғой? Себебі біреу Ұлы далада ертелі-кеш өмір сүрген халықтардың тілдерінің бәрі мыңдаған жылдар бойы қазіргі қазақ тілін құрап шығарған. Әрине, кез келген жүйелеу шартты, ол тілге де байланысты, мысалы қазақ тілі түркі тілдеріне жататынын бәріміз де білеміз, бірақ қазақ тілінің көне қабаттарынан біз ежелгі үнді-еуропалықтарды, ариандарды (арий), ғұндарды, моңғолдарды, қалмақты, т.б. көреміз.
Айдаһар біздің тілімізде ариандық кезеңнен бар, сол себепті біздің кейбір білгіштер оны «парсылық-ирандық» дегісі келеді. «Наурыз» ұғымын да біз осылай «парсы-иранға» теліп, сырттан келді деп жүрміз. Түбірімен қате пікір, бұл – тарихшылар мен этнографтардың нашарлығының көрінісі.
Қазақтың біразы Ұлуды балық, Ұлу жылын Балық жылы дейтіні белгілі. Бұл қай заманнан бері бар? Сақ-скиф (ішғұз, ишкуз, ішкі оғыз) заманынан, яғни біздің жыл санауымызға декйінгі І мыңжылдықтан бері. Оның мықты дәлелі бізге, әсіресе соңғы кезде тығыз араласа бастаған саха-якут халқы (менің екі-үш жыл бұрын Якутскіде екі жақтың тарихи байланысы туралы кітабым шықты) айдаһарды «Балық» деп атайды. Балықтың өзін «шыр» (чир, чыыр) дейді, дегенмен балықтың әр түріне қатысты үрүк балық, кызыл (қысгыл) балык ұғымдары қолданылады.
Айдаһардың сақ- ішғұз ортасында әуелгі атауы Ұлы Балық болуы да мүмкін немесе Айдаһар тотемдік сиапт алып, оның атын атауға тыйым салынады да, оған қатысты балық, ұлу, т.б. сөздер қолданыла бастады. Айдаһар бейнесі дәл осы уақытта ерте көшпелілердің аң стиліндегі өнеріне енді, яғни сак-скиф (ішкі оғыз) дәуірінде оның тотемдік қасиеті өнер арқылы заңдастырылды. Оның толып жатқан мысалдарын біз Қырым, Қазақ даласы, Алтай сақ қорғандарынан табылған артефактілерден кездестіреміз.
Ғұн дәуірінде Айдаһардың аты Ұлу форматында Орталық Азияның шығыс аймақтарына, Қытайға тарады. Гұндардың көсемдері Бай Лун аталады, яғни (бәй, bəy – қасиетті деген, ал лун (ұлу) айдаһар мағынасында. Сонда Бай Лун аудармасы «Қасиетті айдаһар» болып шығады. Сарыарқада- Теңіз көліне жақын орналасқан «Айдаһарлы» аталатын қасиетті үңгір де сол Ғұн дәуірінің ескерткіші. Жалпы ғұндар туралы айтқанда олардың ата-бабаларының б.э.б. ІІ жылдықтарда Шығыс Түркістанның Хотон (Қотан) аймағына қазақ даласынан көші-қон барысында орныққаны қашанда есте болуы керек. Осы ұлы көші-қондар кезінде айдаһар да Қытай дүниетанымына, өнеріне енді.
Айдаһардың Ғұн дәуірінде Ұлу түрінде қолданылғанын дәлелдейтін деректердің бірі – моңғол тіліндегі мағыналары. Моңғол тілінде «луу» екі мағынада: бірі айдаһар, бірі кәдімгі ұлу қолданылады. «Ұлу жылы» атауы моңғол тілінде бізге ұқсас – Луу жил (Моңгол-казах толь, 292). Сонымен бірге моңғол тілінде осыған ұқсас «лооеэ» деген сөз бар, мағынасы – ұлы ата, немесе төре. Мысалы, ван лооеэ дегені – уаң төре. Соңғы мысал қазақ тіліндегі ұлы, ұлық деген ұғымдарды еске түсіреді.
Біздің зерттеушілер түркі халықтарының «Ұлу» сөзі қытайдың Лу, яғни айдаһар сөзінен алында дегенде қатты қателеседі. Қытай тілінде «лу» сөзі еш мағына бермейді, оларда айдаһар – лоң (long) дыбыстарымен беріледі. Түрік тілдерінде ұлу (ulu) және ұлық, (uluğ) қытай тіліндегі лоң (long), немесе моңғолдың луу (luw), қалмақтың лун (lun) сөздерімен фонетикалық жағынан да, семнтика тұрғысынан да үндес және ұқсас. Біз бұл ұқсастықты ғұн кезеңінің Шығыс мәдениетіне ықпалынан, әсерінен іздеу керек деген пікірдеміз.
Зерттеушілердің ішінде Ұлу-айдаһар бірлігі туралы алғашқы пікір білдірген В.В. Радлов. «Лу, уЛ, Ла, Лю, Л – змея, дракон в древнетюркском. lū, lű, lu, luŋ – на древнетюркском – «дракон» или «змей». Lyi - луi - «дракон» (Радлов В.В. Опыт Словаря Тюрк. нареч, вып. 15). Көне түрік жазбаларында, әсіресе Үшінші қағанат (Ұйғыр қағанаты) дәуірінде жазылған еңбектерде «Lű jïl» «айдаһар жылы» аталады.
Сонымен қорыта келсек:
Ұлу – айдаһардың ежелгі атауларының бірі және бұл атаудың кіруі біздің ата-бабаларымыздың тотемдік түсініктеріне байланысты болуы мүмкін. Қазақ ауыз әдебиеті қорындағы Айдаһарлар туралы ертегілер циклы оның тым ерте заманда тотемдік қасиетке ие болғанын тікелей нұсқайды. Ал ежелгі дәстүр бойынша тотем-киетектің атын атауға болмайды.
Сақ скиф (ішғұз, ишгуз, ішкі оғыз) заманында айдаһарға қатысты балық атауы қолданылаған және ол дәстүр де қазақ жерінде өмір сүріп келеді.
Ғұн дәуірінде айдаһар атауы «ұлу» форматында Орталық Азияның шығыс аймақтарына тараған және олар әді күнге айдаһарға қатысты оны қолданып келеді.
«Ұлу» сөзі түркі және моңғол халықтарының тарихының негізгі сатыларын анықтауға мүмкіндік береді.