«Еліне Бердіқожа болды қорған»
21.02.2024 1586

Қазақ даласының әр бұрышында ерлік пен елдіктің символы болған нысандар көп. Олардың кейбірі кешегі таяу дәуірлерде табиғат құбылыстарының немесе адам баласының іс-әрекеттері арқылы жойылып кетті. Кейбірінің қиранды, тағаны қалып, буындар алмасу барысында ұрпақ жадынан шығып та үлгерді. Ал кейбірінің аңызы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге жетті. Әсіресе қазақ-жоңғар соғыстары дәуіріндегі батырлардан жеткен зираттар – біз үшін құнды.


Ел іргесін бекіту үшін қалың жаумен шайқасып өткен батырларымыздың жерленген жері туралы мәліметтер аңыз бен ақиқат астасып, қазіргі күні тіпті осыған байланысты қазақ-жоңғар соғысы дәуіріндегі әр рудан шыққан аттас батырлардың бүгінгі ұрпақтары талас тудырып та жататыны рас. Мұнда да сол дәуірден жеткен аңыздар мен орыс, қытай әскери экспедицияларының қазақ даласын аралаған кезде қалдырған жазба деректеріне, карталарына сүйенетінін көреміз. Бұл – барлық өңірлерге тән.

Қазақ даласының кіндігіндегі қасиетті Қарқаралы жерінде де сонау арғы замандардан, соның ішінде жоңғар шапқыншылығы дәуірінен қалған қаншама тарихи естелік нысандар мен олардың орны бар. ҚР экс-президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласы негізінде бірнеше жыл бойы атқарылған ауқымды жұмыстар болғанын жоққа шығара алмаймыз. Осы бағдарлама аясында Қазақстанның аумағындағы және шетелдердегі көптеген тарихи ескерткіштер мен әйгілі тұлғаларымызға қатысты нысандар зерттеліп, оларды қайта жаңғырту, республикалық, өңірлік маңызы бар киелі нысандар тізбесіне енгізу. Солардың бірі – Темірші ауылынан шығысқа қарай 38 шақырым қашықтықта орналасқан Бердіқожа батырдың кесенесі.

Осы ретте Бердіқожа батыр шыққан шанышқылы руы туралы аздап тоқтала кету дұрыс болмақ. 

Ұлы жүз құрамындағы белді рулардың бірі шанышқылылардың шыққан тегі туралы байламдар көп. Шыңғыс хан дәуіріндегі шаншығұт тайпасынан болуы мүмкін деп жорамалданады. Шанышқылы руы қазақ-жоңғар соғыстары тұсында арғы мекені Алтайдан Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне қоныс аударып келгендігі тарихи деректерде айтылады. Ұлы жүздің құрамына кіретін шанышқылы руы туралы арғы тарихта аса көп деректер кездеспейді. Қазіргі кейбір зерттеушілер шанышқылыны Шыңғыс хан заманындағы шаншығұт руынан тарайды деп жазып жүр. Мұны әрине нақтылау қажет. ХVІІІ ғасырдың ортасынан бастап ресейлік зерттеу экспедициялары өкілдері П.И.Рычков, А.И. Тевкелев, А. Левшин, Ш. Уәлиханов қатарлылардың жазбаларында Ұлы жүз құрамындағы шанышқылы руының Қаратауда, Талас өзенінің күңгейінде көшіп жүреді деген мәліметтер кездеседі. Бұл – қазіргі Жамбыл, Түркістан облыстарының аумағы. Қазақ тарихының үлкен білгірі Н. Аристов шанышқылы руының ежелгі мекені – Алтай тауы деп біледі. Сонымен қоса жоғарыда айтылғанындай, шанышқылы руының Шыңғыс хан заманындағы шаншығұт тайпасының бүгінгі ұрпақтары екендігін Н. Аристов та атап өтеді. Шанышқылы – ХҮІІ ғасырда аса үлкен бірлестік болған. Марғасқа жыраудың Тұрсын ханға қаратып айтылатын: «Қатағанның хан Тұрсын» атты толғауында келтірілгеніндей, қазақ ханы Есім Ташкенттің билеушісі Тұрсын ханды өлтірген. Екі ханның арасындағы осы соғыста қатағанның үштен екісі қырылғаны тарихта айтылады. Қатағандар – шанышқылы мен қаңлыдан тұрғандығын ескерсек, бұл – туыстас рулар арасындағы қасіретті қырғын екенін аңғарамыз. Осы қырғыннан кейін жойылып немесе ыдырап кеткен қатаған руының бір бөлігі шанышқылы ретінде қалыптасқанын әйгілі шежіретанушы Мұхамеджан Тынышпаев атап көрсетеді. Шанышқылы руы қазіргі күні негізінен Түркістан облысында тұрып жатыр. 

Ұлы жүздің шанышқылы руынан шыққан әйгілі тұлғалардың бірі Бердіқожа батыр 1708 жылы дүниеге келіп, 1786 жылы өмірден өткен. Ол – жоңғар-қазақ соғысы дәуіріндегі көрнекті батырлардың бірі. Жоңғар хандығы 1758-59 жылдары Манжу Цинь империясы тарапынан жасалған геноцид салдарынан күйреп, халқы қырғынға ұшырап түгелге жуық құрытылғанымен, олардың байырғы көршісі қазақтар ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында алаңсыз өмір сүре алған жоқ. Жоңғардың жұртында қалған қалдықтары, байырғы атажұртына сонау Еділ бойынан ауа көшіп келген қалмақтар, солтүстіктен сұғына еніп, шұрайлы жерлерге иелік етіп, қалаларын тұрғыза бастаған Патшалық Ресей мен шығыстан көз алартқан Мәнжу Цинь империялары мазасын жиі алды. Бұларға қоса, оңтүстік көршілер Қоқан мен Хиуа хандықтары мен Алатау қырғыздар да шамасы келсе, қазақтың кең даласына шабуыл жасап отырды. Мұндайды қазақ «жау жағадан алғанда бөрі етектен алды» деп атайды. Қырғыз халқы – қазақтармен бауырлас, көршілес болғанымен, қыстау, жайлау, жайылымдық жерлер мен өзге де ресурстар үшін қазақтармен кей кезеңдерде қақтығысқа түсіп отырғаны тарихтан белгілі. Бердіқожа батырдың есімі осы қырғыздармен қақтығыстарға қатысты аталады.

Батырдың жастық ғұмыры жоңғар шапқыншылығына тұспа-тұс келді. Ұлы Даланың көшпелі халықтары қазақ пен жоңғар, қазақ пен қалмақ сонау ХVІІ ғасырдың басынан ХVІІІ ғасырдың ортасына дейін ұзақ жылдар бойы бірде тату, бірде қату өмір сүрді. Кей кезеңдерде жоңғарлар қазақ даласына әскери жорықтар жасап, халықты қырғынға ұшыратып отырды. Қазақ халқының бірнеше буын ұрпағы осы жорықтар кезінде жауға қарсы шығып, оларға тойтарыс беріп отырды. Ол дәуірлерде қол бастаған сардарлар мен ержүрек батырлар көптеп туып шықты. Олардың есімі, ерлігі ұмытылмай біздің заманымызға жетіп отыр. Барлық батырдың есімі толық есте қалуы мүмкін емес. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақ Жәнібек т.б. ержүрек батырлармен есімі қатар аталатын ерлердің бірі де осы – Шанышқылы Бердіқожа батыр. 

Бердіқожа батыр туралы нақты архивтік деректер көп емес. Ал жазба әдебиет тұрғысында батырлық жырлар мен толғауларда батырдың ерлік істері, бойындағы көріпкелдіктен бастап бойындағы ерекше қасиеттер болғандығы айтылады. Қазақ даласын отарлауға, соның ішінде Семей қаласына жаңадан форпост салуға басым күшпен орыс әскерлері келгені белгілі. Осы әскердің басшысы, капитан Андреев Иван Григорьевич өзінің «Описание средней орды киргиз-кайсаков» атты еңбегінде Жетісу мен Алтай, Тарбағатай арасындағы қазақ руларының басшылары, олардың қоныстары, көшу бағыты, т.б. деректер береді. 

И. Андреев өзінің «Описание Средней орды киргиз-кайсаков» («Қырғыз-қазақ ордасын суреттеу») Қашқар жолында жатқан болыстықтар туралы бөлімінде: «Бұл болыстықтар Іленің сол жағында, Бежі мен Қаратал, Ағақшібе өзендері бойында және Балқаш көлінен шығысқа қарай Алақтұғыл мен Алакөл маңында орналасқан жазғы мерзімінде олар Жетісу бойында тағы қырғыздармен бірге көшіп-қонып жүреді, бір-бірімен тату, өзара ешқандай келіспеушілік жоқ», - дей отырып, ондағы болыстықтардың біріншісінде шанышқылыларды көрсетеді: «1. Шанышқылы болысы. Бұл болыста үш жүздей түтін бар, жылқы мен өзге малдарға байы. Бұл болыстың басшысы Бердіқожа, Семипалатинск қамалына 1783 жылы шілдеде келді, ресейлік шекараны да бірінші рет кесіп өтті», – деп атап көрсетеді. Осылайша Семипалатинск бекінісіне келген Бердіқожа батырды жергілікті әкімшілік жылы шыраймен қабылдаған. Бердіқожа өзіне қарасты руларымен он сегіз жыл бойы Жетісудың бойын жайлап жүргендігі, қырғыздармен іргелес аймақты мекендеп жүрген олар осы жылы ғана Шыңғыс тауының баурайына келіп орналасқаны айтылған. Демек Бердіқожа батыр өзінің қарамағындағы шанышқылы руының үлкен бір бөлігін ХVІІІ ғасырдың сексенінші жылдары Шыңғыстау-Қарқаралы бойына көшіріп әкелді деп қорытынды жасауға болады. Аталған еңбекте Бердіқожа батырға қатысты біршама мәліметтер айтылады.

Бердіқожа батыр туралы халық ауыз әдебиеті шығармаларында, сондай-ақ ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген отандық шежіреші, өлкетанушылар, ғалымдар еңбектерінде кездеседі. Атап айтқанда белгілі фольклор жинаушысы, шежіреші, ақын әрі ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің «Мес» жинағында: «Шанышқылы Бердіқожа – Абылай заманындағы ең атақты, ең сенімді батырлардың бірі», – деп атап көрсетсе, қазақ жыраулары туралы монографиялық еңбек жазған, қазақ-жоңғар қақтығыс кезеңіндегі белгілі тұлғалар жөнінде нақты ізденістер жасап, тарихи айналымға енгізген жазушы, тарихшы ғалым Мұхтар Мағауин өзінің шығармалар жинағында Бердіқожа батыр туралы былай деп асқақтата жазады: «Ауыл арасындағы тентек – ұлт батыры дәрежесіне жетіп, қамшы ұстаған байшыкеш – көсем дәрежесіне көтеріліп, балпақ – болат таңылып, ұлтан – ұлт тұлғасы деп жарияланған, Алаштың туын көтеріп, елін сақтаған аруақты батырлар қатардағы көптің біріне айналған, асқаралы алыптар атаусыз қалып жатқан бүгінгі күні, әрине, тікелей ұрпақтары, байлыққа жетпеген, аталас ағайыны билікке жетпеген басқа да арыстар сияқты, бір кезде қазақтың қайқы қара қылышы болған Бердіқожа батырдың есімі де ұмытылуға жақындаған еді. Әйтеуір мүлде ескерусіз қалмасын деп «Қазақ тарихының әліппесі» атты кітабымда Абылай заманының бас батырларының қатарында атадым». Бұл – бұра тартпайтын, талғамды ғалымның аузынан шыққан шынайы әділ пікір бола алады. 

Шанышқылы Бердіқожа батыр туралы мәліметтер ХVІІІ ғасырдың оқиғасына құрылған «Қисса Ер Қабанбай» атты жырда кездеседі. Аталған жыр қазақтың хас батыры, Ханбатыр Қабанбай өмірінің соңғы кезеңіндегі бір оқиғаға құрылған. 

«Қас батыр Қабанбайдың бір інісін,

Қырғыз шауып батырдың сағы сынды», – 

делінеді жырда. Қартайып ауырып жатқан батырдың сағын сындыру үшін інісі Қарақұрсақтың ауылын қырғыздар шауып кеткен екен. Осыдан кейін Қабанбай батыр қайғырып жатып қалады. Үш жүздің батырлары мұны естіп, әр өңірден үн қатып, жинала бастайды. 

Қабекең қайғыланды дегенді естіп,

Келіпті өзі батыр, Хан Абылай.

«Намысын Қабекеңнің әперем деп,

Келіпті қанжығалы ер Бөгенбай.

Намысын Қабанбайдың әперем деп,

Келіпті шанышқылыдан Бердіқожа.

Келіпті Қаз дауысты ер Қазыбек,

Үйсіннен іздеп кепті Райымбек... – 

деп жырда айтылғанындай, үш жүздің көптеген батырлары Қабанбайдың шақыртуынсыз келіп, бір тудың астына жиналып, ақыры қазақ ерлері дұшпаннан кек қайтарады.

Бердіқожа батырдың өліміне қатысты екі түрлі нұсқа бар. Бірақ біз қазіргі кезеңде мұның бәрін мемлекетшілідік сана тұрғысында, тәрбиелік мәні зор нұсқасын қалдырып насихаттауымыз қажет. Бердіқожа батырдың осы замандағы қазақ халқын біріктіруші күш ретіндегі әлеуетін тиімді пайдалануымыз дұрыс болмақ.

Бердіқожа батырдың кесенесі Көкшетау мен Дуан тауларына жақын маңдағы Дағанделі өзенінің оң жағалауындағы жарқабағындағы биік жотаның басында орналасқан. Ы. Алтынсариннің «Бай баласы мен кедей баласы» әңгімесінде айтатынындай, өзенді жерде мола болады, молалы жерде ел де, мал да болады. Сол заманнан жеткен аңызға қарағанда, Бердіқожа батыр өзін ел көп жүретін күре жолдың бойына жерлеуді аманаттаса керек. Сондықтан да ары-бері өткен саяхатшы, жиһангездер Бердіқожа батырдың жол үстіндегі зиратын өз жазбаларында сипаттап отырады. 

Бердіқожа батырдың ерлік жолы жеке-дара дастанға арқау болған. «Бердіқожа батыр» тарихи дастанының қолжазба нұсқасы ҚР Ұлттық ғылым академиясы, Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы тұр делінеді. Бұл дастанда Бердіқожа Қабанбай, Бөгенбай, Боранбай, Барақ және басқа да батырлармен бірге жаумен шайқасып ерлік көрсеткен оқиғалар баяндалады екен. 

Қарқаралы өңірінде кесенесі тұрғызылған Бердіқожа батырдың өнегелі ерлік жолын бүгінгі ұрпаққа лайықты насихаттау арқылы ұрпақтар сабақтастығы жүзеге асырылатыны сөзсіз. Даңқты бабасы Бердіқожа батыр туралы зерттеу мақалаларын жазып жариялатып жүрген техника ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбай Айнабеков былай деп жазады: «Бір әттеген-айы, батырмен жорықтас, үзеңгілес болған Бөгенбай, Қабанбай, Қарасай, Райымбек, Жәнібек сынды батырлардың есімдері Қазақ елінің көп қалаларындағы көшелерге, білім мен мұражайларға беріліп жатқанда Бердіқожа атының ешбір жерде аталмауы көңілге қаяу түсіреді. Демек, шанышқылы Бердіқожаның тарих сахнасына қайта шығып, кейінгі өскелең ұрпаққа ұран болатын кезі жетті. Тек бұл іске мұрындық, жетекші болатын, қажымай-талмай еңбек ететін нар тұлғалы азаматтар қажет-ақ». 

Расымен де өзінің бүкіл ғұмырын елін сырт жаудан қорғауға арнап, осы жолда өмірден өткен Бердіқожа батырдың ерлік жолын, даңқты тұлғасын лайықты ұлықтау дұрыс болмақ. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» дейтін ұранның маңызы осындайда арта түседі.

Бердіқожа батырдың өмірге келген жері – қазіргі күні шанышқылы руының молынан қоныс тепкен өлкесі – Сыр мен Келес өзендерінің аралығы деп біледі зерттеушілер. Шанышқылы руы қазіргі күні мол санға ие болып, Шымкент, Сарыағаш, Ташкент қалаларының өзі мен айналасындағы елді мекендерде, сондай-ақ Тараз, Алматы, Түркістан, Кентау және тағы басқа қалаларда тұрып жатыр.

Қарқаралы жеріндегі Шанышқылы Бердіқожа батырдың кесенесі – ХVІІІ ғасырдағы балшық құрылымның үстіне заманауи материалдарды қолдана отырып тұрғызылған, дулыға пішінді құрылыс. Тарихи-мәдени ескерткіштердің тізіміне алынған кесене зиярат ету және туризм нысаны. Батырдың кесенесін адамдар ертеден бері қасиет тұтып келген. Атап айтқанда, бала көтермеген әйелдер мұнда келіп түнейтін болған. Сонымен бірге малына түрлі індет тиген адамдар да Бердіқожа батырдың қасиетті зиратының маңына келіп түнететіндігі туралы айтылады. Бұл да болса, батырдың бойына біткен ерекше қасиеттің шарапаты болар.

Шанышқылы Бердіқожа батырдың туған, өмірден өткен жылдарына қатысты нақты деректер күні-бүгінге дейін жоқ болып отыр. Тәуелсіздік жылдарында ғана Бердіқожа батырдың есімін қысылмай айтып, кейінгі толқынға насихаттап, түсіндіріп отыруға мүмкіндік қолға келді. Бердіқожа батырдың өмірі мен ерлік іс-әрекеттерін мұрағат құжаттары арқылы әлі де болса дәйектеу керек. Батырдың туған, өмірден өткен мерзіміне қатысты ғалым Бақтыбай Айнабеков былай деп ой қорытады: «Осы жерде қисыны келетін бір ой, әлі күнге дейін тарихшыларымыз Бердіқожа батырдың туған жылы мен өлген жылын дәл анықтай алмай келеді. Ұлттық энциклопедияда 1690 жылы өмірге келіп, 1770 жылы өмірден өтті десе, орыс зерттеушісі И. Андреев 1685 жылы туып, 1786 жылдың қантарында қайтыс болды деп жазады. Мұндай әрқилы пікірдің басқа еңбектерде де ара-кідік ұшырасып жүргені жасырын емес. Осыны бір ізге түсіру біздің міндетімізге жататыны анық». Демек батырдың туған жылына қатысты бес, өмірден өткен жылына байланысты он алты жылдың айырмашылығы бар. Мұның өзі Бердіқожа батырдың туған, өмірден өткен жылдарын әлі де болса мұрағат құжаттары негізінде індете іздестіріп, нақтылауды қажет етеді деген сөз. Елін сүйген, халқының жадында мәңгі сақталған Бердіқожадай асыл ұлдар әр дәуірде молынан туып шыға берері сөзсіз.

Қазақ тарихының арғы-бергі дәуірінен бастап жырлаған 30-дан астам поэманың авторы, «Бостандық жырының бозторғайы» атанған арқалы ақын, марқұм Несіпбек Айтұлы Бердіқожа батырға арнаған дастанын былайша аяқтайды: 

«Киеңе, қасиетіңе сенім артам,

Ел болып, етек жапсақ сенің арқаң!

Ешқашан үзілмейді салған жолың,

Қиылып, қысқарғанмен өмір-арқан.

Атыңнан айналайын, Бердіқожа,

Аруағың – арттағыға әлі қалқан!»