Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English

Шайтанкөл

Шайтанкөл— Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы көл. Қарасор көлінің алабында.

Қарқаралы қаласының батысында 5 км жердегі Бұғылы тауының басында теңіз деңгейінен 1200 м биіктікте. Көл жартылай бұзылуға ұшыраған қат-қабатты гранит жартастармен қоршалған қазаншұңқырда орналасқан. Ұзындығы 60 — 75 м, ені 40 — 50 м, тереңдігі 1,5 — 2 м. Суы мөлдір, түбі тастақ, су сіңбейді. Оңтүстік, батыс, солтүстік жағаларын қоршап тұрған жартастардың биіктігі 10 м және одан да биік. Қар, жаңбыр суымен толығады

Жауын-шашын мол жылдары артық су шарасынан асып, оңтүстік жағасындағы науа тәрізді арнамен ағып кетіп отырады. Көл құрғамайды. Жан-жағын қарағай, қайың, терек, таңқурай, тасжарған, тобылғы, тағы басқа бұта өскен қалың ну орман көлеңке түсіріп, көл суын көп буланудан сақтап тұрады. Көлдің ғылыми, тарихи, туристік маңызы зор. С.Мұқановтың “Сұлушаш” поэмасында осы көлдің көркі әдемі өрнегін тапқан. Жазда көл — әйгілі демалыс орны.