Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Аштық пәлсапасы

2233
Аштық пәлсапасы - e-history.kz

Сөз – шартты ұғым. Адам барда шындық пен әділет ұғымдары да бар емес пе?! Бұл сөздер де адам зиятымен бірге өседі, өркендейді. Қозғалыс пен өзгеріс заңынан ешбір тіршілік атаулының шет қалмайтыны секілді, кез келген ұғымның ішкі мәні де мызғымастан тұра алмайды. Айталық, Еуропадағы әділеттік пен Шығыстағы шындық ұғымдарының негізгі есім-сойы бір болғанымен, олардың атқарар қызметі мүлдем екі бөлек. Біз сол екі түрлі түсінікті өзара салыстыра отырып, танымдық тұрғыдан сөз өрбітсек пе дейміз...

I

Бұл жерде Сара Камеронның «Аштық жайлаған дала» я болмаса кешегі қазақ топырағын ақсөңке сүйекке толтырған трагедияны сөз еткен «Қызылдар қырғыны» секілді ғылыми немесе естелік еңбектердің бірде-біреуінен сілтеме келтірмейміз. Біз алапат аштық мәселесіне тек философиялық тұрғыдан ғана баға беріп, барлау жасасақ дейміз. Рас, әр күннің бәрі тарих емес. Тарих – бұл басқа меже. Бұл – арың мен өміріңді рухани уәзінге тарту. Адам мен аңның басты айырмашылығы не десеңіз, ең әуелі аң атаулыда тарих жоқ. Онда тек рефлекс пен инстинкт қана бар. Адамды қойып, тұтас ұлтты алғанда кейде осы екі түсініктің ережесіне бағынып, бұдан да биік өлшемдерге өте алмай жатады. Тіршілік атаулының шүңетіне бір шырмалған адам тарих жасай алмайды. Тарих тек оқиғалар дерегі емес, ол – ең әуелі өнер мен ғылым, мәдениет пен өркениетке өмір есігін ашу. Кейде басыңа мынадай да ой келеді: «Адамзат арасындағы қаншама кескілескен қанды қырғынның салдарынан дін мен мораль ұғымдары дүниеге келді ме екен» деген. Әйгілі Карл Густав Юнгтің пайымынша, диктатураның негізгі табиғаты дінде жатыр. «...Социалистік диктатура діннің болмысы болса, мемлекеттік құлдық – табыну формасы. Мұндай жағдайда мемлекет саясаты діни насихат деңгейіне көтеріліп, көшбасшы немесе партия жетекшісі жақсылық пен жамандықтың ар жағындағы жартылай құдайға айналады. Ал оның жақтасы болғандар, апостолдар мен миссионерлер секілді мәңгілік құрметке ие болады» дейді. «Қажеттілік ешбір заң атаулыға бағынбайды. Ол өз заңын өзі ғана тудырады» қағидасына салып бағамдар болсақ, бұл екеуін(дін мен моральді) тылсымнан гөрі адам санасындағы хайуандық пен жыртқыштықтың өзі жасады ма деген де ойға бекисің.

Karl-Gustav-YUng.jpg

 

II

Кез келген дүниенің негізгі бағасы өз анологиясы болғанда ғана анықталады емес пе? Мағынасы бір атаудың шығыс пен батысқа(Еуропаға) келгенде қызметі мен қолданысының мүлдем екі түрлі екенін жоғарыда ғана тілімізге тиек еттік. Аштықты айтпағанда, тоқтық ұғымына да дәл осындай салыстыру өлшемі керек. Сіз қазіргі қазақ жанұясындағы кез келген теке-тірес пен ажырасу факторының арғы жағын тектеп көрдіңіз бе? Жүз пайыз демесек те, осы кикілжіңнің сексен пайызы материалдық жетіспеушіліктен туындап отырғаны белгілі жайт. Тағы да тәптіштеп айтуға мәжбүрміз. Жанжал мен керістің негізгі мотиві – жетіспеушілік. Статистикаға сүйенсек, еліміздегі әр адам табысының тең жартысы азық-түлікке жұмсалса, батыс елдерінде бұл көрсеткіш небәрі 5-12 пайыз аралығында ғана. Бұл ілкіде философтар қойған «Сен тамақ ішу үшін өмір сүресің бе, әлде өмір сүру үшін тамақ ішесің бе?» сұрағының тек бірінші тармағына ғана таңдау жасағанымызды көрсетеді. Американ психологы Абрахам Маслоудың қажеттілік иерархиясы туралы сіздер жақсы білесіздер.

Сана мен тұрмыстың бес белдеуіне тоқталып өткен ғалым оның ең біріншісі физиология( яғни, ішіп жеу мен үйлі-баранды болу) турасында айтса, бесінші сатысында бар болудың мәні, тұлғаның өзін-өзі тану миссиясын алға тартады. Бұл – жеке адам басына ғана емес, тұтас қауымға да қарасты ұғым. Біздің өз билігіміз өзімізге тиесілі Алтын Орда дәуірін, дәлірек айтсақ, XIII-XY ғасыр аралығындағы шақты Маслоудың бесінші белдеуіне толыққанды жатқызуға болады. Хандық кезеңінен кейінгі ұлт басынан өткен небір аумалы-төкпелі заман бесінші құндылықты көз алдымызда күн сайын балауыз шамдай кеміктей түсті. Сөйтіп жылдар жылжып, XX ғасырдың таңы атқанда, бұрнағы бұла қазақтың ноқтаға сыймаған асау басы қай тұрғыдан(рухани әм материалдық) болсын, бірінші баспалдақ босағасында бұратылып жатты.

 

III

 

Аштықтың трагедиясы мен азабы одан құрбан болғандар санымен анықталмайды. Оның ең негізгі азабы аштықтан тірі қалғандардың бұдан кейінгі өмір сүру үрейі мен тойымсыздығынан басталады. Әрине, бұдан кейінгі аштық ол басқа пішін, өзге форматта жүреді. Бұл жерде сіз аштықтан өзегі талып, қабырғасы арса-арса болған адамды еш жерден ұшырата алмайсыз. Тірі қалғандардың трагедиясы мен тартысы бұдан кейін, тіптен қыза түседі. «Бұл сонда қандай трагедия болды?» дейсіз ғой. Аштық үрейі енді өлгендердің емес, одан тірі қалғандардың көз бен көңіліне көшеді. Кейін адам көңілі қанша жесе де, бір тойып бермес түпсіз ынсапсызға айналады. Материалдық дүниеге жан-тәнімен қаталаған сол «тірілердің» сыртқы әлпеті тоқ көрінгенімен, ішкі араны мәңгілік ашқарақ сипатқа ұласады. Екінші рет естеріңізге салайын, олардың сыртқы әлпеті тым қоңды көрінгенімен, ішкі мазмұны мәңгілік қалтырап тұрады. Аштықтан кейін адамдағы орын алатын бұл психологиялық ахуалға қазақтың «семіз малай» сөзімен ғана дәлме-дәл анықтама беруге болады. «Семіз малайлық» пен «семіз құлдық» бүгінгі біздердің жаппай сырқаттанған ең негізгі төл дертіміз десек те болады. Дау жоқ, мұның артында кешегі алапат аштықтың салған өз лаңы жатыр. Сол лаң мен жарақат зардабы әлі күнге дейін ұлт санасында қарақотырланып болса да, бір жазылған жоқ. Аштықтан кейінгі кезең бұған дейінгі сіздің тыраштанып баққан материалдық игіліктер мен атақ-даңқыңызға да мұрын шүйіріп қарамайды. Мұның астын сызып, арнайы айтып отырғанымыз, негізгі тағаны мен тәрбиесі кеңестік, бүгінгі сіз бен біз зиялы санаған «элитаның» көбі сол жоқтық пен аштықта өскен жанұя мүшелері екенін де естен еш шығаруға болмайды. Олардың балалық шағы туралы сауал қойыла қалса болғаны, бейнетті бек тартқанын, ішер ас пен киер киімге зар болғанын айтып зарлай жөнелетіні де, сондықтан... Кешегі Алаш арыстарының шен мен шекпенге алданбаған табанды күрескерлігінің артында да олардың жоқшылық көрмеген құйқалы жердің төлі екені тұр. Осы элита түгелімен жойылған соң, қолдан жасалған советтік қуыршақ «қайраткерлер» тарих сахнасына шықты. «Адам сенситивтік(жасөспірім жасында) көрген әдеттерін үлкейгеннен кейін де міндетті түрде бейсана жағдайда қайталай береді. Ұрлық – бала кезінде жоқшылық көрген адам менталитетінің көрінісі» дейді көрнекті философ Қ.Жүкешев. Қу дүние кімдерден құл мен күң жасамады дерсің. Аға буынның дүниеге бір тоймайтын бүгінгі ашкөздігінің артында да сол аштық мәселесі жатыр. Кедейлік шырмауынан шығып, енді ғана шен мен шекпенге қол жеткізген әлгі жандардың ішкі үрейі, тіптен сұмдық. Олар осы «мәртебелі» мансабын қызғыштай қорғау жолында кез келген қадамға еш ойланбастан бара алады. Олар өз мүддесі жолында сайтанмен де келісімшартқа отырып, туған елінің тағдырын қарақан басының қамы үшін құрбандыққа шалып кете береді. Қазақтың тәуелсіздіктен кейінгі тауқыметті тарихының бірі – кешегі «Жаңаөзен» оқиғасы мен бүгінгі «Қаңтар» оқиғасы ғой. Осы бір оқиғалар аталған пікірдің айна-қатесіз аксиома екенін де көз алдымызда нақты дәлелдеп берді. Қазақ зиялысы үшін, бір басы шындыққа, екінші ұшы ұждан қазығына байланған сол қыл көпірдің аты – ар-ұят көпірі-тұғын. Не деріңіз бар. Көп шешендеріміз бен көсемдеріміз сындарлы сәтте сол «сират» көпірінен аяғы ардан тайып, омақаса құлап жатты. Аштықтың бейсана үрейі мен түпкі жарақатын көрсететін ел жадында қалған жәдігер сөздер көп. Соның дәл диагнозы мына сөз: «Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама» дейді. Біздің қазіргі хәліміз ай емес, жылдар бойы ашығып, ақылын жоғалтқан елдің басынан өткеріп жатқан табиғи процесі де болар. Аштықтың артына тастаған зардабының атом радиациясынан бірде-бір кемдігі жоқтығын да өз көзімізбен көріп отырмыз. Аштық сап тыйылуы үшін оның «радиациясын» үнемі айналасына жаятын ашкөздер мен семіз малайлар легі толығымен жойылып, оның орнына бір мезет те жоқшылық көрмеген рухани азат ұрпақ дүниеге келуі керек. Өйтпей болмайды...

97979797.jpg


IY

 

Бұған дейінгі сарнаған саяси корпустың қазіргі экономикалық ахуалымыз жайлы жарыса айтатын «жақсы өмірі» мен «ұжмақ» ұрандарына еш илануға келмейді. Мұның бәрі – опасыз әйел бетіне жаққан опа-далап секілді косметикалық бояулар ғана. Әрине, тоқтық – басқа категория. Тоқтық тамақтан гөрі жан мен көңілдің тыныштығына саяды. Тоқтық –демократияның ең негізгі жемісі мен нәтижесі десек те болатындай. Өкінішке қарай, бостандық пен тоқтық ұғымдарын адам саяси әм экономикалық сауатына байланысты әр түрлі өлшемде бағамдайтынын көреміз. Біріншісі, бұл екеуін демократия мен плюрализм құндылықтары ретінде қарастырса, екіншісі, бір жапырақ нан есебінде ғана түсінеді. Қалай десек те, біздегі «тоқтық» ұғымын дамыған Еуропа елінің тоқтығымен еш салыстыруға келмейді. Рас, диктаторлық дәуірде айналамыздағы абсентеизм мен саяси енжарлық қалыпты дүниеге айналды. Бұған дейін біздің қоғамға жанның дамысы мен рухани өмірдің мәні туралы сөз шығындап көріңізші. Естір сөзіңіз тек төмендегідей ғана болатын. НАН БОЛСА, ӘН БОЛАДЫ. КӨЙЛЕГІҢ КӨК, ҚАРЫНЫҢ ТОҚ, ҰЙҚЫҢ ТЫНЫШ БОЛСА БОЛҒАНЫ, БАСҚАНЫҢ БӘРІ БОС СӨЗ. ӘЙ, ТЫНЫШ ЖҮР ДЕЙМІН... ҚАНЕКЕЙ, БҰЛ КҮНІМІЗГЕ ДЕ ШҮКІР ДЕЙІК... Міне, бұл аштықтың өзі тудырған үрейлі сөздері болатын. Мұндай антұрған ауыр сөздерді аштық әбден етінен өтіп, сүйегіне жеткен аға буын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жиі-жиі есімізге салатын. Бұл негізінде жоғарыда атап өткеніміздей, «сырты тоқ, іші қалтырақ» жандардың қолымыздағының бәрінен айырылып қалмайық деген де ішкі үрейі екені еш жасырын емес(Егер бәзбіреулер жоғарыдағы авторитеттерге отыз жыл бойы табынып, жарамсақтанып келсе, мұның бар құпиясы сол ғана-тұғын). Келіс я келіспеңіз, енді бұл тақырып түбегейлі өзгерді. Кәрілердің бұл үрейі мен қорқынышы мәңгілік келмеске кетті. Себебі бұл аштық көрген аға буынның ғана меншікті дерті болатын. Әрине, жастардың емес... Таным өседі, талғам өзгереді.

Сахнаға жаңа түсінік шықты. Кешегі теңіздей толқыған бейбіт шерушілердің өрімдей жастар екені де осыны меңзейді. Енді бұл түсінікті жазғыруға да, жазалауға да болмайды. Билік парасаты жетсе, осы түсінікпен санасып, осы түсінікке кең қолдау көрсетуі керек. Мен білсем, бұл – ештеңеден де сескеніп, ештеңеден де қорықпайтын ерен түсінік. Мұны «қайыра жаншып, бұрынғы ескі әдетіне саламын» деген билік қатты қателеседі. Жарық пен құнар тек өсімдік атаулыға ғана емес, ол ең әуелі адам нәсіліне де ауадай қажет қой. Жарық – рухани білім болса, құнар –ұлттың байырғы бай тарихы мен төл түсінігі. Бұл шағын жазбамыз саңылауы бар адамның көкірегіне сәуле жүгіртуді мақсұт еткен сол аз ғана талпынысымыз еді...

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?