Абайдың әдебиет кешіне 110 жыл
26.01.2024 1750

Осыдан 110 жыл бұрын, яғни 1914 жылдың 26 қаңтары күні алғаш рет Абайға арналған шығармашылық кеш ұйымдастырылды.


Семейдегі Луначарский клубында өткен бұл кеш қазақтың алғашқы журналист қыздарының бірі Нәзипа Құлжанованың ұйымдастыруымен өткен еді. Кештің өтуіне Орыс география қоғамының Семейдегі бөлімшесі ұйытқы болған.

Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының өмірден өткені он жыл толуына орай әдеби кеш өткелі жатыр деген ақпарат тек Семей ғана емес, күллі ел аумағына тарап үлгерген еді. Сондықтан да болар аядай ғана Луначарский клубында өткен кешке жиналған жұрттың қарасы да тым көп болды.

Оны сол кездегі «Қазақ» газетінде (1914 жылдың 23 маусымы, «Семейдегі әдебиет кеші» атты мақала) жарияланған мына деректен де анық байқауға болады: 

26 январьда Семейде «Народный домда» жағрафия жамиғатының  әдебиет кеші болды. Бұл кеште халық аса көп болып үйге сыймағандықтан, бірсыпыра адамдар кіре алмады.

Ол күн атақты ақынымыз, марқұм Абай Құнанбайұғылы турасында баяндама оқылады деген хабар халық арасына бұрынырақ тараған себепті жұрт ол күнді асыққандай күтіп тұрды. Баяндаманы Нәзифа ханым (Құлжанов жамағаты) орысша оқыды. Баяндамада Абайдың қырда өсіп аз оқыса да Еуропа данышпандарының кітаптарын оқып, сөзін ұғып, көңіліне тоқып, Россияның Пушкин, Лермонтов, Толстой атты мәшһүр адамдарының сөздерін қазақ тіліне аударып жазып, қазаққа өзі өлсе де сөзін қалдырып кеткенін сөйледі.

Бұл расында да қазақ тарихындағы Абай өмірі мен шығар­ма­шылығына арналған тұңғыш әдеби-музыкалық іс-шара еді. Абайдың баласы Тұрағұл мен қос бірдей інісі Шәкәрім, Кәкітай, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Айтмауытов, Қаныш Сәтбаев сынды Алаштың азаматтары бас қосқан бұл кеште ақынның жырлары оқылып, әндері орындалады. Өз заманының белгілі әншісі Әлмағамбет Қапсәләмұлы Абайдың әндерін бабына келтіре орындап, келушілердің құлағының құрышын қандырады. М. Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьессасынан үзінді қойылады. Артынша жиналған жұртқа Берікбай Сәтиев деген бақсының ойыны таныстырылып, қазақтың тұрмыстық, дәс­түр­лік ерекшеліктері таныстырылған. Ал кештің өзі Абай шығармашылығына арналған баяндамамен ашылған. Баяндама орыс тілінде жасалған. 

Осыған қарап-ақ, ұйымдастырушылар бұл кештің кең форматта өтуін ойлағанын бажайлауға болады. Біріншіден, қазақтың бас ақыны Абайдың алғашқы кешін өткізу болса, екіншіден Абай шығармашылығы мен қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін өзге ұлт өкілдері, нақты айтар болсақ, орыс халқына таныстыру болған сыңайлы. Сол кездері жазылған мамақалаларда келушілерге әсіресе Әлмағамбеттің орындауындағы Абайдың Татьяна әнін қатты әсер еткені жазылған. Бұдан бөлек Абай өлеңдерінен басқа классикалық шығармалардың орындалғаны туралы деректер бар. Нақты айтар болсақ, Бахтың увертюрасы рояльда орындалғаны, соңында Тұрағұл, Шәкәрім, Кәкітай, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Айтмауытов, Қаныш Сәтбаевтардың  қатысумен қазақтың тұрмыс-салтына қатысты әртүрлі көріністер қойылғаны баяндалады.

Бұл кеш жайлы Міржақып Дулатов «Қазақ» газетіне: «…Өткен 26 январьда Семей қаласында Географический Общества, ондағы оқыған қазақ жастарының жәрдемімен Абай құрметіне әдебиет кеші жасағандығы – Семей халқынан күткен үмітімізді күшейтуге зор дәлел болса керек. Ол кеш бірінші қазақ ақынының құрметіне жасалған бірінші әдебиет кеші болып һәм бірінші қазақ әйелі (Нәзипа ханым Құлжанова жамағатының) майданға түсіп берген өрнегі еді» деп жазды («Қазақ» газеті, №67, 1914 жылдың 23 маусымы).

Айтпақшы, Абайдың алғашқы кеші жайлы «Айқап» журналының 1914жылғы  №4 санында да арнайы мақала шыққаны белгілі:

 Аталмыш мақалада «…Абайдың орысша жазылған ғұмырнамасы (биография) оқылды, арасындағы өлеңдері қазақша жазылған еді. Бұл ғұмырнаманы бұдан бірнеше жыл бұрын Әлихан орысшаға көшірген екен. Кеште оқушы семинария учителі Нұрғали Құлжановтың жамағаты Нәзипа ханым болды. Сөздің аяғында: «Абайды туғызған қазақ даласы, тағы да талай Абай секілді, бәлки онан да артық, данышпандар туғызар» дегенде тыңдаушы қазақтардың жүйесі босап, көзіне жас алғандары да болды (байғұс қазақ қамкөңіл ғой). Нәзипа ханымның орысша таза сөйлеуіне орыстар таңғалды» деп жазылған.