Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English

Құрманғазы Сағырбайұлы ескерткіші

Құрманғазы Сағырбайұлы(1818 ж.ш.(құлпытасында 1806-1879) – 1889 ж.ш.) - күйші, сазгер, асқан дүлділ домбырашы, қазақтың аспаптық музыкасының (күйдің) классигі. Құрманғазы қаршадайынан домбырашылығымен көзге түседі. Оның күйшілік өнердегі алғашқы ұстазы – Ұзақ. Кейін Бөкей Ордасының атақты күйшілері Байжұма, Баламайсаң, Байбақты, Соқыр Есжан, Шеркештің күйлерін үйреніп, шеберлігін шыңдай түседі. Бертін келе домбырашылықты кәсіби өнер тұтты. Ұлы күйшінің бүкіл өмірі әлеуметтік әділетсіздік пен қанаушылыққа, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жолында өтті. Би-болыстардың өмір бойы қудалауы күрескер сазгерді мойыта алмады. Азатшыл ойдан туған күйлерімен зорлықшыл топқа қарсы тұрды. Құрманғазының алғашқы күйлерінің бірі «Кішкентай» 19 ғасырдың 30-жылдары Қазақстанның батысындағы азаттық көтерілісінің басшысы Исатай Таймановқа арналған. Күйге іштегі шердіңсазы терең ой тебіреністері әрі ер бастаған елдің қозғалысы арқау болған. Ал «Ақбай», «Ақсақ киік», «Түрмеден қашқан», «Адай» т.б. күйлерінде азат өмірді аңсаған халықтың асыл арманы, әділетсіздікке деген ыза-кегі, өшпенділігі, яғни өмір тартысы баяндалады. Мыс., «Адай» күйінде халық күресінің құдірет күшін, ерлігін көрсетсе, «Көбік шашқанда» тасқын атқан теңіздің жойқын күшін суреттей отырып, аллегориялық түрде халық күресінің құдырет-күшін, ерлігін, халық көтерілісінің көрінісін бейнелейді. Бұл күйдің шығуына апатқа ұшыратқан Каспий теңізінің тасқыны себепші болса да, күй сазынан отаршыл озбырлық замандағы әділетсіз өмірден өгейлік көрген халықтың қасірет-зары, күңіренген үні естіледі. Күй қайғылы, мұңды сазда басталып, шарықтау шағында (кульминациясында) ойран-опыр сұрапыл әуенге ұласады. Күйдің трагедиялық жағы басым болғанымен мұнда үлкен серпінді күш те бар. Ол әсіресе күй әуенінің даму, шиеленісу кезеңінде анық байқалады. «Аман бол, шешем, аман бол», «Қайран шешем», «Ертең кетем», «Бұқтым-бұқтым» сияқты күйлері адамның сөйлеу тіліне мейлінше жақын келеді.Құрманғазы шығармаларындағы күрес-тарты, әлеуметтік тақырып оның сезгерлік өнерінің негізгі өзегі болып табылады. Өмір шындығымен үндесіп жататын релистік музыка тілі, бейнелеу тәсілдері, тақырып пен сюжет бірлестігі монументтілік – Құрманғазы шығармаларының басты белгісі. Б.Асафьев пен А.Затаевич көрсеткен қазақтың халық музыкасындағы симфонизм арқауы әсіресе Құрманғазы шығармаларында айқын көрінеді. Оның би ырғағындағы ойнақы, жарқын, шат көңілді танытатын, оптимистік күйлері де («Балбырауын» т.б.) бар. Ел билеуші пысықтардың «ұры», «қарақшы» деген жаласымен сан рет ұсталып, Орал, Орынбор түрмелеріне қамалған Құрманғазы кейбір ауызша деректерге қарағанда, Иркутск түрмесіне де түскен. Еркіндік іздеген халықтың өршіл ойын, аяулы арманын, жеңілмес образын суреттейтін «Сарыарқа», сондай-ақ «Алатау» күйлері осы кезеңде туды.