Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алматыда Қазақ Республикасының 100 жылдығына орай конференция өтті

1979
Алматыда Қазақ Республикасының 100 жылдығына орай конференция өтті  - e-history.kz
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих  және  этнология институтында «Кеңестік Қазақ автономиясының құрылуы – Ұлы даладағы мыңжылдық мемлекеттілік дәстүрдің жаңғыруы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференциясы өтті.

Zoom бағдарламасы арқылы өткен конференция Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының құрылғанына (1920 жыл 6 қазан) 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Конференция мақсаты – Ұлы дала төсінде мыңжылдық мемлекеттік дәстүрі болған қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруы болып табылатын кеңестік Қазақ республикасының құрылу тарихы мен ұлттық автономия құруға қатысты қазақ қайраткерлерінің қоғамдық-саяси көзқарастарындағы қайшылықтар мен әртүрлі бағыттарды ғылыми тұрғыдан тағы бір саралап, ұлт қайраткерлерінің осы жолдағы саяси күресі мен бүгінгі таңдағы тұлғатануға объективті тарихи баға беру болған еді.

IMG-20200828-WA0014.jpg

Конференцияның кіріспесін Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов ашты. Конференция жұмысына ҚР БжҒМ Ғылым комитетітінің төрайымы Жанна Құрманғалиева, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев қатысып, құттықтау хаттарын оқыды.

Конференция жұмысы барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің "Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу" орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков «Қазақ автономиясының теориялық мәселелері» атты тақырып бойынша баяндама жасап, бүгінгі таңда қалыптасқан қате тұжырымдарға тоқталып, Қазақ автономиясы тарихын зерттеуде назар аударатын өзекті мәселелерге ерекше тоқталды. 

Ал профессор Заинидин Курманов (Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академияның проректоры, тарих ғылымдарының докторы) «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қырғыз және қазақ саяси элитасының ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту жолындағы күресі» атты тақырып бойынша баяндама жасап, Орталық пен аймақ арасында болған ұлт мәселесі және оның шешілу жолдарына қатысты күрес тарихына шолу жасады.

Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл «Қазақстан автономиясы үшін күрес: тарихы және оның қазіргі саясатта қолданылуы» деген тақырып бойынша баяндама жасаса, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор К.К. Раджабов «Түркістан АКСР-і мен Қырғыз (Қазақ) АКСР-і қатынасы (1920-1924)» атты тақырыпқа баяндама жасап, екі автономия арасындағы байланыстарға кеңінен тоқталды.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Диқан Қамзабекұлы университет ректоры Ерлан Сыдықовтың ыстық сәлемін конференция қатысушыларына жеткізді. Содан кейін «Смағұл Садуақасұлы – Қазақ автономиялық республикасының көрнекті қайраткері» атты тақырыпта баяндама жасап, жалынды қайраткер С.Садуақасұлының тарихи рөлі мен оның өмірі мен қызметіне қатысты фотоларды көрсетті. Ал Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Е. Қалиұлы «Қазақстандағы «жоғарыдан төменге» принципі бойынша автономияландыру» атты тақырып бойынша баяндама жасап, ҚАКСР билік орындарының Орталықтың қаулы-қарарлары мен бұйрықтарын мүлтіксіз орындауға тиіс болғанын ашып берді.

Осы конференцияны ұйымдастырып отырған Тарих және этнология институтының Бас ғылыми қызметкері тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Қ.С. Алдажұманов «Қазақ Кеңес автономиясының құрылуы – қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру сатысы» атты тақырып бойынша баяндама жасап, бүгінгі таңда ҚАКСР-ын құру мен оның шегарасын қалыптастырудағы Алашорда мүшелері Ә.Бөкейханның, Ә.Ермековтың «жеке тарихи еңбегі» туралы мифтерді көрсете отырып, мәселені әлі де жан-жақты саралап, тереңдете зерттеу қажеттігіне тоқталды. 

IMG-20200828-WA0006-150x150.jpg

Тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай «ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезі: автономияны жариялау және оның бүгінгі таңдағы тарихнамалық мәселелері» деген тақырып бойынша баяндама жасап, ҚАКСР-ның құрылған күнін 26 тамызда немесе 4 қазанда атап өтудің қалай қалыптасқаны мен оның қателігі туралы айта отырып, ҚАКСР-ның құрылған күні 6 қазан екенін атап көрсетті. 

«Себебі, дәл осы күні ҚАКСР Кеңестері Құрылтай съезінің кешкі мәжілісінде 2 «қарсы» және 5 «қалыс» дауыспен «ҚАКСР еңбекшілері құқығының декларациясы» атты бірінші Конституциялық құжат қабылданып, съезд ҚАКСР-ды жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалар, казактар, қызыл әскерлер депутаттары Кеңестерінің республикасы деп жариялады. Кеңестік Қазақ автономиясы – байырғы қазақ жерлерін бір республика құрамына біріктіруге тарихи негіз болды. Сондықтан, жыл сайын 6 қазанда ҚАКСР-ның құрылған күнін атап өтсек дұрыс болар еді», – деп атап көрсетті С. Шілдебай.

Конференция соңында институт директоры Зиябек Ермұқанұлы конферанция жұмысын қорытындылап, қатысушыларға алғысын білдірді. Конференция қарары оқылды.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?