Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Түрік әлемі: қазақ халқының балалар ойындары ІV

1220
#Түрік әлемі: қазақ халқының балалар ойындары ІV - e-history.kz
Көптеген зерттеушілердің айтуынша, қазақтың ұлттық ойындарының арғы тегі біздің жыл санауымыздан бұрынғы замандардың өзінде қалыптасып, жүйеге түсе бастаған.

Жаңылтпаш ойындар

Зерттеушілердің біразы қазақ ойындарын көңіл ашу ойындары, спорттық ойындар және балалар ойыны деп бірнеше түрге бөліп жүргенін айта кету керек.  
  
Белгілі зерттеуші З.Сәнікұлы өз еңбектерінде балалар ойындарының түр-формасы, тәсілі, мазмұнына қарай отырып, оның мынадай ерекшеліктерін атап өткен. Олар ұғынықты тіл, жатық жыр-тақпақтармен айтылады және орындалатын санамақ ойындары, ертегі аңыз және сол ертегілерден қалыптасқан ойындар, асық ойындары және қоршаған ортаны таныту ойындары.

Сонымен қатар, қазақ арасында балаларға арналған жаңылтпаш ойындары да тіл ұстарту тұрғысынан шығарылған əрі қызықты, әрі салмақты ой салып, олардың ой-өрісін кеңейтіп, толғамын толықтыратын тамаша ойын түрі болған.

Енді сол Зейнолла Сәніктің еңбектеріне сүйене отырып, қазақ халқының арасында кеңінен таралған осы жаңылтпаш ойындардың біразына тоқталып өтпекпіз: 


1463055272_kids_playing__.jpg


  «Ұшты ма?»

Бұл ойынға қатынасушылар жарым шеңбер касап отырады (тұрса да болады). Ойын бастаушы алдыға шығып, ойнаушыларға бірі - ұшатын, бірі - ұшпайтын ұйқасы екі түрлі нәрсенің атын айтады. Айтқанда жеделдетіп тез айтып, әр айтқан сайын қолын бірге көтереді, көпшілік те бірге айтады да, ұшатынына қолдарын көтеріп, ұшпайтынына қолдарын көтермейді.

Ойын бастаушы:
Ұшты, ұшты, торғай ұшты!
Ұшты, ұшты, борбай ұшты!
Ұшты, ұшты, арба ұшты!
Ұшты, ұшты, қарға ұшты!
  
Ұшты, ұшты, тазы ұшты!
 Ұшты, ұшты, қаз ұшты!
Ұшты, ұшты, ұзақ ұшты!
Ұшты, ұшты, тұзақ ұшты!
Ұшты, ұшты, іркіт ұшты!
Ұшты, ұшты, бүркіт ұшты! – дейді.

Ойын барысында ұшпайтынына «ұшты» деп қолын көтергендер ұтылған болып есептеліп, өлең айтады, би билейді. Егер жаңылушылар бірнешеу болса, бірлесіп айтып орындаса да болады. Бұл ойын жастарды сезімталдыққа, тапқырлыкка баулиды.

Шарт:

Ойын басқарушы айтқан сөздерін тез және анық айтуы керек.

«Әтте-Жым тымпи»

Ойнаушылардың саны онша көп болмайды. Ойынға қатысушылар тегіс бір жаққа қарап отырады. Біреуі ортаға шығып ойын бастайды.

Ойын бастаушы: «Біз, біз, біз едік, біз бір байдың қызы едік, бір тақтайға жиналған жүз жиырма қыз едік, әтте-жым тымпи, тымписаң тымпи», - дейді.

Осы кезде отырғандар тұтас ауыздарын жауып, тым-тырыс болады. Кім де кім сөйлесе немесе күлсе, сол ұтылған болады. Ұтылған бала ортаға етпетінен жатқызылып, айналасына басқалары отырып, қолдарын жатқан баланың арқасына бірінің үстіне бірін қойып: «Үстіңгі қол кімдікі?» - дейді. Таба алмаса, «көтере соқ» деп ұрып, қол орнын ауыстырып тағы сұрап, тапқанынша соғады. Бұлай күпай алмастан өлең айтқызса да, билетсе де болады. Бұл ойын арқылы балаларды шыдамдылыққа, салмақтылыққа баулуға болады. 


balabaksha-oindari.jpg

«Құлақ пен мұрын»

Құлақ пен мұрын табу – күлдіргі жаңылтпаш ойындардың бірі.

Құлақ пен мұрынды тауып ұстау ойынына қатынасушылар екі топқа бөлініп, қарама-қарсы отырады да, бір жағы бір шетінен бастап ойынды бастайды. Бірінші рет шапалағын ұрып, екі айқастырып оң қолымен - сол құлағын, сол қолымен мұрнын ұстайды да, қайта шапалағын ұрып, оң қолымен - мұрнын, сол қолымен оң құлағын ұстап, осылайша, тез екі қолды қайшылап, құлақ пен мұрынды жаңылмай тауып ұстауы керек. Егер жаңылып қалса, ұтылған болып, өзі бір өнер көрсетіп береді де, кезектi қарсы жаққа өткізеді. Жаңылмаса, кезекті өзінің серігіне береді.

Карама қарсы екі жақ ойынды жалғасты ойнап, ең соңында кайсы жақта жаңылушы көп болса, сол жағы ұтылған болып есептеліп, ұжымдасып өнер көрсетеді. Болмаса ұтылған жактын жаңылушыларын ұтқан жак өткізіп алады да, ойынды қайта бастап қалғандарымен ойнайды.

«Қол әрекетін ауыстыру» - тездікке, сергектікке, жаңылып қалмауға баулитын күлдіргі ойын. Бұл ойынды ойнаушылар екі топқа бөлініп, тізерлеп, қарама-қарсы отырады да, бір жағы бір шетінен бастап біреуі екі алақанымен екі санын шапалақтайды. Сол мезгілдің өзінде дереу шапалақтап отырған қолымен санын сипайды. Керісінше санын сипап отырған қолымен шапалақтайды. Бұл ойында әрекет өте тез болу керек. Жаңылып қалса, өнер көрсетеді де, кезекті қарсы жаққа береді. Жаңылмаса, кезекті өз адамына өткізеді. Қайсы жақтан жаңылушы көп болса, сол жақ өнер көрсетеді.

«Терме» – балалар ойыны. Оны екіден ойнайды. «Термені» ойнау үшін шуда жіптің екі ұшын қосып байлап, тұйықтайды да, ойнаушының бірі екі қолына бір-бір айналдырып орап, сол оралған орандыдан қарама-қарсы ортан қолымен өткізіп, «бесікше тор» жасайды. Алушы тор жасаушының қолындағы жіптің қайшыласқан жерінен екі қолдың бармақ және сұқ қолын өткізіп, астыңғы қатарда тұрған жіптің сыртынан ішіне қарай орап алып керсе, «кереге көз» жасалады. Осылай «бесікше», «ілме», т.б. терменің бірнеше түрлерін жасап ойнауға болады. Кім ойынды бұзып алса, сол өнерін көрсетеді.

«Мүше табу» ойыны - қызықты, күлдіргі жаңылтпаш ойындардың бір түрі. Бұл ойында, ойынға қатынасушылар тәртіп бойынша бір жағынан бастап (әуелі екіден ойнайды), қарама-қарсы отырған екі адамның бірі – жаңылтушы, бірі - жаңылтушының айтуы бойынша айтқан мүшені табушы болады.
Жаңылтушы кұлақ деп - мұрнын, мұрын деп - құлағын, ауыз деп -көзін, көз деп - ауызын, иек деп - маңдайын, қас деп - басын, бас деп - аяғын, аяқ деп - қолын, қол деп иегін ұстайды да, айтуы мен ұстағаны ұқсамайды. Сонда қарсы жақта отырып оған ілесіп айтып, мүше табушы жаңылтушының колының әрекетіне мән бермей әрі жаңылмай, оны керісінше істеуі керек, яғни айтушы «құлақ» деп мұрынды ұстағанда мұрнын ұстамай, кұлақтың өзін ұстауы керек. Олай етпетенде өнерін көрсетеді. Ал жаңылтушы өзі айтып отырып аты аталған мүшені ұстаса, онда өзі ұтылған болады. Ойын, міне, осы тәртіп бойынша жалғасып отырады.

  «Санамақ» – үлкендер ойнайтын ойынның бір түрі. Бұл да - күнде кешкілікті отырыстарда көбірек ойналып жүрген ойындардың бірі.

1. Ойынды ойын бастаушы өзі қалаған адамынан бастаса да, сондай-ақ қарама-қарсы отырған адамдардың бір шетінен бастаса да болады. Ол «бір» дегенде қарсы жақ дереу «білеу» деп, ойын бастаушы «егеу» дегенде қарсы жақ дереу «екі» деп жауап берулері керек. Ойын қазақтың «бір дегенім — білеу, екі дегенім – егеу, үш дегенім – үскі...» деген ойын сан тәртібі бойынша жалғастырылып, сан мен сөз алма-кезек ауыстырылып, адамды жаңылтуды мақсат етеді. Жаңылған адам өнер көрсетуге борышты болады. Өнер көрсетіп болғаннан кейін сол адамның өзі ойын бастайды. Ойын осы тәртіп бойынша жалғасып отырады.

2. Санамақ ойынының бұл түрі ханзудың «Гәушиң-гәушиң» ойынына еліктеуден туған болса керек. Бұл да кешкі отырыстарда ойналып жүр. Бұл ойынды ойнау үшін әуелі ойын бастаушы ортаға шығып: «Шат-шадыман», - деп дауыстайды да, одан соң өзі ойнайтын қарсы жақтағы адамның қолын алады. Ол адам: «Шат-шадыман», - деп бұл ойынды қабылдайтындығын білдіреді. Ойын бастаушы: «Бір дегенім – білеу», - дегенде бір саусағын, «үш дегенім - үскі» дегенде үш саусағын шығарады. Сонда қарсы жақ та өз саусағын осыған сәйкесті шығарып отыруы шарт. Егер ойын бастаушының айтқан саны мен саусақтың саны ұқсамай қалса немесе қарсы жақтың саусағы ойынға сәйкеспей қалса, онда жаңылған болып есептеліп, өнер көрсетеді. Жаңылыстан кейін өз борышын өтеп болған адам екінші рет ойын бастаушы болып, басқа бір адаммен осы тәртіп бойынша ойынайтын болады. Ойын осылай жалғаса береді. Ойынға арқау болған қазақтың «бір дегенім - білеу... Бес дегенім - бесік... Он дегенім - оймақ ...» деген ұлттық санамақ ойыны. Осы сандар ауыстырылып айтылғанда саусақтар соған дер кезінде тез сәйкесуі керек. Ойланып отыруға немесе созбақтатуға болмайды. Өйтпегенде ойын бұзылып, басынан басталады. 


misik-tishkan-oyni.jpg


«Саусақ табыспақ» - негізінен, балалар ойыны. Саусак табу ойынын ойнау үшін балалар екі-екіден отырып, бір қолының бес саусағының басын біріктіріп, бір қолмен басы біріккен бес саусақтың ұшын ғана шығарып, сыртынан қысып ұстайды да, қасындағы балаға: «Ортан колымды немесе аты жоқ қолымды тап», – дейді. Табушы анықтап қарап отырып аты жоқ қолды таппақшы болса, сол қолдың басынан ұстайды, саусақты тапқызушы ұстап отырған қолын ашып көрсетеді. Таппаса, бір шампу алып, тағы мүмкіндік береді. Екінші жолы таба алмаса шампу саны екеу болады. Егер тауып кетсе, тапқандығы үшін саусағын жасырып, алғашқы саусақ таптырушыға іздетеді. Саусақ табыспақ ойынын балалар осылайша жалғастырып ойнайды. 


Шарт: шампу алуда таба алмаған сан қанша болса сонша алады. Саусақты тауып алса, қолдың орнын өзгертіп жаңылдыруға болмайды.
Саусақты жасыруда сұқ қол мен ортан қолды, аты жоқ қол мен сұқ саусақтың орындарын ауыстыруға болады.

«Ағаш аяқ»

Екі бақанды алып, орта тұсына екі аяқтың басы тұратын тиянақ қағады. Содан соң ойыншы екі аяғын Әлгі бақандардағы тиянаққа қойып, таяқтың жоғарғы ұштарын қолтыққа қысып ұстайды да, әрлі-берлі жүреді. Жүгіріп жарысады. Кім озса немесе ағаш аяқпен жүріп келе жатып соқтығысып, кім жықса, сол ұтқан болып саналады. Бұл ойынның балаларды ептілікке, батылдыққа тәрбиелеуде маңызы бар.
«Белбеу тастау» - көбінде ер балалар ойнайтын ойын. Далада, ашық алаңқайда немесе кең бөлмеде ойнауға болады. Қатысушылар саны шектелмейді. Ойын ойнаушылар шеңбер құрап, дөңгелене отырады. Ойын бастаушы ортаға біреуді шақырады. Ойынға алдын ала белбеу немесе есілген сүлгі дайындалады. Артына қолын жасырған ойыншылар белбеуді бірінен соң біріне өткізе бастайды. Сөйтіп, белбеу әр бағытта қолдан-қолға өтеді. Мұның өзі ортада тұрған кісінің зейінін басқаға аудару мақсатында жасалады. ыңғайы келген сәтте ойнаушылардың бірі ортадағы кісінің аркасынан ұрып қалып, белбеуді көрсетпей басқа біреуге бере қоюы тиіс. Егер ортадағы ойыншы белбеуді қағып алса, екі ойыншы орын алмасады. Ал ұстай алмай қалса, ойын ары қарай жалғаса береді.

«Ине жасырмақ» - жастардың бас қосуында, көбінде үйде ойналатын ойын. Қажетті бұйымдар: ине, домбыра. Ойыншылар, ең алдымен, бастаушыны сайлайды. Ол тәртіпті бақылайды, домбыраны немесе басқа музыкалық аспапта ойнайтын кісіні табады. Ойын ережесін түсіндіріп, екі ойыншыны таңдайды. Ойыншының біреуі бөлмеден шығып кетеді де, үйде қалған екіншісі инені өз бойындағы киіміне жасырады немесе басқа біреуге береді. Бастаушының белгісі бойынша үйге қайта оралған іздеуші инені ойынға қатысушылардың жағасынан, бас киімінен іздей бастайды. Іздеуді жеңілдету үшін ине жасырушы домбыра ойнап отырады. Егер іздеуші нысанаға жақындай түссе, домбыра үні күмбірлей жөнеледі. Ал нысана тұсынан өтіп кетсе, домбыра үні бәсеңдей қалады. Сол домбыраның үнін тыңдау арқылы іздеуші инені табуға ұмтылады. Инені жақсылап жасыра алмаған адам ән салып, өнер көрсетеді. Ал керісінше іздеуші таба алмаса, өзі өнер көрсетуге міндетті.
 

balalar-oyindari.jpg


«Қазан»

Ойынға 5-12 кісі қатынасады. Ойынды жаздық алаңда өткізуге болады. Ойынға қатысушылардың санына қарай ағаш таяқ, ағаштан ойылған шар немесе доп пайдаланылады. Ойыншылар алдын ала дөңгелете сызылған шеңберге бірдей арақашықтықта әркімнің алдына қазылған ұяға таяқтарын сүйеп тұрады. Сондай бір шұңқыр ұя дәл ортадан қазылады. Ойынды бастаушы шеңбер сыртында болады, оның шары үшін ұя қазылмайды. Ойынды жүргізуші шарды ойнаушылардың арасындағы кез келген бос жер арқылы ортадағы ұяға түсіруге тырысады. Өзге ойыншылар шарды өз таяқтарымен шеңбер сыртына қағып жіберудің амалын қарастырады. Егер шарды қағушы таяғын тигізе алмай, әрі өз ұясына жете алмай қалса, онда таяғын қойып үлгірген ойын жүргізуші сол ұяны иеленеді. Ұтылып қалған кісі жүргізушінің орнын басады. Ойын жалғаса береді.

«Қол тұзақ»

Бұл ойын көбінде үйде ойналады. Ойынға ойын қағидасын жетік білетіндер қатысады. Қалғандары көрермен ретінде қарап отырады. Ойынға қатысушы жалғыз немесе екі кісі жарысып өткізсе де болады. Әуелі ұзын жіп алып, оны екі қолының саусақтарына түгел іліп, әртүрлі тең нəрсе жасайды. Мысалы, жіпті әр қилы етіп ілмектеп, өрнек салу арқылы «астау», «кебеже», «қап», «кереге», т.б. нәрсенің сұлбасын келтіреді. Содан соң көрермендердің бірін шақырып жаңағы жасалған бұйымды өз саусағына көшіруді сұрайды. Мұның жіптен жасау тәсілін білетін тәжірибелі ойыншылар оларды өз саусақтарына лып еткізіп көшіріп ала қояды. Ал ойынды білмейтіндер көшіремін деп күлкіге қалады. Бұл – адамның зейін-зердесін сынайтын ойын. Сондықтан мұнымен зейін сынау жарысын өткізуге де болады. 

Пайдаланылған әдебиет:

Зейнолла Сәнік. Көптомдық шығармалар жинағы/ VII том. –Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2017.       

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?