Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ошаған бүлігі

19363
Ошаған бүлігі - e-history.kz

Бұл мақаламызда біз бүгінде туғанына 330 жыл толып отырған Қаракерей Қабанбай батыр бабамыздан кейінгі шығыс өңірінің тарихи-қоғамдық хал-ахуалы, қазақ руларының шығысқа қайта қоныстануы, хандық биліктің әлсіреуі, жергілікті жердегі хан-төрелердің ықпалы, қазақ елағаларының тарих сахнасына шығуы, әсіресе ел мен төрелер арасындағы атышулы оқиғалар сипатталады. Мұнда белгілі өлкетанушы марқұм Ғалым Байбатыровтың «Зайсан», тарихшы, профессор Қойшығара Салғараұлының құрастыруымен шыққан «100 құжат» атты еңбектерінен және де өзге де кітаптардан қажетті деректерді байланыстыра отырып суреттемекпіз.

Ата жауды жеңіп, қазақ елінің ерлік рухы асқақтаған заманды Бұқар, Үмбетей, Тәтіқара, Көтеш сияқты даңқты ақын-жыраулар жырға қосты. Абылай, Қабанбай, Бөгенбай бабаларымыздың ерліктері тарихи дастандарға өзек болды. Жоңғар соғысы қаһармандарының есімдері көзі тірісінде-ақ ұранға айналды. Күні кешеге дейін Алтай, Зайсан, Тарбағатайды қоныс еткен Байжігіт елі Қабанбайдың, Керей елі Жәнібектің, Төртуыл елі Баймұраттың, Көкжарлы елі Барақтың, Ақнайман елі Жаман батырдың атын рудың ұранына айналдырды. Жауға шапса, бәйгеге ат қосса, қаһарман бабаларының есімдерін айтып ұран салды. XX ғасырдың қырқыншы жылдары Қытай империясы қол астындағы Абақ Керей елі ұлт-азаттық күресте Жәнібектің туын алып шығыпты.

Көптеген зерттеушілер Тарбағатай, Зайсан өңірінің халқы Орта орда құрамында көп жылдар бойы бейбіт те бақытты ғұмыр кешкенін жазады. Бұл хан Абылайдың ардақты есімімен байланысты болатын, сол кезде Абылай ханның даңқының асқақтап, қазақ рухының аспандаған кезі еді. 1771 жылы Абы­лай Түркістанда бүкіл қазақ ордасының ханы болып сайланды. Қаракерей елі үнемі ұлы хан туының түбінен табылды. Хан ордасының жарлық, низамдарын орындады. Абылай Ресейді де, Қытайды да Қазақ ордасының ішкі істеріне араластырмай, дербес билік жүргізді. Бұл жайында ұлт жазушысы М. Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» еңбегінде: «Өмірінің соңғы он бес жылында Орта Азия хандарына қарсы тынымсыз күрес жүргізіп, Түркістан, Шымкент, Сайрам қалаларын қайтарып алады, Ташкентті бодандыққа түсіреді, бүкіл оңтүстік өңірдегі ата мекенді Қазақ Ордасының дәргейіне келтіреді. Бұл тарапта Абылай хан бекітіп кеткен межеден біз Совет өкіметі жылдарында ғана айырылдық.

Абылай заманындағы Қазақ ордасының шекарасы қазіргі Қазақстан территориясынан әлдеқайда кең еді. Абылай заманындағы Қазақ рухы да қазіргіден биік болатын» деп сипаттайды.

Алтай, Тарбағатай, Зайсан қазаншұңқыры сияқты еліміздің Шығыс аймағын жоңғарларды жеңгеннен кейін Найманның Қаракерей, Төртуыл рулары мекендеп қалды. Демек, кейбір тарихшылардың жаңсақ түсіндіріп жүргеніндей, қазақ рулары 1822 жылдан әлдеқайда ертеректе атамекенге мойын бұрғанын әйгілейді.

Бұрынғы Зайсан уезінде Қаракерейдің Байжігіт руы ме­кендесе, үш байжігіттің Жұмығы бұрынғы Тарбағатай ау­данында қоныс тепкен. Әйгілі батыр, Қабанбайдың неме­ре інісі, Дәулетбай Шығыс өңірін жаудан азат етуде ерен қайрат көрсеткен. Жұмық алты атаға бөлінеді. Олар – Бо­лат, Саты, Сайболат, Қожан, Қараша, Тәуке. Осы аталардан тараған ұрпақ Тарбағатай, Зайсан аудандарында. Қазіргі Зайсан жеріндегі өскен ата – Төртуылдар. Еліміздің шығыс шебіндегі Төртуылдар қалмақтар шапқынына көп ұшырайды. Баймұраттың атасы Бұқа батыр осындай бір шайқаста саны көп жау қолын бөгей тұру үшін қайта-қайта жекпе-жекке шыға беріпті. Жау жағы жекпе-жек тәртібін бұзып, қазақ батырын қоршап алып, найзаға шаншып, төбелеріне көтереді. Сонда қарт батыр «Өлсем де сендерден биікте тұрмын» деген екен.

6569fe1007469a3538cb5b75dd91dd3a (1).jpg

Шежіреші Сағдолла Нұралин Төртуыл руының шығыстағы атамекенге қайта оралуын былайша жазады: «Төртуылдар – Ақбарақ, Аманбарақ, Андабарақ, Ақболат деген төрт рулы ел. Ақбарақ Тарбағатайда, Ақболаттардың жартысы Тарбағатайда, жартысы Зайсанда делінеді. Ал Аманбарақтар туралы мүлде дерек жоқ. Мүмкін жоңғар соғысында қырылып кетті ме екен. Қазақтың үштен бірі осы соғыста қырғын тапты ғой. Зайсан, Тарбағатай, Марқа жерінде Андабарақтың Есенкелді, Сұлтанкелді аталарының ұрпақтары кең тараған. Сұлтанкелдіні «Тоғыз руы» деп атайды. Есенгелдіден Еміл, Пәлі, Байыл тараса, Байылды тұзақшы дейді. «Емілден Жылкелді, Тоқан, Есенғұл, Есімбек, Егізек, Қарсал, Шақ жетеуі. Осы жеті Емілдің ең көбі – Тоқан. Тоқаннан – Жылқайдар, Тайлақ, Тоқтауыл, Құдагел, Құттыбай тарайды. Пәліден – Оңалтай, Жабыл екеуі. Оңалтайдан – Жәнібек, Жәнібектен Есіркеп, Мая туады. Есіркептен Тасабай, Байкүшік, Байтөрі, Байкөрпе, Аралбай бесеуі. Мая үш атаға бөлінеді. Жабалдан – Жақау, Көшпес екеуі. Жақау бес ата, Көшпес үш ата».

Ақболаттан Даниял, Тыныбек, Марқай, Қодағай деген төрт ата тарайды. Солтүстік Зайсан қазаншұңқыры жерінде Қаракерейден тарайтын Ақнайман, Қожамбет рулары мекендейді.

Зайсан жеріне XVIII ғасырдың екінші жартысынан Керей рулары келгені жайлы деректер дін қайраткері Халифа Алтай мен Зұлфар Сейітжанұлының 1993 жылғы 25 маусымда «Қазақ әдебиеті» газетіндегі мақаласында жарияланған. «Керейлер жоңғарлардан босап қалған Шыңжаңдағы Ал­тай аймағына біртіндеп көше бастайды. Абақ Керейлер сол кезеңде Арқа жерінде, Шұбартау өңірін жайлап, қыстайды. Бейбіт кезде малы мен басы өскен елге ол ара тарлық етеді. Ол кезде Керейдің бас батыры Ер Жәнібек қартаяды. Бір қанды шайқаста Абылай ханның мінген тұлпары өлгенде жас ба­тыр Жәнібек астындағы атын берген. Оның бұдан басқа көзсіз ерліктері көп. Қас батыр Жәнібекке Абылайдың өзі Керей елінің туын тапсырады. Батыр елді Алтайдағы ата қонысқа көшу басталғанда 1792 жылы сексеннен асып Шар ауданы аумағында қайтыс болады. «Оның кірпіштен соққан күмбезі Қызылсу Шар өзенінің бойында тұр» дейді.

Абақ керейлер – Жәнтекей, Жәдік, Жастабан, Меркіт, Көнсадақ, Ителі, Шұбарайғыр, Қарақас, Молқы, Шеруші, Құлтайболат, Шимойын деген он екі рулы өркен жайған тай­па. Керейлер Әбілпейіз сұлтанның ұлы Көгедайды өздеріне төрелікке сұрап алады. 1765 және 1770 жылдары Абылай қырғыздармен соғысқан. Осы соғыста қырғыз аруы Тұмарға Әбілпейіз сұлтан үйленеді. Арысы Алтай аймағында, берісі Сауырды жайлаған Керей ата ұрпақтарына Тұмар ха­нымнан туған Көгедай билік жүргізеді, осы рудың көп бөлігі Шұбартауда қалады.

Шығыс аймақта, оның ішінде Зайсан жерінде Уақ руы ежелден қоныстанған. Абылайдың бас батырларының бірі Баян осы рудан. Жазушы Кәдірбек Сегізбаев «Беласқан» романында Н. И. Любимов дегеннің Шығысқа саяхаты кезінде 1845 жылы Тарбағатай етегінде Тама руының ауылы отырғанын жазған деп қызық дерек келтіреді. Кезінде суандар да қоныстаныпты. Кіші орданың кейбір руларының шығысқа келуі хикаясы да өзінше қызық, Абылай хан заманындағы «Шаңды жорық» оқиғасымен тікелей байланысты. Еділ қалмақтарының қазақ даласын көктей өтіп, атамекен шығысқа қоныс аударуы туралы деректер көптеп жазылды, жазушы К. Сегізбаев «беласқан» романында сол көшті бастап баратын ағайынды екі қазақ жігітінің өмірін көркемдікпен суреттеген.

Тарихтан мәлім, 1781 жылы қазақтың ұлы ханы Абылай дүние салды. Әке орнын басқан Уәли Ұлы ордадағы ықпалынан айырыл­ды. Кіші ордада патшалық Ресейге арқа сүйеген Әбілқайыр ұрпақтарының билігі күшейе түсті. Енді Уәлиге Орта орда ғана қарайды. Соның өзінде хан билігі солқылдақ болады. Қазақ хандығы шаңырақ көтергенде шонжарлар, оның ішінде төрелер де бар, халықты бір мақсатқа жұмылдырады. Ал Қазақ хандығы ыдырарда ел билеушілер бас-басына би болып, жан-жаққа тартты. Енді хан, сұлтандар бұрынғыдай елге сіңірген еңбегі мен беделіне емес, орыс пат­шасы өкілдеріне жағынуды ғана ойлағаны белігіл жайт.

«Ресей Орта орда жерін сырттай иемденсе де ішкерілеп кіре алмады. Оған әлі дайын емес еді. XVIII ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап, ІІ Екатеринаның назары батысқа ауған. Ресей Кавказ, Қырым, Бессарабия елдерін жаулау жолында жүрді. Сол ғасырдың жетпісінші жылдары елдегі күйзеліс, ішкі қайшылық асқынып, шаруалар соғысын (Е. Пугачев) әзер басқан. Бір сөзбен айтқанда, Қазақ жеріне ену олар үшін ұзақ мерзімді жоспар болатын. Шығыста Қытай империясының Қазақстанға қауіп төндіретін жағдайы жоқ еді. Жау жағадан, бөрі етек­тен алды дейтін қысылтаяң кез де емес. Амал не, бөлінгенді бөрі жейді демекші, Ұлы жүз, Сыр бойы Қоқан хандығының бодандығына түсті. Ал қазақ хандары Ресей мен Қытай елінен елші алмасып, сый-сияпат көріп, өз хандық билігін екі жақтан да құжатпен бекіткеніне мәз еді» деп жазады Ғ. Байбатыров. Кейбір шонжарлар Орта орда ханы Уәлимен санасуды қойып, дербес сыртқы саясат жүргізді. Керей төресі Көгедай Қытай патшасынан «гүң» деген биік ман­сап алып, елді алыста жатқан жат жұрт билеушісінің айбары­мен ықтырды.

Қазақ билеушілерінің қытай басшыларымен қандай да бір мәмілеге келгені жайлы деректер Қытай мұрағаттарынан алып жариялаған «100 құжат» атты кітапта келтіріледі. Кітаптың құрастырушы авторы, тарихшы-жазушы Қойшығара Салғараұлы былай деп жазады:

«Чин патшасының Қазақ хандығынан келген елшілер арқылы ел басшыларына жанашыр болып сәлем жолдап, оларға әр дәрежеде мансап таратып, сыйлықтар тықпыштап, «менің қол астыма өтсеңдер «мәңгі жарылқап», төрт құбылаларыңды түгел етіп қоямын» деп уәде бергіштеп, болмаған жағдайда күш көрсетіп, «қосынымды қаптатып құртып жіберемін» деп қоқаңдау әрекеті сан қырынан көрінеді. Оның бұл саяса­ты нәтижесіз де емес. Сыйлық пен мансапқа арбалып, бопсаға шыдамай боркеміктенген қазақ сұлтандарының кейбіреулері тұзаққа түсіп, Чин империясының бодандығына өз еркімен өтіп те кеткенін көреміз».

Қазақтардың еліміздің шығыс өңірлеріне қоныстануын кейбір шетел ғалымдары өздерінше саяси астар береді: «Біздің мемлекет ықпалында болғысы келді, бізге іш тартады» деп түсіндіргісі келеді. Бұл – мүлде қате пікір. Қазақтар бұл арада жоңғарлардан ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен азат етілген өз жерімізге қайта келдік деген ұғымда әрі нық сенімде болды. Ең дұрыс тұжырым әрі заңды түсінік осы. Шын мәнінде бұған бағаны өзіміз, ұлттық көзқараспен қарап бергеніміз абзал.

«Тарихи зерттеулер» (Алматы: Жалын, 1994) кітабында автор Нәбижан Мұхаметқанұлының «...1864 жылы «Жунго – Россия батыс солтүстік шека­раны тексеріп, айыру шартының үстемдігіне қол қойғаннан кейін, Чиң патшалығы үкіметі Жунго территориясындағы қазақтарды ресми халқым деп таныған әрі оларға тіке басқару саясатын қолданған» деуіне қарағанда, әркім әр түрлі деректерді малданып, пәлен төре Қытайдан шен алған екен, соған қарағанда сол төре басқарған ел Қытайға қарап келді деген әңгімелер – бос сөз. Шын мәнінде бүкіл шығыс аймақ сияқты Тарбағатай, Зайсан өңірінің халқы да ешбір елдің бағынуында болмай, азат өмір сүрген. Бірақ белгілі бір деңгейде саясатта ашық, жасырын дипломатиялық әдіс-амалдар қолданып отырған.

Сол кездерде хан тұқымы, ақсүйекпіз дейтін төрелер әр руды жеке билеп, хандық билікті әлсіретті. Он тоғызыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдарына таман Ресей патшасы Орта ордаға Уәли ханмен жарыстырып, екінші хан Бөкейді тағайындайды. Ол екеуі аздай, қытай императоры 1784 жылы Ханқожаға өз тараптарынан хан атағын берді. XVIII ғасырдың сексенінші жылдары Ханқожаға хан атағы берілгенмен, оның билігі Найманның Қаракерейінің кейбір руына жүрді (И. Андреев. Описание Средней орды киргиз-кайсаков. Алма­ты, «Ғылым», 1998).

IMG_0372.jpg

Қазақтың барлық өлкесіндегі сияқты шығыс өңірде де төрелер ықпалы о баста күшті болғанмен артынан қожырады. Ресей заңдары елдің ішкі ісіне араласқанда бұрынғы ықпалынан айырылды. Ел есінде Байжігіттер төресі Қамбар, Төртуылдар төресі Дайыр сақталып қалды. Тіпті Көгедай төреге байланысты ел өміріне із қалдырған оқиғалар да болды.

Көк тұман – алдыңдағы келер заман,

Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.

Көп айлар көп күнді айдап келе жатыр,

Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған, –

деп Абай жырлағандай, әр ғасырдың өз жұмбағы, өз сыры бо­лады.

ХІХ ғасырдың бас кезінде Көгедай төренің өлімі елді дүрліктірді. Төре жалғыз ауылының маңында жүргенде алы­стан жылқы айдап бара жатқан әлдекімді көреді. «Бұл мал ұрлап бара жатқан шығар? Тегін жүріс емес» деп ойға келген төре әлгі бейтанысты қуа жөнеледі. Анау болса қашады. Көгедай қыр соңынан қалмай, ара қашықтық жақындай түседі. Бейта­ныс қуғыншыдан қорқып қашқан Тәукебала ат тізгінін тарт­пайды. «Тоқта! Мен Көгедай төремін!» – деп айғайлағанына сенбейді. Бүкіл бір ұлысты билеген төре осындай іске барады де­генге Тәукебала қалай илансын. Ақыры қуғыншы өзіне жетіп, тізгінге жармасар, не қару жұмсарлықтай өте таяу келгенде: «Қара болсаң қаларсың, төре болсаң өлерсің», – деп сойылмен Көгедайды салып өтеді. Төре осы соққыдан қатты есеңгіреп, үйіне әзер жетіп құлайды. Содан оңалмай өліп кетеді.

Төре ауылының төңірегіндегілер ашуға мініп атқа қонады. Төртуыл рулары дүрлігіп, Ертістің арғы бетіне қашып өтеді. Кей ауылдар маңында қақтығыстар болады. Аудан тарихы деректерін жинаған марқұм Сабыржан Кәкиев Ғалым Байбатыровқа былайша әңгімелейді: «Боқатай байдың ауылы дер кезінде қашып үлгере алмай қалған екен. Төре атармандары сау етіп жетіп келгенде байдың ұлы (аты-жөнін Сәкең есіне түсіре алмады) қатты қайрат көрсетіп, ал­пыс адамды сойылға жығыпты», – деп айтушы еді. О баста дүрліккен ел ес жиып, өздеріне күш көрсетпекші болғандардың бетін қайтарып тастайды. «Әдейі емес, оқыста өлтірілген төре үшін елдің қандай кінәсі бар, қазақ жолымен бітісейік» дегенге төре төңірегіндегілер көнбеген. Ал күш көрсетуге дәрменсіз, өйткені төрелерді Керей елі қолдамаса керек, әйтпесе Көгедайдың інісі Сәмен Қытай елінен әскери көмек сұрай ма? Енді мана құжатқа назар аударайық.

«96. Даужаң жалнамасының үшінші жылының (1823 ж.) екінші айының 6-күні.

Әскери қызмет амбыларына!

Чин Шиаңның мәлімдемесінде: Қазақ тайшы Тоқытоқучукының ұлы Құлақ бастап гүңі Көгідайды сабап, өлтіреді. Оның інісі тайшы Сәмен (ағасының) кегін алуға әскер сұрады. Чиң Шиаң (оларға) ақыл айтып, ұрсып, тойтарып таста­ды. Жарлық күтіп, мәлімдеме жазды. Қазақтардың өзара қырқысуы үнемі болып тұратын, әдеттегі жағдай. Бұрын мұндайға араласпайтынбыз. Қазір Көгедайдың інісі Сәмен секілділердің әскер сұраған өтінішін Чин Шиаң қатаң тойта­рып, әрі қазақ сұлтаны Жанғожаға хабарлап, әділдікпен осы шаруаны бір жайлы етуді тапсырды. Чин Шиаң осы жарлықты алысымен Сәмендердің өтінішін қайтарып, Жанғожаға хабар­лап, осы жолдаған мәлімдемесі бойынша шешім қабылдауы керек. Жұмыс бір жайлы болғаннан кейін Көгедайдан қалған гүң лауазымына мұрагерлік етуін заңдылық бойынша шешу қажет».

(49-бума, 22-бет).

(Қ. Салғараұлы құрастырған «100 құжат» кітабынан).

Осы құжаттың өзі сан қилы ойларға жетелейді. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда төре өлімінің дауы қазақ жолымен бітеді. Сәменнің сөзін ұстағандар Тәуке ханның «Жеті жарғысы» бойынша төренің құнын төлесін деп талап етеді. Төртуыл жағы: «Бұл – оқыстан болған қаза. Бар жазығымыз Көгедайға әулетімен қоныс бергеніміз бе? Жа­райды, төренің құнын төлейік. Бірақ төрелер онда әулетімен жерімізден көшетін болсын. Әйтпесе, ердің құнын төлеп, орта­мызда жүре берсін. Осы екі шарттың қайсысын таңдаса өздері білсін» деп үзілді-кесілді шарт қояды. Төре әулеті ердің құнын төлетуге мәжбүр болады.

Зайсан ауданында төрелерге байланысты жер атаулары көптеп кездеседі. Жылқының қылын араластырып, шикі кірпіштен өрілген Көгедай зираты әлі тұр. Бұл зиратты Зайсанға жасаған тарихи-танымдық экспедиция барысында өз көзімізбен көріп қайттық. Зират қараусыз қалған, жай темірмен, ағаш аралас қоршаумен қоршалған, күтімсіз екені байқалады. Сол маңнан бой көтерген ауыл Көгедай есімімен аталады.

Осы арадан оншама алыс емес жерде Дайыр ауылы бар. Кейін совхоз орталығы бо­лып үлкейгенде Дайыр төренің зираты ауылдың ішінде қалды. Ескі көз қариялардың айтуынша оның билігі Төртуылдарға жүрген. Жаман аты аталмайды. «Дайыр айтыпты» деген қанатты сөздер кездеседі. Сондай сөздердің біреуіне тоқталсақ.

Зайсан жерінде Жарлы деген өзен бар. Сол жер иелігінде болса керек. Сонда «Өзенімнің аты – Жарлы, жылқышымның аты – Жаяусарт, мені қай құдай оңдасын», – деген екен.

Дайыр жөнінде мына бір құжатты келтіре кетудің артықтығы болмас:

«93. Чианлуң жалнамасының елу екінші жылының сегізінші айының 7-күні. (1787 жылдың қыркүйек айының 18-і күні).

Алдияр Жуаншы деген жерде дидарласуға келген қазақтың Орта жүзінің ханы Уәли сұлтанның інісі Қазым, Кіші елші Дайыр бастаған 5 адамды қабылдады және олармен бір уақытта келген өзге де хан, төре, амбыларға монғолдың уаң, бейле, бейсы, төре, күйеу тайпаларына қонақасы берді».

(1286 бума, 13-14 беттер)

(Қ. Салғараұлы құрастырған «100 құжат»

атты кітаптан)

Кезінде бүкіл Алтай өңіріне әйгілі болған Қамбар төреге қатысты оқиғалар мен жер атаулары көне тарих куәсіндей. Зайсанда «Қамбардың қарақойыны» деген жер бар. Маңырақ тауы мен Сауыр тауы Шайбұлақ деген жерде бөлінеді. Осы бұлақ Шайы деген қыз құрметіне қойылған. Қамбар төренің төлеңгіттерімен болған бір қақтығыста бір жас жігіт ерекшеленеді. Оған ызаланған төре шоқпар сілтегенде әлгінің басынан бөркі ұшып кетіп, қолаң шашы арқасын жабады. Сөйтсе Шайы қыз екен. Сол соққыдан ару қыз көз жұмады. Әрі елге жасаған зорлығы әрі қызға қару сілтеген ұятты ісін ашына айтып, Тәуке Қасқақ батыр Қамбардың бетін тілген екен. Бірыңғай жақсы, бірыңғай жаман адам болмайтыны сияқты Қамбардың ел есінде қалар жақсылықтары да болған. Ежелден жаулықты мирас еткен қалмақ жұртымен мәмілегерлік жасап, достық қатынас орнатқан. Қойбас деген жерден тағам тартты­рып, елді диқандық кәсіппен айналысуға жұмылдырған.

Төрелер мен ел арасында болған бір келіспеушілік ел есінде «Ошағанның бүлігі» деген атпен қалды. Зайсан аудандық мұрағатының қорында да «Шоаған бүлігі» деп аталатын бірнеше құжат сақталған екен.

«Өзге ағайындармен бірге жеті Емілдің ұрпағы Қалба жақта бірі қалмастан Жайсаң көлінің шығысын мекендеп жатты. Осы араға төртуылдың басқа да рулары орналасқаннан кейін Керей атадан бірталай рулар келіп, Сауыр тауын мекен еткен. Еміл балалары ру­лас ағайындарымен оңтүстігі Сауыр тауының етегі, шығысы қазіргі Қытай шекарасы, батысы Зайсан көлі – осы ортаны ме­кен етіп қыстайды. Жазда Алтайдағы Марқакөлінің шығыс, солтүстік, оңтүстік, батыс жағын алып жайлайтын болған.

Марқаның шығысындағы Ақжайлау, оңтүстігіндегі Мата­бай, батыс жағалауындағы Шүмектен өтіп жайлайды екен. Басқа да жайлау аттары көп. Осы шұрайлы өлкеде басы мен малы бірдей өсіп, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған за­манда өмір сүреді. Ел ішінде тентектерді тыятын, сырт елге есе жібермейтін төре керек деп, Құлеке, Дайыр төрені алып келеді.

Төре қарадан қыз алмайды, қараға қыз бермейді. Сол үшін Құлеке төренің қызын Қамбар төренің баласы Шотанға бермекші болады. Оны берсе, ол қыздың шаңырағына бір құл, бір күң беретін болыпты. Күң менен құлға Ошағанның ұл мен қызын беретін болады. Ошаған – Төртуыл, оның ішінде Жақау. Құлекеге төлеңгіт болған екен. Осы сөз ел ішіне тарап кетіп, мұны Сегізбай атамыз естиді. Естігеннен кейін ол кісі намыстанып, «Бұл не деген сұмдық? Адам баласы тек құдайға ғана құл болады деуші еді ғой. Адамға адам құл болғанын бұрын естімегенмін. Мына қорлыққа мен шыдамаймын. Дегенмен, анығын білейін» деп бір кісі жібереді. Ол қайтып келіп, «Рас екен» дейді. Осыны естігеннен кейін Сегізбай атам қатты на­заланып, елдің ақсақалдарын шақырып, «Мына төреден құтылайық, мен ұл-қызымды төренің құлдығы мен күңдігіне бермеймін, осыған қалай қарайсыңдар?» десе, ел ақсақалдары «Ойбай, төре біздің тұқымымызды құртады, не істесе оны істесін, оған көніп отыру керек», – дейді екен.

Елдің билері төренің ауылына келгенде бірталай жерге ат­тарын, қамшысын тастап, төренің үйіне қарай беттегенде жет­кенше жеті жерге етпеттеп жата қалып, маңдайларын жер­ге тигізіп келеді екен. Ел ішіндегі билерге төренің орнатқан тәртібі осылай. Егер бұл шарт орындалмаса, не айып салып немесе жатқызып қойып пәлен қамшы дүре соғады. Бірнеше адамды дарға да асқан екен.

Сегізбайдың сөзіне ел жауап бере алмай, Сегізбай қатты қиналады. Сол кезде Сегізбайға көмек беретін – жалғыз Назар шешен. Назар Тұзақшы руынан. Жас шешен. Төреге қарсы ел ішіне үгіт жүргізеді. Бұған да ел онша ілесе қоймайды. Сол кезде Сегізбай Боқатай биге кісі жібереді. Боқатай дуалы ауыз кәрі би. Тоқтауыл руынан. Боқатайға кісі келіп Сегізбайдың сәлемін айтқанда: «Е-е, Сегізім сасайын деген екен, бір істі істемесін, істеген соң қайтпасын. Ел деген тасыған Қара Ертіс емес пе, төре соның ішінде салынды емес пе, өзінен өзі шетке шығып қалмай ма?!» – деген.

Боқан атаның осы сөзін естіген Сегізбай кешке таяу бірнеше жігіттермен Ақжон жаққа шығып кетіп, бір биік құмның ба­сында, құбылаға қарап тұрып: «Иә, құдай, сегіз ұл бердің, сегіз мың жылқы бердің, бергеніңе тәубем бар, ендігі тілегім менің ісім теріс болса, мені ат, төренің ісі теріс болса, жазасын бер, сол үшін құрбандыққа шалдым мына көк қасқаны», – деп ат­тан түсе қалып, көк айғырды тік тұрған жерінде бауыздатқан екен. Қазір ол құмды «Бозайғыр құмы» деп атайды. Ертеңінде кісі жіберіп, ауыл шетінде қыз-келіншектер арасында жүрген Шотан төрені ұстаттырып алдырып, киімін шештіріп, жайдақ тайлаққа мінгізіп, алдына алты бақан өңгертіп, жолда бір бақан түсіріп алатын болса, сол жерде атқа сүйретіп өлтіріңдер деп тапсырады. Өлімнен қорыққан Шотан бақанды құшақтап, айырылмай отырады. Жігіттер Құлекеңнің үйіне күйеу бала­сын алып келеді. Күйеу баласының мына халін көрген Құлеке отырған орнынан тұра алмаған. Сегізбай атамыз Ошағанды құлдықтан осылай босатқан. Мұнан былай төре биліктен қалып, ел билікті өз қолына алады. Билігін өз қолына алғаннан кейін елді 4 төбе би – Сегізбай, Боқатай, Бөтеке, Жанақ басқарған. Бұлардың сырт елменен дау-шар бола қалғанда, оларменен жа­уаптасатын атақты шешендері – Назар Тұзақшы руынан, Тұрар Тайлақ руынан, сөз жағынан ешкімге есе жібермейтін, тайын­байтын атақтылар екен» деп жазылған Мақсұт Елшібаевтың естелігінде.

Жоғарыда тілге тиек болған Көгедайға, Қамбар мен Шотанға байланысты жайттар – сирек кездесетін шетін оқиғалар. Оған қарап төрелер мен қазақ ру басылары «ата жау» болып кетті деген ұғым ту­маса керек. Мысалы, Дайыр төре мен Назар шешен ақыреттік дос болған. «Тірімізде жұбымыз бір еді, өлгенде моламыз бір». Осыны төренің шөпшегі, елге қадірлі Ғаббас ақсақалдың қызы Шәмиза аузынан тастамаса, шешеннің ұрпағы Қалибек Алтыбаев «Сынаптай сырғыған жылда­рым» кітабында хатқа түсіріп таңбалады. Бұдан өзге, Дайыр төренің Көкпекті, зайсан уезінің қазақтарын бастап 1871 жылы Петерборда патшамен кездесіп, шен-шекпен, сый-таралғы алып қайтқаны жайлы тарихи деректер мол, сонда суреті де басылып шыққан.

Көгедай төре ұрпақтары арасынан қазақ елінің тәуелсіздігі үшін арыстандай алысқан нелер ерлер, қайраткерлер шыққан. Әсіресе Алтай қазақтарының айбары болған Шәріпхан Көгедаевтың бір өзі не тұрады?! Қамбар төре Байжігіт еліне билік жүргізіп қана қоймай, бірқауым елді өз ауылына паналатып, қамқор болған. Төренің әкесі Санияздың есімін ру атына айналдырған көп қауым Тарбағатай, Зайсан жерінде өсіп-өнді. Санияз елінен аймаққа еңбегі сіңген көптеген құрметті адамдар шықты. Біздің әулеттің үлкені болған, жүз жасаған әжем Қамажан Мүлікқызы да осы санияз ұрқынан еді.

Қашан Ресей империясының ықпалы күшейгенше Тарбағатай, Зайсан елі азат өмір сүрді. Бірақ бұл еркіндіктің өрісі ХІХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап тарыла түсті. Жоңғарлар жеңіліс тапқаннан кейін бұл маңға Қытай империясының өкілдері келгіштей бастады. Біраз уақыттар жергілікті халықты ығыстырып, түпкілікті орнағып қалу ниеттері де болды. Бірақ ол дегендері болмады. 1766 жылғы бір мәліметте «Бұрын да ол қазақтардың 500 түтіні Зайсан көліне өтіпті, қудаласақ та кетпеген соң Хожабергенді ұстадық, оны қосында үш күн тұттық» деген деректер бар («100 құжат» кітабы). Осыған қарағанда қытайлардың қоқан-лоққысынан ештеңе шықпаған. Халық Зайсан жеріне берік орныққан. Қазақ рулары бұл өлкеге 1822 жылы келген деген деректі жоққа шығаратын бір уәж осы.

Ел ішінде сақталған әңгімелер де тарихи деректермен сабақтас. Зайсандық қария Мақсұт Елшібаев жазбасына назар аударайық: «Әйгілі Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» за­манынан кейін қазақ шығысқа қарай үдіре көшкен. Ал төртуыл руларының алды Қалба тауына келіп тоқтап, осы араны мекен­деген. Бұл төртуылды бастаған Баймұрат батыр деп айтады. Ел Қалбаны жаз жайлап, қыста шығыс жақ етегін қыстайды екен. Ол жерде қанша уақыт болғанын ешкім айта алмай­ды. Әйтеуір, төртуылдың көп сүйегі деген Самар-Көкпекті аралығында ескі зират бар».

IMG_0274.jpg

Енді Жайсаңға елдің келуі емес, қайта оралуын былай деп айтады. «Бір жылы қыс қатты жұт болады. Қатты боран болады, батыстан соққан желмен жайылымдағы қалың жылқы шығысқа қарай ығып кетеді. Жаңғыз ғана Арқат деген кісінің мінген аты қалады, басқа ел жаяу ешқайда шыға алмайды. Күн жылынып, қар кете бастаған кезінде Арқат ата атына мініп, жанына бақырын байланып, оттық-шақпағын қойнына тығып ап, көл жағалап шығысқа қарай жүріп отырып, Жайсаң көлінің шығысына келеді. Қалың қопа көреді. Қопаны аралап жүріп, жылқының шетіне ілінеді. Сөйтіп, жылқыны аралап жүрсе бір жерден түтін байқайды. Келсе, төңірегіне қарағаннан қорған жасап алған, бірнеше үй ұранқайларды көреді. Ұранқай деген моңғол халқының бір руы болады. Басында бұлар бір-бірінен қорқып қалып, ақыры тіл табысады. «Кімсің?» деп сұрағанда, Арқат «Мына жылқылардың иесімін» дейді. Сөйтсе, бұлар жоңғарлар қазақтан жеңіліп қашқан кезде мына көл жағасына қалың қопаға кіріп, қалып қойған ұранқайлар екен. Шошқа аулап жеп, күн көріп жата берген. Арқат бұларға сойып жейтін жылқы беріп, жанынан күрке тігіп алып отырады. Жылқылары түгел, алды Қорған деген Ертіс жағалауындағы жерде, арты көлде. Қалың тоғай, қопа арасына құлындап, көк көтеріліп, құлын аяқтанғанда Арқат жылқыны айдап қайтпақ болады. Ұранқайлардан Арқатпен үйірлесіп қалған кішкене бала «мені ала кет, менің әке-шешем жоқ» дейді. Оны Арқат ұранқайларға айтса, олар көнбейді. Ақыры бір айғыр жылқы беріп, оны алып кетеді. Бала төмен қарап мұңайып отырған екен. Сол себепті атын Мұңалшақ қойған. Арқат құдагел руынан болады. Құдагел ішінен мұңалшақтың тұқымдары бар. Арқат жылқысын алып еліне барғаннан кейін елмен ақылдасып, осы жылқы барған жерге көшеді. Бұл мөлшері 1760 жылдары болса керек. Бірталай төртуылдар бірге көшіп, осы Жайсаң өлкесіне орналасқан».

Осындай деректерді, тарихи бай мазмұнды мағлұматтардан соң біздің аңғарғанымыз: қазақ елі өзінің байырғы атамекеніне, туған өлкесіне қайта оралуы өте қымбатқа түскен. Қаншама уақыт, жұмсалған қажыр-қайрат, кеткен жүйке! Жаңа ғасырда өз тарихымызды өзіміз жүйелеп жазбасақ, бабалар ерлігін дұрыс танымасақ, ұлтымызға, елдігімізге сын болар еді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?