Атасы үшін азап шеккен
26.02.2019 2432
Шахзада Аронқызы Шонанованың өмірі мен қызметі жөнінде не білеміз?

Тарихи деректер бойынша, «1921-1954 жылдары Қазақстанда 100 мың-нан астам адам репрессияға ұшырап, 25 мыңнан аса адам ең ауыр жаза – ату жазасына кесілген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрағаты деректері бойынша, Қазақстандағы НКВД қызметі 183 ұйымды «әшкерелеп», жалпы саны 3720 «тыңшыны» тапқан. Сол жазықсыз жазаланып, тағдыр талайын кешкендердің ішінде нәзікжанды қазақ аналары мен қыздары да болғаны ақиқат. Бірі «халық жауының» жары, бірі – баласы немесе ұрпағы болғаны үшін Сібірдің суығында дірдеңдеп, АЛЖИР-дің азабын шеккендер саны қаншама! 1937-1938 жылдары сталиндік репрессияның құрбаны болған, оның қанды қылышына ілініп, ақырында атылған Шахзада Аронқызы Шонанованың өмірі мен қызметі жөнінде не білеміз?

Шахзада 1903 жылы Батыс Қазақстан облысы Сырым (бұрынғы Жымпиты) ауданында әйгілі Әбілқайыр ханның ұрпағы Арон Қаратаевтың отбасында дүниеге келген. ХХ ғасырдың басындағы ірі қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаевтың туған інісі Арон Қаратаев Патшалық Ресей тұсында білім алып, жоғары қызмет істеген зиялы азамат болған. Орал қаласының полиция бастығы (обер-полицмейстер) лауазымына дейін көтерілген. Ескі тәртіптің құлауына байланысты қызметтен кетіп, жеке меншік шаруашылығымен шұғылданған. Атақты бай және бұрынғы патшалықтың қызметкері ретінде 1928 жылы тәркіленіп, Алматы округінің Ащыбұлақ (қазіргі Алматы қаласы маңы) деген жерге жер аударылған. 

Анасы Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы Нұралыха­но­ва Жәңгір ханның немере­сі, яғни Шахзаданың әкесі мен анасы ханның ұрпақтары еді. Хұсни-Жамал Зұлқайнарқызы (Нұралыханова) – ХІХ ғасырдың аяғында, 1894 жылы, қазақ қыздарына арнап Бөкей ордасында мектеп ашқан, талай талантты шәкірттер тәрбиелеген қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы ағартушы ұстаздардың бірі. Оның өмір жолы әрі тарих, әрі дастан. Қазақтың қайраткер қыздары – Алма Оразбаева, Рәзия Меңдешова, Әмина Сүлейменова осы Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызының мектебінен өткен.

Шахзада Қаратаева 1922-1926 жылдарда Орал губерниялық атқару комитетінде іс жүргізуші болып істейді. Оның қызмет еткені жөніндегі мәліметтер Батыс Қазақстан облыстық мұрағатында сақтаулы. Дәлірек айтар болсақ, «№37 бұйрықта 1922 жылдың 3 ақпанынан бастап Басқару губерниясы Шахзада Қаратаеваны іс-жүргізуші лауазымына алған». Одан өзге бір бұйрықта «1922 жылы 18 сәуірден бастап 1 ай мерзімдегі демалысында көктемгі егістік жұмыстарына шыққан. Губерниялық атқару комитетінің хатшысы Қаратаеваға посевкомпаниямен байланысты 1 айлық демалысқа рұқсат берілген. Шахзада Қаратаеваның орнына уақытша хатшылық қызметке Карыкин тағайындалған» деген мәліметтер бар.

Аз уақыт Сырдария губерниялық партия комитетінде нұсқаушы қызметін де атқарды. 1926 жылдан бастап ССРО ағартушы қызметкерлер одағының мүшесі, 1928-1930 жылдарда Қызылордада Халық ағарту комиссариатының мектепке дейінгі балалар тәрбиесі бөлімінің нұсқаушысы болып орналасады. Алайда Шахзаданың бар арман-тілегі – оқуын жалғастыру.

Осы мақсатпен 1931 жылы Алматыға қоныс аударып, Алматы медицина институтына оқуға түседі. Бірақ, мұнда да «әлеуметтік тегі» бойынша бақылауда болып, институт Шахзаданы «қоғам жұмыстарында тексеруге» міндеттеледі. Сөйтіп, Шахзада 1932 жылдың 12 наурызынан 11 сәуірге дейін ең қауіпті ауру – бөртпе сүзек індеті жайлаған Прибайкалстройдың Спасск деген жеріне жіберіледі. Сол жердегі жұмыс орнынан институтқа ол жөнінде: «Жолдас Шонанова өзін қайратты, іскер қызметкер ретінде көрсетті... Қоғам жұмыстарына қатысты... Санитарлық шаруаларды жүргізуші ретінде Шонанова ең сенімді қызметкер болды» деген мінездеме жіберіледі. Алайда, осындай үлгілі мінездемеге қарамастан, Шахзада 2-курста «әлеуметтік тегіне байланысты» тағы да оқудан шығарылады. Тағы да дейтініміз, бұған дейін Шахзада Аронқызы Орта Азия Мемлекеттік университетінің медицина факультетіне оқуға түсіп, үстем тап өкілінің ұрпағы ретінде бұл оқу орнының да 2-курсында оқудан шығарылған екен.

Тағдыр тәлкегімен Шахзада екі рет тұрмыс құрған. Алғашқы жары мемлекет қайраткері Ыдырыс Мұстамбаев болған. Екі жастың ата-анасы бата беріп, 1922 жылы Ыдырыс пен Шахзада шаңырақ көтереді. Ыдырыс Мұстамбаев пен Шахзада Аронқызының ша­ңы­рақ көтерген кезінде совет­тік құрылыстың басты идеология­сы «тап жауларына» қарсы күрес­ті күшейту ұранының күшейіп тұрған кезі болды. Бірі советтік органның жауапты қызметкері, екіншісі кешегі хан әулетінен шыққан «тап жауының» қызы. Осы ілікті «ұтымды пайдалан­ған» Ыды­рыс Мұстамбаевтың қар­сылас­тары өзі партия мүшесі, жауапты советтік қызметте, заң­дық талаптардың орындалуын қадағалайтын органда жұ­мыс істей отырып, «байшылдықпен байланысты», «тап жауымен» туыстасты деген сықылды айып­тауларды қарша боратып, өлкелік комитетке оның үстінен үсті-үстіне арыздар жазумен болды. Осының салдарынан Ы. Мұстамбаев Орал губерниясынан Ақмола губерниясына ауыстырылады. Мәселен, 1924 жылы қыр­күйек айында Ақмола өлкелік комитетінің жауапты хатшысы атынан б­еріл­ген құпия ресми хатта былай делінген болатын: Петропавл қа­ласы (Ақмола гу­берниясы) губерния прокуроры жолдас Мұстамбаевқа, көшірмесі Ақ­мола губкомының хатшысына.

«В ответ на заявление Т. Мус­тамбаева от 25 августа с. г. настоящим разъесняется, что переброска Т. Мустамбаева из Уральской губ. была обусловлена фактом родства Мустамбева с гр. Каратаевым, бывш. видным царским чиновником коковое родство, поскольку гр. Каратаев проживал в той же губернии, в том же городе, что и Т. Мустамбаев, несомненно компроментировала последнего и давал повод для разного рода слухов и обвинений»

(Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты. 141-қ, т-16, іс-2342. п. 84).

Ыдырыс Мұстамбаев Ақмо­ла губерниясының прокуроры болып істеп жүрген кезінде «тап жауларымен» туыстығы бар» деген оңды-солды айыптаулар қыр соңы­нан қалмай қойғаннан кейін Шахзада Аронқызы­мен ажы­расуға мәжбүр болған.

Екінші рет Шахзада Аронқызы 1931 жылы Алматыда бірге жұмыстас болған әрі отбасының досы, энциклопедист-ғалым Телжан Шонановпен бас қосады. Осы кезеңде Телжан Шонанов Қазақ педагогикалық институтында доцент болып жұмыс істейді. Шахзада Шонанова 1933-1936 жылдарда педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында, Халық ағарту комиссиаратында, ұлттық мәдениетті ғылыми-зерттеу институтында кіші қызметкер сияқты түрлі қызмет атқарды. Жас қызметкердің тынымсыз әрі табанды ізденісін байқаған Халық ағарту комиссары Жүргеновтің шақыруымен ол бастауыш және орта мектеп бөлімінде ғалым, хатшы, кейін әдіскер кеңесші болып қызмет істейді. Бірақ 1936 жылдың басында бұл қызметтен де босатылады.

Шахзада сонда да мойымады. 1936 жылы жасы 33-ке келсе де, белгілі бір мамандық алуға талпынған жас қайраткер Шахзада Шонанова (Қаратаева) ҚазМУ-дың биология факультетінің 2-курсында оқуға мүмкіндік алды. Бірақ бұл жолы да оқу еріксіз үзілді. 1937 жылы 19 шілдеде жұбайы Телжан Шонанов «халық жауы» деген жаламен тұтқындалады. Артынша, 1938 жылдың 5 қаңтарында Шахзада да тұтқынға алынады.

Шахзада Аронқызы күйеуі Телжан Шонановпен бірге халық ағарту комиссары Темір­бек Жүр­ге­нов басқарған диверсия­лық топтың құрамында 1936 жылы ҚазМУ-дың ғимаратын өртемек болды деп айыпталады. НКВД-ның жендеттері Шахзаданың басына неше түр­лі жалған айыптарды жауып, азапқа салды. НКВД-ның жен­дет­тері жауап алған 1938 жылы 6 ьқаңтардағы хаттамада Шахзада Аронқызы өзін антисоветтік ұйымға 1926 жылы Ыдырыс Мұстамбаев тартты деп «мойындаған».

«13 қаңтар күн­гі жауабында: «ҚазМУ-де оқы­ған кезде мен студент жастар арасында күнбе-күн антисо­вет­тік, ұлтшылдық идеясын кеңі­нен тараттым» деп, мүлде бол­ма­ған антисоветтік ұйым­ның іс-әрекеттерін мойнына алу­ға мәж­бүр болады» деп жазады «Алжирде азап шеккен аналар» деген мақаласында белгілі тарихшы Т. Көлбай.

Енді Шахзада өмірінің соңғы сәттеріне байланысты бір дерек. Қазақстан тарихи-ағарту «Әділет» қоғамы-ның төрағасы Санжар Жандосов пен атқарушы директоры Сәуле Айтмәмбетова-Сүгірова ҰҚК-ның көмегімен 1937-38 жылдары «халық жауларын» кімдер атқанын, қайда көмгенін іздестірген. Қорытындысында Сәуле Айтмәмбетова-Сүгірова «Эпоха» газетінің 2006 жылғы 40-санында мынадай дерек жариялады: «…сол қантөгістің тірі куәсі табылды… Бұрынғы кісі өлтірушінің айтуынша, «халық жауларын» түн ішінде НКВД ғимаратының терең қазылған жертөлелеріне апарып, сол жерде атқан».

«Халық жауларын» үш сағат бойы атып, содан соң мүрделерін жабық әскери машиналарға тиеп, Әлі ауылына апарған. Бұл 1932 жылдың ашаршылығында барлық тұрғыны қырылып, қаңырап қалған ауыл еді. Балшықтан соғылған үйлердің орындарында жартылай құлаған қабырғалар ғана сорайып тұр. Міне, сол қабырғалар арасында солдаттар күндіз шұңқырлар қазатын да, ал түнде ол шұңқырларға атылған адамдардың мүрделері тасталған. Қаңырап тұрған бұл ауыл жанында жаңа ауыл да бар еді. Оның тұрғындарына көне ауылға жақындамау жөнінде бұйрық берілді. Бұл бұйрық «көне ауылға аса қауіпті індеттен өлген жылқылар көміліп жатыр» деп түсіндірілген».

«1937-1938 жылдары атылған адамдар тізімін қолымызға алғанда біз НКВД «машинасының» демалыс, мейрам дегенді білмей, күндіз-түні жұмыс істегенін ұқтық, – деп жазады Сәуле Рақымқызы. – Әр күні 40-50 адам атылған. Олардың бәрі де НКВД ғимаратының жертөлесінде атылған».

Осы қантөгіске қатысқан жендеттің айтуынша, «машинадан шұңқырға мүрделерді лақтыра бастағанда, кенеттен олардың бірі тіріліп, айдалаға қаша жөнеліпті. Бұл әйел адам еді. Жендеттердің бірі оны сол арада атып құлатқан. (Тізімде жалғыз ғана әйел адам болғандықтан, бұл жерде әңгіме ҚазМУ студенті Шахзада Шонанова жөнінде деп жорамалдаймыз). Осы оқиғадан кейін машинаға саларда атылғандардың аяғының сіңірін қиып жіберетін болған».

Осы қантөгіске қатысқан жендеттің айтуынша, «машинадан шұңқырға мүрделерді лақтыра бастағанда, кенеттен олардың бірі тіріліп, айдалаға қаша жөнеліпті. Бұл әйел адам еді. Жендеттердің бірі оны сол арада атып құлатқан. (Тізімде жалғыз ғана әйел адам болғандықтан, бұл жерде әңгіме ҚазМУ студенті Шахзада Шонанова жөнінде деп жорамалдаймыз). Осы оқиғадан кейін машинаға саларда атылғандардың аяғының сіңірін қиып жіберетін болған».

Сөйтіп, сұрқия саясаттың жазықсыз құрбаны болғаны Шахзада Аронқызы Шонанова РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-бабының 2, -8, -9, -11-ші тармақтары бойынша айыпты деп танылып, ең жоғарғы үкім – өлім жазасына кесіледі. Жаза 1938 жылғы 9 наурызда орындалып, жауқазын қыздың жас ғұмыры Алматыда үзіледі. Кейін 1958 жылғы 8 наурызда ақталды.   

Шахзада Шонанова – сталиндік репрессия жылдарында атылған қазақтың үш қызының бірі. Белгілі журналист Қарагөз Сімәділдің жазуынша, совет үкіметін құлатпақ болды деген айыппен Торғай Сүлейменова, Мәмила Таңатова есімді қазақ әйелдері ату жазасына кесілген.

Телжан Шонанов пен Шахзада Аронқызы Қаратаеваның артында ұрпақ қалмаған. Тек бауырына басқан ұлдары Жақыптың есімі ғана аталады. Жақып сол жылдарда Донбаста, Сталино қаласында индустриялдық құрылыс институтының студенті екен. Сол Жақыптың кейінгі тағдыры туралы мағлұмат әзірге жоқ.

Бүгінгі күні осы Қаратаевтар әулетінің нәзік жанды өкілі, бірақ бойында тектілік пен ұлтшылдық тұнған дәрігер, ұстаз, қоғам қайраткері Шахзада Аронқызы Шонанованың құрметіне өзінің туған елі Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың №5 оқу ғимаратында мемориалдық ескерткіш тақтайша орнатылған.