Талғат Молдабай: Әліпби ауыстыру еріккеннің ермегі емес.
20.02.2021 1428
Бүгінде қазақ қоғамы үлкен өзгеріс алдында тұр. Ол - ұзақ жылдар бойы қолданып келе жатқан кирилл алфавитінен бас тартып, латын әліпбиіне көшу мәселесі. Осыған байланысты соңғы екі-үш жылдың ішінде латын әліпбиіне қатысты жан-жақты талқылаулар жасалып, зерттеулер жүргізіліп жатыр. Осыған дейін жұртшылық назарына латын әліпбиінің бір емес бірнеше нұсқасы ұсынылғаны белгілі. Сонымен қатар, «кириллицадан бас тартып жатыр екенбіз, ендеше латын емес тарихи жазуымыз - руна таңбаларын қайта тірілтіп, көне бітіг негіздегі әліпби неге жасамасқа» дейтіндер де жоқ емес. Осы мәселеге байланысты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің Түркітану кафедрасының доценті, PhD доктор Талғат Молдабайұлына жолығып, сұқбат жасаған едік. Бүгін сол сұқбатты назарларыңызға ұсынып отымыз:

– Талғат мырза, өзіңіз жақсы білесіз, қазіргі таңда елімізде үлкен науқан – латын әліпбиіне көшу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылып, латын әліпбиінің бірнеше нұсқасын жасып шықты. Бірақ әлі де бір тоқтамға келе қойған жоқпыз. Сонымен қатар, латын әліпбиі емес, ата жазуымыз – көне бітіг жазуын неге тірілітпеске деушілер табылып жатқанын білесіз. Қалай ойлайсыз, көне бітіг жазуын қайта тірілтіп, күнделікті әліпби ретінде қолдануға мүмкіндік бар ма?

– Бұл сауалыңызға жауап беруден бұрын бітіг жазуының өзіндік ерекшелігіне тоқталып өткім келіп отыр. Иә, біздің ата жазуымыз – Көне түрік бітіг жазуы. Бұны кейбір зерттеушілер түркі халықтарына берілген Тәңірді үлкен сыйы деп есептейді. Өйткені бұл жазу адамзат тарихындағы үлкен өркениеттің бірі.  Бұл жазудың болмысы тұнып тұрған ұлттық құндылық, дала жауһарына толы. Қатты заттың бетіне сызып жазуға арналған бұл жазу тік және көлденең түсу сызықтар арқылы орындалған таңбалар жиынтығынан тұрады.

Бұл көне көршіміз қытай империясы патшаларының тарихшылары жазып қалдырған жылнамаларында солтүстік көшпелі көршілеріне қатысты «... оларда жазу жоқ, бірақ, ағашқа кертіп таңбалар белгілеп бір-біріне хабар жібереді» деген дерегімін астасып жатқан сияқты.

Бұл жай ғана кертік таңбалар емес. Ол ұлттық танымымызбен, сан ғасырлық мәдениетімен астасып жатқан үлкен мәдениет үлгісі. Менің докторлық зерттеу диссертациямды жазу барысында түрік бітіг жазуының 33 таңбасына талдау жасадым. Талдау барысында түрік бітіг жазуының расында да кездейсоқ дүние емес, жай ғана жазу, хабар алысу құралы ғана емес үлкен философиялық ой жасырған дүние екеніне көз жеткіздім деуге болады.


 Тағы бір айта кетерлігі, көне түркі жазуының өзіндік ерекшеліктері де өте көп. Мәселен, Көне түрік бітіг жазуы үндесім заңдылығын қатаң сақтайды. Дауыссыз дыбыстарды жуан дауыстылармен үндесетін және жіңішке дауыстылармен үндесетін екі таңбамен белгілеген. Біз бұл таңбаларды «Үндесім дауыссыздары» деп атаймыз. Көне түрік бітіг жазуы әлемдегі осындай ерекше қасиетке ие бірден бір жазу түрі.


Сонымен қатар, көшпелілердің өмір сүру дәстүріне сәйкес көне түрік бітіг жазуы ықшамдауға оңтайландырылған жазу болып есептеледі. Дауысты дыбыстар «а/e» мен «i/y» сөздің басы мен ортасында жазылмайды, тек сөздің соңында жазылады. Ал, «o/u» мен «ö/ü» бірінші буында жазылады да, кейінгі буындарда жазылмайды. Осы ерекшелігі арқылы қазіргі тілімізде 100 таңбамен жазылуы керек сөздер тізбегін көне түркілер бас-аяғы 60 таңбамен-ақ жазып тастайтын болған.

Қорыта айтсақ, бұл жазу түркі халықтарының тілдік ерекшелігімен, танымымен біте қайнасып жатқан – Түркі халықтарының төл жазуы.

Ашып айтар болсақ, бұл жазу таңбалары дала көшпелілері өмір сүрген барлық аймақтарда заттарға белгіленген таңба ретінде, жартас беттерінде ойылған таңба ретінде, тасқа немесе басқада тұрмыстық заттарға қашалған жазу ретінде молынан кездеседі. Бұл жалпы жазу таңбалар қорының ықылым заманнан бері көшпелілер танымында бар екендігінің айғағы.

Ал енді, осы төл жазуымызды қайта жаңғыртып қолданысқа енгізе аламыз ба деген мәселеге ойысайық. Меніңше, бұл мүмкін емес қиын шаруа дер едім. Себебі, біз көп дүниені жоғалтып алдық. Тарихи танымымыз бен өткенімізден қол үзіп алдық. Қазіргі таным-түсінігіміз мүлдем басқа. Сол секілді уақыт ағымына байланысты тіліміз де көп өзгеріске ұшырады.

– Яғни қазіргі тілдік ерекшелігіміз бен сөзжасам жүйеміз көне бітіг жазуының талаптарына сай келмей ме сонда?

–  Иә, дұрыс түсіндіңіз. Бітіг жазуын қазіргі заман талабына толықтай сай деуге болады. Тек қазіргі тіліміз сай емес. Бітіг жазуын үйрену де, үйрету де қиын емес. Мәселе мүлде басқада болып тұр. Біріншіден, бұл жазу қатаң үндесім заңдылығын ұстанатын көне түрік тіліне негізделген жазу. Қазіргі таңда біздің тіліміз әбден шұбарланды, өз болмысынан алыстап кетті. Заманның ағымына сай араб, парсы, латын, орыс тілдерінен кірген сөздер көбейді. Тілдік заңдылығымыз бұзылды. Ал бұл жазудың емлесі сол кездегі тілдік заңдылыққа қатаң негізделген, егер сөздің алғашқы буынында жуан еріндік дауысты болса, кейінгі буындарда да жуан еріндік болуы керек еді. Мұны бір деп қойыңыз.

Екіншіден бұл жазу сол кездегі өмір сүру дәстүріне негізделіп қатты затқа сызып жазуға ыңғайлы түрдегі жазу таңбаларынан түзілді. Ол таңбаларды қазіргі қолданып жүрген офистік техникаларға бейімдеу үлкен қаржы мен білімді талап етеді.

Үшіншіден, кез-келген төл жазу таңбалары сол этностың танымымен астасып жатуы керек. Мысалы, көне Мысыр жазуында   “r” таңбасы “rex” (ит) деген сөзден бастау алады. Яғни, тіл мен жазу таңбасы, оның суреті бір бірімен астасып жатыр. Жазу таңбаларына осындай семантикалық талдау жасау арқылы бір жазудың сол мәдениетке қаншалықты тиесілі екендігін анықтауға болады.

Көне бітіг жазуы толықтай автоқтонды яғни ұлттың танымымен, мәдениетімен астасып жатқан жазу. Бұл жазу таңбаларының архетипі төл мәдениетімізбен астасып жатыр, ал таңба семантикасы ұлттық танымымызбен көмкерілген.


Яғни бұл жазу таңбалары тілдік ерекшелігіміз үндесім заңдылығына қатаң негізделген. Өмір сүру тәжірбиеміздегі ықшамдау дәстүріміз секілді ықшам, оңтайландыруға негізделген жазу.  Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі жазу талаптарымызбен үндесе қоймайды.

– Латын әліпбиіне көшуге қатысты көзқарасыңыз қандай? Жалпы қажеттілігі бар ма өзі?

– Әрине, қажет! Өкінішке қарай, басында жап-жақсы басталған дүние соңғы жылдары орта жолдан қосылған немесе еш қатысы жоқ ғалымдар мен сарапшылардың талқысына түсіп, арты сиыр құймышақтанып, созылып кетті. Осыған қарап кейде қазақ тілінің дамуына мүделі емес үкіметтің ынтасыз ісінің жемісі емес пе деген ой келеді. Оған негіз де жоқ емес. Индияның мемлекеттік қайраткері Джавахарлал Нерудің «Худший враг своего народа – это национальная интеллигенция, воспитанная колонизаторами» - деген сөзі ойға оралады.

Ұзын сөздің қысқасы, мемлекетіміздің ішкі, сыртқы саясатына байланысты не түркі халықтарының ортақ әліпбиі негізінде Түркі әлемінің интеграциясы мәселесі бойынша шешім қабылдап, 1926 жылғы Баку құрылтайындағы қабылданған латын әліпбиі нұсқасын қабылдауымыз керек еді. Я болмаса осы Баку құрылтайында қабылданған қазақ халқының төл дыбыстарына негізделген ортақ әліпби негізінде жасалған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары ұсынған латын әліпбиі нұсқасын қабылдау керек еді. Бұл екі нұсқаның қай-қайсысынан да ұтылмаймыз. Тек жалтақтық танытпай батыл шешім шығару керек.  

– Арты саясатқа айналып барады дейсіз ғой.

– Расын айту керек, солай болып барады. Кез-келген ұлттың мәдениетінің өміршеңдігі осы тілге тәуелді болмақ. Әліпби де осы тіл өнімін материалдандыру құралы. Демек бұл екеуі - ажырамас бөлшектер.  Ендеше әліпби мәселесін ұлт мәселесі деп ұғыну керек әрі солай дәріптелуі тиіс. Қазақ ұлтының ұлт ретінде жалғасын тауып немесе таппайтындығы мәселесі деуімізге толық негіз бар.

Бәлкім асықпаған да дұрыс шығар. Өйткені, әліпби ауыстыру еріккеннің ермегі емес. Она үлкен саясат, мән жатыр. Жан-жақсы саралауды, жүз рет ойланып, мың рет толғануды талап етеді.

Жалпы, тарихта әліпби алмастырудың негізгі себептері ретінде 3 мәселені атап өтуге болады:

Біріншісі - мәдени және әлеуметтік әсерлерге байланысты әліпби өзгерту; екіншісі, діни танымға байланысты әліпби өзгерту; үшіншісі, тәуелсіздіктерінен айырылғаннан кейін мәжбүрлі түрде әліпби алмастыру.

Аталмыш себептердің алғашқы екеуі этникалық топтар арасындағы байланысқа тәуелді, этникалық топтардың өзара әсерленуінен туындаған, жалпы этникалық топтың басым көпшілігінің қалауымен орындалады. Ал енді үшінші себеп, этникалық топтың өз қалауынан тыс, күшпен, мәжбүрлі түрде орындалады.

Ендеше, әліпбиді өзгертудің екі түрі бар екендігіне көз жеткізуге болады. Олар: 1) Этникалық топтың өз қалауымен

2) Этникалық топқа мәжбүрлеу арқылы

Тарихқа үңілер болсақ, Түрік қағанатынан кейін тарих сахнасына шыққан Ұйғыр қағанаты мәдени ықпалдың әсерінен көне түрік бітіг жазуынан бас тартып, Соғды әліпбиін қолдана бастайды. Бірақ кез келген этностың өзіне тән төл дыбыстарының болуына байланысты Соғды әліпбиіне қосымша таңбалар қосу арқылы тарихта «Ұйғыр жазуы» деген жазуын қалыптастырады. Кейін, Ислам дінінің түркі халықтары арасында кеңінен таралуына байланысты түркілер енді араб жазуын қолдана бастады. Бұл мәдени және діни әсерлер негізінде түркі халықтарының әліпби алмастырған кездері еді.

Кез-келген әліпби алмасу сол этностың төл дыбыстарына міндетті түрде болымды, болымсыз әсерлер қалдырады. Мысалға алар болсақ, Анадолуға орналасқан оғыз түрікмен түркілерінің ұрпағы Түркия түріктері «ң» дыбысын жоғалтып алды. Олардың шығыс аймақтарында орналасқан изолацияланған түрікмен топтарында осы «ң» дыбысы сақталған. Демек оларда «ң» дыбысы бар еді. Кейіннен әліпби алмасулар барысында бұл дыбыстан айырылған. Қазіргі таңда бізде де осындай «ң» дыбысы мәселесі бой көрсете бастады. Бұл орыс тілі мен кирилл әліпби жүйесінің уыты екендігі анық.


–       Кириллицаға өтудің де негізгі мақсаты осы болған жоқ па?

– Иә, әліпби өзгертудің мәжбүрлі үлгісі Патшалық Ресейдің отарлау саясаты негізінде жүзеге асқан түркі этностарынан көруге болады. Патшалық Ресейдің отарлау саясатын тіл тұрғысынан іске асырылуының негізін қалаған теоретик Илминскийдің 1870 жылғы 26-наурыздағы «Патшалық Ресей қоластындағы басқа ұлт өкілдерінің білім алуына қатысты шаралар» атты баянхаты негізінде заңдастырылып, іске асырылды. Осы негізде патшалық ресейдің қоластына өткен түркі тектес этностардың тілі зерттеліп, патшалық империяның саясаты негізінде осы тілдердің батыстық тіл теориялары негізінде қалыпқа салынған гармматикалары жасалды.

 Бір қызығы түбі бір осы түркі тілдері бір бірінен алшақтандыру саясаты басты назарға алынды. Бұл бір бірінен бөлінген, әлсіз халықтар қалыптастыра отырып, өзіне бағынышты ету және олардың жер байлығын мейілінше игеру мақсаты жатқандығын айтпай-ақ түсінуге болады. Бұл саясаттың нәтижесінде түркі халықтары өзінің терең тарихынан айырылып, кеше ғана қалыптасқан хандық тарихтарынан бастау алатын, тамыры қырқылған солқылдақ шыбыққа айналған еді. Міне, біздің жазу мен тіл тарихымыздың осал тұсу. Қазіргі таңда біздің қоғамда қалыптасып жатқан тіл проблемасының бастауы осы тарихта жатыр. Өз тілінен, өз танымынан жеріген жаңа қазақтар осы саясаттың жемісі. Қазір біздің тіліміздің ең үлкен жауы сыртта емес, өз арамыздан шыққан «шала қазағымыз» болып тұр. Бұл ащы да болса шындық.

Менің ойымша, біздің латын әліпбиін енгізудегі басты ұстануымыз керек екі мәселе бар.

Біріншісі, қазақ тілі заңдылығына сай ұлттық фонологиялық жүйеге негізделген латын әліпбиін енгізу.

Екіншісі, түркі халықтарының бірлігі саясатына негізделген әліпби жүйесі. Қазір, біз кәрі аюдың қолтығына көбірек тығылғанмен, келешекте бізді әлемдік аренада жетістікке бастар жол «Тұран» ұстанымы тұрғанын ұмытпау керек. Латын әліпбиі негізінен осы үшін жасалып жатқан шаруа деуге болады.

– Бәрекелді! Енді сайт оқырмандарына өзіңіз туралы, қызметіңіз туралы да бір ауыз айта кетсеңіз...

– Өзім туралы не айтуға болады. Өздеріңіз секілді қарапайым еңбек адамымын. Түркияда бакалавр және магистрантура бойынша білім алып сол білімімді Венгрияда жалғастырдым. Кейін, елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де жазу тарихынан PhD докторлық қорғадым. Ресейде Эрмитаж музейінде, Түркияда Анкара университетінде, Венгрияда Сегед университетінде, Моңғолияда Ғылым Академиясы жанындағы Тарих институтында тағылымдамадан өттім.


Қазақстан мен Ресейдің, Қазақстан мен Моңғолияның, Қазақстан мен Түркияның біріккен бірнеше ғылыми экспедицияларына қатыстым. Осы уақыт аралығында 3 шетелдік, 11 бірдей отандық ғылыми жобаға өз үлесімді қосыппын. 4 ғылыми монография (соавторлықпен), 40-тан астам ғылыми мақала жазыппын. Бұл менің отандық ғылымға қосып жатқан аздаған үлесім деп білемін.

Қазіргі таңда, елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-і, Түркітану кафедрасында доцент болып, Қазақстанның болашақ түркітанушыларын дайындауға атсалысудамын.

–       Сұхбатыңызға рахмет!