ШЕБЕРЛІК ШЫҢЫНА ШЫҚҚАН
12.10.2016 4619
Шәкен Ниязбеков қазақ мәдениетінің көрнекті өкілі, қазақтың Мемлекеттік туын жасаушы тұлға ретінде халық жадында мәңгі жатталып келеді.

Шәкен Оңласынұлының есімі республиканың мәдени өмірінде мәңгілік алтын әріптермен жазылған. Ол халық құрметіне бөленген қазақтың әйгілі суретшісі, дизайнер, қоғам қайраткері. Шәкен Ниязбеков өнертабыс саласында да өз орнын қалдырып, совет инженериясына өз үлесін қосты. Сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесінің өмірі де соқтықпалы, соқпақсыз кезеңдерден тұрады. 

Шәкен Оңласынұлы екі мың жылдық тарихы бар ежелгі Тараз жерінде дүниеге келген. Нағашы жұрты жағынан Совет одағының батыры, тарихи тұлға Бауыржан Момышұлы жақын туысы болып келеді. Бабасы – дана Төле би. Өмірдің ащы-тәттісін енді тани бастаған шағында әке-шешеден айырылып, тұлдыр жетім болды. Өміріндегі қиыншылықтарға қарамай, оқуды басты ұраны санап, өмірге талпынысын оятты. 

Орта мектепті бітіріп, совет уақытында атақты оқу орындары қатарына жатқан Ленинград қаласындағы В.И. Мухина атындағы жоғарғы көркем-өнеркәсіптік училищесіне оқуға түседі. Студент кезінен шығармашылық жұмыстармен белсене араласып, әйгілі Эрмитаж, Исааков соборы, Петродворецті қалпына келтіру жұмыстарына қатысады. 

Өзінің суретшілік жолдағы талантына жол нұсқаған ұстазы ретінде Әбілхан Қастеевті атайды. Даңқты қазақ суретшісінің тәлім-тәрбиесін алып, өнеріне сүйсінген Шәкен Ниязбековтің де ұлы суретші болмауы мүмкін емес еді. 

Ол кісінің суретті қаламынан туындаған Мемлекеттік ту – біздің тәуелсіз еліміздің ең қасиетті де қастерлі атрибутына айналды. Бүгін жұрт Шәкен ағаны осы жұмысы үшін мәңгі жадында сақтайтыны сондықтан. 1992 жылы Қазақстан, ТМД, Түркия, Германия, Моңғолия елдерінен 1200-ге тарта суретші қатысқан конкурста жеңіске жетіп, қазақтың көк туын көкте желбіретті. Әлі де сол көк ту қазақ көгінде мәңгі желбірей беретіні анық. Даңқты суретші, дизайнер Шәкен Ниязбеков өзінің сұхбатында көк түстің үстінде қалықтаған қыран мен күнді қазақтың ұлттық символы ретінде түсіндірген болатын. Сол сұхбатында: 

«Күн бар, Көк Тәңіріміз бар. Бірақ Қазақстанымыз да керек дедім. Содан баяғыда Марко Полоның кітабында жазылған пікірі есіме түсті. Онда «Қай қазақтың үйіне кірсем де, әрқайсысы бір-бір қыран ұстап отырады екен», делінген. Қыран бізге жақын болғанымен, Қазақстан биік аспанға көтеріліп, әлеммен елміз деп санасты. Көп жасайтын, биік ұшатын қыранды бейнелеген себебім – сол. Қазақтың қыран ұстап өскені емес, қазақтың символы ретінде, мемлекеттің символы терінде бердім», – деді Ш. Оңдасынұлы.

Шәкен Ниязбеков сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі болды. Ол – тұңғыш «Волга» жеңіл автокөлігін құрастырған бас инженерлердің бірі. Өнертапқыш өнерінде де құр алақан болмады. Теледидарды қашықтықтан басқаратын құрылғы – пультты ойлап тапқан тұңғыш қазақ болды. Бірақ та совет үкіметі бұл құрылғыны меншіктеу құқығын бекітуге құлықсыздық танытқан болатын. Осылайша құрылғыны жапон ғалымдары патенттеп алды. 

Өнер қайраткерінің қолынан «Құрманғазы», «Көбік шашқан», «Исатай Тайманов», «Абай», «Шоқан Уәлиханов», «Мұхтар Әуезов», «Сырым Датұлы», «Жамбыл», «Қазақстаннан келген солдат», «Ана» деген жұмыстар жарыққа шыққан болатын. Ұлт тұлғаларын ел халқына суретшілік талантымен танытып, ұлыларымыздың шынайы бейнесін тарих сахнасына алып шықты.


Бүкіл саналы ғұмырын қазақ өнері мен мәдениетіне арнаған білім парасат иесі, ардақты азамат, даңқты тұлға Шәкен Оңласынұлы Ниязбековтің халық жадында жарқын бейнесі мәңгі қалады деп ойлаймыз. Өзінің көкте қалықтаған қыраны мен күн нұрын шашқан сәулелері бейнеленген көк ту – қазақ мемлекеттілігінің бейнесі болса, оның негізін жасаған – шеберлік шыңындағы нағыз өнер майталманы Шәкен ағамыз екені даусыз.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ