Советтік идеологияның бір ерекшелігі – ұлтты ұлттың өзіне қарсы қою. Міне, соның кесірінен өз тарихын өзі жатсыну, өткеніне де, болашағына да күмәнмен қарау көңіл-күйі қалыптасқан
ХХ ғасырдың 80-жылдарына дейін әлемдік ақыл-ой кеңістігінде көшпенділер өркениеті деген сөз ауызға алынбайтын. Көшпенділер тарихына еуроцентристік немесе азиялық центристік көзқараспен баға берілді. Еуропа мен Азия тарихын түбірінен өзгерткен ғұндар мен кейінгі түріктердің, монғолдардың тарихы туралы бір жақтылы қасаң көзқарастар ғылымда үстемдік құрып келді. Бақсақ, мейлі ғұн, мейлі түрік, мейлі монғолдар болсын, бәрі де жер бетіне көшпелі өркениеттің ұрығын сепкен, ұлан-ғайыр мәдени кеңістіктерді бір-бірімен жалғаушы, жаңалықтарды жеткізуші болған екен. Онымен қоймай, көшпенділер отырықшы өркениеттер аймағына құлашын кең жайған ірі мемлекеттерді, империяларды құру дәстүрін қалдырып кетті. Ғұндардың әсерінен Қытайдағы, Еуропадағы ұсақ бектіктер (князьдіктер) бірікті. Бірігіп аса қуатты, құлашын кеңге жайған іргелі мемлекеттер құрды. Егер атты ұлттардың соққысы болмағанда ол елдер көпке дейін жайбарақат күйі жатар еді. Тұтас адамзат өркениетінің аяқалысы талай ғасырға кешеуілдер еді.
Осы ойлар, пікірлер бізге Л. Гумилев еңбектерін оқу арқылы келді. Ол тұтас адамзат тарихын бір-бірінен бөлек алып қарамай, оған бір тұтас органикалық тұлға ретінде қарады. Тарихтың өз келбеті де солай. Тарих үшін бүгінгі мемлекеттер, шекаралар, этностар шартты ұғым. Ол тарихи дамудың нәтижесі. Тарихта Еуропа елдерінің шекарасының талай рет өзгеруі соны дәлелдейді. Азия да солай. Бұрындары Азия бір тұтас болған. Өркениеттер бірін-бірі жатырқамаған. Сол себептен, Азия даласынан тарихтағы түрлі өркениеттердің, діндердің ізі байқалады. Соның ішінде Қытай өркениеті деген өркениет бар. Сырттан келген өркениеттер туралы сөз болғанда ол тіптен сіңіргіш, бірақ қарсылық қуаты өте жоғары өркениет. Бір қызығы теңіз жолы дамымай тұрған ерте және ортағасырларда Үнді, Араб, Парсы және Еуропа өркениеттері Қытайға Орта Азия арқылы жеткен. Орта Азия Шығыс пен Батыстың арасында өткізгіштік рөл ойнай отырып, өзі де сол өркениеттердің әсеріне ұшыраған. Демек, ортазиялық өркениет Шығыс-батыс өркениетінің жергілікті өркениетпен синтезі арқылы қалыптасқан өркениет. Ол оңтүстіктегі ислам-будда мәдениеті мен солтүстіктегі православия мәдениетінің, дәстүрлі шығыс мәдениеті мен еуропалық мәдениеттің, көшпелі мәдениет пен отырықшы мәдениеттің түйіскен тұсы. Мұнда тарихта тәңірлік, будда, манихэй, зоорастризм, несториан, ислам секілді түлі діндер брінің ізін бірі баса, қатарласа дамыған. Дүниежүзінің ешбір жерінде мұндай өркениет қалыптаспаған. Өйткені бұл белгілі мағынадан жағрапиялық шарт-жағдайға да байланысты. Көшпенділер осынау байтақ кеңістіктің тарихын ат тұяғымен жазды. Ол тарихты Л. Гумилевтен бұрын бәзбіреулер білсе де білмегенге сайып жылы жауып келді.
1893 жылы Дат ғалымы В. Томсен Орхон даласынан табылған көне түркі ескерткіштерінің бетіндегі руникалық жазулардың сырын ашқаннан кейін де Батыс әлемі, кеңестік түркология бұл ұлы жаңалықты жылы жауып қойды. Советтік түркология түркі халықтарының тарихын зерттеудің орнына түркі халықтарының тілін зерттеуге көбірек көңіл бөлетін. Өйткені түркі халықтарының көне тарихын зерттеу олардың ұлттық санасының оянуына қызмет етуі бек мүмкін еді. Олар үшін далалық бұратана халықтардың тарихы түк емес болатын. Дәл осындай кезеңде орыс халқының ұлы перзенті Л.Н. Гумилев өз бетімен ертеде даланы мекендеген түркі-монғол халықтарының тарихын зерттеуге кірісті. Өз өмірінің соңында ұлы ғалым «менің өмірімнің мәні...мен шын жүрегіммен сүйген Еуразияның көшпенді халқының атақ-даңқын шығару болды»», – деді. 1992 жылы ол тағы да «олардың (еуразияшылдардың) сағаты енді соқты»-деді. Батыстық А.Тойнби, О.Шпенглер секілді еуроцентристерге қарсы Л. Гумилев өзінің ғылыми ойларымен, кең масштабты пікірлерімен жауап берді. Ол көшпенді халықтардың өркениеті 3 мың жылдық шығармашылық дамуды бастан кешкенін атап өтті. «Көшпенді қоғамда техникалық үдеріс болмаған деп ойлау ақылға симайды. Көшпенділер, оның ішінде ғұндар мен түріктер де бар, өз кезінде аса маңызы бар заттарды ойлап тапты. Ең алғашқы шалбарлар өте ерте заманда көшпенділер қолымен тігілді. Үзеңгі де Орта Азия даласында 200-400 жылдар аралығында пайда болды. Ең алғаш көшпенділер қолымен шабылған арбалар теңдерді қою арқылы таулы аймақтарда, ну жынысты шатқалдарда жүруге мүмкіндік берді. Жебесі 700 метрге зулайтын садақтар мен қайқы қылыштарды да көшпенділер ойлап тапты. Қылаяғы дөп-дөңгелек киіз үйлер де сол заманның ең ыңғайлы тұрақты мекені болып табылатын», – дейді. Л. Гумилев айтқандай, археологиялық және жазба деректер көшпенділердің Алтайда, Арқада, Монғолияда, Ерен-қабырғада және Жетісуда теміршілікпен шұғылданғанын, олардың қалалары және отырықшы мәдениеті болғанын дәлелдейді.
Тағы бір мәселе: «Халықтың тарихқа қосқан үлесі оның санына байланысты болмайды...сол себептен, саны аз монғол және қалмақ халықтары Еуропа мәдениеті үшін өте көп нәрсе жасады деп есептеймін. Бүгінде жұрттың көбі ұмытып барады, ал шынында еуропалықтарды елшілердің қауіпсіздігін сақтауға үйреткен, еуропалықтардың әдет-ғұрпына дипломатиялық қолсұқпаушылықты енгізген нақ осы монғолдардың жорығы болды. Осы үшін де бүкіл әлемнің дипломаттары бірігіп Шыңғысханға үлкен ескерткіш тұрғызуы тиіс. Шыңғысханға дейін елшілердің өміріне ұдайы қауіп-қатер төніп тұрды», – дейді. Шын мәнінде, көне ғұндар мен түркітер қытайларға шалбар киюді үйретті. Одан бұрын Орта жазықтағы қытайлар кенеп жамылғымен ғана жүретін. Л. Гумилев осы шалбар жайында айта келіп, Римдіктер шалбарсыз, тоға(жеңсіз ұзын жамылғы) киіп жүрді; көне гректер мантия (ұзын шапан) киіп жүрген жоқ, кең мата шүберекке оранып жүрді. Ал атқа салт мінетін ғұндар, түріктер мен монғолдар Еуропа мәдениетіне шалбар киюді енгізді дейді. Басқа басқа, дәл ғұндардың қытайларға шалбар киюді үйреткенін қытай ғалымдары мойындайды. Қарап отырсақ, ғұндардың қытай өркениетіне қосқан үлесі мұнымен ғана өлшенбейді. Әу бастан, ғұндар қытай топырағында қуатты бірлікке келген мемлекеттің құрылуына себепші болды. Егер солтүстіктен төнген ғұндардың қысымы болмағанда чуньцю-чанго дәуіріндегі жеті бектік бір мемлекет болып бірігуі екіталай болатын. Тағы бір мысал, осы бірігудің нәтижесінде солтүстікте ғұндардан қорғанатын Ұлы қамал салынды. Оның құрылысы мың жылға созылды. Ғұндардан соң түріктер, сянбилер, монғолдар және жүржіттер оның жалғасты салынуына әсер етті. Егер көшпенділерден қорғану қажеттілігі болмағанда, аталмыш қорған да тұрғызылмаған болар еді. Солтүстіктегі атты көшпенділер отырықшы жұртқа ат үстінде соғысу өнерін үйретті. Дүниежүзіне әйгілі ат спорт ойындарының түрлері көшпенділерден тараған. Мысалы, ғұндар мен түріктердің ат үстінен ойнайтын шәуген доп ойыны VI-VII ғасырларда алдымен Қытайға, сосын Еуропаға таралған. Ат жарысы, көкпар ойыны қатарлы ойындар туралы да соны айтуға болады.
Жоғарыдағы ойларын айта отырып Гумилев қандайда бір ұлттың өркениет көшіне қосқан үлесін арнайы бағалаудан бас тартады. «Бағаны жалпы уақытқа қатысты, заманға қатысты беру жарасымды бола қоймайды. Тегінде бағалау біздің ісіміз емес, біздің ісіміз-бейнелеп түсіндіріп, жүйелеп баяндау, мазмұндап, хаттау. Халықтардың мәдениетін, қызметін, шығармашылығын, қаһармандығын және басқа да осындай өзіндік өрнекті сипаттарын қандай да бір материалдық есептеулер білдіре алмайды», – дейді ол. Бірақ кей этностардың ерте, кей этностардың кеш қалыптасуы табиғи құблыс. Финикиялықтар бір кезде болды, ал бүгінде олар жоқ. Финикиялықтардың кезінде француздар болған жоқ. Олар ІХ ғасырда пайда болды, ХІХ ғасырда ғана қалыптасты дейді ғалым. Демек ұлттың ертелі-кеш қалыптасуында тұрған дәнеңе жоқ. Ол ұлт немесе халықтың бұрынғы анықтамасына қарсы уәж айтып, этносты аяқталмаған процесс деп есептеді. Бірақ оның әр түрлі тілде сөйлесе де тарихта өзінің ұлттық бірлігін жоғалтпаған этностар бар деген пікірімен келісуге болмайды. Ол бұл жөнінен француздарды алға тартады. Мысалы, француздар ортағасырда үш тілде сөйледі: Париж тұрғындары ескі француз тілінде, Бретань тұрғындары өздерінің жергілікті тілінде, оңтүстік тұрғындары провансаль тілінде сөйледі дейді. Бірақ француздарды біріктірген тұтас этносттың біртектілікке деген ұмтылысы емес, ортақ шаруашылық пен жағрапиялық шеңбер және ортағасырлық күшті феодалдық монархия болды. Бұлар болмағанда француз ұлтының орнында ала-құла бірнеше бөгде ұлттар пайда болып қалуы әбден мүмкін еді. Сондай алып ұлттардың тілдік жіктелудің нәтижесінде жойылып кеткендері де жоқ емес. Мысалы, монғол империясының халқы түгел монғол болмаған. Осы жағдай, тіпті Шыңғыс әулеттерінің өзінің өзге ұлттардың мәдениетін қабылдап, өзге тілде сөйлеуі, империяның құлауын тездетті. Монғол ұлты шашырап кетті. Мұның соңы этностың үлкен төрт диалектіде сөйлейтін ұлтқа айналуына алып келді. Манжулар туралы да соны айтуға болады. Олар да монғолдар секілді, басқа халықтардың үстінен үстемдік орнатамыз деп ақыр аяғында өз түбіне өзі жетті. Ең әуелі тілдік ала-құлалық пайда болды. Одан соң ұлт жойылды. Сондықтан ұлт ішіндегі алуан тілділік Гумилев өзі айтатын «этногенездің соңғы басқышы», яғни ұлттың жойылу басқышы болуы әбден мүмкін. Өйткені оның пікірінше этногенез ұлттың, халықтың пайда болу, даму және жойылу процессі. Қазақ халқы тарихта Еуразия құрлығында билік құрған сақ, ғұн, түрік, монғол секілді суперэтностар мен субэтностардың (өз ішіндегі тайпалық бірлестіктердің) бірігуінен пайда болған және солардың энерциясымен дамып бүгінге жеткен ұлт. Антропологиялық зерттеулер де соны дәлелдейді. Ендеше, ол өз жерінде, өзінің биосферасында әлі де гармониялы түрде дамуы керек.
Гумилевтің диахрондық принципі бүгінгі мәдениетті еуропалықтардың бір кездегі жабайы франктер мен нормандар болғандығын көрсетіп береді. Оның еуразиялық теориясы жекелеген халықтардың қайталанбас ерекшеліктері мен әлемнің әр алуандылығына негізделген. Осы бойынша көшпенділер өркениетінің болғандығын және оның өзіндік белгілерімен өзге өркениеттерге әсер етіп, өзара ықпалдасу негізінде дамығандығына көз жеткізеді. Ғұндар дәуіріндегі адамзаттың Шығыстан Батысқа бағытталған ірі қоныс аударулары кезінде Еуразия даласында адам айтса сенгісіз ірі өзгерістер болғаны шындық. Өйткені ұлы қоныс аударулар, ірге кеңейтулер түгелдей шығыстан батысқа қарай бағытталған екен. Соған қарап ғұндардың бір кезде жан саны жағынан әлде қайда көп, өте ықпалды суперэтнос болғандығын байқаймыз. Он мың шақырымға созылған Қытай ұлы қорғаны солтүстіктен бір кезде, бір уақытта тұтас ления бойынша төнген алапат ауыр қатерге қарсы салынған. Оның үстіндегі белгі от беретін тұрғылары мен садақшыларға арналған көземелері, қорған қабырғасының сонша биіктігі мен бас-аяғының ұзақтығы соны дәлелдейді. Демек, орасан зор көшпелі этнос шығыстан батысқа қарай қоныс аударған. Қоныс аударып қана қоймай, олардың әрекеті Еуразия кеңістігіндегі саяси, экономикалық өмірге бірдей әсер еткен.
Бүгінде бәзбіреулер тарихты айтып мақтанбауды, алға қарауды ұсынады. Егер өзінің бай тарихы, мақтан тұтарлық тұлғалары болмаса, ондай ұлт амбициялы, пассионарлы ұлтқа айнала алмайды. Бүгінде тарих пен математикаға жетік ұлт әлемдік бәсекелестікке қабілетті ұлт. ХХ ғасырдың басында алаш зиялыларында тәуелсіз мемлекет құру, қазақты қайтадан әлемдік аренаға шығару амбициясы болды. Бірақ советтік кезең ұлттың жеке белсенділігін тежеп, жалпы советтік суперэтнос жасауға ұмтылды. Бұл тарих ағымына қайшы әрекет еді. Нәтижесінде оның соңы этникалық жанжалдар мен біртұтас жүйенің күйреуіне алып келді. Советтік идеология адамдар санасында өшпес із қалдырды. Көп адамдар әлі күнге сол күндердің елесімен өмір сүріп келеді. Советтік идеологияның бір ерекшелігі – ұлтты ұлттың өзіне қарсы қою. Міне, соның кесірінен өз тарихын өзі жатсыну, өткеніне де, болашағына да күмәнмен қарау көңіл-күйі қалыптасқан. Ондай адамдар тек советтік қоғамнан ғана сүйеніш табуы керек болды. Сөйтіп ұлтсыздану процесі жүріп жатты. Бұл өте қауіпті еді. Осы індет әлі күнге дейін етегімізден тартып келеді.
Әрине, өз ұлтын сүйген, оның тарихын қастерлеген адам өзге хылықты да мағнада құрмет тұтады. Бүгінде ұлтты белгілі бір қатып қалған өлшемге салып бағалайтын заман келмеске кетті. Әлемде қайтадан көшпенділер өркениетіне, оның түп отанына деген қызығушылық оянды. Азияның апайтөс даласынан төрткіл дүниеге қанат жайған көне көшпенділер өркениеті адамзаттың ең мәнді, ең негізгі өркениеті болған және бола да бермек. Бүгінгідей біртектіленген, шексіз-шекарасыз ықпалдастық жағдайында адамзатты мәдени тексізденуден бір құтқарса көшпенділер мәдениеті құтқарады. Өйткені ол өміршең, дара. Онымен қоймай дүниежүзіндегі көптеген мәдениеттердің қайнар көзі. Біздің тәуелсіз мемлекетіміз бен оның басшысын әлемге танытып отырған да осы күш. Мемлекетіміз жас болғанымен, оның халқы интелектуалды, амбициялы және пассионарлы. Көне көшпенділерден қалған бұл ұлы күш-жігер бізді әлемнің алдыңғы легіне алып шығатынына сенеміз. Сол кезде төрткіл дүние көне көшпенділер өркениетінің өзінің түп отанында қалай мәнді дамуға жеткенін көретін болады.
Тұрсынхан Зәкенұлы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Шығыстану кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы